Қызылорда облысында «Қорқыт атаның даналық сөздері» атты кітап оқырман қауымға жол тартт...
Қыдырбек Ырысбек. Ағалар
Министр толқыған сәт
(Қаратай Тұрысұлы)
1992 жылдың маусым айының бас кезі болатын. Спорт журналистеріне арналған Барселона олимпиадасының жолдамасы қолда. Ал жер түбіндегі Еуропаға баратын қаржыны қайдан табарымды білмей тығырыққа тірелдім. «Семей-Невада» қорын басқаратын Олжас Сүлейменов ағама жолығудың сәті түспеді. Сол тұстағы спорт министрінің орынбасары Аманша Ақбаев корейлердің бір фирмасы көмектеседі деп еді. Ол жағы да күн санап сиыр құйымшақтанып, үміт үзіле бастады.
Тәуелсіз Қазақ еліне бұйырғаны - төрт жолдама. Ұстазым Несіп Жүнісбайұлы Ұлттық Олимпиада комитеті арқылы барады. Сақа фототілші Дендербай Егізов пен «Егемен Қазақстанның» тілшісі Ермұрат Бәпи «демеуші табамыз» деп көңілді жүр. Мен болсам, сыртқы жүнін қомпайтқан бөрі құсап, сұраған кісіге «Алла жазса, болады», деймін. Бірақ көкейде үміт пен күдік шарпысып тұрады.
Бір күні Алматыдағы Абай даңғылының бойында келе жатып, оқыстан «осы мен спорт министріне неге кірмеймін?» деген ой жарқ ете қалды. Содан министр Қаратай Тұрысовтың қабылдау бөлмесінің табалдырығын аттадым. Үстімде футболка мен белвет шалбар. «Сіз кімге келдіңіз?» деді көзілдірікті келген қысқа шашты, толықша келіншек. «Қаратай Тұрысұлына». «Жазылдыңыз ба, мүмкін, алдын-ала келіскен боларсыз?» «Жоқ, хабарласқан жоқпын». Үсті-басыма шола қараған көмекші келіншек аяқ астынан сыздана қалды да: «Мына киіммен министрге қалай кіресіз?» деді кекесінді үнмен. «Спорт журналистері еркін жүреді», дедім аяқ астынан басқа сөз таппай. «Мен көмекші боп тұрғанда министрге кірмейсіз». Көзілдірікті көмекшінің дауысы әлгіндегіден қатқылдау шықты. Үндемей, жүзіне тік қарап едім, көмекші аяғын нық басқан бойы бұрыштағы бөлмесіне кіріп кетті.
Сәлден кейін министрдің қабылдауындағы кісілер дабырласып, сыртқа шыға бергенде оң қапталдан оң аяқпен ішке аттап үлгердім де: «Ассалаумағалейкум, аға!» дедім нық дауыспен. Соңымнан қуа кірген көмекші келіншек: «Қаратай Тұрысович, мына кісі рұқсатсыз кірді!» деп, мені оқты көзімен атып өтті. Күлім қаққан Қаратай аға көмекшіге «бара бер» дегенді ұқтырып, жайымен ғана қолын сермеді.
«Ал, інім, келген шаруаңды айт». Ағаның үні сондай жұмсақ, сондай жағымды естілді. Талайдан бері тордағы қырандай торығып жүр едім. Көкіректі кернеген сөз тоғаны ағытылып сала берді. Спорт журналисі екенімді, спорт үшін жанымды жеп жүргенімді, азат қазақтың төл баласы ретінде Олимпиада жолдамасын ұтқанымды, Олимпиада ойындарын көзбен көріп, қолмен ұстамасам, пісуім, жетілуім кем соғатынын түйдектете айтып жібердім де, «Аға, Дәулет Тұрлықановтың кітабын жазып жатыр едім, күресін көзбен көргім келеді», деп тізгінді зорға тарттым-ау деймін.
Қаратай аға сөзімді бөлмей, мейірлене тыңдап алды да, оң жағындағы ақсұр телефонның дауысын дыңылдата көтеріп алып, нөмірін тере бастады. Ар жақтағы кісі көп күттірген жоқ: «Каратай Турысович, я Вас слушаю», деді жарқын дауыспен. «Дорогой ..., ты мой друг?!» «Какой разговор, Каратай Турысович!» «Дорогой друг! Я хочу отправить тебя в Австралию, во главе легкоатлетической команды республики, ну как, поедешь?» «Еще как поеду!» «Тогда взамен ты отправишь моего самого талантливого, самого одаренного спортивного журналиста в Барселону, на Олимпийские игры». «Не вопрос! Письмо с Вашей подписью и Ваш человек поедет на Олимпийские игры».
Министр мен бейтаныс адамның әңгімесінен жаным рахат тапты. Қаратай ағам құдды бір туған жиенін еркелеткендей кейіпте. Мені алғаш рет көріп отыр, сөйте тұра жатырқамай, бетімнен қақпай, талайдан бері уайымға батырған түйінді проблемамды әп-сәтте шешіп берді. Мұндайда атам қазақ: «Жақсыда жаттық жоқ», дейді емес пе! Иә,«Жақсылардың көңілі – алтын сандық». Сөйтіп, аяқ астынан Қаратай Тұрысовтай елге сыйлы үлкен адамның ілтипатына бөленіп, ағамен емен-жарқын әңгіме шертісіп, шиырып қол қойған хатын кеудеме басқан күйі спорт министрлігінен алшаң басып сыртқа шықтым.
Сол жылдың маусым айының соңында Дендербай аға, Ермұрат замандас үшеуміз есімі Советтер одағына кеңінен танымал комментатор Владимир Маслаченко, ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы Василий Алексеевпен бірге Мәскеуден Барселонаға ұштық. Бұл Ермұрат екеуміздің алғашқы Олимпиадамыз болатын.
* * *
Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында әйгілі желаяқ, Совет одағының 6 дүркін чемпионы әрі рекордшысы, Еуропа кубогының жеңімпазы Әмин Тұяқовтың бенефисі жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар – президенттің қазіргі кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы екеуміз.
Кешке келген қонақтардың атағынан ат үріккендей: Нұрғиса Тілендиев, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Шоқыр Бөлтекұлы, Қабден Байдосов, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов, Фариза Оңғарсынова, Досхан Жолжақсынов...
Нұрғиса Тілендиев бастаған «Отырар сазы» ұлт аспаптар оркестрі салтанатты жиынның сәнін келтіре әсем ән мен тәтті күйден шашу шашса, сәлден кейін төрдегі экранда Әмин Тұяқовтың 1965 жылы Алматы қаласындағы ССРО чемпионатында чемпион атанған сәті көрсетілді. Алдыңғы қатарда, Қаратай Тұрысұлының сол жағында отыр едім, Әмин аға қалың жанкүйердің делебесін қоздыра мәре сызығын бірінші қиған сәтте оң жағыма ұрлана қарағаным сол еді, Қаратай ағамның аялы жанарынан ыстық жас тамшылап тұр екен. Министрдің көз жасын тұңғыш рет көруім. Иә, ел билеген ағалар да сезімге беріледі екен. Ұлтының ұранды сәтінде ел ағалары да толқиды екен. Орда бұзар отыз жасымда осындай бір жан толқытар сәтке куә болғаным бар.
Қаратай ағамен талай жерде жолымыз тоғысты. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, республиканың вице-премьері болған кісінің бәз біреулер тәрізді қызметін малданып кісімсінгенін, шалқақ басып, тәкаппарланғанын көрмеппін. Қашан көрсең де алғаш кездескендегі қарапайым қалпынан, текті болмысынан айныған емес. Ағамыз республика спортын екі жылдай басқарды. Сол екі жылда қазақтың екі марғасқасы – Әмин Тұяқов пен Әбдісалан Нұрмахановты Қазақстанның жеңіл атлетика және бокс құрамаларына бас бапкерлікке тағайындады. Ұлттық мүддеге қатысты талай бастамаларымызды жерге түсірмей қолдап отырды.
Жақсы ағаны бүгін еске алып отырмын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» дейді бабаларымыз. Қаратай ағамның мәңгілік тұрағы жәннат бақшалары болуына шын пейіліммен тілектеспін.