Көрнекті қаламгердің тұлғалық тағылымы мен шығармашылық шеберлігі хақында«Инеш», «...
Әбіш Кекілбаев: Бунинмен жолыққанда
Бунинді оқу – оңаша аллеядағы бейуақ жолығыстай әрі сырлы, әрі мұңлы. Қапелімде қаймыға жүздескенмен қиыспай қоштасасыз. Сіздің мәслихаттасыңыз шерткен әңгіме-сырдың көңіліңізге түйткіл қалдырар күмілжісі, құлақ сарсытып, мезі қылатындай данғаза-даңғойы, әдейі еліктіргісі келген сыңғырық-сылдырағы, басартқы-қашартқысы жоқ қалтқысыз сыр, қалтқысыз әңгіме. Ол дүрілдетіп сөйлейтін дүрлікпесі көп думанды мәслихаттан гөрі қапысыз сырласатын оңаша сұхбатты көбірек ұнататындай. Бір-біріңді ол да, сен де ұзақ күткендей, асығыс алып-ұшпасы жоқ, аяулы, парасатты жолығыс.
Мен онымен осы соңғы уақыттарда ғана кейінгі он жыл ішінде, алғаш рет біздің елімізде «Москва» журналын да «Арсентьевтің өмірі» атты роман жарияланған тұста жолықтым.
Мен оны кейін білдім, ол мені көптен білетін сияқты. Осынысына әлі әйгілі атана қоймаған он алты жасар жасөспірім шағындағы жырларынан бастап, қолынан қуат кетіп қалтырып отырып жазған кейінгі әңгімелеріне дейінгі қай шығармасын оқысам да қапысыз көзім жетті.
Сенбейсіз бе, онда Иван Алексеевич Бунинмен өзіңіз жолығыңыз. Менің айтып отырғанымның айна-қатесі жоқ, ақиқат екеніне сонда сіздің де көзіңіз жетеді.
Бірақ, байқаңыз... Сыршылдың сырдаң болмайтынын, сыршылдық пен сыр шашпалықтың бес қайнаса сорпасы қосылмайтынын ұмытпаңыз. Ә дегеннен сырт теппегенмен, ішін бермей, тұнжыр қабақпен қарсы алса салғырттығы емес, сабырлылығы. Сырдаң көңілге сыр қонбайды, сылдыр сөзден сыр табылмайды. Сыршыл суреткердің сіздің сырдаң екеніңізді, әлде сырбаз екеніңізді біліп алмай тұрып, дін ашпауы, сыр тартпай тұрып, сыр ласпауы әбден мүмкін.
Сынаспай тұрып, сыр ашпағанына бола сырт айналсаңыз, қарқ қылатын мол қазынадан өзім қағылдым дей беріңіз. Оған кейін қапы қап өзіңіз қынжылмасаңыз, ол қынжылмайды.
Сырласу... Буниннің табиғаты, Бунин творчествосының табиғаты. Ол өз аузынан шыққан әр сөзді өзімнің ең жақын досыма айтатын жан сырым деп ұғады. Ол тек өзі ұнатқан адамдарды ғана емес, қатты сүйсінген үлбірек қызғалдақ пен уілді тоғайды, қанатынан нұр шашыраған көбелек қанат көңілді албырт жасты, ақ қайыңның ақ сылаң желегін, тап сол желектен айнымайтын кінәратсыз қыз баланың кір жұқпаған көйлегін, кәрілердің сабыры мен жастардың жалынын, – өзі есі қалмай сүйетін күллі табиғат, күллі әлемді жан сырымды жасырмай айтатын жан досым деп есептейді. Ол үшін: бүкіл болмыс пен табиғат – жаныңдай көріп сүйетін жан досың, жаныңдай көріп сүйетін жан досың – күллі әлем. Сол үшін де күллі әлемнің өзі аңғарған сырын жан досыңа, жан досының өзі аңғарған сыры мен шынын күллі әлемге, барша жамағатқа жасырмай айтады.
Бұл – Бунин прозасының табиғаты. Бұл – Бунин өрбіткен (бәлкім, Буниннен өрбіген) лирикалық прозаның табиғаты.
Осыны ұқпай тұрып, Бунинмен жолығыстан бәрібір мән шықпайды.
Сырласу үшін сыр айтатын кісіге, сыр тыңдайтын кісіге де парасат қажет. Екеуінен де сыр табылмай тұрып, екі кісі бас қосқан кез-келген әңгіме сырласу бола бермейді.
Сырласу – молшылық, кеңшілік. Әдетте кісі сырласып отырып, мол пейілін жайып салады, мол пейілін жайып салып отырып, сырласады.
Ежелгі тарих пен бүгінгі өмір, табиғат пен адам, адамгершілік пен әсемдік, сезім мен ой арасында ажырамас гармония, үйлесім болуы – міне, И.А. Буниннің эстетикалық мұраты осы.
Ол осы мінезімен де әр ел мен әр кезеңнің оқушыларын бірдей баурайды.
Ормандай қалың орыс әдебиетіндегі Бунин аллеясы қапелімде бір көрген көзге тым оңаша, тым тұнжыр көрінуі де мүмкін. Аққайыңдар тізіліскен алашабыр аллеяда сырт дүниеде қазір не болып жатқанын, ертең ауа райының қандай болатынын қапысыз тану, бал ашу қиынға соғатын тәрізді мұнда сол тұстағы орыс өмірінің ең басты оқиғаларының ешқайсысы өтпейтіндей, орыс қауымының азуындағы ең маңызды мәселелердің ешқайсысы айтыл майтындай. Сол тұстағы орыс ауасы Бунин аллеясына барша шаң-тозаңымен, аңызақ-аптабымен тасқындай, ақтарыла енбей, сұлу бақтағы мол жапырақтың сүзгісінен өтіп, сыздықтап енетін тәрізді. Рас, орыс тіршілігіндегі аңызақтар мен аптаптардың екілене соққан дүрбелең сәтінде Бунин аллеясындағы тым қоңыржай, тым бұйығы қалыпты ұнатпаған сәттеріміз де, ұқпаған кездеріміз де болды.
Бунин аллеясы өз тұсындағы әлеуметтік өмірден алшағырақ тұрса тұрған шығар, бірақ атымен шет қалды деп ешкім айта алмайды.
Бунин аллеясында сұхбаттасу үшін кім-кімге де адал жүрек, сергек көңіл, жіті көз, түрік құлақ керек. Ондай жандар Бунин аллеясынан ағаштардың суылы мен жапырақтардың сыбдырын естіп қана қоймай, сырт дүниедегі ұлы арнада қызыл су жүріп, сірескен мұздардың сытыр-сытыр сынып жатқан құдіретті гүрсілін де естір еді. Бірақ, Бунин аллеясында ол гүрсілді бар қуат, бар күшімен естімей, алыс өңірге әлсіреп жеткенмен анық жеткен қалпында естисіз. Бұл да – Бунин талантының табиғаты, бәлкім, Бунин трагедиясының басы да осында шығар; Бунин өз тұсындағы әлеуметтік өмірді өзінше қабылдағанмен, одан ешқашан шет қалған, шет тұрған емес. Өз тұсындағы әлеуметтік өзгерістердің қайсысы өміршең, қайсысы өткінші екенін әрі-сәрі уақытта дұрыс байқап, дұрыс бағалай алмағаны рас. Бірақ, ол қашанда да көз алдындағы дүниенің, ең алдымен, әлеуметтік өзегіне үңілді. Бунин лирикасы – самарқау пенденің емес, сергек азаматтың сырлары. Ол өз тұсындағы шындықтан да, өтіп кеткен күндер шындығынан да ізгілік пен зұлымдылықтың, махаббат пен опасыздықтың, топастық пен данышпандықтың, тереңдік пен кереңдіктің, өлім мен өмірдің арасындағы бітіспес айқасты іздеді. Сондықтан да, ол үшін ізгіліктің апогейі – махаббат, зұлымдықтың апогейі – өлім, махаббат азапты, арпалысты, күресті талап етеді. Онсыз махаббаттың дегенінен шықпаймыз.
Өмір туралы әңгіме қашаннан, қай заманнан бері өзек өртер басты әңгіме болмай, еріккендер айтатын қосалқы, бұралқы әңгімеге айналып еді?!
Ендеше, Бунин өмірдегі ең өзекті, ең басты проблемалардан шет тұрды деген қауасет те бекерге шығады.
Бунин өзі өскен ортадағы, өз тұсындағы әлеуметтік өмірдегі өзі таныған құбылыстардан ешқашан зұлымдықтың сөзін сөйлеген жері жоқ, әрдайым ізгіліктің сөзін сөйледі. Ізгілікті суреткерге тән батырлық, талаптылықпен қорғады.
Әдебиетте адалдықты, ізгілікті тек талант қана жақтай алады. Талантсыздық – өзі арамдық, өзі әділетсіздік болғандықтан, ешқашан адалдықтың, ізгіліктің, әділдіктің сөзін сөйлей алмақшы емес.
Талант шындықтан ғана шындық, ізгіліктен ғана ізгілік жасай алады, ал қанша құдіретті болғанмен, жалғаннан шындық жасай алмайды; ал талантсыздыққа шындықтың сөзін сөйлетсеңіз де – трагедия.
Буниннің революция тұсындағы әрекеттері осындай рухани трагедия еді... Оның бұл трагедиясын өз елі, өз халқы таныды, бірақ табалаған жоқ.
Өйткені, Буниннің халқы алдындағы адал еткен еңбегі әлгіндей аяқ алдыруларынан әлдеқайда ұлы, әлдеқайда аяулы. Қиянат Бунин творчествосына жараспайды. Ол өз шығармаларында өмірі өтіп бара жатқан дворяндық тұрмысты мұңая суреттей отыра, дворяндық өмірдің күйреуіне себепші болған шаруаларға тіл тигізбейді.
Ол орыс әдебиетін, орыс мәдениетін өліп-өшіп сүйеді. Бірақ өзге жұрттар мәдениетіне я мүсіркей қарау, я менсінбей қарау – оған атымен жат.
Бунин – күрделі жазушы, бірақ шытырман жазушы емес. Ол Россияда декаденттіктің айрықша қаулап тұрған тұсында әдебиетке келсе де, батыстың модернистік мәдениетінің ортасында өмірін өткізсе де, өнердегі өткінші мен өмірліні тапжылтпай тани білді, айқындықты, анықтықты, қарапайымдылықты (бірақ, жұпынылықты емес) қағида тұтты. Шытырман дүниедегі шындықты шытырманға-шырғалаңға түсіп таба алмайсың, ақиқатты танудың ең сенімді құралы – айқындық, анықтық болса керек.
Таланттың тойы табыну үшін емес, тағылым үшін өтсе лазым. Тағылымділерді танымау – бейбақтардың ісі, тағылымсіздерге табыну – бейшаралардың ісі. Сылқымдықты – сұлулық, сылдырақты – сыршылдық, сызда уды – сырбаздық, көк мылжыңды – көсем тұту бар жерде өнер өрлеп тұр екен деп тек кещелер ғана ойлайды.
Бунин жазушының ондай кещелікке бой алдырған жері жоқ, Бунин творчествосы ондай-ондайлардан құлан-таза сау, оның шығармалары өнерді, өнерпазды құлан-таза саулыққа шақырады.
Орыс әдебиетінде Бунин тағылымы жайлы әңгіме мол. Чехов, Короленко, Горький бастаған бұл әңгімені осы заманды орыс әдебиетінің Л. Леонов, А. Твардовский, К. Паустовский, В. Катаев, Ю. Казаков, В. Солоухин сынды өрелі өкілдері жалғастырды.
Көп дәстүрлі, көп мінезі енді-енді қалыптаса бастаған жас қазақ прозасының да Бунин творчествосынан үйренері жеткілікті. Ол жас прозаны мазмұндағы сылдырлақтан сақтандырса, түрдегі әсіре сылқымдық пен орынсыз олпы- солпылықтан бірдей жасқайды.
Ол осыдан бір ғасыр бұрын дәл осындай күзде, шөп ба сына мизам қонып, бір жарқын жаздың қызығы бітіп, келесі жылдың қай мінезбен келерін қобалжи күткен елегізбе кезеңде дүниеге келді.
Бунин дүниеден өткенімен, оның сыры, оның жыры таусылған жоқ. Бунин аллеясы орнында. Өмірдің ең бір өзек күйдірер өртеңді мәселелері, азаматтық бақыт пен адамгершілік, махаббат, сұлулық, табиғат, ерлік туралы сырласқымыз келгенде, сол бір қоңыржай аллеяға қарай әлі талай бет түзерміз... Сонда адал, әділ, дана, еңбекқор суреткерді әрдайым өз орнынан табармыз. Біз оған әлі сан рет жолығып, сан рет сырласармыз.
1970 жыл.
«Әдебиет өрісі» кітабынан алынды