Бауыржан Омарұлы. Тұнық бастау

ЕСТЕЛІКТЕР
2350

(Тұрсын, Жаңыл, Жәңгір және басқалар)

Кез-келген адамның, кейін ол мейлі дара болсын, мейлі дана болсын, ең алдымен бала болатыны атар таңдай ақиқат, шығар күндей шындық. Сондықтан бүгін біз бала Тұрсынды, бозбала Тұрсынды, түбіт мұрт Тұрсынды көбірек әңгімелейміз. Қазіргі алты алаш аялаған абыз Тұрсынға негіз қалаған нағыз Тұрсынның бейнесін бедерлеуге тырысамыз. Атақты Марғасқа жыраудың «Ей, Қатағанның хан Тұрсын» деп жырлайтыны сияқты, біз де бұл мақаламызда қарымды қаламгер, ғибратты ғалым, даңқты доктор, парасатты профессор, ардақты абайтанушы, айбарлы алаштанушы, әлеуетті әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың бала кезін еске саламыз, шығармашылық бастауының бал-бұлақтарын іздейміз. 

Тұрсын Жұртбайдың әдепкі мақалалары ботатірсек бозбала кезінде жарық көрді. Атауында «совхоз» деген сөзі бар Қазақстандағы жалғыз аудандық басылым – «Совхоз туы» газеті Тұрсын Құдакелдин деген жігерлі жасөспірімнің жазған-сызғандарын жиі жариялап тұрды. Сол газеттің 1966 жылғы тігіндісін парақтап қарасаңыз, он бес жасар ойлы баланың «Сәнді құрылыс» және «Қыз қиялы қияда» деген мақалалары бұдан кейін жүйелі жалғасатын публицистикалық дүниелерінің көш басында тұрғанын көресіз. Алғашқы сөзінің бисмилласын «сән» мен «қыздан» бастаған жас қаламгердің о баста талғамы жоғары, мақсаты биік болған сыңайлы. 

Тегінде, өзгелер секілді оның шығармашылығы да ақындықтан нәр алған. Мазасыз баланың махаббат лирикасы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қылаң беріпті. Онда да әдеттегідей жоғарғы класта емес... Үшіншіде ме, төртіншіде ме оқып жүргенде класындағы Жаңыл деген қызға көңілі кетіп, дөңбекшіп жатып күн ұзаққа өлең өреді. Жастайынан қолына алған әйгілі «Қыз Жібек» жырының сарынымен сарнап отырып жазған өлеңінің сипаты шамамен мынадай боп келеді: «Аспандап ұшқан алты қаз, Артым көктем, алдым жаз, Қалқатайға көз алып, Сол жымиса, болдым мәз. Сені ешкім мендей сағынбас, Саған жар мендей табылмас, Сезімім сергек болса да, Жүрек бізге бағынбас. Аспандап ұшқан алты қаз, Жаңылға сәлем айта бар. Таба алмасаң ол қызды, Әуелеп ұшып қайта бар. Бақытым болшы қолымда, Жарығым болшы жолымда, Сен – Жібек, мен – Төлеген, Өле қалсам, оқ тиіп, Сансызбайым да жоқ соңымда». 

Өзінің де, жүрегінің де жалғыздығын осылай аңғартты албырт жас ақын. Өкінішке қарай, топшысы қатаймаған Тұрсын шайырдың өлеңнің өрісі кең, өресі биік болғанымен, жұдырықтай қыз жүректен шыққан жырды онша құлағына қыстыра қойған жоқ. 

Біздің кейіпкеріміз көп ұзамай басқа мектепке ауысып кеткен Жаңылмен тура елу жылдан соң кездесіп, амандық-саулық сұрасыпты. Кездескені бар болсын, арнайы барған алпыс екідегі Тұрсын ағама алпыс үштегі Жаңыл апам жақсылап бір жылы жымиыпты да қойыпты. Сонда да сол жолы Семей жерінде сезімдердің сәулесі ойнап тұрған көрінеді. Жүрекке әжім түспейді деген осы да. Бірақ бұл бәрібір біздің кейіпкеріміздің өзінің жырына да, сөзінің сырына да адал екенін дәлелдейді. 

Сол мектепте оқып жүрген жылдарында Бердібек Соқпақбаевтың атақты «Менің атым Қожасы» баспадан шыға қалсын. Соны оқыды да, бала Тұрсын жазушы Бекеңе жатып келіп ренжиді. «Мына кісі менің жазатын нәрсемнің бәрін жазып қойыпты ғой. Повестегі ауыл – біздің ауыл. Ондағы оқиғалар – мені басымнан кешкен жәйттер. Жанар деген – Жаңыл, қара Қожа деген – мен, кәдімгі қара Тұрсын. Соның бәрін айна-қатесіз дәл осылай жазуға бола ма?!» деп қатты қапаланады. Кейін осыны «Жұлдыз» журналында қызмет істеп жүргенде Бердібек ағасына айтты да. Ол кісі «ат-шапан айыбым» деп талай жылдан бері тартпасында жатқан тиым салынған шығармасы – «Ергежейлілер еліне саяхаттың» қолжазбасын әкеп берді. 

Тұрсын көкемнің тасқа басылған алғашқы өлеңін небәрі он алты жасында Оралхан Бөкеевтің өзі талайға арман болған «Лениншіл жасқа» жариялапты. Өлеңді қанша жазғанымен, ақыры ақын болмады, есесіне қарасөздің хас шебері болды. Жырының тұсауын арқалы ақын емес, жүйрік жазушы кескені де кейін прозаик боларына көрінген шығар. 

Тұрсын Жұртбай алдымен Қызылтастыбұлақ, Екіаша, Башкөл ауылдарындағы бастауыш және орталау мектептерде, сосын Шағандағы орта мектепте оқыды. Сөйтіп, сонау мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, бүгінгі бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты үш сатылы жолдан өтті. Жұртбайдың ұрпағы жұрт секілді жалғыз мектепте тұрақтамай, екі-үш мектептен үш тұғырлы білім алғаны да кейін атақты ғалым болатынына көрінген шығар. 

Тұрсекеңнің өмірінде мектепте әдебиеттен сабақ берген ұстазы Жәңгір Исайымованың еңбегі ерекше. Бұл Жәңгір Махамбеттің Жәңгіріндей тым қатал емес-ті. Мейірбан Жәңгір шәкіртіне жан жылуын аямай септі. Ол оған үнемі шығарма жаздырды. «Абай жолындағы» жұмбақ кейіпкерлердің құпиясының ашуға баулыды. «Ана кітапты оқы, мына кітапты оқы» деп үздіксіз тапсырма берді. Соларды игерген соң бұл ненің не екенін біліп шықты. Сөйтіп, астар мен қатпардың, төркін мен тұспалдың мән-маңызын тереңірек ұққан Абай аулының ұғымтал баласы жастайынан Алаш идеясын санасына сіңірді. Ерте оянды, ерте көктеп, ерте есейді. 

Тұрсын Жұртбайдың өмірбаян бастауындағы ерекше назар аударатын тұсы – оның мектеп бітіре сала Семей облысының Абай ауданындағы «Қызыл ту» совхозының №3 бөлімшесінің бухгалтері болып қызмет атқарғаны. Несі бар... Американың әйгілі жазушысы, қысқа әңгіменің шебері Уильям Сидни Портердің, яғни, О Генридің, ағылшынның атақты фантаст жазушысы Герберт Джордж Уэллстің, орыстың сатирик жазушысы, драматург Михаил Зощенконың, тағы бір орыс ақыны Александр Вертинскийдің алғашқы қызмет карьерасын бухгалтер боп бастағанын ескерсек, он жеті жасында бір ауылдың есеп-қисабын шырқ үйірген Тұрсын Жұртбайдың қарымды қаламгер болып шыққанына таң қалатын дәнеңесі де жоқ. Оны айтасың, күллі әлем пролетарларын аузына қаратқан Карл Маркс пен сән мен тәннің үйлесімін сақтап, жер жүзіне даңқы жайылған әйгілі модельер Пьер Карден де жастау кезінде Тұрсын ағам секілді бухгалтер болып жұмыс істеген. Тек сол мешін жылының қысында алапат жұт болды да, бозбала бухгалтерге бөлімшенің есеп-қисабынан гөрі, қырылған малдың санына көбірек көңіл бөлуге тура келді.

Жасында есепшотқа бейім болғанымен, ол жазушылықтан басқа жолды қалай қойған жоқ. Тек атақты француз қаламгері Антуан де Сент-Экзюпери сияқты кәсіби ұшқыш-жазушы болғысы келді. Шынында да рахат қой, күні бойы көк жүзін дамылсыз шарлап, ұшып-ұшып келесің де, кешкі шайды ішіп алып, терің тамшылап, буырқанып-бусанып үстелге отырасың. Осы арманы орындалатынына титтей де күмәнданбайтын еді. Сол оймен Семейдегі авиация курсының медициналық комиссиясына барды. Осыдан аман өтсе, Ақтөбедегі авиация училищесіне аттанбақ. Бастапқыда бәрі дұрыс келе жатыр еді, Жаңыл деген дәрігер қыз жүрегінен ақау тапты. Ол бұған тілеулес боп қолын қоя салған-ды, бірақ арнайы жаттығуда болашақ ұшқышты шыр айналдырған кезде кеуде тұсы атқақтап сала берді. Қысқасы, бұл жерде де бір Жаңыл жүректен ұстады. Сонымен, жазушы атанғанымен, Экзюпери сияқты самолет штурвалын қоса ұстайтын қаламгер бола алған жоқ. Есесіне шығармалары шырқау биікке шықты. Атақ-абыройы аспандап тұр. 

Жалпы, жасында бухгалтер болған жазушылардың жаманы жоқ. Өлең жазса, ұйқастары мен ырғақтарын математикалық дәлдікпен өлшеп-пішіп, көркем кестелейді. Аллитерацияға салады, ассонансқа кетеді... Тұрсекең де солай... Дәлел керек пе? 

Біздің бала кезімізде «Жалын» журналында Тұрсын Жұртбайдың әр жолы ылғи «с» әрпінен басталатын «Сарғалдағым – сағынышым» деген өлеңі жарияланды. Сарғалдақ деген ағамыздың ауылындағы өзеннің аты екен. Ол кезде бұл альманахта жарық көрген дүниенің бәрі оқылып қана қоймайды, жүректе жатталады. Содан Сарғалдақ туралы жырды Сырдарияның жағасын жайлаған біз де жаттадық. Қазір де өлеңнің нобайы жадымыздан өше қойған жоқ. 

Саясы салқын, боз тоғай,

Сыбдыры таныс талдың да.

Салып ек соқпақ, із талай,

Сағынып мені қалдың ба?

Самалмен тай боп жарысып,

Сағымды судай кешіп ем.

Сағаңа келдім тағы ұшып,

Сақтаулы шығар несібем.

Салынды қармап, қармап тал,

Сындырып едім сан қармақ.

Серілер сүйіп, ардақтар,

Сұлуың қайда, Сарғалдақ?

Серуенде, Тұрсын, серуенде,

Сарғалдақ – туған бесігім.

Сарғайып, сағынып келгенде,

Сайрандап жүрсем, несі мін?..

Саған да барам, ал күтіп,

Сандуғаш үнді, қырмызым.

Сабаның исін аңқытып,

Сапыршы, қырдың қымызын.

Сусадым, таңдай тұр кеуіп,

Сусынды әкел, сусынды...

Сағалдырығын сілкіп, жер теуіп,

Салкүрең неге күрсінді?..

Салбурын шақты аңсадым,

Сәйгүлік самғап алсын бір.

Сауырын сипап ақ сағым,

Судырап, сусып қалсын бір.

Самғашы, жүйрік, алып ұш,

Самұрық құс саған бас ұрсын.

Сыздаған сазды сағыныш,

Самал боп қырға шашылсын!

Бірақ суретке үнемі былғары күрте киіп түсетін сарғалдақтанушы сырбаз ақын кейін поэзияны мүлде қойып кетті. Өлеңнен қарасөзге, қарасөзден сарасөзге ауысты. Мектеп қабырғасында жүргенімізде оны қаламы жүйрік журналист ретінде танып-білдік. Жетпіс жетінші жылдың басында тегеурінді Тұрсын Жұртбайдың «Білім және еңбек» журналында «Ашық күнде неге адастың, ағайын?», «Диплом менің не теңім?» деген мақалалары жарық көріп, жер-жерде қызу пікірталастар өтіп жататын. Әсіресе, сол мақалалардың бірінің кейіпкері Саяхат деген жігітке жер түбіндегі сонау Аралда отырып жанашыр болатын едік. Сөйтіп, бұл пікірсайыстар белгілі бір дәрежеде біздің де көзқарасымызды қалыптастыруға әсер етті. 

Сонымен қатар, Тұрсын ағам жастау кезінде Мәскеуден шығатын «Техника молодежи» журналының Қазақстандағы меншікті тілшісі болып қызмет істеп, ұлт техникасының түтіні түзу ұшуына үлес қосқаны бар. 

Енді бүгін сол баяғы «Сарғалдақтың» ізімен «Серуенде, Тұрсын, серуенде, Сізге де жетпіс кеп қалды. Салт мініп жетіп керуенге, Сексенін енді бетке алды!» деп жырлап, әңгімемізді қорытайық.

Біріншіден, оның өз өмірі тағылымды болды. Алыптар шоғырының алдын көрді, мыңдаған шәкіртке тәрбие берді. Ұлағатты ұстаз атанды. 

Екіншіден, қаламы қарымды болды. Көркем сөз бен әдебиеттану саласында ешкімге ұқсамайтын айшықты қолтаңбасын қалдырды. 

Үшіншіден, мақсат-мұратына берік болды. Ұлылар туған топырақты борпылдатып басып өскен Абай ауылының ұланы бүгінгі Алаштанудың ардақтысына айналды.

Төртіншіден, оның жолы жақсы болды. Өзі жетпіске толып, ғылыми жетекшісінің біреуін (Серік Қирабаев) тоқсан төртке, екіншісін (Мекемтас Мырзахметов) тоқсан бірге дейін аман-есен жеткізген Тұрсекеңе тек қана қызығу керек!

Осының бәрі о баста оның шығармашылық бастауларының тұнық болғанының арқасы дей аламыз. Бұл бастау кейін білім мен ғылымның түпсіз тұңғиық мұхитына келіп құйғаны мәлім. Енді сол мұхиттағы Тұрсын Жұртбайдың кемесі қайырламасын, желкені биік, жолы ашық болсын деп тілейміз! 

Суретті түсірген Шүкір Шахай

Мәдениет порталы

author

Бауыржан Омарұлы

ЖУРНАЛИСТ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...