Дүйсенәлі Әлімақын. Нобель сыйлығы бұйырмаған қаламгерлер

ӘДЕБИЕТ
2247

Нобель сыйлығы әдебиеттің өлшемі емес. Бірақ онымен санаспауға да болмайды. Нобель сыйлығын бағалау комитеті жыл сайын таңдау жасап, әдебиет алыптарына аталмыш сыйлықты табыстап келеді. Т.Элиот, У.Йейтс, Э.Хемингуэй, А.Камю сияқты біртуар сөз зергерлері иеленген сыйлықтың бәсі әдебиет саласындағы жүздеген сыйлықтардан әлдеқайда үстем. Жоғарыдағы тізімге міндетті түрде У.Фолкнерді, Г.Мар­кесті, В.Льоса мен О.Памукті қосыңыз. 

Нобель сыйлығы бір ғасырдан артық уақыт ішінде әдебиет әлеміндегі соны жаңалықтар мен тенденциялардың барометрі бола білгені де шын. Бір өкініштісі, сіз білетін, күллі оқырман атын естісе, елең ете қалатын ондаған танымал қаламгер осы сыйлықтан құралақан қалыпты, шындығында, «бұйырмады» деген дұрысырақ сияқты. Біз олардың неліктен осы сыйлықтан қағылғанын зерттеп көрдік.

Генри Джеймс

(Henry James 1843-1916). ХІХ ғасырдағы ең ықпалды жазушы. 20-дан астам роман жазған әрі көп шығармалары ағылшын әдебиетінің шоқтығы биік туындылары санатына кірген. «Әйел портреті», «Бостондық», «Елші», «Алтын кесе» сияқты уәкілдік шығармалары осы күнге дейін оқырман жадынан жоғалған емес. Романист Джеймс новелла, шағын әңгіме, драма жазудың да қас шебері болған. Ол – адамның жай-күйін, ішкі мінезін қарапайым тілмен әрі юморлық тәсілмен жеткізу арқылы оқырманын баураған қаламгер. Шығармаларына үздіксіз қайта түзеу жасаудан жалықпайтын жазушының бірі де осы Генри Джеймс еді.

Ол неге Нобель сыйлығын ала алмады? Бұның себебі тым қарапайым. Аталған сыйлық тағайындалған алғашқы кезде Альфред Нобельдің тапсыруы бойынша, бағалау комиссиясы ашық түрдегі идеалистік шығармаларға сыйлық беруден бас тартқан. Оның үстіне, алғашқы сәттерде Нобель әдебиет сыйлығы, негізінен, еуропалық және швециялық қаламгерлерге берілген. Тек 1923 жылы тұңғыш рет ағылшын текті У.Йейтс Нобель әдебиет сыйлығын иеленді.

Вирджиния Вульф

(Virginia Woolf, 1882-1941). В.Вульф та әдебиет тарихында беделі жоғары жазушылардың бірі. Оның шығармалары болмысы күрделі кейіпкерлердің (Клариса Далавей, Лили Брис­ко, т.б.) жан-дүниесіне ерекше үңіліп, жан-жақты ашу арқылы әдебиеттанушыларды өзіне тәнті еткен. Ол прозалық шығарманың өзін поэтикалық үлгіде жазудан сырт, табиғат көріністерін жанды суреттеуді өзіне ұстаным еткен. Бірақ оның шығармашылық әлемі әділетсіздік пен үмітсіздікке толы болды. Ол заманауи «сана ағымы» стилінде қалам тербеді, бұл стиль оның шығармаларының ішкі меніне, тұрақсыз көңіл күйіне сай келді.

Ал, Нобель комитетіндегілер­дің айтуынша, ол тым эксперимен­талды, тым ақылгөй болғандықтан, аталған сыйлықтың өлшеміне сай келмеген. Дәл сол кезде ол қалам­дастары тарапынан әлдеқа­шан мойындалғанымен, басқалар үшін «атақты» жазушы емес еді.

Джеймс Джойс

(James Joyce, 1882-1941). Ол туралы сөз болса, есімізге оның танымал туындысы «Улисс» түсе кетеді. Әлем оқырмандары әлі күнге дейін бұл шығарма туралы ортақ көзқарасқа келе қойған жоқ. Бірі жер-көкке сыйғызбай мақтаса, ал енді бірі түкке тұрғысыз сөз үйіндісі ретінде бағалайды. Дегенмен, үнемі оқырман талқысынан түспей келе жатқан шығарма екеу болса, соның бірі осы – «Улисс». Джеймс Джойстың төл баласы іспетті Гомердің Одиссейіне пара-пар деп бағаланған «Улисс» кітабы философиялық, авангардтық, көркемдік, қарапайымдылық, сарказмге бай және күңгірттік сипатқа ие екені шын. Оқырмандар «Улисс­те» автордың әр тарау сайын стилін, сөз мәнерін құбылтып тұратынына таңдай қаққан. 600 беттен асатын аталған ұлы шығарма осыған дейін армия саласының маңызды материа­лы ретінде оқытылып келеді. Тек осы шығармасы үшін Джеймс Джойс Нобель әдебиет сыйлығына лайық еді. Өкінішті.

Ол неге Нобель сыйлығын ала алмады? Бұның себебі тым қара­па­йым әрі қызықты. «Улисс» шы­ғар­­масы әдепсіздікті дәріптеді» деген дақпырт қоғамға кең тарады. Аталған шығармадағы басты кейіп­кер Леопольд Блум саябақта орындықта отырып, өтіп бара жат­қан бір топ қыздарды көріп, жы­ныстық құмарлығы ұстап, өз денесіне анайы әрекет жасайды. Сол кезде тым кірпияз көзқарастағы комитет мүшелері аталған шығарма­дағы осындай көріністерді алға тартып, Джойсқа әдебиет әлемінің ең ірі сыйлығын беруден бас тартады. Джеймс Джойс бұл шығармасын 1918 жылы жазып бітірген. Бірақ шы­ғармаға 1930 жылға дейін Америкада оқырманға таралуына шектеу қойылды. Содан кейін Нобель комитеті Джеймс Джойсқа даңқты сыйлықты беруді ойламаған. Джеймс мырза екінші рет өзін ұсынбаған да шығар.

Роберт Фрост

(Robert Frost, 1874-1963). Оның талантына баға берудің өзі қиынға түседі. Себебі, ол терең ойлы ақын ретінде оқырманына бергені мол әрі әлем сүйіп оқитын қаламгердің бірі болды. Ол оннан астам өлеңдер жинағын шығарып, іркес-тіркес 4 мәрте Пулитцер әдеби сыйлығын, Аме­ри­каның ең жоғары әдеби сый­лығын еншілеген. Оның «Із түспеген жол», «Ақталған дауал» қатарлы кітаптары әдеби ортада ой қозғап, Роберт поэзиясын кеңінен танытты. Өмірдің қуанышын жыр еткен ол кейде қоғамның жарасын тырнайтын жырларды да, өзгеше стильдегі етістіксіз өлеңдерді де жазды. Қара­пайым әрі тілге жеңіл, ойлы шумақтары арқылы өмірдің кейбір сәттерін сезіндіруімен оқырман есінде, тарих бетінде аты қалған Роберт те Нобель әде­биет сыйлығынан құралақан қалғандардың қатарында.

Ол неге Нобель әдебиет сый­лы­ғын ала алмады? Бұның жауабы тым күрделі. Фросттың өте көп жазғандығы да себеп болды дейтіндер бар. Көптеген Нобель сыйлығының лауреаттары лайықты мөлшерде қалам сілтегендер. Фросттың аталмыш сыйлық төрінен көріне алмауын оның сол кездің өзінде жұртқа әлдеқашан белгілі болғандығынан әрі америкалық жазу стиліне көп бой ұрғандығы деп түсінген жөн. Оның теңізден інжу сүзгендей жырларын оқыған Нобель коми­тетіндегілер «тым ескішіл» деп ба­ға­лаған. Бір қызығар­лығы, Фросттың басқа ат-атақтары көп болса да, оның өмірбаянын жазғандар ақынды «Нобель әдебиет сыйлығына пысқырмады» деп жазуға пейіл. Егер Нобель комитетіндегілер шынайы талантты бағалар болса, 1962 жылы аталған сыйлықты Джон Стейнбек емес, Роберт Фрост алар еді.

Джон Апдайк

(John Updike, 1932-2009). Қыс­қа әңгіме жазудың шебері Апдайк – 20 неше роман, 12 әңгімелер жинағын шығарған қарымды қалам­гер. Бұл жағынан оны Роберт Фростпен салыстыруға болады. Үнемі ізденісте жүретін ол жыл сайын бір романын баспаға ұсы­нып отырған. Бұдан сырт «New Yorker», «The New York Review» сияқты әдеби журналдарға әдеби сын мақалалар жазып, әдебиеттану ғылымына да өз үлесін қосқан. Ол шығармаларында негізінен америкалық орта тап өкілдерін кейіпкер етіп алып, солардың өмірі туралы өз толғаныстарын баян етеді. Егер әйелдер қауымы ерлердің жыныстық қатынас, өлім, дін, әйел, бала туралы шынайы ойын білмек болса, онда Апдайктің «Үй қояны» атты топтамасын оқуға кеңес береміз. Бұл шығарма тым қызықты, кей сәттерінде адамды қынжылтатын тұстары да бар, сол үшін де оқырмандарға ұнамсыз сезілуі мүмкін. Бірақ оған бола Апдайктің беделі төмендеп кеткен жоқ, қайта онан ары танымал бола түсті. Ол «Төңкеріс» атты кітабында марксист африкалық мұсылманның өмірін тілге тиек етеді. Бұл шығармасы да жұрт көңілінен шыққан тамаша еңбек ретінде бағаланды. Оның өмірі екі рет Пулитцер сыйлығын алға­нымен емес, адамзат баласына, әдебиет саласына құнды еңбектер бергенімен қымбатты дер едік.

Ол неге Нобель әдебиет сый­лы­ғын ала алмады? «Ол да америкалық болғандығы әрі көп жазғандығы себепті сый­лық­тан қағылды», – дейді әде­биет сарапшылары. Оның қай романын парақтасаңыз да, жы­ныс­тық қатынас туралы сөз болады. Міне, осы жағдай Нобель коми­тетіндегілердің шамына тиген.

Шыңғыс Айтматов

(1928-2008). Қазақ оқырма­нына етене таныс Шыңғыс Айтма­товтың шығармаларын тек түркі тілді оқырмандар ғана емес, әлем оқырмандары жақсы бағалайды. Тіпті, ағылшын оқырмандары оны Хемингуэйден кейінгі теңіз тақырыбында жанды қалам тербеген қаламгер, шебер суреткер ретінде бағалағаны шындық. Біртуар Айтматов та Нобель әдебиет сыйлығына ұсынылған болатын.

Ол неге Нобель сыйлығын ала алмады? КСРО кезінде Айтматов Нобель комитеті жағынан аталған алпауыт сыйлыққа ұсынылған, бірақ кеңестік кезеңде бүкіл одақтан бір ғана адам Нобель сыйлығын алу керек болып, оған сол кездегі одақ төрағасы Михаил Горбачев килігіп, нәтижесінде сыйлықты иеленген деген дерек бар. Бірақ Нобель алмағаны үшін Айтматовты ешкім оқымай қалған жоқ. Кейде шынайы таланттың өзі сыйлықтан биік тұрады емес пе?!

author

Дүйсенәлі Әлімақын

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...