Бақыткерей ЫСҚАҚ. Өссін жайнап гүл-бақтар (Өлеңдер)

ӘДЕБИЕТ
2274

БҰЛАҚТАР

Таудан аққан бұлақтар,

Күмбір-күмбір күй ақтар.

Жағалауда билесін

Құлын құйрық құрақтар.

 

Қандай сұлу жарқылың,

Қандай қатты қарқының.

Шаршап келсем, күш беріп,

Шөл басады салқының.

 

Өссін жайнап гүл-бақтар,

Өссін жасыл құрақтар.

Кең даланы бетке алып,

Шапқылай бер, бұлақтар.

 

ШАҒАЛА

Тербелген теңіз өрінде,

Толқынға төсін сүйдіріп,

Жарқылдап ұшар көгінде

Күмістей қанат су іліп.

 

Мекені – жартас жағасы,

Дауылды сүйген өр төсі.

Көк теңіз бейне анасы,

Шағала – жалғыз еркесі.

 

ТАУДАҒЫ ЖАЙЛАУ

Аққудай ауыл тізіліп,

Қонғанда жасыл жайлауға,

Көмейден үні үзіліп,

Шығады құстар сайрауға.

 

Сыңғырлап күміс шашбауы,

Құшағын ашып жүгіріп,

Келеді таудың бастауы

Табанын тасқа тілдіріп.

 

Жүреді көкте қыраны,

Аралап тау-тас, шатқалды.

Тербетіп самал тұрады

Баурайы жасыл бақтарды.

 

ЕРМЕК НЕГЕ ЖЫЛАЙДЫ?

Жалғыз тілім шәк-шәкті

Жеп отырған тәп-тәтті,

 

Ермек бір кез жылады,

Анасы жөн сұрады:

 

– Не болды,– деп,– балам-ау?

– Шәк-шәк бітіп қалады-ау!

 

ЖАҒАЛАУДА

«Ақ тас, қара тас,

Құлағымның суын аш!»–

 

Деп секеңдеп балалар,

Алақанын соғады.

Еңкейіп те,

Тағы олар

Құлақтарын қағады.

 

Шашын желге таратып,

Қызықтап көл суретін,

Қайрақ тасты жалатып,

Билетеді су бетін.

 

Жарыстырып құлашты,

Тас атуға тоймайды.

Қызықтырып су асты,

Қайта жалақ ойнайды.

 

КӨРСЕТІП ТҰР

Бөкпен толы саптыаяқ

Босаған-ау, шамасы.

Көрсетіп тұр айтпай-ақ

Жеңі менен жағасы.

 

ЖАУЫН

Ақ теректер шайынып,

Мөлдір тамшы таққанда,

Бұлт түндігін қайырып,

Ашылды күн аспанда.

 

Кемпірқосақ ауаға

Шыға келді білінбей,

Жауын тепкен жаңада

Секіргіштің жібіндей.

(«Балдырған» журналы, №5. 2015 жыл)

author

Бақыткерей Ысқақов

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...