Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғы...
Өнері – мәңгі ғұмыры (Жамбылдық суретші Леонид Брюммер)
Өткен жиырмасыншы ғасыр – қазіргі ТМД елдері аумағында түрлі тарихи белестермен қатар қоғамға дарынды тұлғаларды көптеп сыйлаған ғасыр. Ол, мейлі, ғылым болсын, мейлі, өнер болсын, ірі жетістіктер мен ашылулар, әлемдік классикаға айналған туындылардың біраз бөлігі дәл осы өткен жүзжылдықта дүнеге келді. Оның ішінде адамзат баласының алғаш космосты игеруі де бар.
Сондай-ақ бұл ғасырда «СССР» сынды алып империя өмір сүрді. Оның қалшылдаған қылышы талайлардың тағдырын ойран еткені тағы ақиқат.
Жер аудару – өткен ғасырдың қанқұйлы саясатының бір көрінісі. Туған жерден тамыр үзу – кімге болмаса да ауыр жаза. Қазақта «отансыз адам – ормансыз бұлбұл» дейді. Ал әр адамның туып-өскен мекені – шағын отаны. Ол әрқашан да ыстық. Себебі онда бала күніңдегі балғын шағың, ата-анаң туралы жадыңа сақталатын ізгі естеліктерді ойға түсірірер дүниелер көп. Ал одан айырылу – бір өліп-тірілумен тең.
Әдетте, жер аудару туралы айтқанда, біздің ойға «Сібірге ит жеккенге айдады» деген сөз тіркесі ойға оралады. Себебі, ол советтік империяның саясаты бойынша қазақ зиялыларының көбісі Сібірге айдалып, қайта оралмады. Сол кездегі қазақ қоғамы үшін «Сібір» деген тозақтың бір оты сынды көрінгені де бар.
Бұл жазаны совет өкіметі «отанына опасыздық жасады» немесе «совет өкіметінің саясатына қарсы, қауіпті» деген адамдарға кеңінен қолданды. Өкініштісі, олардың қатарында көптеген дарынды тұлғалар бар еді. Сондай саяси науқандардың бірінде суретші Леонид Владимирович Брюммер жер аударылып, алғаш қазақтың дархан даласына аяқ басты. СССР-дің европалық аумағында тұрған оны 1941 жылы ағасы Владимир екеуін сол жерді мекен еткен өзге де жерлестерімен қоса ұлты неміс болғаны үшін депортациялаған. Тағдыр оны Қазақстанның Павлодар обласына алып келді. Мұнда он жылдан аса өмір сүріп, 1955 жылы совет билігінен өзге жаққа көшуге рұқсатын алған соң, Жамбыл жеріне қоныс аударды. Бұл жердің табиғаты да, ортасы да суретшінің жанына жақын болды. Содан да ол жанының бір бөлшегі санаған қылқалам туындыларының көп бөлігін Жамбылдың тарихи-өлкетану музейіне сыйға берген. Нақтылай кетсек, 1000-нан аса суреті бүгінде облыстық көркемсурет галереясының алтын қорын қалыптастырып отыр. Брюммердің мұндай сыйының нәтижесінде өткен ғасырдың 70-ші жылдары Жамбылда алғаш жергілікті суретшілердің ортақ үйіне айналған, туындыларын ел назарына ұсына алатын облыстық музейдің жанынан көркемсурет галереясы ашылған. Оның ашылуы жамбылдық суретшілердің өнерінің қарыштай түсуіне өзіндік септігін тигізді.
Леонид Брюммер 1889 жылы Украинаның оңтүстігіндегі Днепр өзенінің жағалауындағы Херсон қаласында дүниеге келген. Херсон облыстық архивінің деректері бойынша фон Брюммер әулеті Херсон қаласындағы алғашқы шойын құю зауытының негізін қалаған француз эмигранттарынан болатын Вадон әулетімен туыстық қатынаста болған.
Леонид Брюммердің анасы Мария Евгеньевна Гутьердің шыққан тегі -француз, ал әкесі Владимир Александрович Брюммер жоғарыда аталған Вадон әулетінің қызы Жозефина мен Александр фон Брюммердің әулетінде дүниеге келген. «Фон» сөзі оның неміс ақсүектерінен шыққан тегін айқындайды.
Леонид бала кезінен сурет салуға құштар болып, өзінің қатарластарынан өзгешеленді. Әсіресе, кескіндеме суреттер салуды ұнатты. Оның бұл талантын Вильно қаласындағы империялық көркемсурет академиясының түлегі Херсон қаласындағы ер балаларға арналған гимназияның бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Иосиф Феглер аңғарып, болашақ суретшінің алғашқы ұстазы болды.
Бала Леонид белгілі суретші туындыларының көшірмесін жасамай, өзі көрген табиғатты, адамдарды бейнелеуді ұнатты. Әсіресе, оны көкжелекті, ашық аспанды Украина табиғаты шабыттандыратын. Ол Днепрдің жағасына барып этюдтарын салуды әдетке айналдырды. Алтын жалатылғандай көрінген әдемі жағалауларын, арқырап аққан сұлу ағыстарын, өзеннің таңғы күн шапағына малынған көріністерін мәңгі жадында сақтап қалуға тырысты. Бұл оның сұлулыққа жаны құштар балғын кездерінің естеліктері еді.
1910 жылы Херсондағы гиназияны тәмамдаған Леонид Брюммер Киев көркемөнер училищесіне оқуға түседі. Ол натюрморт класына қабылданады. Мұнда украинаға белгілі кескіндемеші, сол кездегі училищенің аға оқытушысы Федор Григорьевич Кричевскиймен танысып, оның сүйікті шәкірттерінің біріне айналады. Болашақ Украина көркемөнер академиясының тұңғыш ректоры жас Брюммердің ерекше талантын байқап, өзге шәкірттерінің арасынан жоғары бағалады. Қалалық көрмелерге жас суретшінің туындыларын шығара бастады. Сондай көркемсурет көрмелердің бірі туралы Херсон қаласының «Юг» басылымы 1913 жылғы 23-сәуірдегі мақаласында жас суретші Л.Брюммер туралы былай деген: « ... Брюммер мырза - аяқталмаған аккорды жоқ суретші. Ол кездейсоқ көңіл-күйдің, жалған сезімнің емес, керісінше табиғатпен тығыз байланыстағы, құдды бір жасырын астарын табиғаттың өзі сыбырлап тұратындай ғажап суретші. Оның жаны нәзік, шерлі. Содан да болар ол табиғаттың жалпы және күшті тұстарын емес, көзге көрінбейтін, бұлыңғыр бояулар арасында жасырын жатып, әлсін-әлсін естілетін нәзік әуендердің реңін аңғаратын. Суретші аса бір сезімталдықпен және шынайылықпен табиғаттың астарлы, айтлмай қалған тұстарына өзінің ерекше назарын аударады. Осы тұста Брюммер мырза қазірдің өзінде өз туындыларын айшықтай алатын біздегі жалғыз дерлік толыққанды суретші. Бұл жайында біздің ойланғанымыз жөн».
Өнерге жаны құштар Леонид Владимирович 1915 жылы училещені үздік деген бағамен аяқтап, ұстазының ұсынымымен Санкт-Петербург қаласындағы империялық өнер академиясында білімін жалғастырады. Сол кездегі Ресей империясының орталығы болған қалаға Леонид өзімен бірге бірнеше жұмысын ала барады. Соның бірі - «Дача. Раняя весна», яғни ерте көктемгі саяжай көрінісі. Суретші бұл туындысында қылқаламның көмегімен жаңадан түлеп, ояна бастаған табиғат көрінісін әсерлі етіп бейнелеген. Ол жұмысын академияның профессоры Николай Никонорович Дубовскийге көрсетеді. Шебер: «Мен де, академия да сізге ештеңе бере алмайды. Сізде, жас жігіт, түстерді жан дүниеңізбен сезінетін керемет сезімталдық пен оны көре білетін сирек көз жанары бар»,- деп жоғары бағалайды. Мәңгілік құндылықтар мен рухани мазмұнды биік санайтын өнертанушының жас суретшіні бірден олай бағалауы оны ерекше таңғалдырып, мақтаныш сезімін оятты.
Леонид Брюммер өнер академиясында оқи жүріп, жарты жылдан аса Эрмитажда Веласкестің, Рубенстің, Рембрандтың ой мен сезім тұңғиығын айқын бейнелеген өнер туындыларын мұқият қарап, шыңдалған шеберлігін зерделейді. Алайда империя астанасында білімін жалғастыруға бірінші дүниежүзілік соғыс, қаржы тапшылығы және сол тұстағы революция кедергі болып, ол жиырмасыншы жылдардың басында Киевке қайта оралды. Қандай қиын-қыстау заман болса да, ол сурет салуын тоқтатпады. Соғыс, ашаршылық жағдайында өнерді дамыту тіптен қиын еді. Дегенімен, оның өнерін ұғатындар да, өнеріне қолдау жасайтындар да табылды.
Киевте музейлер мен көнелікті қорғау секциясында, Крымда аудандық «Борьба» газеттің фотограф-ретушисі, Орел қаласында Мичурин атындағы ғылыми-зерттеу институтында суретші-фотограф қызметтерінде жүріп те Леонид өз қылқаламы мен бояуын тастамады. Керісінше өзін қамшылай түсті. Өзімен бірге суретшілік өнерді игерген жерлес досы Георгий Курнаковқа жазған хаттарының бірінде: «қолыма қылқаламымды ала алмаған кездерімде әлдеқайда көп шаршаймын»,- депті. Бұл оның өнерінен ләззат алып, жаны жай табатынының айқын көірінісі.
1920-1930 жылдары Ялтада музейде, көркемсурет шеберханасында қызмет етті. Мұнда оны әріптестері бағыты, болмысы айқындалған суретші ретінде таныды. Тапқан дүниесін сурет салуға қажетті жабдықтарға жұмсады. Көп жұмыс істеді, көрмелерге қатысты. Бірақ ол жанына жақын болған Ялтамен қоштасып, 1931-1934 жылдары Крымда, 1934-1936 жылдары Орел қаласынан қоныс табады. Шығармашылығы шалқып тұрғанда, европамен шекаралас мекендерден поляктар мен немісістерді Кавказ өлкесіне көшіру туралы жарлығына орай Л.Брюмер туған жерден алғаш рет қудаланады.
1936 жылы ол Қабардин-Балқар еліне көшіп барды. Алайда Кавказ таулары мен оның керемет табиғаты суретшінің өнеріне жаңа жол ашты. Қажет десеңіз, ол тау самалын да суретке айналдыра білді.
Кавказдағы шығармашылық ғұмыры Леонид Владимирович үшін жемісті жылдар болып, шабыты шалқып, шыңдала түсті. Ол бұл кездері іргесі жаңадан қаланған Кабардино-Балкар автономдық республикасының Нальчик қаласында өмір сүрді. Солтүстік кавказдың орталығында орналасқан бұл таулы аймақтың табиғаты суретшіні жаңа туындылар жасауға құштар етті. Содан да оның бай сурет қорының біраз бөлігінде Кавказ таулары мен табиғаты бейнеленген. Кавказ табиғаты тақырыбында салған 80-ге жуық суреті Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.
Суретшінің Кавказ табиғатына арнаған циклдік суреттерінің арасынан жекелеген біреуін ерешелеп айту қиын. Олардың әрқайсысы да өзінше керемет. Әр суретте табиғаттың сұлу көрінісін, құбылысын айрықша бейнелеген. Мәселен, музей қорындағы «Баксан аңғары. Андырчи тауының көрініс», «Өзен жағалауы», «Кавказ таулары» суретінде табиғаттың асау мінезін майлы бояу арқылы шеберлікпен әсерлі етіп сала білген. Өзеннің арқырап жатқан суы, оның жағалауындағы тастардың бетін шайып, ойнақтап аққан толқындарын, жазғы ашық аспанды, жайқала жайылған көк шалғынды,тіпті күннің нұрлы сәулесін де құдды бір сол мекенді көзіңмен көріп тұрғаныңдай етіп кенеп бетіне түсірген.
Тау биігіндегі қарлы шыңдар мен оның салқын, тұманды ауасын, мезгіл көрінісін бейнелеуде өзіндік қолтаңбасын да жасап шығарды.
Ол қайда жүрсе де өзі тұрған мекеннің табиғатына құмартатын. Жаратылыстың сұлулығына ынтызар болып, сол қалпында сақтап қалуға жаны құмар еді. Суретшінің салған суреттері арқылы оның тағдыры бұрылған барлық елді-мекеннің пейзаждарын тамашалай аламыз.
1937 жылдың 7-ақпанында Леонид Брюммер СССР суретшілер одағына мүше болды. Бұдан кейін оның есімі асқақтай түскендей болды. Оның өнері сол кезде күллі одақты мойындатты. Соның бір дәлелі - 1940 жылы Мәскеуде өткен «Художники старшего поколения» (аға буын суретшілері) көрмесіне шақырту алуы. Аталмыш көрменің тізбесі Жамбыл облысының өлкетану музейінің қорында сақтаулы.
Суретші тұрып жатқан Нальчик қаласындағы «Турист» қонақ үйі 1938 жылы 10 суретке тапсырыс берген. Мұндай тапсырыстар Леонид Владимирович Кабардино-Балкариядағы өнер студиясының басшысы болып тұрғанында аз болмағаны анық. Бұл лауазымды ол 1941 жылдың тамызында ағасы Владимир және өзге де СССР-дің еуропалық бөлігінде қоныстанған немістермен бірге жер аударылғанға дейін атқарды.
Фашистік Германия СССР аумағына басып кіргеннен кейін, одақ өкіметі барша ұлты «неміс» деп көрсетілген азаматтарды жау санады. Сондықтан да оларды майдан даласынан алыс жатқан Қазақстанға жер аударуды жөн деп санады. Бірін – соттады, бірін – отбасымен түбегейлі көшірді. Енді бірін – атты. Бұл сол кезеңнің қанқұйлы саясаты еді. Өкіметтің Поволожья ауданында тұратын немістерді көшіру туралы 1941 жылдың 28-тамызындағы жарлығынан кейін 1942 жылға дейін Сібір, Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне 950 мыңға жуық неміс ұлтты совет азаматтары жер аударылды.
Ал СССР Жоғарғы Президиумының 1948 жылғы 26-қарашадағы жарлығы шыққан соң, олардың халі тіптен күрделенді. Ендігі Ұлы Отан соғысы жылдарында жер аударылғандардың барлығы мәңгіге туған жеріне қайта алмайтындай болды. Жазасын өтеу мекені деп көрсетілген аумақтан алыстап немесе рұқсатсыз өзге мекенге көшкен жағдайда қашқын ретінде есептеліп, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін еді. ұлты неміс болған барлық адамдарды «арнайы контингент» деп қарастырып, үнемі бақылауда ұстады. Жергілікті билік өкілдерінде, құзіретті органдардың арнайы есебінде тұрып, уақытысымен белгіленіп тұруы да міндетті болатын. Мұндай жаза сезімтал суретшінің жанын одан әрмен жабырқатты.
Осы кезеңді Леонид досы Георгий Васильевич Курнаковқа жазған хатында жаны жабыға былай деп баяндаған: «Мұнда барлық немістерді көшірді. Төлқұжатымда неміс деп көрсетілгендіктен, мені де көшірді ... Менің анам – француз, ал ана тілім – орыс ...».
Л.Брюммер досы Георгий Курнаковпен 1965 жылға дейін үздіксіз хат алмасып тұрған. Ол хаттар бүгінде Украинаның Херсон облысының мемлекеттік архивіндегі суретші Г.Курнаковтың жеке тектік қорында сақталыпты. Қорда Л.Брюммердің әйелінің де жазған хаттары бар екен. Жазбалар арқылы отыз жылға жуық суретшінің өмірсерігі болған Мария Ивановна Рауд 1940 жылы Нальчик қаласында дүние салғаны анықталды. Ал олардың ортақ балалары туралы еш ақпарат жоқ. Өкініштісі де – сол.
Леонид Брюммер 1941 жылдың қазан айында Қазақстанға, Павлодар облысына жер аударылып келді. Ол шығарылған үкімді естіген соң, өзімен бірге тек салған суреттерін ғана ала кеткен. Себебі, суретші оларды өз балаларындай көрді. Күн көріс үшін суреттерін сатуды құптамады. «Мои картины – мои дети. А детей не продают...», - деп, өз жанын жалдауға, сатуға қарсы болды. Суретшілік ғұмырында туындыларын ұқыптап сақтап, Жамбыл қаласына ғана сыйға берді.
Күштеп жер аударылғаннан кейін суретші біразға дейін күйзелісте болды. Шығарылған үкіммен келіспей, іштей қынжылды. Келген жері өзі туып-өскен мекенге ұқсамады. Бәрін жат көрді. Ертіс өзенінің жағалауындағы мекеннен шабыттана алмады. Оны да суретші хатында анық жазған: «қажеттіліктен сурет салу – мұңлы жағдай. Табиғаттың тылсым, нәзік реңдерін қарапайым түрде әсерлі етіп салғым келеді. Бірақ айналам - шабылған өріс, бұлт төнген жазық дала, шалғайдағы жауын, аспан және жер. Суреттік сюжеті жоқ. Бүкіл сюжет ішкі мазмұнында, табиғаттың тылсым құбылысында» («Писать ради писания – печальный результат. Хочется передавать тончайшие оттенки природы в простом мотиве: скошенное поле, степь (стерня); нахмарило; вдали дождь; небо и земля. Нет рисуночного сюжета. Весь сюжет во внутреннем содержании, трудном моменте природы…»).
Ол табиғатты бейнелеу арқылы сезімін, жан тебіренісін ұғындыруға ұмтылды. Сондықтан да оның жер аударылғаннан кейінгі салған суреттерінен бұрынғыдай күлімдеген күн көзін, ашық реңді бояулар палитрасын аңғаруымыз қиын. Мұнда оның суреттерінен буырқанған жел, қоюланған бұлттар мен жауын, кеудесін кеңге жайған көңілсіз жазық дала келбетін көбірек көреміз. Оның үстіне ел басына күн туған ауыр кезеңде бәрі де сұрғылт тартып-ақ тұрды. Дегенімен, Л.Брюммер өнерге келгенде өзіне ұқыпсыз болуға мүмкіндік бермеді. Содан да ол кезеңдегі суреттері де өзгешеленді. Өзі айтқандай, туындылары «жүректен шығып, түйсігімен» салынды.
Соғыс жылдарында Леонид портреттер мен натюрморттар салуға назарын көбірек бөлді. Ол қарапайым еңбек адамдарын салды. Совхоз тынысын бейнелейтін «Ертіс жағалауындағы дала гүлдері» тақырыбымен суреттер сериясын жасады. Суретшінің мұндай шабытын 1943 жылдан басталған Павлодар облысының Желқұдық совхозындағы суретшілік қызметі ашса керек.
Ол кілемдей төгілген ашық түсті гүлдерге көмкерілген қазақ даласының қайталанбас кескіндемесін жасады. Самал желі тербеген майсалы егіс алқабынан бастап оңтүстікке беттеген тырналардың легіне дейін бейнеледі. Жоқшылық тауқыметі суретшінің өнеріне кедергі болмады. Кенеп пен бояу алуға қаржысы болмаған соң, ол өз туындыларын картон кесіндісіне, кітап мұқабаларына, фотоқағазға, пошталық ашық хаттарға, клеенка мен фанерға да салды. Тіпті, түк таппаған кездерінде өзі салған суреттің екінші бетін де пайдаланды. Музей қорында мұндай жеті сурет сақталыпты.
Аш-жалаңаш лашық үйде жалғыз күнелткенімен, шығармашылық адамдарына ғана тән жанкештілікпен ол қолындағы барын майлы бояуға айырбастайтын. Себебі, ол үшін сурет салу тыныстаумен тең еді. Онсыз өмір сүруді де елестете алмаған сыңайлы. Қазақ жерінің солтүстк өңіріндегі ызғарлы аяз да оның кескіндемеге деген махаббатын сөндіре алмады.
Соғыс жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерінің бірін досына жазған хатында: «Шыдамадым, қырауды сала бастадым. Өте суық! Содан да суыққа бейімделуіме тура келді. Алдымен мальбертімді, оның алдына орындығымды, сөніп қалмасын деп қаңылтырмен қалқалап, орындықтың үстіне қыздырғыш примус шамын қойдым. Шамның қызуы мальберт бетіндегі кенепті де, қолымдағы палитраны да жылытып тұрады. Сол жылумен сурет саламын...» («На днях я не утерпел и начал писать иней с натуры, холодно изрядно! Тогда я приспособился так: поставил мольберт, перед ним табуретку, на табуретку примус, чтоб он не тух, загородил куском жести. Примус греет и холст на мольберте, и палитру в руках, и можно писать»), - деп суреттепті.
Соғыс аяқталғаннан кейін де суретшінің өмірінде елеулі өзгеріс болған жоқ. Содан ол толғанып, өзі туып-өскен Херсон қаласындағы досы Георгий Курнаковқа тағы да 1945 жылы хат жазады. Ол хатында туған жерге, досына деген сағынышын, өткен күндерін аңсап жазады. Туған мекені – Украинада өзінің жеке көшпелі көркемсурет көрмесін ұйымдастыруды да армандайды.
Леонид Брюммердің хатынан үзінді: «Переехать на родину, в Херсон, я смогу, когда будет разрешено. Я ведь сослан сюда как немец. Мне очень хотелось бы приехать в Херсон, работать с тобой. Устроить выставку, хорошо бы передвижную – в Николаеве, в Одессе, а потом и в Киеве…».
Херсондық суретші досы Георгий Леонидтің мүшкіл халін ұғып, оны депортацияланған мекеннен көшуіне рұқсат беру талабымен жан-жаққа хаттар жаза бастайды. Алайда бұл талабы тек 1953 жылы одақ көсемі Сталин дүниеден өткеннен кейін ғана мүмкін болды. 1953 жылдың 27-наурызында СССР Жоғарғы Президиумының амнистия туралы жарлығы шықты. Кейін бұл жарлық тарихта «Берияның атақты жарлығы» деп те аталды. Оның негізінде сол күнге дейінгі саяси тұрғыда қудалау көрген барша одақ азаматтарына, әсіресе саяси тұтқындарға кешірім беріле бастады. Одақ бойынша сол жарлық негізінде кезең-кезеңімен 1 млн 400 мыңға жуық азаматқа кешірім берілген екен.
Бұл жарлық Леонид Брюммерге тек қысы қатал Павлодар өңірінен өзге аймақтарға еркін жүріп-тұруына, көшуге ғана мүмкіндік берді. Соның негізінде суретші Брюммер табиғаты мен күн райы жанына жайлы, шуақты Жамбыл өңіріне 1955 жылы қоныс аударып келді. Ал 1956 жылдың қаңтарында бауыры екеуі құзырлы органдардың арнайы есебінен шығарылып, «халық жауы» таңбасынан толығымен арылды.
Дәл осы жерден ол бұрынғысынша шабыттанып, сәулелі сәттерді қағаз бетіне түсіре бастады. Жанашыр жақсы адамдармен танысады. Өнерін бағалайтын ортаны кезіктіреді. Болмысы тұйық адам үшін бұл үлкен бақыт еді.
Леонид Қазақстанға жер аударылғанға дейін өзі туып өскен мекен – Украинада, Крымда және Кавказда болды. Оның ғұмырының саналы бөлігі Крымда, Ялтада өтті. Ол жер оның шабытын шалқытқан, жанын жайландырған мекенге айналған. Онда оның отбасы, достары, жанын ұғар ортасы болды. Содан да суретші Ялтаның әр тасын дерлік жарыса бейнелепті. Брюммердің Ялтаға арнап нақты неше сурет салғаны белгісіз, дегенімен Ялтаға арнаған 200-ге жуық суреті, Крымға арнаған 100 суреті Жамбыл облысында сақталғанын дәл айта аламыз. Бұл – оның музей қорына сыйлаған мұрасының үштен бір бөлігі.
Туған мекеннен жырақ жүрген суретші өз туындылары арқылы сағынышын басса керек. Өзі жүріп өткен көбік шашқан теңіз жағалаулары, орман-тоғайлары, қалалық саябақтарының кенепке салынған суреттері жастық дәуренінің бейнесіне айналды.
Леонид Брюммер Жамбыл қаласында қалалық саябақтың суретші-безендірушісі болды. Оны жамбылдықтар қаланың ішінен жиі көретін. Өзімен бірге үнемі үлкен қолшатыры, сурет салуға арналған ыңғайлы жабдығы (этюдник) жүретін. Сол кездері жаңадан салынған қаланың орталық Ленин алаңында, Қарасу өзені жағасында, базар аумағында, ал кейініректе көк базар маңындағы Жамбыл алаңында жиі жүрді.
Көне Әулиеата жерінің түрлену шағының куәгері болды. Содан да ол жаңарған қала келбетімен бірге жандана түсті. Мұнда ол жасы жетпіске тақаған шағында келгенімен, суретші үшін Жамбыл жері қайта түлеу кезеңіне айналды. Барша жаңалықты салып үлгеруге ұмтылды. Салды да. Оның шығармаларымен танысу үшін Жамбыл жұртшылығы көрме залындай болып кеткен суретшінің үйіне жиі қонақ болып баратын.
Л.Брюммердің айдауда жүрген кездерінің барлық күндерін бірге өткерген қамқоршысы – бауыры Владимир ғана. Ол әрдайым оның жанында болды. Жамбыл жеріне де бірге келді. Жаны таза және қарапайым ағайынды Леонид пен Владимир Брюммерді Жамбыл жерінде көбісі жақсы танитын. Л.Брюммердің көзін көрген жамбылдық суретші Мұхамед-Омар Паншаев оның үйіндегі бар байлығы – өзі салған суреттері болғанын еске алады. Л.Брюммермен ол 1970 жылы танысқан. Ол кезде Мұхаммед-Омар 8-сынып оқушысы. Оның әкесі Сализ Паншаев Л.Брюммер тұрған 1-ықшам ауданы үй басқармасының басшысы әрі, суретшінің досы еді.
Мұхамед-Омардың айтуынша Л.Брюммер алғашында бауырымен бірге саяжайда тұрған. Оның бауыры Владимир өте ұқыпты кісі болғанын және жүзім өсірумен айналысқанын да еске алды. Сол жерде бейнелеу өнеріне қызығушылық білдіріп жүрген жас жеткіншек кәсіби суретші Леонидпен кездеседі. Кейініректе әкесі оны суретшінің үйіне жиі апарған. Бұл да оның өнер жолында шеберлігінің шыңдалуына өз септігін тигізгені сөзсіз. Сондай-ақ Леонидтің Жамбыл қаласындағы алғашқы салынған көппәтерлі үйден пәтер алуына жамбылдық досы Сализ Паншаев пен сол кездегі қалалық атқару комитетінің төрағасы, соғыс ардагері Тілеуқабыл Төребековтің ықпалы тигенін де айтты.
Леонид Брюммердің Жамбыл қаласында бірден өз ортасын табуына көптеген себептер бар. Соның бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарында түрлі себептермен 50 мыңға жуық адамның Жамбыл облысына көшірілуі. Оның ішінде саяси қудалау көргені, соғыс жүрген аймақтардан эвакуацияланғаны да бар. Олардың арасында түрлі сала мамандары болды: мұғалімдер, дәрігерлер, археологтар мен түрколог ғалымдар, инженерлер мен механизаторлар, әртістер және тағы басқалары. Олар ұлтқа да, ұлысқа да бөлінбеді. Құшағын жая қарсы алған жамбылдықтармен бірге біте-қайнасып өмір сүрді. Бұл бауырмалдықты Леонид Брюммер де сезінсе керек. Жамбылға келген кәсіби суретші қалалық, облыстық көрмелерге өз туындыларын жиі шығара бастады. Мұндай белсенділігі үшін 1958 жылы Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы Леонид Владимировичті облыстық бейнелеу өнері көрмесіне қатысқаны үшін 1-дәрежелі дипломмен марапаттаған. Сол кездегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары суретшінің шығармашылығына қамқорлық жасағаны айтпаса да түсінікті. Әсіресе, олардың арасында өзі іспетті өкімет саясатының тепкісін көрген шығармашыл адамдар да аз емес еді. Бұл қамқорлықты өнертанушы, шығыстанушы әрі фотограф, сол кездері Жамбыл жеріне жер аударылып, 1953 жылы ақталғаннан кейін облыстық тарихи-өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкері болған Лазарь Ремпель танытуы мүмкін. Өкінішке орай бұл тұжырымды дәйектейтін құжаттық жазбалар жоқ. Дегенімен, музей қызметінің сол тұста түрлі тақырыптағы экспозициялар мен көркемсурет көрмелерінің көптеп өткізілуінен, жер аударылған суретшілердің, ғалымдардың музеймен бірлесе жұмыс жүргізе бастауынан-ақ аңғаруға болады.
Музейдің ұйымдастыруымен өтетін барша облыстық көркемсурет көрмелерінде Леонид Брюммер жас суретшілердің жұмыстарына өз бағасын беріп, қазылар алқасының тұрақты мүшесіне айналады. Бұл ортада ол ерекше құметке бөленіп, облыстың аға суретшісі деп те атанды.
Суретшінің Жамбыл қаласының келбетін салудағы, кескіндеу өнерін дамытудағы еңбегі бағаланып, 1967 жылдың 1-қыркүйегінен бастап өмірінің соңына дейін 50 рубль көлемінде жергілікті жерден дербес зейнетақы тағайындалған. Оны Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің облыстық атқару комиеті қорында сақтаулы құжат растайды. Зейнеткерлік кітапшасының алғашқы бетінде мекен-жайы деген тұста «Пушкин көшесі, 6 үй 5 пәтер» деп көрсетілген екен. Бұл да шындыққа жанасады. Себебі, ол бұрынғы көк базар аумағындағы Жамбыл алаңына жиі келуді ұнататын. Оны көзкөргендер аңыз етіп айтса, музей қорындағы суретшінің «Жамбыл алаңы» суреті айғақтап береді.
Суретші қарт 1968 жылы Қазақ ССР суретшілер одағына мүше болуға өтініш те берген. Бұл өтініші 1970 жылы қанағаттандырылыпты. Ол тек Қазақстанның ғана емес, СССР суретшілер одағының мүшесі болды. Алайда көп ұзамай тағдыры тартысқа толы болған суретші Леонид Владимирович Брюммер 1971 жылдың 1-қыркүйегінде Жамбыл жерінде 82 жасында мәңгі сая тапты. Ол өз туындыларын Жамбыл жұртшылығына мұра етіп қалдырды. Бұл тарихы тереңнен тамыр тартқан көне Таразға тартуы қалада 1973 жылы алғаш рет көрме залының ашылуына негіз болды.
Бүгінде Леонид Брюммердің есімі әлем суретшілерінің каталогіне енген. Ал оның өмір бойы салған суреттері әлем өнертанушыларының қызығушылығын оятуда.
Өмірі қиын-қыстау, жоқшылықпен өткеніне қарамастан, ол суреттерін сатып, баюды ойламады. Өмірінің соңы қайғылы, қасіретті болғанына қарамастан, өмір бойы салған туындыларын кең пейіл, өзіне құшағын ашқан қазақ халқына шашпай, төкпей қалдыруға ұмтылды. Талантына бас иіп, әлем бағалаған суреттерін тегін, сыйға тартқан азаматты Тараздың сөнбес жұлдыздарының бірі деп айтпасқа болмайды. Мұнша дүниені өзі тұрмыстың көп ауыртпалығын тартса да бір тиын сұрамай, сүйікті қаласының тұрғындарына сыйға тартып, дүниеден өтер алдында аманат етіп қалдыруы оның жомарт жүректі азамат екенін көрсетеді.
Оның еңбектері арқылы Тараздың бұрынғы көріністерін көресіз, өзіңізге таныс жерлерді танисыз. Ол өмірінің соңғы жылдарын өткізген қаласын ерекше сүйгенін де сезесіз. Сүймесе, жан жылуын, көз нұрын туындыларына бермеген болар еді. Ол салған суреттерде сол кезеңнің бейнесін, тарихын, адамдарын көреміз. Сондықтан да ол суреттерді Жамбыл өңірі тарихының айнымас бөлігіне балаймыз. Әсіресе, жыл мезгілдеріне арнаған - «Жамбыл көшелері», «Жазғы таң», «Сәуірдегі Жамбыл», «Қыс», «Жамбыл алаңы», «Қала шеті», «ескі Жамбыл» сынды суреттері біз үшін үлкен мұра. Ол өзі тұрған 1-мөлтек ауданын да майлы бояумен бейнелеген. Ол кезде оның үйі жаңадан бой көтерген, қаланың жаңа даму жолында алғаш салынған құрылыстарының бірі болатын. Бұл – 1960-шы жылдар еді. Ал оған дейінгі он жылға жуық уақытта суретші қайда тұрды дерсіз. Оны да өзі салған суреттері арқылы білуге болады. Себебі, суретші көзімен көрген кереметті жан сүзгісінен өткізе отырып қағазға түсірген.
Суретшінің натюрморттарындағы түрлі гүлдер, бақша дақылдарын бейнелеуі де өзінше бөлек тақырып. Ондағы гүлдер мен жемістердің алуан түрлілігінен Жамбыл жерінің бай қазынасын танимыз. Кескіндемеші ретінде оның жиған дүниесінің барлығы бейнелеу өнерімен ғана байланысты еді: өзі салған суреттері, туындылары қойылған түрлі көрме кітапшалары, кескіндеме өнері туралы жазылған еңбектер, ашық хаттар, достары салған суреттер. Оның арасында суретшінің жетістіктерін растайтын жеке құжаттары да кездеседі. Ол жайында бүгінгі күнге дейін архив және музей қорларында сақтаулы түрлі каталогтар мен буклеттер айғақ. Суретші өзі қатысқан көрмелердің мұндай құжаттарын ғұмырының соңына дейін ұқыптап сақтаған. Өмірінің соңында бұл құжаттар мен жинақтаған түрлі әдеби кітаптарын өзі қызмет еткен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырған. Бұл қорда сирек кездесетін құнды кітаптар қатарында суретші жиған 36 кітап пен қазан төңкерісіне дейін дайындалған 17 каталог бар. Олардың әрқайсысы иесінің әдеби талғамы жайлы, сол тұстағы ойы мен көзқарастары жайында сыр береді. Суретші бұл кітаптарды оқыған сәттерінде жазылмаған бос жиектеріне өз қолтаңбасын қалдыра, ойын да жаза өткенін байқаймыз.
Леонид Брюммер мұрасының 100-ден аса суреті Жамбыл қаласы тақырыбына арналған. Сондықтан да тәуелсіздік алғаннан кейін, көне Тараз қаласының 2000 жылдығы тойланар жылы суретшінің құрметіне облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан суретшіге арналған көрме залы бой көтерді. Өзі сыйға қалдырған мұрасы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Сол арқылы да оның есімі жамбылдықтардың мәңгі жадында қалды.
Назым ҚОЖАМАРОВ,
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі