(Естелік)Мы живем впервыеЮрий ОлешаКүн арқан бойы көтеріліп, жер-жаһанды күміс шуағымен еркелеткен &...
БАҒЫМДЫ АШҚАН БАЛАЛАР ТЕАТРЫ
Қазақ театр өнерінің тарихына көз жүгіртер болсақ, өмірлерін өнермен өрнектеп, қайталанбас бейнелер қалдырған аты аңызға айналған театр саңлақтары аз емес. Солардың соңғы сарқытындай болып жүрген республикаға танымал актер, режиссер, Өскемендегі алғашқы қазақ труппасының іргетасын қалағандардың бірі – Бейбіт Құсанбаев.
Бүгінде Тарбағатай аудандық мәдениет үйінің жанынан облысымызда баламасы жоқ тұңғыш балалар театрын ашып, жас жеткіншектерге бекзат өнердің қыры мен сырын үйретіп жүрген режиссермен танысудың сәті кезекті дайындық үстінде түсті.
Чаплинге еліктеп, елден ұзап кетіпті...
– Бейбіт, бала күніңізде пантомима өнерін қалапсыз, бұл қазақ жастарының арасында сирек кездесетін өнердің түрі ғой? Сөйте тұра, актерлік мамандық алып шығыпсыз?
– Дұрыс айтасыз, мен бала күнімнен өнердің сол түріне өте құштар болдым. Ал актер болуымның өзіндік себептері болды. Өзім – Зайсан деген өнерлі өлкенің тумасымын. Өзіңіз білесіз, Зайсан – көптеген өнер адамдары шыққан, өнердің киесі қонған қасиетті мекен. Әкем Азат Сәдуақасұлы пантомима өнерін көрсететін ғаламат шебер болды. Мен де бала күнімде, жаңылмасам, 3-ші сыныптардан бастап, әкемнен көрген-білгенімді сахнада көрсете бастадым.
Зайсанға алғаш теледидар келгенде, мен Чарльз Чаплиннің кинодағы рөлдерін көп көрдім. Оның әрбір қимылын қалт жібермей қарайтынмын. Сөйтіп, Чаплинге еліктегенім соншалық, цирк өнеріне ынтам ауды. Сол бала арманымның жетегімен 8-сыныпта оқып жүргенде Мәскеудің Бүкілодақтық мемлекеттік цирк өнері училищесіне түстім. Жасыратыны жоқ, елден ұзап көрмеген, оның үстіне, орыс тілін жетік білмейтін жас балаға жат ел, жат ортада оқып, білім алу қиын болады екен. Елге, туған-туыстарыма деген сағынышым күн санап үдеп, ақыры Зайсанға қайта оралдым.
Мектеп бітірген соң бірден Алматыдағы Театр көркемсурет институтына жолдама алдым. Алғашқы болып мені қабылдаған және кеңес берген профессор Рәбиға Қаныбаева болды. Бірінші кезеңнен сәтті өткен соң, Рабиға апай «Қайда барғың келеді?» деп сұрады.
Менің Киев қаласындағы цирк өнері институтына барғым келетіндігін естігенде, реңі бұзылып:
– Әй, қазақтың қара баласы, театр институты тақияңа тар келе ме? – деп ренішін жасырмады. Мен болсам:
– Ойбай-ау, апай, менен актер шықпайды ғой, – деп шыр-пыр болып, байбалам салдым.
– Мен саған айттым, болды! – деп қасымда отырған ағама жағдайды түсіндіріп, Еркін ағам екеуі осылай деп шешіп, ақыры театр институтындағы актерлік мамандыққа оқуыма тура келді.
– Сіз институтта өте жақсы оқыпсыз. Тіпті үшінші курстан бастап дәріс бере бастаған көрінесіз, институтта неге қалмадыңыз?
– Цирк әртісі болсам деген бала арманым орындалмаса да, актерліктен бақытымды тапқандаймын. Өйткені менің ұстаздарым Нұрқанат Жақыпбай, Дариға Тұранқұлова, Асыл Ықсан сынды өнер профессорлары болатын. Солардың көрегендігі болар, Тортай Айтқожанов деген сахна қозғалысынан дәріс беретін ұстазым мені 3-курстан өзіме жақындау болған соң маған сахна қозғалысынан ұстаздық жасауды тапсырып, «Болашақта осы өнер ордасына жас мамандар қажет, сенің болашағың зор» деп шешкен болатын. Албырттық, жастық болса керек, ұстаз болуды қаламай оқу бітірген соң, тағы да елге аңсарым ауды.
Бір жылдары базарда ет те сатқан өнерпаз
– Өнерді өмір бойы сүйген жансыз, неге басқа салаға кеттіңіз?
– Өзіңіз білесіз, 90-шы жылдары аумалы-төкпелі кезең болды. Әсіресе өнер адамдарына өте қиын болды. Енді ғана үйлі-баранды болған кезім. Басыңа тартсаң, аяғыңа жетпейтін уақыт еді ғой. Бала-шағаның қамымен тіршілікті күйттеуге тура келді. Қолдан не келсе, соны істедік. Ала таңнан базарда ет сатқан кездерім де болды.
Бірақ ұлы өнердің құдіреті мені бәрібір сахнаға әкелді. Ол былай болған. Бірде ойламаған жерден аса талантты ағамыз Төлеухан Бадығановпен жолығып қалдым. Төкең салған жерден Өскеменде қазақ труппасын құрғалы жатқанын айтты. Ол кісі кезінде театр ашу мақсатында Өскемендегі өзге ұлт өкілдерімен 20 жылдай шайқасып, қазақ өнері үшін талайлармен тәжікелесіп өткен аса ұлтшыл адам болатын. Өзге ұлттың өкілі басшылық жасаған кеңестік кезеңнің өзінде «Маздақ» деген шағын театр ашқан. Сондағы арманы – әбден орыстанып кеткен Өскеменде қалай да қазақ театрын ашу.
Төлеухан аға қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтан дәріс алған кәсіби маман болатын. Сол кездегі басшылық қазақ труппасын ашу үшін бір ай ғана уақыт беріп, тез арада маман кадрларды жасақтауды талап етеді. Ағамыз өзінің жеңіл көлігімен қазақ ауылдарын аралап, таланттардың басын қоспақ боп жүрген кезі екен. Осы тұста менің де маман ретінде ортаға қосылуымды сұрады. Осылайша, мен өнер ортасына қайта оралғам. Өскемендегі қазақ театрының негізі осылай қаланған. Бұл 2000 жыл болатын.
– Сіз бір жылдары театрдан мүлде қол үзіп, слесарь болып кеткен дей ме?..
– Бір байқағаным, нағыз өнер адамы ешқашан бай болып, шалқып өмір сүрмейді екен. Осы уақытқа дейін шалқып-тасып жүрген бірде-бір өнерпазды көрмеппін. Сол жылдары мені: «Актердің болар-болмас жалақысымен үш баланы қалай асыраймын?» деген ой үнемі мазалаумен болды. Әлеуметтік жетіспеушілік мені мазалап қана қойған жоқ, мәжбүрледі деуге болады. Осылайша, өзім өмір бойы аңсаған өнер деген кітаптың бетін жауып, өндірісті жағаладым. «Қазцинкке төртінші санаттағы слесарь болып орналастым. Келе сала өзіме-өзім: «Бес жыл өндірісте болып жағдайымды түзеп, түбі өнерге ораламын!» деген шарт қойдым. Өндірістегі ауыр жұмысқа қаншалықты ынта-жігермен кіріссем де, түнде ылғи театр түсіме кіретін болды. Сахнаның иісін иіскеп, үлкен рөлдерді ойнап жүргендей боп, сандырақтап шошып оянатын болдым...
Шынайы өнер шыныдай балалықтан басталмақ...
Арада біраз уақыт өткенде Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық таетры Өскеменге гастрольдік сапармен келді. Сол театрдың белді актері, өнердің үлкен жанашыры Мейрам Қайсанов ағамыз мені арнайы іздеп келіп, қысқасы, ит терімді басыма қаптап, «Заводтың көк түтініне қақталып қашанғы жүрмексің, сенің орның – өнер. Астанаға кел, жағдайыңды жасаймыз», – деп ағынан жарылды.
– Сонымен, Астанадағы жаңадан құрылған жастар театрына орналастыңыз...
– Осы бір оралу менің өнердегі өмірімді қатты өзгертті. Астанадағы ұстазым Нұрқанат Жақыпбаев жетекшілік ететін жаңадан құрылған жастар театрына қабылдандым. Менің бағымды ашқан жастар театры болды. Театрды тәй-тәй басқан жас баладай қайта бастадым. Өйткені мен ол кезде есейіп қалған едім де, театрдағы өрімдей жастарға үлгі болуыма тура келді.
Бірде ұстазым Н.Жақыпбай «Балаларға арналған ертегі- спектакльдер қойсаң қайтеді?» деп қолқа салды. Бастапқыда түсінбедім, «Менің режиссерлікке қандай қатысым бар?» деген ой келді.
Сөйтсем, менің өнер мектебінің балаларымен қойған «Ұр, тоқпақ!» ертегісі Алматыдан бас жүлдені алған болатын. Осыны естіген ұстазым маған осы спектакльді таетрда қоюды ұсынды. Ашығын айтсам, бұл мен үшін үлкен бақыт еді әрі үлкен сенім артылды. Театрда қойған спектаклім үлкен абыройға ие болды. Содан бастап жастар театрында балалар спектакльдерін қоя бастадым. Тер төгіп жүріп әзірлеген қойылымдарымыз Астана көрерменінің көңілінен шықты. Мен осылайша өзімді таптым.
– Астанадан ауылға қайтуыңызға не себеп болды?
– Ашығын айтсам, елді сағындым. Оның үстіне, жиған-терген тәжірибемді ауыл балаларына арнап, туған елден балалар театрын ашуды қаладым. Сөйтіп, Зайсаннан «Тамшы» деген балалар студиясын ашып, балаларға арналған түрлі қойылымдар әзірлей бастағанбыз...
Өнер десе, ел ішінің құлағы елеңдеп отырады ғой. Менің Зайсандағы тірлігімді естіген өнер жанашыры, Тарбағатай аудандық мәдениет үйінің басшысы Ш.Көпшікбаева мені аттай қалап Тарбағатайға келуімді өтінді. Осылайша, дәм тартып аудандық мәдениет үйінің жанынан «Тамшы» балалар театрын аштық. Балалардан құралған тобымызбен бірқатар ертегі қойып, қайырымдылық концерттер ұйымдастырдық.
Жалпы, режессер үшін, өнер адамы үшін балалармен жұмыс істеу әрі бақыт, әрі қиын. Өйткені сәби жүрегі ешқашан алдамайды. Олар өтірік айта алмайды және оларды алдауға болмайды. Көптеген кәсіби режиссерлер балалар спектакльдеріне жеңіл-желпі, атүсті қарайды. Ал оған екі есе шынайылықпен қарау керек, бала осыны ұнатады.
Қазір біздің театрда 60-тан астам бала бар. Жұбайым Ажар екеуіміз күні-түні солармен жұмыс істейміз. Балалардан құралған үлкен хорымыз бар. Республикада алғашқы болып эстрадалық вокал үйірмесін қостық. Алла қаласа, болашақта біздің бұл театрымыз облыс аудандары арасындағы ең ауқымды балалар ұжымы болады. Мұны әлі ешкім дұрыс түсіне қойған жоқ. Балалар театры – үлкен рухани орталық.
Абай атамыз: «Саф, таза өнер бықсық ойдан тумайды» демеп пе еді. Ал шынайы ұлттық өнер былғанбаған, таза, шыныдай мөлдір балалықтан басталады.
– Әңгімеңізге рақмет!