Испаниядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 211-ге жетті, деп хабарлайды madeniportal.kz. Жоғалға...
Қысқы Олимпиадада Қазақстан туын ұстап шыққан спортшылар кімдер
Олимпиада ойындарында ту ұстап шығу үлкен абырой және ол спортшыға ауыр міндет. Себебі ол спортшы оны жай көтеріп қана қоймай, жеңісімен қайта желбіретіп қайтуға барынша күш-жігерін салуға тырысады.
Енді санаулы күндерден кейін Бейжіңде Ақ Олимпиаданың алауы тұтанады. Онда еліміздің байрағын биыл алғаш рет бір емес, екі спортшы алып шығады.
Оның бірі - шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев болса, екіншісі - конькиші Екатерина Айдова. Екі спортшымыз да құрамадағы тәжірибелі, жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары спортшылар. Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің барлық жүлдесі бар. 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының жүлдегері.
Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның Туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.
Ал Екатерина Айдова алғаш рет 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына қатысқан. Кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары өз мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогі кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.
Демек, екі спортшымыз да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сеніп тапсырған туымызды жеңіс тұғырында желбіретуге мүмкіндіктері бар.
Тарих беттеріне көз жүгіртсек, 1998 жылғы Жапонияның Нагано қаласында өткен XVІІІ қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын көтеріп шыққан шаңғышы Владимир Смирнов қола медальмен оралды. Ол 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен Қысқы Олимпиадада 1 алтын, 2 күміс жүлде жеңіп алған болатын. Міне, содан кейін, әлі ешбір спортшымыз туды көтеріп барып, жеңіспен оралып көрген емес.
Ендеше, Әжіғалиев пен Айдоваға артылатын міндет ауыр екені анық...
Енді өткен Ақ Олимпиада ойындарында Қазақстан байрағын кімдер алып шыққанын қайта бір ой елегінен өткізіп көрейік.
Лиллехаммер - 1994 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары - Кайрат Биекенов (трамплиннен секіру)
Нагано - 1998 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары - Владимир Смирнов (шаңғы жарысы)
Солт-Лейк-Сити - 2002 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары - Радик Бикчентаев (конькимен жүгіру)
Турин - 2006 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары - Александр Корешков (хоккей)
Ванкувер - 2010 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары - Диас Кеңешев (биатлоншы)
Сочи - 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары - Ердос Ахмадиев, (шаңғы жарысы)
Пхёнчхан -2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары - Абзал Әжіғалиев (шорт-трек).
Айта кетейік, Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталып, 16 ақпанда мәресіне жетеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл ойындарға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.