Қазақ өнері ауыр қазаға ұшырады. 73 жасқа қараған шағында көрнекті театр-кино актрисасы, ҚР еңбек сі...
Ақмолада тарихи ескерткіштер туралы ғылыми-танымдық басылым жарық көрді
Ақмола облысында өткен жылы өңірдегі көне және орта ғасырлардағы тарихи ескерткіштерге жасалған экспедициясының нәтижелері бойынша «Ақмола облысының мәдени мұрасы: жаңа зерттеулер» атты ғылыми-танымдық басылым жарық көрді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өткен жылы Ақмола облысының мәдениет басқармасы облыс әкімдігімен бірлесіп Жақсы және Қорғалжын аудандарында ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырды. Экспедиция аясында Баубек батыр қорымында, Жәнібек-Шалқар кесенесінде және Бытығай кешенінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеуге Ұлттық мұражайдың ғылыми қызметкерлері, Ақмола тарихи-өлкетану мұражайының, Жақсы ауданының Запорожье орта мектебінің қызметкерлері, сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен басқа да мамандардан тұратын ғылыми топ қатысты. Бірқатар жекелеген сала мамандарының көмегімен геоақпараттық және жаратылыстау ғылымының жетістіктері арқылы қорытындылар алуға қол жетті», - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.
Басқарма басшысы атап өткендей, қазба жұмыстары барысында сүйек қалдықтары, ежелгі монеталар табылды. Оларды зерттеуге Ресейден келген мамандар қатысты. Монеталардың құрамын және жерлеу орындарының нақты жасы мен генетикалық шығу тегін анықтауға мүмкіндік туды.
Брифингте айтылғандай, экспедиция нәтижесі бойынша зерттелген жерлердің сандық моделін, нысандардың егжей – тегжейлі жоспары мен картасын, Жәнібек-Шалқар кесенесінің және Баубек батыр жерленген жерінің 3D-бейнесі дайындалды. Мұның бәрі «Ақмола облысының мәдени мұрасы: жаңа зерттеулер» атты ғылыми-танымдық басылымында айқын көрсетілген.