Анаң сені өлген екен деп түс көрді(Бұл недеген бұлдыр сағым іс болды)Осы жасқа келгенімше көрм...
Сәкен Жүнісов. Сақау бәтеңке
Бөтен үйдiң босағасына жаңа жеткен су жаңа бәтеңке жан-жағына тосырқай карады. Өңшең ұсқынсыз, ескi-құсқы аяқ киiмдер табалдырықтан төр үйге карай шашылып жатыр. Табаны сөгiлiп, тiстерi ырсиған салпы ауыз етiк, бiр жақ жамбасына қисайған құныс бәтеңке, қонышы бүктетiлiп мыжырайған пима.
Қалай болса солай үйме-жүйме боп жатқан мұндай аяқ киiмдердi бұрын көрмеген жаңа бәтеңке таң қалды.
Бiр кезде оның тап алдында тұрған бетi салтақ-салтақ, қисық өкше бiр бәтеңке сөйлеп коя бердi.
– Әй, сен қайдан келдiң, кiмнiң бәтеңкесiсiң?
– Мен бе?– дедi жаңа бәтеңкенiң бiр сыңары, – мен Болаттың бәтеңкесiмiн, көршi ауылдан келдiм. Ал өзiң ше?
– Мен, мен осы үйдегi Шолақ деген баланыкiмiн, – дедi бетiн тыржитып. – Ал шыққан жерiм – Алматы аяқ киiм фабрикасы.
– Онда жерлес болдық қой, – дедi жаңа бәтеңке.
– Жерлес қана емес, екеуімiз де бiр күнде фабрикадан шыққанбыз, құрдаспыз.
– Қойыңыз, – дедi жаңа бәтеңке ендi сыпайы сөзге көшiп. – Сiз, әлпетiңiзге қарағанда, менен кемiнде екi-үш жас үлкен шығарсыз.
– Е-е, бауырым-ай, мазақтайсың ғой, – дедi көне бәтеңке ренжiп, – менiң жер басып жүргенiме екi-ақ ай.
– Маған да солай.
– Сол екi айдың iшiнде мен тартқан азапты көрсең, жаныңнан түңiлер едiң.
– О не азап соншама? – дедi жаңа бәтеңке шын таңырқап.
– Егер тыңдасаң, айтайын, бәрiбiр қайда асығып барасың. Бiздiң Шолақ, келген баланы, қашан үйдiң астан-кестеңiн шығарып ойнамай, жiбермейдi, – деп күрсiндi де, бастан кешкен оқиғасын баяндай бастады.
«Менi дүкеннен сатып әкелiсiмен, қолды-аяққа тұрмай осы үйдiң ерке-шолжаңы Шолақ киiп алды да, далаға шықты. Шығысымен, көршiнiң өзi секiлдi балаларын айғайлап шақырып: «Мiне, көрдiңдер ме. Көкем сатып әпердi. Мұндай бәтеңке сендерде бар ма?!» – деп мақтанды. Балалар да оны құптады.
– Өзi құйып қойғандай шақ екен.
– Қандай әдемi!
– Әй, өзi айнадай жарқырайды, бетiне сәулең түседi, – десiп жатыр.
Мен де күн сәулесiне шағылысып, жымыңдап қоямын. Бiрақ қуанышым ұзаққа бармады.
– Өзiнiң былғарысы жақсы екен. Бұған су да өтпейтiн шығар, – деп едi бiр бала. «Әрине, өтпейдi», – деп, Шолақ, жүгiрген бойы жолға жиналған жаңбырдың қағына пердi де кеттi. Қойны-қонышым суға толып, қоймалжың батпақ көзiме тығылып, тұншығып барамын. Шолақтың қаперiне түк кiрмейдi.
– Су түгiлi, дым бiлiнген жок, – деп, қақты кешiп, шалпылдатып жүр.
– Ой, бауырым-ай, сол күннен былай табаным сыздан, көзiм балшықтан бiр арылып көрген емес. Бiр күнi балалармен үйдiң қасына ойнап жүрген Шолақ менi шешiп алды да, бұзау байлайтын қазықтың басына iлiп қойды. Күздiң бiр жазға бергiсiз шуақты күнi едi. Ғұмыры күннiң жүзiн көрмеген ұлтаныма жылу тиген соң, тұла бойым бусанып, маужырап, қалғи бастап едiм. Әлдебiр нәрсе тап өкше тұсымнан зу етiп өте шықты. Көзiмдi сығырайтып аша бергенiмше болған жоқ, оң жақ езуiмнен бiр нәрсе сарт ете түстi. Қазықтың басында шыр айналып, қонышыма зорға iлiнiп тұрып қалдым. Көзiм қарауытып кеттi. Одан арғысын шала-шарпы бiлемiн: жұдырықтай-жұдырықтай тас тұмсығыма, жұлығыма, табаныма, көзiме сарт-сұрт тиiп жатыр.
Сөйтсем, менi кептiруге iлмей, қарауыл ғып атуға қойған екен. Қайтейiн, өне бойымды тасқа жыртқызып, жаралап, қисайта-мисайта қабырғамнан басып қайта киiп алды. Шиқ-шиқ етiп, мұңымды шағып кете бардым.
– Бәтеңкем қалай сықырлайды! – деп Шолағым масаттанып қояды. Жыртылған қабақ iшкi ұлтанға тиiп, үйкелiп жүргенiн қайдан бiлсiн?!
Басқа балалар сияқты доп тепкен бiр сәрi-ау, Шолақ кейiнгi кезде өгiздiң тоқпақ жiлiгiнiң басын тауып алды. Күнде мектепке жеткенше, одан үйге келгенше, әлгi жiлiктiң басын тепкiлейдi келiп. Тұмсығымнан тұмсық қалмады. Әуелi ақ жем боп жұқарып едi, ендi тесiлуге айналды. Е-е, айта берсем, көрген қорлық толып жатыр. Осындай тепкiнiң астында жүрiп, қалай тозбассың. Екi ай маған екi жылдай болды ғой, – деп, көне бәтеңке көзiнiң жасын сығып-сығып алды. Жаңа бәтеңке аяп кеттi.
– Осынша азапқа салғанда, тым құрымаса, бiр мезгiл кремдеп те қоймай ма? – дедi қалай жұбатарын бiлмей.
– Бауырым, түсiне алмай қалдым. Крем дедiң бе, ол не зат?
– Крем деген – май. Оны жақса, денең жадырап, өңiң кiрiп қалады, тез тозбауға жақсы.
– Ойбай! Бауырым, қайтейiн-ай! Ондай майыңды жақпақ түгiлi, тұмсығымызға бiр иiскетпей қойды ғой.
Жаңа бәтеңке одан әрi ештеңе дей алмай, көне бәтеңкенiң сыңарын iздей бастады.
– Әлгi сыңарың қайда кеткен, сыңарың?...
– Қайда кеттi дейсiң ол байғұс. Жатқан шығар осында, – деп, көне бәтеңке шашылып жатқан аяқ киiмдерге қарады. – Е, әне, жатыр ғой қисайып. Үйге келгенде ол екеуімiздiң басымыз қосылып көрген емес. Шолақ босағадан өте бере, бауымызды да шешпестен екi жаққа лақтырады. Содан қашан қайтып келгенше, бiр-бiрiмiздi көру жоқ.
Жаңа бәтеңке оған жылы шырай бiлдiрiп:
– Әй, аман ба, бауырым, – деп едi, ол үндеген жоқ. Көне бәтеңке:
– Е, ғарiптің күнi менен төмен, қайтесiң, оны кiнәлама, сакау ол, – дедi.
– Сақауы қалай, оған не болды?
– Тiлi жоқ, – дедi көне бәтеңке.
– Тiлi қайда кеткен?
– Анада әлгi Шолағымыз таспен ататын рогатке дей ме, немене. Сол рогаткеге былғары таба алмай, оның тiлiн суырып алып, соған салған.
Жаңа бәтеңкенiң тұла бойы тiтiркенiп кеттi. Бiр жағынан Шолақ сияқты ұқыпсыз, салақ баланың қолына түспегенiне қуанып, билей жөнелгiсi де келдi.