МАҚСАТ РАМАЗАНҰЛЫСол бір бейтаныс кісінің суретшілік ғұмыры жайында толық мағлұмат білмейтінмін. Оны...
«Көпен келе жатыр!..» атты бестомдықтың таныстырылымы өтеді
2023 жылғы 29 наурыз күні сағат 12:00-де Ұлттық академиялық кітапханада (Астана қаласы, Достық көшесі, 11) жазушы-сатирик, қоғам қайраткері Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр!..» атты бестомдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтеді.
Тұсаукесер рәсіміне Жарылқап Бейсенбай, Дархан Мыңбай, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров, Дихан Қамзабекұлы және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері қатысады. Іс-шараны журналист Шархан Қазығұл жүргізеді.
Айта кетейік, Көпен Әмірбек «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, «Білім және еңбек», «Ара-Шмель» журналында жауапты хатшы, ҚР Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеген. Сондай-ақ «Ара» журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы болған.
Әр жылдары жарық көрген «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Мың бір мысал», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Өзіңді танисың ба?», «Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін», «Көрмейін десем көзім бар», «Сөйле десең сөйлейін», «Батпанқұйрық», «Көкемнің көзі», «Із», «Па, шіркін, пародия», «Жұма сәлем», «Жігіттер жиыны» атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танылды. «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы болып, өзі құрған «Көпен келе жатыр!..» әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрерменнің көзіне түскен.
Өмірінің соңғы жылдарында Aiqyn республикалық қоғамдық-саяси газетінің «Ара» қосымшасында редакторлық қызмет атқарған. Газеттің аталмыш қосымшасы әлі күнге дейін тұрақты түрде шығып келеді.