Бауыржан Омарұлы. Дәурен салдың белбеуі

ӘДЕБИЕТ
1562

Алақандай эссе

Он тоғызыншы ғасырда Жетісу өңірінде Дәурен Құдабайұлы деген ерекше өнер иесі өткен. Атақты Дәурен сал... Сол Дәукеңнің серілігі туралы «Өзі Іленің арғы бетіне шыққанда белбеуі бергі бетте жатады» деген сөз қалыпты. Дәурен салдың берекелі белбеуі – кеңдіктің белгісі, дархандықтың символы. 

Жалпы, Жетісуда Дәурендер де, салдар да аз емес. Соның бір жұрнағы – белгілі қаламгер Дәурен Қуат.  Тек өзеннің екі жағына белбеуін жайып тастап, күллі әлемді құшақтап жүретін ақкөңіл де ағеден Дәурен салдан гөрі бұл Дәурен өмірге әлдеқайда бейімдеу. 

Қазіргі заманның тап-тұйнақтай баласы Қапалдан өтсе де, Бүйеннен өтсе де, тіпті іргесіндегі Қызылағашқа балтырын батырса да, алдымен белбеуін бекітіп, шұбатпай байлап алып, сосын барып суды кешеді. Яғни атақты аттасынан гөрі өзеннен өтудің технологиясын тәуірірек біледі. Белбеуді қалай, қай кезде байлауды да... Бірақ бәрібір арғы Дәурен мен бергі Дәуреннің ұқсастығы көп. Екеуі де өнерлі. Екеуі де сері. Екеуі де талантты. Екеуі де еркін...

Осы Дәуренді бір тұтам бала кезінде Талғат Батырхан ертіп әкеліп таныстырып еді. Қауылдырықтай ғана жұқалтаң қара бала... «Текті атадан тараған тарланның тұқымы ғой бұл, – дейді Талғат, – екеулеп осыған қамқор болсақ қайтеді?». «Болсақ, болайық, – дедім, – бірақ мен бірдеңе білсем, мынауың біреудің көлеңкесінде жүретін бозөкпеге ұқсамайды. Өз күнін өзі көретін бала сияқты ғой». 

Тура солай болды. Өз сәйгүлігін өзі таңдап, өзі ерттеп, өзі мінді. Өзі шауып, оза шауып, талай бәйге алды. Жұрттың бәрі өз жолымен жүрсе, ол бөрілердің соқпағымен жортты. Жазу әлемінде жүйрік шықты. Қазақтың сөз өнеріне қаламымен қада қақты. Бүгінде талай тұғырлы тұлғалар тізгінін ұстаған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып отыр. Қолтығын кең жазып, көсіле алатынын бота тірсек бозбала кезінде жазған бір ғана мақаласынан байқағанбыз. 

Сол дүниесінің тақырыбын «Аяқта жыртық бәтеңке, мектепке қарай жүгірдім» деп қойып еді. Бесіктен белі шықпай жатып жоқшылық пен тоқшылықтың шегарасын көзімен өлшеп, сөзімен теңшеп тұрған бала тегін болушы ма еді?! Әйтеуір бір еркін ойлы, еркін бала... Қайдағы бала? Бұл бала да бүгін елуге келіпті десіп жатыр жұрт...  

* * *

Дәурен сал секілді оның да серілеу екенін айттық. Естуімізше, Ғабеңдерден ғибрат болған тастаяқтың түбін түсіретін көрінеді. Мына суретте ол тас-түйін боп ширығып, алдындағы шарды дәлдеп көздеп тұр. Ал майталман фототілші Шүкір Шахай  болса, тәуекелге бекінген сол билярдшы баланың өзін көздеп тұр. Қайтесің енді.., біреуді біреу көздеген заман!..

Елуің құтты, белбеуің берік болсын, Дәурен сал!


author

Бауыржан Омарұлы

ЖУРНАЛИСТ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...