2023 жылғы 3 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комит...
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының мақсаты мен міндеті
Биыл Мемлекет басшысының «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» жарлығының аясында 10 нақты Ұлттық жоба анықталғаны белгілі. Бұлардың қатарындағы шоқтығы биік «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – үш бағыт, жеті міндет, жиырма бір көрсеткіш, алпыс алты ауқымды іс-шарадан тұратындығын да айта кеткеніміз жөн.
Ұлттық рухани жаңғыру – ұлт болып қалыптасудағы ұлы қадам һәм мемлекетіміздің рухани дамуындағы бірден бір көрсеткіш. Аталған жобаның алға қойған мақсаттары ретінде, мектеп жасындағы балаларды мәдени тәрбиемен қамту, «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және отандық мәдени өнімді танымал ету концептілерін айта аламыз. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОКҚ-де ҚР Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерінің «Ұлттық рухани жаңғыру»: негізгі бағыттар» тақырыбында өткен брифингте Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ұлттық жоба барысында баяндамасы да жоғарыдағы сөзімізді қуаттай түседі.
«Бүгінде салада бірқатар жүйелі сын-қатерлер байқалуда. Мемлекеттік мәдени күн тәртібін орталықтандырылмаған басқару республиканың әртүрлі өңірлерінде мәдениетті теңгерімсіз қаржыландыруға және соның салдарынан қоғамның құндылық дезинтеграциясының жоғары тәуекелдеріне алып келеді. Ұлттық тарих пен мәдениет туралы сапалы контенттің сұранысқа ие цифрлық көздерде болмауы халықтың бойында идеологиялық вакуумды қалыптастырады және соның салдарынан жалпыұлттық тұтастықты қалыптастыру процестеріне төмен деңгейдегі қатысуына алып келеді»,-деді вице-министр.
Нұрғиса Дәуешовтың айтуы бойынша бұл мәселелер «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасында көрініс тапты. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ханым «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасына қатысты былайша түсініктеме берді:
«Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Бұл – қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамыры. Сондықтан әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор. Өйткені, бүгінгі ұрпақ бойына «ұлттық код» ұғымын қаншалықты терең сіңірсек – ол біздің ертеңгі ұлт болып қалуымыздың кепілі. Осы мәселелерді шешу үшін жобаны үш негізгі бағытта іске асыру көзделіп отыр».
Сонымен ұлттық мәдениет пен ұлттық әлеуетті қалыптастыру жолында «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы үш негізгі бағытқа бөлінген. Олар, «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту; «Ел рухы»; «Тәуелсіздік ұрпақтары». Шолу мақаламыздың келесі бөлімдерінде ұлттық жобаның классификациясы жеке-жеке толталмақ ниеттіміз.
«Рухани жаңғыру»
Осыдан бірнеше жыл бұрын, дәлірек айтсақ 2017 жылдың 12 сәуірінде ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданып, көптеген істер атқарылған болатын. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасында Рауан Кенжеханұлы жетекшілік ететін «Ұлттық Аударма Бюросының» есімі ерекше аталады. Ғасырлар қойында ғайыпқа айнала жаздаған елдімізді қорғап қалғанымызбен, оны әрмен қарай жетілдіру, ұлттық менталитет мен иммунитет қалыптастыруда «100 жаңа оқулықтың» берері мол. Дәл сол сынды «Туған жер» жобасының тұрғыры биік. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың көмегімен 2019 жылы 60 млрд теңгеге жуық қаражат жиналды. Бұдан өзге сегіз жүз сексен тоғыз нысан салынып, алты жүз отыз бірі реставрацияланды. 889 нысан жаңадан салынып, 631 нысан күрделі жөндеуден өтті. Бұл «Рухани жаңғыру» жобасының ауыз толтырып айтатындай нәтиже. «Мемлекеттік тілді латынға көшіру» жөніндегі жоба болса жаһандық технологияланған кезеңде ұлттық жасайтын кезекті үлкен қадамы деп есептелді. Мұнымен қоса, түбі бір түркі халықтарының біріуі мен ынтымақтастығы үшін де шоқтығы биік жобалардың қатарына кірді. «Қазақстанның киелі жерлері», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «100 жаңа есім» жобалары да ұлттың ертеңі мен болашағы үшін ең маңызды қадам еді. Ал енді аталған 6 бағыт бойынша қызмет екен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтарын дамыта түсу мақсатында «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының алғашқы бағыты осы «Рухани жаңғыруға» арналмақ.
Дәлірек айтсақ, «Ұлттық рухани жаңғырудың» бірініші бағыты аясында 38 жоба жоспарланған. 2025 жылға дейін халықтың 88,5%-ын «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының жобаларымен; мектеп жасындағы балалардың 100%-ын мәдени тәрбиемен қамту; «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың оқырман белсенділігін 40%-ға дейін арттыру; сондай-ақ меценаттар қаражаты есебінен 3000 нысан салу және жөндеу жоспарда бар. Мұнымен қоса, бұл іс- шаралар тұрғындардың, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын арттыру мен кітап оқу мәдениетін дамытуға, отандық қаламгерлерді, соның ішінде жас ақын-жазушыларды мемлекет тарапынан ынталандыру мен қолдауға бағытталған.
Нақтырақ тоқталатын болсақ, министрліктің қолдауымен 2007 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Бір ел-бір кітап» оқу акциясы жаңа форматта ұсынылады. Еліміздің барлық өңірлердегі көпшілікке арналған кітапханалар «Әдеби өлкетану» жобасын ұйымдастыруды және отандық қаламгерлерді ынталандыру мақсатында 2022 жылдан бастап «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқауын ұйымдастырады. Мұнан бөлек, келер жылдан бастап қазақстандық жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, жаңа есімдерді ұлықтау мақсатында президенттің арнайы «Айбоз» әдеби сыйлығы тағайындалатын болады.
«Ел Рухы»
Ұлттық мәдениетті дамыту жолында ұлы қадам ретінде бағаланған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының екінші бағыты «Ел Рухы» деп аталады. «Ел Рухы» - қазақ мәдениетінің қанатын кеңге жайып, Алтай мен Атыраудың арасында аяғын нық басу үшін орны ерекше жобалардың бірі.
Екінші бағыттың алға қойған мақсаттары ретінде 2025 жылға қарай он үш ірі іс-шара өткізу мен бес нақты нәтиже көрсету көзделген. Олар, инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени объектілер салу арқылы ауыл және шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының 92,5%-ы мәдениет саласы қызметімен қамтылады. Екі жүз елу жаңа мәдениет нысаны салынады және жұмыс істеп тұрған мың екі жүз мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді.
Халқымыздың шығармашылық әлеуметін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімдерді өндіру жүйесін құралады. Іргесі қаланатын «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі базасында 40-қа жуық анимациялық фильм шығарылады, сондай-ақ үлкен шығармашылық келешегі бар талантты тұлғалардың 150 жобасына қолдау көрсетіледі деген жоспар да бар.
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын таныстыру мақсатында брифингтен өзге дереу басқа жерлерде де жүргізіліп жатты. Мысалы, «Ел рухы» атты екінші бағыт аясында "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сарапшылар және қоғам белсенділерімен кездескен болатын. Кездесу барысында «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын іске асыру талқыланды.«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-ның атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қазіргі заман талабына сай Қазақстанның алтын қорына енген өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіру мәселесі өзекті екенін айтты. Басқа сарапшылар да ұлттық жобаны жүзеге асыру туралы өз пікірлерімен бөлісті. Медиа-менеджер Сырым Иткулов осы ауқымды бағдарламаны іске асыру өскелең ұрпақты дамыту мен тәрбиелеу үшін жағдайларды қамтамасыз етудегі негізгі, базалық қажеттіліктерді қанағаттандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі Жанар Тулиндинова «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы барлық ұлттық жобалардың ішінде басым болуы тиіс, әлеуметтік-экономикалық реформалар ең алдымен мәдени және ұлттық құндылықтарға сүйенуі тиіс екендігін атап өтті.
«Тәуелсіздік ұрпақтары»
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының келесі бір үлкен бағыты –«Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Бұл еліміздің болашағы, жастарға арналған Ұлттық жоба. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дүниеге келген балалар биыл орда бұзар жасқа жетті. Ордамыздың беріктігі мен шаңырағымыздың биіктігі үшін бұл жастар – егемен елдің болашақ үміті, ертеңгі иесі. Сондықтан оларды қолдап, оларға жағдай жасау –үшінші бағыттың ең негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды.
Ұлттық жобаны таныстыру, талқылап һәм талдау брифингтен кейін де жалғасып жатты. Соның бірі, Нұр-Сұлтан қаласындағы жас сарапшылармен кездесу барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров жиынға қатысушыларды «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының негізгі бағыттары, міндеттері мен атқаратын шаралары туралы хабардар етіп, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға жас мамандарды тартудың маңыздылығын атап өткендігі болатын.
Талқылау барысында қатысушылар осы үшінші бағыт, дәлірек айтсақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты бойынша жастарға берілген мүмкіндіктерге және үш мәселені шешуге ықпал ететін шаралар кешеніне тоқталды:
Жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту;
NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру;
Жастарды қоғамдық пайдалы іс-әрекетке тарту.
Талқылауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері және республикалық жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Талқылауға қатысушылар бірқатар сындарлы ұсыныстарын айтты, атап айтқанда, «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасын ілгерілетуге және жүзеге асыруға жастардың өздерін тарту қажеттігі туралы.
Осылайша, «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағытын атап өтіп, ауыл жастары арасында түсіндіру жұмыстарына, оның ішінде танымал әлеуметтік желілерді пайдалануға ерекше көңіл бөлуді ұсынды. Жиналғандар сонымен қатар мемлекеттік тілде қазақстандық өнімді жасап, экспорттауға қабілетті түрлі бағыттағы шығармашыл мамандарды тарту қажеттігін айтты. Сонымен қатар теледидарда ғана емес, Youtube-кеңістігінде де танымал анимациялық мультфильмдердің дубляжын және мемлекеттік тілге аударылуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Ұлттық жобаның міндеттері демонстрациялық нәтижелерге қол жеткізуге және жобаны басқару ережелерін енгізуге бағытталғанын ескеріңіз. Шара соңында вице-министр Асқар Умаров айтылған ұсыныстардың барлығы «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын жүзеге асыруда ескерілетінін атап өтті.
Әгәрәки, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері және республикалық жастар ұйымдарының жетекшілерінің ұсыныстары ескеріліп, ұлттық жобаның бағдарламасында көрсетілген міндеттер орындалар болса соның нәтижесінде:
• 800 мың жас тұрғын үй жинақ жүйесімен қамтылады;
• Жастарға бағытталған әлеуметтік қызметтермен 1 млн адам қамтылады;
• Барлық бағдарламалар бойынша жас отбасылар үшін қарыз үлесін 25%-ға дейін арттыру;
• 1,5 млн жас бұқаралық спортпен және экологиялық жобалармен қамту қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, NEET деп аталатын жастар санатын қолдау жөніндегі шаралар бойынша жұмыспен қамтылмаған жастар санын 5%-ға дейін төмендету сияқты нақты міндет қойылды.
Осылайша, 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80%-ға дейін артпақ. Ведомство басшысы атап өткендей, ұлттық жобаның шоғырландырылған бюджеті 119 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 110 млрд теңге – республикалық, 9 млрд теңге – жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Жоба 2025 жылға дейін іске асырылады...
Жомарт Жылкелдіұлы