Гүлнұр Ембердиева. Айсәуле (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2998

– Мен мұғалім боламын! 

– Түу, бүкіл әулеттерің мұғалім болып, ұстаздар династиясын құрамыз десеңші, – өзі сабақты жарытып оқымаса да, әдемі киініп, сыланып жүретін Сайра мұрнын шүйіре қарады. Маған қарата айтылған сөз.

– Несі бар, мықты филолог боламын, – дедім қалысқым келмей.

– Мен сот боламын! – деді Сайра бізге үстемдігін көрсеткісі келгендей. Біздің мысымызды басып, дәл қазір үкім шығарғалы отырғандай маңғазданды. 

– Мен жұмыс істейтін шығармын, атамның жағдайы жоқ, – деді Айжан мұңайып. Анасы осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болған. Біз үнсіз қалдық. Он жетінші көктеміміз. Мектепке барар бірер күннің алдында, ауылдағы жалғыз дүкеннің алдында отырып алып, «Кім болам?» деген тақырыпта қызу пікірталасып жатқан түріміз. Қалған қыздар сөйлемеді. Айхан не десін, әкесі жұмыссыз, анасы мектептің еденін жуады. Ажардың әке-шешесі жасы келген адамдар. Дамираның үйінде өзінен кейін бес қыз бар. Гүлнұр ЕмбердиеваГүлнұр Ембердиева

– Мен моншақтары бар, желбіршекті кофта сатып алдым алғашқы қоңырауға, – Сайраның даусы, – Қытай фирмасы тіккен.

– «Дружба» ма? Есіме анамның «Дружбаның» тауарлары қымбат, әрі сапалы келеді дегені қалып қойыпты. 

– Білмедім, жусаң кірі тез кетеді, аяқ киімім лакталған, сүйір тұмсық, – деп мақтанды. 

– Мен де алдым, – дедім одан қалыспай, – Қызыл түсті. 

– Неге ақ алмадың? – деп қыздар шу ете қалды. 

– Базардан табылғаны сол. Бірақ аяқ киімім таза былғарыдан тігілген. Әкем әкеп берді. 

– Қойшы қазір таза былғары таппайсың ғой, – Сайра тағы білгішсініп қойып қалды. 

– Иә, дермонтин шығар, – деді Айхан оны қоштай. 

– Папаларыңа былғары комбинаты тіккен аяқ-киімдерді айлығының орнына беріп жатыр деп еді, сол шығар... Бұл сөзді айтқан өзімнің жан досым болып жүрген Айжан. 

– Иә, иә модадан қалып кеткен, түсі сұрықсыз, – деп Сайра мұрнын тыржитты. Шыдай алмадым: – Сайра, сенің алғаның қытайда өлген адамдарға кигізетін сапасыз туфли, – деп айтып қалдым да, тілімді тістей қойдым. Қыздардың бәрі сілейіп қалды. Сайраның аузына құм құйылды. Үйге келдім. Қыздармен кездесуден кейін басым дыңылдап тұр. Анам шай қойды. 

– Анашым, неге бізде әдемі киімдер жоқ? – дедім салмақтана сөйлеп. 

– Бәрі өткінші қызым, әлі-ақ бір күнгідей болмайды. Бастысы тәуелсіздік, – деп қысқа қайырды. Қыркүйектің басталуын асыға күтіп, ол күнге жеткенбіз. Сабақ кестесі бойынша бірінші қазақ тілі пәні екен. Қоңырау соғылып, сыныбымызға сөмкесі мен сынып журналын ұстаған, шашы жуан, екі бөліп орап түйгенінің өзі қос білектей жас келіншек кірді. Бәріміз өре түрегелдік. Бұл бізге қазақ тілі пәнінен сабақ беретін жаңа мұғаліміміз Айсәуле еді. Алғаш келгеннен тұйық жүретін апайымыздың езу тартып күлуі сирек болатын. Сабақты түсіндіріп, сұрауды ғана білетін мұғалімді сыныптағы бұзық деген ұл балалардың өзі сыйлайтын. Ол дауысы жуандау болғанымен ақын-жазушылардың шығармаларынан сабақ түсіндіргенде ерекше әуезденіп, бар дүниені ұмытып, беріле айтып кететінінен болар, бәлкім. Әйтеуір, көз үйренген басқа ұстаздарымыздан ерекшеленіп тұратын. Алматыдағы ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген, біздің көрші ауылдың жігітіне тұрмысқа шыққан Айсәуле апайымызға үйреніп кеттік. Келін түссе, жаңа оқушы келсе, әйтеуір ауылға жаңа адам келсе сол туралы дерек жинайтын әдетіміз, оның «Желтоқсан оқиғасына» қатысқанын біліп алдық. Тоқсан аяқталып, қысқы демалысқа бір-екі күн қалған кез болатын. Баға қорытылып, қазақ тілінің екінші тоқсандағы соңғы сабағында отырмыз. Бәріміз қолқалап Айсәуле апайымыздан «Желтоқсанға» қалай қатысқанын айтып беруін сұрадық. Әдеттегі ойлы жанар алаулаған отты көргендей жарқ ете қалды. Ер жетіп қалған бала емеспіз бе, сыртқы кейпімен астаса кеткен ішіндегі аласапыранды сезініп, ащы жараның аузын тырнап алдық па деп тына қалыппыз. Ол үнсіз. Сол сурет әлі көз алдында тұрғандай апай қырауланып, мұз басқан терезеден, ақ жамылған қарлы талдарға қарап қатып қалды. Біздің назарымыз сыртқа ауған. Көкте күн күліп тұр. Сәулесі апайымыздың мұңлы жүзіне түсіп жымыңдайды. 

– Сол жылы қыс ерекше аязды болды... – деп бастап, тағы біраз үнсіз қалды апай. 

– Сол күні сабақтан соң алаңға жоғары курс студенттерімен бірге бардық. Оң-солымызды таны ма ған, санамызға жауыздықтың дағы түспеген періште басымыз қатыгездіктің қанжарына қарама-қарсы тұрдық қой. Бәріміз елімізге өзге ұлт өкілінің басшы болып келгеніне наразы болдық. Ұран біреу «Бізге өзге ұлт өкілінен басшы керек емес». Бүкіл Алматыдағы қазақ жастары жиналған сол кездегі Брежнев алаңы лық толы еді. Жай сөзбен қайтара алмасын сезінген олар бар күштерін салып бақты. Қолдарына іліккен ауыр затпен, таспен ұрып, сақылдаған сары аязда тастай су шашып, жауыздықтың түрлі үлгісін көрсетті... Ол үнсіз қалды. Өміріндегі ауыр минуттарды айту қиын болса да білгісі келген шәкірттерінің бетін қаққысы келмегеннен болар сөзін қайта бастады. – Қайдан келіп жатқанын білмейміз, әскери адамдар толып кеткен. Қолдарында қалқандары, шоқпарлары бар, ата жауларымен алысуға келгендей сайланып алған. Біреуді ұрып, біреуді теуіп, кішігірім соғыс бастап жіберді. Бір қарасам ысырыла-ығыса шетке шығып кетіппін. Жаныма жетіп келген офицер төпелеп ұра бастады. «Кіп-кішкентай болып ұлтшылын қара, бұлардың»,- деп өршелене түседі. Менің шашым босап, жайылып кетті. Ұзын шашымнан ұстап, сүйрей жөнелгенде, аяғым тайып құлап түстім. Басыма, көкірегіме, әйтеуір кез келген жеріме таяқ пен тепкі тиіп жатыр. Өмірімде елдің бәрі қызығатын, өз мақтанышыма айналған шашымды сол сәтте қатты жек көрдім. Есім ауып кетті ме, ары қарай не болып жатқанын түсінер емеспін. Көзім көреді, бірақ құлағым естір емес. Бір кезде үсті қан-қан, беті домбығып іскен, қазақ жігіті келіп араша түсті. Маған бірдеңе деп айғайлайды. Мен денемді көтере алмай жатырмын. Сөйтсем «Қаш!» дегені екен. Ананы ұрып сұлатып, ол мені бір үйдің бұрышына әкеліп тастап, тағы бірдеңе-бірдеңе деп кетіп қалды. Тұрып жүруге әл-дәрмен жоқ, елеусіз тасада жатырмын. Құрылыс жүріп жатқан аймақ болса керек, үйілген топырақ, үлкен-үлкен адам бойындай газ құбырлары жатыр. Бір кезде сол құбырлардың ішіне екі қазақ жігіт келіп тығылды. Артынан жеткен әскерилер екі жағынан қарап, мазақтап, қарқылдап күледі. Сонадайда жатқан құрылысқа пайдаланатын бөренедей ағаштарды көріп, біреуі жанындағыларға бір нәрсе деді. Олар келіскендей сыңай көрсетіп, бір-бір бөренені екі-екіден көтеріп құбырдың екі жағынан ұра бастады. Құдды келіні көлденең жатқызып түйіп жатқандай. Ана екі жігіттің құландағы даусы құлаққа жетті. Солардың ащы айқайы бітелген құлағымды ашып жібергендей. Дүниеде ер адамның шыңғырғанынан зор жамандық, оны естуден үлкен азап жоқ шығар. Иә, он алтысы күнгі жарты күніміз бүкіл ғұмырымызға татыды. Қайсыбірін айтайын, солардың бірін де сендер көрмеңдерші, - деп күрсінді. Апайымыз әңгіме айтып жатқанда көзіне келген жасты сыртқа жібермей, бір күш ұстап тұрғандай-ақ еді, әңгіме соңында ұстазымыздың жанарынан бір тамшы үзіліп түсті. Бәрін көзбен көргендей, көңіліміз бей-жай. Тәуелсіздіктің қандай қасіретпен келгенін түсінген біз ұстазымызға жаудырай қараймыз. Қазір ол күлсе бүкіл сынып бақытты болар едік. Әншейінде аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін Сайра да салмақтана қалыпты. Әңгімесін аяқтағаны болар терезе алдынан ұзай берген апайымыздың шаш жыйғышы пердеге ілініп, тілерсегін қиған қалың шашы тарқатылып кетті. Тарс етіп жерге түскен шаш жыйғышынан селк еткен апай: 

- Көргенде, осы шаштан көрдім-ау, - деп күліп жіберді. Бәріміз ду күлдік. Күн де күліп тұр. Аязды күні күн күледі. Лайым солай болсын! Содан бері біраз жыл өтті. Сол кезде балалықпен өмір мәнін енді түйсініп, шекісіп жүрген қыздар өз жолдарын тапты. Ал тәуелсіздік туралы әңгіме айтылып, желтоқсан оқиғасы сөз болса, ойыма бірден сол Айсәуле апайым оралады. Оқиғаны көзбен көрген адам ұстазың болып, тек баспасөздерден оқыған сұмдықты басынан өткерген апайыңның аузынан естісең, қалай ұмытарсың!

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...