Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Ұлттық қор — балаларға» жобасы бойынша б...
Google Pay дегеніміз не және қалай төлейміз?
Өткен жылдың 7 желтоқсанынан бастап Қазақстандағы Android пайдаланушыларына Google Pay көмегімен төлемдер жасау қолжетімді болды.
Google Pay дегеніміз не?
Google Pay — бұл дүкендерде, сайттарда және мобильді қосымшаларда сатып алу төлемдерін смартфон арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қызмет. Google Pay-ді контактісіз төлем терминалы орнатылған кез келген жерде қолдана аласыз. Google Pay арқылы төлеу үшін смартфонды картамен бірге осындай терминалға жақындатып ұстайсыз. Сонымен қатар, смартфонға бірнеше картаны тіркеуге болады.
Ал енді онлайн сатып алуларға тоқталсақ, Google Pay арқылы төлем қабылдайтын сайттар мен мобильді қосымшаларда осы сервистің логотипі экран бетінде көрсетіліп тұрады, соның үстінен басып әрі қарай ақша төлей аласыз. Бұл әсіресе сайттарда онлайн төлем жасағанда әр кез сайын карта деректерін қайта-қайта енгізіп отыру қажеттілігін жойып, процесті жеңілдетеді.
Google Pay қызметі қандай құрылғыларда қолжетімді?
Google Pay қызметін смартфоныңызда операциялық жүйе Android 5.0 немесе одан жоғары болса орната аласыз. Ал оны білу үшін "Қондырғылар" (Настройки) бөліміне кіріп, "Телефон туралы" деген жерден смартфоныңызда Андройд операциялық жүйесінің нешінші нұсқасы тұрғанын біле аласыз. Сонымен қатар, терминал арқылы төлем жасау үшін телефоныңызда NFС технологиясы болуы керектігін де атап өтеміз.
Дүкендерде сауда жасаған кезде, Google Pay сатушыға сіздің картаңыздың нөмірін бермейді, сондықтан төлем деректері толықтай қорғалған деп айта аламыз. Ал егер телефоныңызды жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда Google аккаунтыңыздағы "құрылғыны табу" (найти устройство) функциясы арқылы қашықтықтан барлық деректерді бұғаттап немесе жоя аласыз.
Google Pay қызметін қалай қолданамыз?
Бұл үшін бірнеше қарапайым қадамдар жасау керек:
1. Play Market-тен Google Pay мобильді қосымшасын жүктейсіз.
2. Google аккаунтыңызға кіріп, төлем жасау әдісі деген жерге серіктес банктің Visa немесе Mastercard несиелік немесе дебеттік картаны енгізесіз.
3. Дүкендерде Google Pay қызметін пайдалану үшін телефоныңыз NFC қолдайтынына көз жеткізіп алыңыз.
4. Сондай-ақ, картаны Google Pay-ге тікелей банктің мобильді қосымшасынан да қосуға болады. Алайда бұл тек осы сервиспен серіктес банктердің қосымшалары үшін қолжетімді.
Бүгінгі таңда Google Pay Қазақстанда Visa және Mastercard карталарымен жұмыс істейді, ал серіктестері қатарында 10 банк бар. Атап айтсақ, Halyk Bank, ForteBank, Еуразиялық банк, Необанк Simply, Альфа-Банк, Хоум Кредит Банк, Bank RBK, Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Jusan Bank. Жалпы, контактісіз терминал бар барлық жерде Google Pay арқылы төлеуге болады. Ал мұндай нүктелер саны елімізде 200 мыңнан асады.
Қания Табыс