Сенбі күнгі шыққан «Айқындағы» мақаланы бүгін ғана оқып шығуға мүмкіндік болды. &la...
Замандасқа бес сауал. Еламан Хасенұлы & Аян Мейраш
Еламан Хасенұлы: Ассалаумағалейку, Аян құрдас! Мал-жан аман ба?, - дейтін қазақы қалыпта сәлемдесуім құп болар.
Біз – бір жылдың төлдерміз. Өткенде «Ақын Ғалым Жайлыбай Қарағандыға шақырып», өзімнің сүйікті шахталы шахарыма ұзақ үзілістен кейін қайта бардым. Поэзия мерекесіне Ғалекемнің ит жылғы құрдастары түгел жиналыпты. Сол құрдастарына арнаған өлеңінде ол: «...Сонарда сойқан салатын / құмай тазыдай болмысың», - депті. Ал, Бағдат ағамыз «Құсни хатына» «...жылқы жылы туған» деп жазып қойыпты. Тағы бір ақын досымыз «Қай жылғы боласың?», - деп сұрағандарға «Барыс жылғымын!» деп айбарланады екен. Ал, бізге және біздің құрдастарымызға ондай мәртебе бұйырмаған секілді. Тауық жылғы қатарластарымыздың алды екінші мүшелден астық. Не істеп үлгердік? Неге қол жеткіздік? Неден қапы қалдық? Тауықша талпындық, білем, бірақ қыранша самғап кете алдық па? Ырыс-несібемізді Тіршіліктен теріп келеміз, тек тірліктің «тауық қорасында» жер шұқып қалмас па екенбіз?
Аян Мейраш: Есен-аманбыз Елеке! Есіл бойын ен жайлап жатқан қаймана қазақтың басына не күн тусын? Ішкі дерттің жайы басқа, сыры жұмбақ қой.
Қай жылы туғаның кімге керек? Маңыздысы кім үшін әммә не үшін туғаның ғой. Әйтпесе, адамзатты ұйықсынан оятатын қораз шіркінді қадірсіз деп кім айтты? Әлгі әпсаналардың бірінде бұл байлық пен молдықтың белгісі екен. Сондықтан мұны ойлап есең кемімесін ақыным. Тіпті болмаса теңгенің құрдасымыз деп құтыл. (Теңге деген сөзді естігенде көбінің көзі жанады қазір).
Елеке, енді сұрақтарыңа қарай ойыссақ. Құрдастарың үшін қам жеп, не бітірдік теп бас бармағыңды мүжіп отырғаныңды түсінемін. Алайда, бір дүниені естен шығармаған абзал. Тасты зерделеп зерттемеген адам тауды қопара алмайды. Біздің басты қателігіміз де осы. Тасқа еңкеюге кеуде жібермейді де, бірден тауға ұмтыламыз... Сен айтып отырған қапы қалуың да, жер шұқуың да осыдан шығар. Дұрысы, табандылық керек. Қылтиып тұрған мәселе көп, жоқ деп отырған жоқпыз. Алайда бұл бұлт төндіретін дүние емес.
Елеке, «тауық қора» біздің сыртымыздан қоршап тұрған жоқ. Ол – санада. Бір күні бұзып шығатынымызға кәміл сенемін... Тек табандылық керек...
Еламан Хасенұлы: Өзіне дейінгі ұлы тұлғалардың сөздерін мысалға келтіріп сөйлейтін замандастарым секілді (олар білімді болып көріну үшін ғана цитаташыл, - дейтіндер де; олардың есте сақтау қабілеті қалай жақсы дамыған?, - дейтіндер де; өз сөзінде өзгелердің пікірін орынды қолдана білді, - дейтіндер де табылады) кешкен сезімдерім, көрген-білгендерім жайлы естелік айту маған ұнайды. Сөз басында Қарағандыны «Сүйікті шахарым» дедім ғой. Иә, ол менің ғана емес, біздің сүйіті шахарымыз. «Бота», «Жыр-жауһар» секілді әдеби клуб отырыстарындағы алғашқы жиын есіме түсіп отыр. Төрге жайғасып алыпсың. Еркін ұстайсың өзіңді. Алдыңда екі-үш-ақ парақ жатыр – өлең басылған. Соныңнан сені үлкен ақын деп қалғанмын (Жарасқан, Қадыр ақындардың бейнежазбаларында өлеңді бір парақ қағаздан немесе блокноттан оқитынын көріп ем). Ал, менің қолымда бір бума папка. Үстелді қоршай отырғандар сені «Аян аға» деп көтермелейді. Шеттерінен сынадың, ойың ашық, сөзің дөп. Бір кезде менен өлең сұрадың. Қысылып барып ұсындым. Қызыл папкамның бірнеше бетін аударыстырып барып тоқтадың. Үңілдің. Құдды мен теледидардан ғана көретін ақындар құсап. «Жарайсың!», - дедің. Арқамнан қаққандай болып. Сол сөзіңе риза болып келесі отырысқа дейін желпініп жүрдім «Аға» деп! Көп ұзамай қамалың алынды. Сырбаз боп сыр бермей жүрген сен өзім секілді «перваш» екенсің! Сол отырысқа, сол ортаға менен бұрын келіп, сіңісіп кеткенің болмаса.
Міне, біз осылай таныстық. Табыстық. Қарағандыдағы кешкен қызығымызды саған қалдырып, Алматыға аттандым – соңымнан келдің. Алматыны ауылға айырбастадым – сен Астанаға кеттің. Алатаудың бауырында екеуіміздің де қимасымыз қалды, сырымыз, жырымыз қалды. Неге біз алғаш барғанда аңқылдап қарсы алған Алматы, енді салқын тартып бара жатқандай? Кеткенімізді кешпей жүр ме екен?
Аян Мейраш:Бастаудың суындай мөлтеріп бастапсың сұрағыңды. Қаймағы бұзылмағын тұп-тұнық кездерге қайта оралғандаймын. Екі езуің құлағыңа дейін жетіп, жұлма-жұлма парақтағы өлеңдеріңді өзің ұсындың емес пе? Әуелгі баста колледжің студенті деп қалғаным рас. Оның үстіне ағалап отырғаның, көзің мөлдіреп. Қалжың-ғой...
Шыны керек, сол ортадан сен кеткелі орның одырайып қалған-ды. «Бота» орталығында «мына жерде Еламан отырған»,- деп жиі айтатын едік. Айгүл апай да «қайдағыны бастамай отырыңдар»,- деп тиып қоятын. Тентекке таяқ қайдан өтсін бірақ?
Екеулеп жүріп ен шетін таба алмай қойған қала мұншама тарылар ма? Достық деген осы шығар сірә...
Алматы. Ару қала. Одақтың жарты қабырғасын алатын қоп-қоңыр есік... Шіркін, тұтқасынан кім ұстамады соның? Жұмекен, Қадір, Мұқағали...
Иә, сол арманды арқалап артыңнан келгенім ақиқат. Ұққаным, аңызды аңыз қалпында қалдыру керек екен. Алатаудың етегінде екі жыл жүріппін. Ер туған жеріне емес пе? Арқаның алтын төс даласын қатты сағындым. Шынын айтайын. Сыймай кеткен дәнеңем жоқ, қимай кеткенімді сезеді сол қала.
Зәмза Қоңырова апамыз айтатын: «Бұл Алматы күлімдеп келсең көлеңке түсірмейді, күңіреніп келсең еңсе көтертпейді»,- деп. Біз сағынышпен келдік, сағынышпен қайттық қой... Сонша ақыннның тағдырын сыйдырған Алатаудың жүрегінде «өкпе» деген ұғымға орын жоқ-ау...
Еламан Хасенұлы: Аян, сені көрсем, сенімен сөйлессем, сені ойласам – балалығыммен қауышқандай боламын. Менің сырым саған айқын, сенің шыныңа мен куәмін! «Трамвайға мініп кеткен» сол балалығымыз секілді қадірлі, сол шақтағы еркелігіміз сияқты шынайы, сол кездегі армандарымыздай аяулы, алғашқы жырымыздай һәм алғашқы махаббатымыздай мөлдір не бар қазір?!
Аян Мейраш: Ең қасіреттісі – үзілген күдер. Сөнген жанар жарықты көруге қауқарсыз. Қарайған жүрек мейірімге күмәнмен қарайды екен. Сол аяулы арманың әлі де аялап, сол мөлдір махаббат жүректі саялап жүр. Тек соны көре алу керек. Тек соны сезе алу керек. Содан құн кетті дегендердің – өздері құнсыз. Кейде ақындардың басты миссиясы да осыны ұқтыру ма деп қаламын.
Еламан Хасенұлы: Хат – сезім, ой, көзқарас, таным, үміт секілді аса нәркес ұғымдарды бойына сыйдырған жүректер арасындағы дәнекер емес пе еді? Хат салатын конвертке қазір ешкім де елең етпейді (Хаттың күйін айтпайын!). Конвертке біз ақша саламыз, құжат саламыз. Ал, хат тек зейнетақы қорынан, несие беретін орыннан ғана келетін секілді. Хат жазысу сиреді, мүлдем жоқ. Мен бұл жобаны хат жазысуға мүмкіндік тудырғаны үшін жақсы көріп отырмын. Әскерде жүргенде алған хаттарымдай сағыныштың белгісі жоқ шығар (Сарбаз болып жүргенде ұялы телефоннан өз еркіммен бас тартқанмын. Әскерде солдат сағынышын сезінгім келген)!
Хатты қоғамға қайтару үшін не істесек екен, Аян? Сен білесің бе бір жолын?
Аян Мейраш: Ең оңай сұраққа берілетін жауап, жауаптың ең қиыны тегі. Сенен сауал келеді дегенде ішінде әскер туралы бір дүние болатынын жақсы біліп ем. (Қоңырау шалып, әскерге бармағанымды бетке басатының бар еді ғой).
Хатты қоғамға қалай қайтарамыз дейсің бе? Ол үшін хат оқитын қоғамды қайтару керек досым.
Қоғам да қазір бәрі бар. Қоғам – арманшыл, қоғам – сезімнен кенде емес. Бірақ қоғам бір дүниені жоғалтып алды. Ол – құпия. Қазір құпияның құны көк тиын. Бұрынғы хаттар... Шіркін, өкшесі мүжілген аяқ киімнің бауына сүрініп жүрген кезімізде үлкендердің хатын кімге тасымадық? Хатта не жазылғаны ішіңді дуылдататын еді ғой, мойындашы? Шайтаның қанша түртсе де шаршы қағазды ашып оқу – құбылысымзда жоқ еді. Қазір ше? Кімнің-кімді сүйіп, қандай сөз айтқаны желінің бетінде жарқырап тұрған жоқ па? Енді, оған хат жазудың не қажеті бар? Хатты қайтарудың бір ғана жолы бар. Құпияңызды сақтаңыз...
Еламан Хасенұлы: Соңғы сауал (Бесеудің бесіншісі): Шығармашылық шеберханаңда қандай жаңалық?
Аян Мейраш:Өтініш, Елеке... Сауалың тауысылмасын. «Соңғы» демеңіз. Қазір ізденіс үстіндемін. Бұл күнге дейін жазғандарымды ( мұны жазған деп есептей алсақ) үш буып, Баянбелге хат қылып салып жіберемін, таяуда. Хатты сағынып бастаған өзің ғой... Құпияны мен бастайын жасыруды. Аман жүр... Ақбет арудың арындай аппақ пейіліңе берсін Жаратқан. Қаламға һәм оның жазылуына серт ДОСым!
Кешір, құрдас! Өлең жайын көп сұрап, онсыз да өлең үшін өртенген жүрегіңе жүк салғым келмеді!
Сәлеммен замандасың, қаламдасың, ғаламдасың
Еламан Қабділәшім,
Баянауыл.
Еламан дос, бес бу хат жолдадық замандас деп...
Аян Мейраш: Сені алғаш көргелі, дүние сан құбылды. Таным өзгерді, сезім ұзақ әңгіме... Қабақ шытпайтын Қарағанды да құбылды. Жаңа үйлер, жаңа достар. Бірақ, сенің қалыбың сол қалпы. Аузын ашса жүрегі сыртқа шығып кетердей – ақ көңіл, мөлдір, саф.
Қағылез, қара сирақ күніңнен білемін ғой сені. Сапарымыз бір, сырымыз егіз. Десе де саған арнап бес сауал қою міндеті жүктеліпті мойынға. Ендеше, бастап көрелік. Әңгіменің әлқиссасынан келісіп алайықшы. Бірімізге жауабын білетін сұрақты қоймасақ игі. Ой тұлпарын желдіртпеген, қиял құсын қондырмаған өлкелердің қызығы жайлы болса сырымыз.
Өзің тура бастағын. Қаламға серт.
Жас ақын деген, я болмаса жас жазушы деген тіркестен әлі құтыла алмай келеміз. Естіген сайын құлақтың құрыш еті кеміріледі де тұрады. Жассың ба, кәрісің бе маңызды емес қой тегі. Не сен ақынсың, не ақын емессің. Әйтпесе бізді қойшы, қамал қопару керек, қырық жыл ғұмыр кешкен ағаларымызды да жас ақын дейтіндер табылады екен. Бұл сонда неден? Әуелгі ой алдағы буынның (егер буын деген ұғым бар болса) тағын қызғануы кесілген. Бірақ, кейінгі ой қазіргі қазақ әдебиетінің шығармашылық зертханасы қаузаған тақырып аясына келіп ат байлады? Осы біз идеялық дағдарысқа түстік пе? Талантты ақын, тума дарынға кенде емес қазақ. Алайда, бәрібір бір дүние жетпей тұрғандай күй мазалай береді...
Еламан Хасенұлы: «Ол әлі жас қой!» деп арашалап аламыз. «Мен әлі жаспын ғой!» деп ақталамыз. Өмірде осылай. Ал, бұл екеуінің айырмашылығы қандай? Айырмашылығы сол – бірінде үлкендерге қолайлы, екіншісінде кішілерге тиімді. Бары осы. Әдебиетте де солай, құрдас. Бізге дейін де айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Жас болған соң болашағымыз алда, жасы үлкен болған соң құрметті.
Өткенде Талдықорғандағы жастар форумына бардық. Ұзынқұлақтан жеткен әңгіме «Біраз жасты Жазушылар Одағына мүшелікке қабылдайды» деді. Аян, саған бір қызық айтайын: Талдықорғанға барар жолда ұялы телефоныма қоңыраулар түсе бастады. Менен әлдеқайда үлкендер болатын хабарласқан. Бірі: «Құтты болсын, сені одаққа қабылдайын деп жатыр екен!», - деді. Іштей қуандым. Енді бірі: «Сені Одаққа қабылдайын деп жатыр ма не?!», - деп таңданысты сауал тастады. Екеуінен де форумның бағдарламасымен таныс емес екенімді айтып құтылдым. Ақыры, форумда өзің айтқандай бізге аға буынның ағаларына Жазушылар одағының мүшелік куәлігі тапсырылды. Бұқаралық ақпарат құралдары «Бір топ жас қаламгер одаққа мүше болды» деп жар салды. Жазушылар одағы басқармасының негізгі ойы мүшелер құрамын жасарту болатын. Көпшілігі жас қаламгерлер дегенге біздің қатарды ойлаған болуы керек. Ал, енді екі хабарласушының қандай ойда болғанына келейік. Бірі жастардың жеңісіне сүйінді, екіншісі күйінді. Жас өлшемінің қаншалықты рөл атқаратыны осыдан-ақ көрініп тұр ғой!
Идеялық дағдарыс болуы мүмкін емес. Бір дүние жетпей тұруы заңды шығар. Жетіспейтінді толықтырам деп, жеткізбейтінді құрықтаймын деп жанталасқан өмір ғой біздікі («Жанталас» сөзі екеуіміздің рухани анамыз Ғазиза Нұрғалиеваның жиі айтуымен құлаққа да, жүрекке де сіңіп кеткен).
Аян Мейраш: Елеке, жүре берсең көре бересің... Осыдан шамамен біраз уақыт бұрын Алматыға жол түскен. Жүрдек пойыз жұлқынып, желпініп бастады өзіміздің Ару қалаға қарай. Шіркін, естелік ескіруші ме еді? Мен келген күннен ұзатпай әскерге аттанып кеттің. «Шығармашылығым әскерге дейін, әрі әскерден кейін деп екіге бөлінетін болады»,- деп еркелей сөз бастағаның әлі есімде.
Аңқыма көңіл арда дос. Бұл шынымен әдебиетте бар құбылыс қой. Әлгі бабамыз Қасымның «соғысқа дейін, соғыстан кейін» деп зерттелуінің өзі неге тұрады. Тегіннен-тегін айтылатын сөз емес қой бұл, тегі. Жаңа серпін, жаңа тынысты ашу деген сөз. Қағазға қалам сүйеген достарға да осы серпіліс жетіспейтін сияқты. Бізге жетіспейді (бұл субьективті пікір. Қателесуім де мүмкін). Сұрақ та осыған саяды. Тәңірі соғысты бұйыртпасын. Ал, біздің дейін мен кейін дейтін меже қай жерде сонда?
Еламан Хасенұлы: «Шығармашылығым «Әскерге дейін» және «Әскерден кейін» деп екіге бөлінетін болады» дегенім үлкен арманнан туған үміт еді. Әлі де сол арманның жетегіндеміз. Әскер қатарында болған қазақ ақындары аз емес екен. Тек, олардың әскери қызметте болғаны, сарбаз боп жүріп жазған жырлары жайлы аз айтылады. Әдебиет тарихы осы олқылықтың орын толтырса деген тілек бар бізде.
Серпіліс жайлы айтып қалдың. Серпіліс жасау үшін – қоныс аудару, қызмет ауыстыру, орта алмастыру қаншалықты маңызды болса, соншалықты қажетсіз екен. Аталған өзгерістер бой тынысына қажет, білем. Бізге жетіспейтіні – ой серпілісі, ой тынысы. Мен бұған өзімнен мысал келтірейін. Қаламды қаруға, қаланы ауылға ауыстырып көрдім. Өткенді де, кеткенді де ойға аламын, ойлана алмай жүргенім қиын, бірақ!
Әркімнің өз межесі бар шығар. Оны мүмкіндігі айқындап береді. Бастысы – адамдықтың межесіне дейін жетпей қалмау, ары өтіп кетпеу.
Аян Мейраш: Бәрі-бәрі өлшеулі. Шеті мен шегі жоқ ырзық несібе жайлы айту қиын ғой. Сағынышың да сарқылады, сезімің де сөнеді, асауың да көнеді. Сенім артып отырған өлеңің де ешкімге керек емес сияқты... Әңгіме сол қажеттілік һақында болсыншы.
Қазіргі әдебиеттің атқаратын функциясы неде? Шығармашылықтың өзі белгілі бір мақсатты көздеп кеткендей-ақ. «Ақын болу үшін үйде жатып үш өлең жазу аз, сонымен қатар азамат болу керек»,- дейтін ағаларымыз. Ал, сен не ойлайсың?
Еламан Хасенұлы: Өлшеулі екені ақиқат. Құдай біздің «А» және «Б» нүктесіне дейін (Батырханша) қанша уақыт жүретінімізді кесіп қойған. Ол жолды қалауымызша жүріп өтуімізге таңдау жасауға мүмкіндік бергендей. Және біз өз қалауымызша жүріп келеміз (Бұл сөзіме қарсы пікір барын білемін). Жолдың қаншасы қалды, беймәлім?! Қалай жүріп келеміз, соңымызда қандай із қалып жатыр, ол жағы қатты ойлантады. Құмға түскен іздей желмен ұшып жоқ болып жатыр ма? Кейінгіге өлеңіміз қалса екен деп ойлаймыз. Қанша заманнан бергі ақындардың басты қорқынышы – осы. Сен кешкен күйді мен де кештім. Өлеңнің – құттықтау мен еске алу үшін ғана керек екенін көргенде.... (аудандық газетте жұмыс жасағандықтан қолқа салушылар көп болады екен). Айтарға сөзім жоқ! Айтпақшы, өздерін танымай жатып, өзгелерге (өлеңмен) таныстырғыштарға не дерсің?!
Өзің білесің мен ауылдамын. Ауылдың бұйығы тіршілігіне бейімбіз. Тағы бір қызық айтайын. «Мына жақта не істеп жүрсің? Үлкен жерге, үлкен қалаға бару керек, ол жақта өсесің», - деп жиі айтады маған. Қажеттілік жайлы айтар болсам, осы сөздер оралады ойыма. Сонда «Өзу деген не? Адам қалай өспек?» деп ойлаймын. Бұл сөздер маған жанашырлықпен айтылатын шығар. Олар қызметтік өсуді айта ма? Қазіргі қажеттілік – дүниеге мұқтаждық. Өрең төмен болса, орның төрде болғанынан не пайда? Ал, біздің (біздің замандастардың) керек еткеніміз өмірдей сұлу өлең, өлеңдей таза өмір. Өлең – қаламның ұшынан ғалам көрген жандарға керек. Ауадай қажет. Сондай жандар ғана жалғанды жарық ететін.
Ал, әдебиеттің мақсаты – адам тәрбиелеу. «Олай етпе, былай етпе», - деп ақыл айту емес. Ізгілікке, мейірімділікке, адалдыққа, махаббатқа баулу, таза, кіршіксіз, мөлдір, пәк сезімдерге жетелеу. Ағаларымыз дұрыс айтады.
Аян Мейраш: Елеке, таяуда шығыс әдебиетін оқып бастадым. Ойларына, иірімдеріне тамсанбасқа амал жоқ. Осыны енгізе қалай болады деп қайран қаласың... Әлгі, эксперимент дегеніміз осындайда пайда болмайды ма? Қызығы, тізе теңестіріп әлем әдебиеті тақырыбында әдемі сөз бастасақ болды: «бізге анауы керек, бізге мынауы керек»,- деген ойлар қанат қаға жөнеледі. Енді заңды бір сұрақ. Сонда қазақ әдебиеті әлемге не ұсынбақ?
Еламан Хасенұлы: Құрдас, қазақ әдебиеті әлемге ұсынатын бар жауһарын ұсынып қойған. Мәселе аудармаға келіп тіреледі. Шынын айту керек, қазақ өлеңінің орыс тіліне аударылған нұсқасын оқу – ол өлеңнің бейшара қалыпқа түскенін көрумен бірдей (Өз ойым). Орыс тіліндегі қазақ өлеңінің сол аудармасы Пушкинді, Лермонтовты, Блокты, Есенинді түпнұсқадан оқығандағыдай әсер етпейді. Аударма қазақтың ұлы өлеңіндегі қазақы мінезді, болмысты, сұлулықты бере алмағандықтан солай болып тұр. Қазақ жырын жаһанға жаю үшін өзге тілдің құдіреті жетпей тұр әзірге (Білемін, шет елде мойындалған қазақ ақындары мен жазушылары бар. Бірақ әңгіме тұтастай қазақ әдебиеті жайлы болып отыр ғой).
Ғалым ағаның поэзия мерекесінде Жүрсін Ерман: «Қазақ поэзиясы әлемдегі ең үздік үштікке енеді», - деді. Қосыламын осы сөзге. Масаттанудан, дандайсудан, мастанудан айталған сөз емес. Мойындауымыз керек қой. Ал, халықаралық дәрежеде атақ алу, аталу үшін саясаттың да ықпалы бар деп ойлаймын. Ол жағын жете түсіне бермеймін.
Аян Мейраш: «Қасқа құлыны Хасеннің дос Еламан». Мендегі жауап белгілі, сендегі сұрақ дегенге саяды бұл әңгіме. Қорғаушың қазақ болғай, қолдаушың Құдай. Осымен әңгіме де соңына жеткен сияқты өгіз аяңмен. Мөлтек тамшының мөлдіріндей бір өлеңіңе қолқа салайық...
Еламан Хасенұлы: «Жақсы атаның есімі жаман ұлға қырық жыл азық» деуші ме еді? Саған Қарқаралы, маған Баянауыл – құтты бесік. Кейде екеуіміз де туған жерімізді алға тарта сөйлейміз, оным менде басымдау. Ұлттың ұлағатына айналған ұлы тұлғаларын, тұмса табиғатын, терең тарихын арқа тұтатын секілдімін. Сұрақ-жауап замандастардың ғана емес, замандардың арасында жиі туындайды. Бүгінгі заманның сауалы – туған жерге ұлтандай қызмет еттік пе, сұлтандай еңбек сіңірдік пе? Бізді зор ететін, жер қылатын – сол туған жеріміз бе? Екеуара хат-диологта сұрақтарымыздың жауабы олқы болар, тек заманның осы сауалына лайықты жауап берсек екен. Мендегі тілек – осы. Сөз басындағы «Әскерден» кейін туған өлең еді – бұл.
Іздедім, өлең, сені,
Ұлғайғанда жанымның шемен, шері.
Жетелерсің алға тек жүрегімді,
Көтерерсің, сен, еңсені.
Өмір ғой бұл сан мәрте құбылатын,
Сезіммен өлшенді ғұмыр, ақын.
Баянсыз тіршіліктен баян іздеу –
жалғанда «Өлең» дейді мұның атын.
Мұңға тек арашашы, ақын, өлең,
Жабырқау жүрегіңді уатып өлем.
Адамзат өлшенерін ұға алмай дал,
Уақытқа кеткен есе, ақы немен?!
Қабақтан кірбің, жаннан қайғы ашылмай,
Жүректе күркіреген жай басылмай.
Өмірге келеді ақын өзін іздем,
Сезім іздеп жүректің айнасындай.