Бейімбет Майлин. Қырмызы (аудио)
Қырмызы ұзақты түнге түс көрумен болды. Бармаған жері, баспаған тауы, әлеметі жоқ. Әлсін-әлсін шошып оянғанда қара терге батып тұла бойы дел-сал болып қалады... Ұзақты түнде шатасып ұйықтай алмады. Таң құла жиектеніп саз беріп келе жатқанда көзі ілікті. Әдемі түске кірді: Қыз-бозбала тегіс жиылған бір үй. Жұрттың бәрі қуанышты... Қырмызы бір жерге тұрақтамай қалың топқа көз жүгіртіп әлдекімді іздеумен болды.
– Оны енді іздеме, іздегенмен саған жоқ, – дейді біреу. Қырмызының ашуы келіп қалтырап кетті. Тоқтаусыз жүгіріп іздеді.
Бір қара күңгірт жерде әлдене көзге елестегендей болды. Адам секілді. Тұрған тұрысы, киімі таныс. Жақындап келіп еді, Қамбар.
– Қарағым-ау, мен сені іздеп жүрмін ғой, – дей бергенде:
– Келме, – деп қол сілікті.
Қырмызы шошынып, өкпелеген тәрізді боп тұра қалды. Қамбар жымиды.