Өңіріміздегі ұлттық өнеріміздің қара шаңырағы яғни Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ д...
Ақшақар мен жеті ергежейлі: балаларға ертегі сыйлады
Дьюла Харангозоның хореографиясындағы көпшілік ұнататын «Ақшақар мен жеті ергежейлі» ғажайып балеті ерекше балалардың, сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларының жүрегін жаулады. Диснейлік хикаяны балеттік оқылымда көргенде балалар мен олардың ата-аналары қуаныштарын жасыра алмады, олар өз әсерлерімен шаттана бөлісті.
– Маған «Ақшақар» балеті қатты ұнады. Театрда балалар үшін барлығы жақсы ұйымдастырылғанын атап өткім келеді, мұнда келгеніме қуаныштымын. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде өрісіміз кеңейеді, мен көптеген жағымды эмоциялар алдым. Әртістік құрамға, барлық балет труппасына ризашылығымды білдіремін. Осы театрда басқа да көптеген спектакльдерге келгім келеді, – деп пікірімен бөлісті Амаль Ескинеев.
– Менің есімім Гүлназия, мен ерекше баланың анасымын, біз «Жас жауынгер» сауықтыру клубына барамыз. Музыкасы, хореографиясы тамаша, декорациялары керемет осынау ғажайып спектакльге бізді әдейілеп шақырды. «Астана Операның» балет труппасына зор алғысымды айтқым келеді, – деп атап өтті спектакльді тамашалаған көрермен.
– Мен «Жас жауынгер» клубының мүшесімін, қойылымнан зор әсер алдым. Балалармен бірге балалық шаққа саяхат жасағандай болдым. Ұйымдастырушыларға және спектакльге қатысқан әртістерге алғыс айтамын. Барлығы өте керемет болды, біздің балаларымыз жақсы көңіл күйде шықты, – деді Бақытгүл Құрманбекқызы.
2 сәуірде қайырымдылық акциясы аясында спектакльді 200-ге жуық бала тамашалады, оларға «BEREKE ASTANA» даму және оңалту орталығы», сондай-ақ Садық Байымбетов негізін қалаған «Жас жауынгер» клубы қолдау білдіруде.
Айта кету керек, «Астана Опера» театрында бірнеше волонтерлік қозғалыс бар. Мәселен, балет труппасының әртістері, оның ішінде «Ақшақар мен жеті ергежейлі» спектаклінде өнер көрсеткен әртістер түрлі күрделі диагноздары бар балаларға белсенді түрде қолдау білдіруде. Сондай-ақ олар аз қамтылған 3 отбасыны өз қамқорлықтарына алып, осы отбасылардың мүшелеріне ай сайын азық-түлікпен және барлық қажетті заттармен көмектеседі.
Қасиетті Рамазан айында театрда бірқатар қайырымдылық концерттері өтуде, оның ішінде Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясындағы «Күн барлығына нұрын төгеді» концерті, ерекше балаларға арналған «Мультконцерт» бар. Сонымен қатар аз қамтылған отбасылар үшін қайырымдылық акциялары жүзеге асырылуда.