Ақтөбеде табылған «алтын адам» қорымы жартылай жойылып кетті - инспектор

Жаңалықтар
2893

Ақтөбеде табылған ғұн дәуіріне жататын қабір жартылай жойылып кетті. Инспекторлар екі заң мен Жер кодексінің бұзылғанын айтып, дабыл қақты.

Ақтөбе қаласы маңынан ғұн дәуірінің қорымы табылып, археологтар шұғыл қазба жұмыстарын жүргізді. Бұған дейінхабарлағанымыздай, құм карьерінде қазба жұмыстары жүріп, жұмысшылар адам сүйегі, кейін сары түсті  металл бұйымдардың табылғанын хабарлады. Археологтар жедел жеткенімен, қорымды сол күйі сақтап қалу мүмкін болмады. Тіпті, табылған қорымды сол күйі түгел құрастырып, бастапқы қалпына келтіру қолдан келмейді. 

«Елімізде тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекеттік мәдени саясаттың басым бағыттарының бірі болса да, құқықтық тұрғыда нашар қорғалған. Ақтөбе облысы ұлан-ғайыр қазақ даласының бір бөлшегі деп айтатын болсақ, бұл өлкенің шалғай даласында менмұндалаған мыңдаған ескерткіштер жатыр. Ақтөбе облысында сақтауға, қорғауға, насихаттауға тұрарлық тарихи-мәдени ескерткіштер мол. Облыс өңірі - тұнған тарих. Қазақ даласында да әлемді таңғалдыратын небір тарихи орындар мен ескерткіштер бар екені белгілі. Оны ерте кезде-ақ еуропалық, ресейлік саяхатшылар, ғалымдар көп зерттеген. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының аумағындағы әзірге тіркелгені 659 ескерткіш ғана. Тіркелмегені қаншама? Көне тас дәуірінен келе жатқан ескерткіштер де бар. Ақтөбе жеріндегі ең көне ескерткіш тас дәуірінен қалған Мұғалжар ауданындағы Төлеубұлақ үңгірі болып табылады. Сонымен қатар, петроглифтер, мавзолей, бейіттер мен мешіттер және туған даламызда сырт көзге жай ғана төмпешік болып, үнсіз жатқан талай қорғандар бар екені анық. Қазіргі таңда осы археологиялық қорғандарды қорғап сақтаудан гөрі оларды бұзып, қиратып бүлдіру деректері басым деп айтуға болады. Жақында ғана Ақтөбе қаласының аумағындағы солтүстік айналма тас жолы бойындағы ғұн дәуіріне жататын көне археологиялық ескерткіштің қирап, бүлінуі осының көрінісі. Жалпы бізде заң орындалмайды», - деді Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Фархад Досмұратов. 

Елімізде ескерткішті қорғауға арналған екі заң және Жер кодексі бар. Атап айтқанда, 1992 жылы «Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы қабылданды. Заңның «Аумақты игеру кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету» бабында «аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс» деп анық көрсетілген. Әрі мәдени құнды нысандар табылса, жеке және заңды тұлғалар жұмысты тоқтатып, уәкілетті органға хабарлауға міндеттелді. Тіпті, заңның үшінші тармағы бойынша «тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады». 

«Зерттеуді барлау жұмыстарына арнайы лицензиясы бар археолог мамандар жүргізеді. Мамандар қарап, ескерткіштің бар-жоғы туралы археологиялық-этнологиялық сараптама актісін береді. Егер ескерткіш анықталып, ол жерде карьер қазу, газ, мұнай құбырын тарту жүргізілетін болса, міндетті түрде қазба жұмыстары атқарылады. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болса, радиусы 50 метр болатын аумақ қоршалады. Ғұн дәуірінің ескерткіші карьерден табылды. Әкімдік пен жер қатынастар бөлімі, кәсіпкерлер заңның бар екенін білмеуі мүмкін, бірақ Жер кодексін де сақтамағаны анықталды. Кодексте «Тарихи-мәдени мақсаттағы жер» бабы бар. Онда «аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс» деп жазылған. Оны да білмей қалса, елімізде «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы бар. Заңның «Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің құзыреті» бабында тарихи және мәдени мұраны сақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру міндеттеледі. Екі заң мен бір кодекстің орындалмауы алаңдататын жағдай»,- деді Фархад Досмұратов. 

Бұған дейін «Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы жерді игермес бұрын алдын ала зерттеуді міндеттеді. Археологтардың жұмыс ақысын жерді пайдаланушы компания төледі. Заңдағы бұл талап 2007 жылы жойылып, қазір мамандар Үкіметке қайта ұсыныс беріп отыр. Мамандар сол талап қана тарихи-мәдени мұраны қорғап қалатынына сенімді. «Бәрі қаржыға тәуелді. Өкінішке қарай, рухани, мәдени істерге, кешенді ғылыми экспедицияларға, ғылыми зерттеуге келгенде үнемшіл бола қаламыз. Соның кесірінен ісіміз шолақ, біткен шаруамыздың құлағы шұнақ болып жатады. Бағзыдан баян беретін ескерткіштерді, яғни, мәдени мұрамызды есепке алу, қорғау және сақтау ісіне терең мән беріп, тарихи жәдігерлерімізді жойып жібермей, сақтап қалатын сәтті қолдан шығарып алмауымыз керек. Ақтөбеде жойылған ескерткіштер көп. Мәселен, 2007-2008 жылдары Қобда ауданында екі үлкен қорған болды. Қорған тіркелді, төлқұжаты бар. 2017 жылы барғанда екі үлкен қорған жоқ. Жол салған кезде сол жерден құм алған, карьердің орны ғана қалды. Негізі Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің «Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу» бабы бар. Заң аясында 250 АЕК дейін айыппұл салынады. Жергілікті атқарушы органдағы мәдениет басқармасы «ескерткішті бұзды» деп прокуратураға арыз түсіруі қажет. Облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы қарап, шешім шығарады. Әзірге бұл жұмыс атқарылып жатқан жоқ», - деді Фархад Досмұратов. 


Автор: Алтынай Сағындықова
inform.kz


Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...