Балет әртістері: Әйелдерді мерекесімен қалай құттықтауға болады?

ТЕАТР
711

Көктеммен бірге Халықаралық әйелдер күні жақындап келеді. Ер азаматтар нәзік жандыларды қалай қуантып, оларға 8 Наурызда не сыйласақ екен деп ойланып жатқаны анық. Әйел сұлулығының бейнесі болып табылатын балериналармен күн сайын жұмыс істейтін «Астана Опера» театрының балет әртістері «Көктемнің келе жатқаны сезіле ме?» және «Әріптес қыздарға қандай ерекше сыйлық дайындадыңыздар, олардың көңілдерінен шығу оңай емес шығар?» деген сауалдарға жауап берді. 


Еркін Рахматуллаев, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 

– Ауа райына қарасам, көктемнің ауылы алыста секілді. Дегенмен қазір бұрынғыдай салқын емес, күннің көзі сәулесін төгіп тұр, бұл да осы жыл мезгілінің өзіндік бір нышаны саналады. Әйтсе де 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнінің және Наурыздың жақындап келе жатқаны сезіледі. Негізінде, наурыз айы – жүрекке жылулық ұялататын ай. 

Қазір барлық құпияны ашпасам да, сахнадағы жұптарымызды, балет труппасындағы нәзік жандыларды 8 Наурызбен жыл сайын құттықтаймыз деп айта аламын. Ол үшін балет труппасынан екі жігітті ұйымдастырушы етіп тағайындаймыз. Мерекелік атмосфера жасау үшін дастарқан жаямыз. Алайда бұл керемет күн әдеттегі отырысқа айналып кетпес үшін шағын концерттік нөмірлер әзірлейміз. Балет әртістері тек билеуді ғана біледі деп кім айтты? Аруларымыздың алдында біз ән де шырқаймыз, аспапта да ойнаймыз. Қысқасы, бұл күні ер азаматтар өздерінің барлық дарындарын паш етеді. Әдетте, бәрі сондай көңілді әрі дүркіреп өтеді. Бірақ, менің ойымша, өмірдегі ең үлкен сыйлық бұл – қамқорлық. Ал егер Халықаралық әйелдер күні жайлы айтсақ, қанша жерден жаттанды естілсе де, бұл мерекеде әйелдерге бір құшақ гүл сыйлауға және ілтипатқа бөлеуге кеңес берер едім. Әсіресе соңғысы оларға жиі жетпей жатады.  


«Астана Опера» театрының жетекші солисі Арман Уразов: 

– Біздер, әртістер көктем келгенде ерекше шабыттанамыз. Осынау тамаша жыл мезгілі басталғанда табиғат қана жаңармайды, сонымен бірге адамдар да өмірге қайта келгендей шаттанып, жарқырап жүреді. Менің жұбайым да – балерина. Оның ерекше бір қасиеті, ол менен ешқашан сыйлық сұрамайды, маған: «Денің сау болғанын қалаймын» дейді. Бірақ сонда да әйелдер сұрамаса да, оларға сыйлық жасап, сезімді білдіріп тұру керек деп санаймын. Мерекелік атмосфера қалыптастырып, бұлыңғыр күндерге жарқын бояулар қосу – өмірдің маңызды бөлігі саналады. Және осы үшін ең қолайлы күн бұл – 8 Наурыз, ол – әсем аруларымыздың өздері секілді хош иісті, нәзік әрі әдемі. Бұл күні өзіміздің аяулы аналарымызды, сүйікті жарларымызды, қарындастарымызды қуантуға тырысамыз. Қазіргі заманда ақшаң болса, дүкеннен кез келген дайын сыйлықты сатып алуға болады, алайда өз қолыңмен жасаған сыйлық одан мың есе құнды болады деп ойлаймын. Сондай-ақ оларды мейрамханаға немесе театрлық қойылымға шақыру арқылы да әйелдер күнін ұмытылмастай ете аласыз. 


Серік Нақыспеков, «Астана Опера» театрының солисі: 

– Мен көп уақытымды балеттік дайындық залдарында өткіземін, спектакльдерге дайындаламын. Далада сирек серуендегесін, шынымды айтсам, көктемнің келгенін байқамаппын. Алайда наурыздың келіп, жылы мезгілдің босағадан аттағаны, құстар ұшып келіп, жылғалардан су ағады және қар астындағы жер көктейді деген ой көңілге қуаныш ұялатады. Бойымды ерекше бір сезім билеп, көтеріңкі көңіл күйде жүрмін. Біздер, жігіттер алдын ала дайындаламыз, әріптестерімізді көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен лайықты құттықтау үшін күнделікті дайындықтар мен өнер көрсетулер арасында уақыт табу керек. 

Осынау тамаша күнде біз өлең оқып, түрлі қызықты ойындар ойнаймыз, бұл мереке бізде дәстүрге айналды. Биыл да қалыс қалмаймыз, дәстүрді жалғастырамыз деген ойдамын. Барлық еркектерге әйелдердің бүгін өздерінің күні екенін еске салуын күтпей, ертерек дайындалуға және көңілдері күні бойы көтеріліп жүруі үшін сыйлықты таңертең сыйлауға кеңес беремін.

Сонымен, балет әртістерінің балериналарды Халықаралық әйелдер күнімен қалай құттықтайтынын білдік. Өздерінің сұлулығымен, мейірімділігімен және нәзіктігімен әлемге сәулесін төгетін қыз-келіншектер мен аналарға қандай сый тарту ететініңіз маңызды емес, ең бастысы, тілегіңіз бен құттықтауыңыз шынайы болсын және олардың жүрегін тебірентсін! Біз өз кезегімізде «Астана Опера» театры елорда тұрғындары мен қонақтарын 8-9 наурызда әлемдік хореография жауһары – М.Жаррдың музыкасына Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балетін тамашалауға шақыратынын еске саламыз, бұл спектакль сіздерге міндетті түрде ұмытылмас эмоция сыйлайды.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...