Үкіметіміз ақпараттандыру мен цифрландырудың дамуына жұмсаған қаражатқа әлемнің ең жоғары технология...
Ұларбек Нұрғалымұлы: «Ауыр сынақтың сабағы да мол болуы тиіс» – #КүшімізБірлікте
2190
Тәуелсіздік – әр қазақтың шыққан тағы, жеткен мұраты ғой. Ары қарай оны баянды ету, ұстап тұру, өркендету – сол әр қазақтың мақсат, міндеті емес пе!? Арғы-бергі азапты қозғасаң, күні басқаға қараған кездегі қазақтың қайғысы қара жерге де ауырлық қыларын бәріміз білеміз ғой. Оны білсек тәуелсіздіктің қадір-қасиетін баршамыз қара шаш пен қара тырнағымыздың ұшына дейін сезінсек керек.
Шындығында шеруге шығушылардың дені тәуелсіздіктің қадірін біледі, осы ел өссе, өркендесе екен, жемқорлық тиылса, бар қазақ бай болмаса да, кедей болмаса екен дейтіндер. Бұл әрине – аппақ көңіл. Ал, өмір сол көңілді қолыңдағы аппақ орамалды алып ұшып кеткен құйын-желдей өзің ұстап қалуға қолыңды жеткізбестей аспанға ала жөнелсе, күйелесе, басқа арнаға бұрып әкетсе ше? Міне, Алматыдағы қырғын соның нақты дәлелі болды. Мың жылдық тарихы бар, ылғи да «ару» деп сипатталатын Алматымыз тас-талқан болды. Оны қоя тұрғанда қаншама қазақтың азаматы ажал құшты. Бір-ақ рет берілген өмірлері қыршынынан қиылды. Жесір әйел, жетім бала қалды зар илеп, запыран құсып. Енді олар үшін ол азаматтардың орнын ештеңе, ештеңе, ештеңе толтыра алмақ емес! Бір танысым «енді өзгеріс азды-көпті қанмен келеді ғой» дейді. Олай деуге болмас. Сонда өзге біреудің қаны төгіліп, өзі ары қарай баянды, бақытты, жақсы өзгеріске толы өмірін сүріп жүре бермек екен!? Қалай сонда? Бұл жерден қандай жөнді қисын, жанашырлық көресің? Қалай ойласам да өзгенің төгілген қанының бодауына бақытты өмір аңсауды миыма сыйғыза алар емеспін. Өзгеріс болсын, қанмен емес ақылмен, біліммен, мәдениетпен, өркениетпен! Ал, қан да төгілді дейік, оның бодауына бақытты өмір қайда, тәуелсіздіктен айырылып қалуға дәс қалдық па деп топшылаймын.
Алыста жүргенде ойына түссе жанары жасаурайтын туған ел, туған жерінен айырылып торғайдай тозып кеткен елдердің жағдайын кеше ғана көзімізбен көрдік қой. Соның күйі басыңа түссе не болмақ? Құдай сақтасын, ойлаудың өзі қорқынышты! Тыныш ішкен бір кесе шайдың қадірін тұла бойымызбен сезіндіріп өткен аса ауыр, сын сағатта өзі сабыр сақтаған, өзгені сабырға тоқтатқан әр азаматқа, шеруді шектен шығармай тоқтаған жұртқа алғыс айтқың келеді. Халқының тағдыры қыл үстінде тұрғанда қиындықты еңсерген, қылмыскер қарақшылардың жолын кескен Президентке шын жүрегіңмен рахмет, ризалығыңды білдіргің келеді.
Ендігі кезек мүмкіндігінше заңды шеруге шыққандар мен арандатушы лаңкестердің ара жігі анық қаралып, нақты қылмыстылар ғана тиісті жазасын алса, жылдар бойы елдің қақысын жеген жемқорлар, қазақты қанған бөктірген сатқындар құрықталып қатаң жазаланса, халық бейбіт өмірге тезірек оралса дейміз. Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолымыздан келгенше қолдасақ деймін. Жасақталғалы жатқан жаңа үкімет елдің жарқын болашағы үшін жатпай-тұрмай жұмыс істейтін мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтардан құралып, баяғыдай көбінесе қағаздағы өтірік есепті өткізіп, көз алдаумен емес, шын мәнінде елге қызмет етсе екен, еңбегінің есебін нақты орындалған іспен көрсетсе екен! Осыншама ауыр сынақтың сабағы да мол болуы тиіс. Тәуелсіздік өзінің соншама қымбаттығын қайыра есімізге бір салғандай болды. Енді бұдан сабақ алсақ керек-ті! Ел аман, жұрт тыныш болғай! Елдің тыныштығын қорғауда құрбан болған бауырларымыздың жандары Жәннатта болғай. Сен қазақтың қаралы күнгі қабағындай салбырап енді төмендемеші еркін қазақтың жарық дүниедегі жалғыз ұлы еншісі, жарқын белгісі, мәртебелі көк туым!