2022 жылдың 15-16 желтоқсан күндері Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия теат...
Ұлттық UMAI сыйлығына қалай қатысуға болады?
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі өнер саласы өкілдерін қолдау мақсатында жаңа жобаны іске қосуда. Қазақстанның өнер саласындағы UMAI ұлттық сыйлығының ұйымдастыру комитеті шығармашылық ұжымдар, әртістер, отандық мәдениет қайраткерлері мен барлық жас дарындарды байқауға белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды Мәдениет порталы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, UMAI сыйлығының жүлде қоры 54 миллион теңгені құрады, олар 4 аталымда 19 сыйлыққа үлестіріледі: «Театр өнері», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» және UMAI-2022 ұлттық сыйлығының Қазақстандағы Балалар жылына орайластырылған «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлдесі.
Әлеуетті қатысушылардың жиі қоятын сауалы: «Өтінімді қалай беруге болады?». Бұны істеу әсте қиын болмай шықты. Номинанттардың өтінімдері электрондық түрде 9 желтоқсанға дейін «Астана Опера» театрының сайтында көрсетілген поштаға қабылданады. Театр Ұлттық сыйлықты өткізу алаңына айналды. 5 жұмыс күні ішінде ұйымдастыру комитеті құжаттардың толықтығын тексеріп, содан кейін номинанттың құжаттары сараптау комиссиясы мүшелеріне танысуға жіберіледі.
12 желтоқсанға дейін сараптау комиссиясы алқалы жиында байқау финалисін анықтайды (әр аталымда бірден төрт финалистке дейін). Финалисттер хабарлама алып, Астана қаласына Сыйлықты табыстау рәсіміне шақырылады.
Салтанатты марапаттау рәсімі 23 желтоқсанда «Астана Операда» өтеді, онда UMAI ұлттық сыйлығының лауреаттары жария етіледі.
– Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет саласында Ұлттық сыйлық тағайындады, бұның өзі өнер әлемі үшін айтулы оқиға болып табылады. Осынау керемет бастама бізге жаңа дарындарды ашуға, еліміздің өңірлеріндегі сахналарда жүріп жатқан бірегей қойылымдарды көруге, мәдениетіміздің дамуының қызықты үрдістерін қадағалауға мүмкіндік береді. Сондықтан біз барлығын белсендірек болуға және өз күштерін батыл байқап көруге шақырамыз, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.