Түп тамырын табиғат ананың құрсағынан іздеген халық – сол ананың нағыз перзенті. Тұмса табиғат...
Бекітілген терминдерге мониторинг жасау жобасы
Терминдерді арнайы комиссия отырысында бекіту жұмысы 1971 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ғылым-білімнің дамуына, қоғамдық-саяси оқиғалардың құбылуына байланысты терминдер әртүрлі нұсқада бекітіліп отырғандығы заңды құбылыс.
Сонау кеңес одағы жылдары терминдер белгіленген қағидаттарға, қабылданған ережелерге сәйкес, кеңес одағы құрамындағы елдерге ортақ сипатта («интернационал» нұсқада) орыс тілімен бірдей болып қабылданған еді. Тәуелсіздік алған жылдары бұл ереженің күші жойылып, өзге тілден енген терминдерді қазақшалау үдерісі басымдық алды. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, ертеректе бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу жұмысын дұрыс шешім деп ойлаймыз.
Себебі, бекітілген терминдер қорынан бір термин бірнеше нұсқада қайта бекітілгендігін, немесе қазақ тілінде сіңісті баламасы бола тұра орыс тіліндегі нұсқамен бірдей бекітілген терминдер қатарын да көптеп кездестіруге болады. Мониторинг жұмысының міндеті – бүгінгі күнге дейін бекітілген терминдерге терминологиялық талдау жұмыстарын жүргізіп, олардың даму бағыттарын айқындау болып табылады.
Үш жылға жоспарланған Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен терминдерге мониторинг жасаудың биылға жоспарланған жұмысы аяқталды. Ғылым салаларына байланысты осы жылға жоспарланған жұмыс – қоғамдық ғылымдар терминдеріне мониторинг жасау болатын. Осыған сәйкес,
- 1971-2014 жылдар аралығында бекітілген терминдерге сұрыптау жұмысытары жүргізіліп, қоғамдық ғылымдар саласына жататын 6039 термин іріктелініп алынды;
- әрбір қоғамдық ғылымдар терминінің терминологиялық жүйесі (дефинициясына сәйкес) нақтыланып, тиісті белгілері (помета) қойылды;
- терминжасам құрылымы, шығу тегі бойынша олардың үлес салмағы анықталды;
- әрбір терминге дефиниция жасалынып, бүгінге дейін жарық көрген әртүрлі терминологиялық сөздіктердегі тіркелу сипаты айқындалды;
- ғылыми дискурстағы жұмсалым сипатынан мысалдар келтіріліп, термин нұсқаларының терминологиялық нормаға сәйкестік дәрежесі анықталды.
Жүргізілген жұмыстардың тіліміздегі терминдерді біріздендірудегі маңызы зор. Алдағы уақытта терминдерді бекіту жұмысында мониторинг нәтижесінде жасалған терминнің терминологиялық жүйе саласына қатысы көп жағдайда ескерілмейді; терминдерді бекіту барысында терминдердің бірізділік талабы қатаң сақталуы қажет және т.б. қорытындылары ескерілу қажет деп санаймыз. Мониторинг жасау жұмысы техникалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша да жалғасын табады.
Б.Жонкешов,
Сараптау тобының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты