Бас мүфти Серікбай қажы Ораз барша мұсылманды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. «Құрметт...
«Нұрлы жер» бойынша несиелерді субсидиялау тоқтатылды
«7-20-25» ипотекалық бағдарламасына байланысты «Нұрлы жерге» бірқатар өзгерістер енгізілді. Соның бірі - ипотекалық займдарды субсидиялауды тоқтату.
«ҚР Ұлттық банкі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын әзірлеп шығарғаннан кейін біз өз бағдарламамызды - «Нұрлы жерді» соған сай келтіріп жатырмыз. Бүгін Үкімет өз шешімін қабылдады. Біріншіден, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарлама болып бекітілді. Екіншіден, тұрғын үйді xалыққа барынша қолжетімді ету үшін көптеген өзгерістер енгізіліп отыр. Мәселен, бұрын әкімдіктер салған үйлер тек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына ғана берілсе, бұдан былай барлық азаматтарға таратылады. Аталған бағыт бойынша өңірлерде бір шаршы метрдің бағасы 140 мыңнан аспайды. Ал Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда 180 мың теңгеден артық болмайды», - деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, баспана салу жағынан да бірқатар өзгерістер бар. Бұрын әкімдіктер тендер өткізіп, қолжетімді тұрғын үйлерді салса, енді ол баспананы жеке меншік компаниялардан бірден сатып алуға болады. «Бұрын әкімдіктер өздері ғана салушы еді ғой. Бірақ ол үшін конкурс өткізу керек, тендер және тағы басқа рәсімдері көп. Қазір сол жердегі компаниялар өз ақшаларына тұрғын үй салып тастаса, жаңағы бағамен сатып алуға болады. Сонда уақытты үнемдейміз. Дайын үй болса, оны сатып алу құқығын беріп отырмыз», - деп атап көрсетті Қ.Өскенбаев.
Бұдан бөлек, жалға берілетін үйлердің құрылысына қосымша 10 млрд теңге, ал инженерлік коммуникацияларды тартуға тағы 20 млрд теңге бөлінетін болады. «Нұрлы жерден» тұрғын үй несиелерін субсидиялауды да алып тастады.
"Бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қазақстанның ипотекалық компаниясы займдарды 10 процентпен беретін. Қазір біз оны алып тастадық. Себебі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы әзірленді. Бірақ бұған дейін несие алған азаматтар еш уайымдамасын. Үкімет өз міндетін сақтайды. Сол бағдарлама бойынша қанша субсидия бөлінді, сонша толығымен беріледі. Бірақ бұдан былай субсидия тек «7-20-25» бойынша жасалады", - дейді Қ.Өскенбаев.
Madeniet.kz