Көп жылдар бойы біздің мекемеміз мекен еткен, жапырайып құлауға айналған, еден тақтайы жалба-жұлба б...
Ж. Нәжімеденов аударған А.Вознесенскийдің өлеңдері
3568
БАСЫНАН!
Қол жетті ме
Лауазымның құрметіне десе де,
Шүріппені тұрсаң-дағы басып ал –
Кез-келген сәт – кеш емес,
баста бәрін басынан!
Сағатың тұр “он екіні” құлақтап,
бірақ жаңа айналымдар бар әлі.
Поезыңыз қирап қалды.
Бірақ та
Самолетпен ұшуыңа болады!
Сіз теңізге шығасыз жай, дір еткен
Денеңізді ызғар ұрар ақ тымық, –
Тастағандай болар біреу қырнап алып күрекпен,
Өткен күннің жағасына лақтырып.
Ол әліппе емес оқығаныңыз,
Сізді арбаған ол емес күй аспабы,
Оны басқа ете алмайсыз, наныңыз –
Ізде, ізде басқаны!
Тастар еді ұлы Пушкин жыртып-ақ
естілсе оған анчар улы емес екен деген үн.
бастаулардың бастауы –
төрт-ақ жолдық сол бір ғажап өлеңін!
Атақсыздық, ақшасыздықтан баста.
Табаласын,
Қызғана да бастасын.
Өткендегі көңілдесің... ол – басқа,
Ал, сен баста басқасын.
Ескі ашынаң – жолдас болып қалады.
Араздаспа. Туысың ол ұнат, бақ.
Одан безу – есуастық болады,
бірақ та
Өткен махаббатты қума бас қатып,
Кісілік ет, кеңшілік ет, емексіт –
Кәрі ат сын-ды, таста атып,
Тұра алмайсың. Алдау керек емес түк.
* * *
Ішті томпайтып алыпсың, болмасқа
Қалай ғана өзгергенсің сен қасқа.
Көйлек өңірін ұйпалайсың, Құдайсыз,
Жылайсың кеп, жылайсың...
Еркелетіп бізді әйелдер үздігіп,
Ернін тосып, неге шалқалайды екен,
Шлагбаумдарды елемей жүгіріп,
Вагондарды қуады екен не біліп?
Жүгірдің сен, ішке үңіліп, жас парлап,
терезеден желбіреген шаштарға...
Почта, курьер поездары заман-ай,
өтіп жатыр талай қалаға қарай.
Москва мен Ашхабадтың арасы –
Қаққан қазық секілденіп, қарашы.
Қатындар тұр, тас секілді түстері,
Айдың жарығына тосып іштерін.
Түннің қараңғылығынан арықтап,
айналумен жарыққа –
Қатындарды қарт Жер қалай түсінер,
Осы өзінің ғаламат зор ішімен.
НҮКТЕЛЕР БАЛЛАДАСЫ
«Нүкте жайлы» Баллада ма?
Дәрі ме ажал себетін?
Ақымақ!
Ұмытыпсың,
Пушкинге оқ атып ап!
Сырнайдан ескен сын-ды,
Ысқырады жел үні
бастарының тесігінен
ақындардың ең ұлы.
Есерлік пен иттік тесіп жебе боп,
Ысқырықтың траекториялары
Ұрпақтарға кетті, әнеки, не керек?
Нүкте емес-ті – бастау еді не бәрі.
Вокзал есігінен енген секілді,
Қара жерге енеміз біз, мақтама.
Және тоннель нүктесі
Мылтық өңеші секілді қап-қара...
Ажалсыздық па екен бұл?
Базарсыздық па екен бұл?..
Өлім де жоқ. Нүкте жоқ. Кең өте
Жол ғана бар, көлеңке боп оқ өтер.
Табиғатта
Жалақы жоқ, нүктеге
Біз өлмейміз,
Бұдан өзге түк те емес!
ӘКЕМЕ
Әке,
Сирек кездесетін боп кеттік,
Жылына бір – сағынып,
Ал Атырау бара жатыр шегініп,
Көп кешікпей – теңіздің
Қырылады жылқы басты балығы.
Өмір бердің сен маған
Атырауды енді құтқармақсың дірдектеп,
Мен де бір кез ауыра қалсам сол құсап.
Жүзіп шығып жүр бетке
түйме-көзді балықтары соңғы сәт,
Мүмкін болар
күшті дәрің сенің ең –
Атырауды демдеп жібергенің жөн
Сібір-өзен-суларының
демімен!
Менің барлық тартыстарым
әбігерім –
«бір сағаттық қана тартыс», расында,
Әке, көңілді әуре еткен әрі-бері,
Сенің тыныш минутыңның қасында.
Ыдыс-аяқ жуысасың шешеме…
Ал, ойыңда: а) теңіз құрып барады,
б) Сібір суы аударғанда табанын,
Жердің кенет айналысы тез болып,
Не баяулап – кетсе қайттік өзгеріп?
в) Мұзды ерітіп ап жүрмесек жарады…
Онда сұрақ:
«ине ұшында
Қанша періште» емес, тек –
«Останкино мен Эмпайр Белдингтің
Ұшар-істік-басына
Қанша адамзат сия алады?»–
Елестет!
ГОЙЯ
Мен – Гойямын!
Көз-ұңғымды менің құзғын шоқыған,
Тыр-жалаңаш далада.
Мен – қасіретпін
Дауыспын мен тараған
Қырық бірінші жыл – соғыста
Шыңғырғанда қалалар.
Мен – Аштықпын
Жұтқыншағы – мен болам
Дарға асылған сол қатынның, бір әруақ
өлі денесі тыр-жалаңаш, алаңда
Қоңыраудай ұрып тұрды былаңдап…
Мен – Гойямын!
О, шоқтары Зауалдың
Батысқа ұшты от-құдірет жолақ бір –
Мен – күлімін шақырылмаған қонақтың!
Мемориальдық көк аспанға керемет
даңқымызды қададық,
Жұлдыздармен шегелеп.
Мен – Гойямын!
ТЫНЫШТЫҚ!
Тыныштық тілеймін, тыныштық...
Жүйкем күйіп кеткен бе бұл немене!?
Тыныштық...
Көлеңкелер қарағайдан құлаған
Қытықтай кеп біздің мынау денені,
Орынсыздау тентектіктей қысыла,
Омыртқаңды бойлап өтіп,
Шығуы үшін башайыңның ұшына.
Тыныштық...
Дыбыстардың бұралғандай құлағы.
Не деген жөн қабағыңды құбылған?
Түк үнсіз-ақ ұғынған.
Тыныштық...
Бәрібір дыбыс жарықты қуып жетпейді.
Аузымызды тым жиі ашып қаламыз.
Бүгінгі күннің дәл атауы жоқ дейді.
Өмір сүре аламыз
бояулармен, түйсіктермен ғана біз.
Тері де – адам емес пе
алған әсер, үнімен.
Жанап кетсең күй-музыка, білдім, бар,
Кұлақ үшін – сайрағандай бұлбұлдар.
Халдер қалай, мылжыңдар,
Тілді тағы жұмсаймысың қай-қайда?
Айқайшылар,
тоймадың ба айқайға?
Тыныштық...
Бізде басқа тіршілік бар бүтін бір.
Табиғаттар жұмбағына батпадық.
Иісіне қарап ащы түтіннің
білеміз біз шопан келе жатқанын.
Демек, күн кеш. Қазан қайнау шарт болар.
Көлеңке боп тынып шылым тартты олар.
Ит аузынан тып-тыныш тіл шықты ұзын
Жалын болып қып-қызыл.
ТЫНА ҚАЛДЫҚ
Алақаныңды иығыма сал менің,
Құшақташы,
Күйдіреді жан-демің,
Тұнық теңізді толқытады әлдекім. .
Жон-арқамыз Айдың бейне ақ тасы,
Жұмырлана қалды білем шақта осы.
Тыңдайықшы ішкі демді, тірліктің
Формуласы секілдіміз бір мықты.
Желі өтіне клоундық әлемнің
Иықтарды тосайықшы, бәлем, бір –
арамыздан жел өтпесін, сөз түгіл,
арамыздан ер де өтпесін, ез түгіл.
Әр клеткада жан бар деген шын болса,
ашсын әркім өз жанының әйнегін.
Темір тор боп
тыпырлатпақ, қыстамақ,
Менің жаным сенің жаныңды ұстап ап.
Құпияның бәрі ашылып келеді.
Ысқырықтар жаңбырының астында
ажыратармыз бірге қатқан денені –
бір бүйірі бүлк етпей ме тастың да?
Ал, әзірге жабыса түс, шытынап,
Қабағымыз жарылғанша иық талып!
Бізді қысып қатырды өмір құтыға,
Ұйықталық.
ҚАБЫРҒАДАҒЫ ЖЕБЕ
Тамбов қасқыры саған
Жолдас, дос та сол әрі,
Қабырғадан саған бір кез сыйланған
алғанда пенджап садағын.
Гумде бейне тұрғандайын шыт өлшеп
топшы көрсең, аршыныңа місе тұт,
Жебе ұшады ыс етіп,
Сүйірленіп, секілденіп сүт-емшек.
Әйелге тән құмарлықпен қағынған,
Жебе қарғып қабырғаға қағылған –
ал, әйелге жебе болу сөз бе еді
Қадаларда қабырғасына өзгенің!
Қаңқа-қабырғаға жебе қадалған,
Қуат, құны бар бәрінің, бір, демек
Электроника ғасыры деп ойлап па ең?
Қабырғада – сұр жебе.
Тағдырлар мен державалар, жаныңдар!
Қабырғада – сұр жебе.
Көз жасыңды тия алмассың сен-дағы
Оңашада қарап жатып іргеге.
Сәндік үшін зат қоятын қуыста
Үй-ішінің шахы құсап түрлене,
Қасақана қайыршылық ту ұстап
Қабырғаға қадалып тұр сұр жебе.
Шах бер, қане, сарғыш шашты қағынған!
Мен айтайын абайлап:
«Олимпияда жеңімпазы» деп сені,
«Қалай, қалай құбылады» деп ойлап.
«Жауыз – дермін,– қыпшақ қыз» о, жасаған...
Сен айтарсың… «Мә, саған».
Берші маған, кірісі қатты садағым,
Жебені осы – менде болсын деген ем.
Мұнша тыныш мынау жуас жебеден
бір періште ұшқан ба деп қаламын.
Жұрт көзіне аз таныспыз біз-дағы
тым созылып бара жатыр бұл бірақ.
Мен тұрған үй – биік, соның астымен
Қара сулар ағып жатыр сылдырап.
Құмарлықтың терең ағыстары бұл.
Қасіреттің ағысы бұл жап-жарық.
Кешірімнің биік қабырғасы бұл.
Өкініштің жебесі бұл
Қадалатын қақ жарып.
ӨСИЕТ
Осы саған менен тағы не керек?
Қорған-шойын күлкің жұмбақ мен үшін.
Мен қасірет күйімін, сен – жарастықтар әнісің,
Сен тозақтың алмасысың, емессің тек мен үшін.
Сенің атың шырқап шығып Жердің кезіп жүр үстін,
Бар құрлықта гүрлеп тұрсың керемет!
Сен бақыттың әуенісің,
Мен – нотасы ұрыстың.
Осы саған менен тағы не керек?
«Періштесің бе?»– деп жымидың,
мен жылан боп арбадым.
«Батылдау бол!»– дедің маған – үйден шыға алмадым.
«Бірінші бол!» дедің маған – дана болдым керемет,
Айтшы менен тағы саған не керек?
Бұл дүниенің бар ақысы бітті-бітті төленіп.
Ең соңғысы жанып жатыр сенің мұзың астында
Ғайыптың сен күйі едің ғой,
айналдың у-тасқынға,
енді сенің соңғы ақыңды төлермін-ау мен өліп.
Күрек ұстап ән салармын, айыптаман мен бірақ:
«Жаратқанның бақшасы үшін тыңайтқыш боп оралам,
Сен – ғайыптың әуенісің.
Әндетпе енді сен бірақ
Өкініштің өртісің сен. Менсіз ойна, бол аман».
Терезенің жабындысы бір дір етіп ашылды,
Шыға келді шаршап-талып, жинамаған шашын да
Былай деді: «Сүйем сені. Жарастық жоқ керемет.
Енді сен айт: менен тағы не керек?»ІҢІР ЖЫРЫ
Ақ қайың сен, кешкі дұғаңды оқып па ең?
Сендер оқыдыңдар ма іңір дұғасын,
Сенеж, Нарочь, Свитязь –
Жайпақ көлдер, сендер дұға оқып па ең?
Покров пен Успенский шіркеуі,
Сендер қайттің жатардағы дұғаны?
Сендер оқып үлгіргенше шыдайын –
аула алдында шылым шеге тұрайын.
Көк шалғыннан, ғажабы,–
автомобиль исі мұрын жарады...
Қара жер сен, оқыдың ба дұғаңды?
Сүйдік сені – жудық сөйтіп күнәңді.
РУБЛЕВ ТАС ЖОЛЫ
Санаторий маңынан
мотороллерлер өтеді ағылған.
Рульдегі – ғашық жандар не түрлі –
Рублевтің періштелері секілді.
Оюындай Благовещеньяның
арттарында қыздар отыр жабысқан,
иықтарға біткен бейне қанат боп
көрінеді алыстан.
Желмен билеп барады,
ақ көйлектер далақтап,
қонса шіркін, менің келіп иығыма,
сондай аппақ қанаттар!
Самғармын ба?
Жоғалам ба?
Қыран құстай болам ба?
Тасқа айналып қалам ба?
Қоңыр күз. Ақ аспан.
Қып-қызыл ағаштар.
ЭПИГРАФПЕН ӘҢГІМЕ
Александр Сергеевич, атымды
атауға рұқсат ет.
Маяковский.
Владимир Владимирович, Өзімді
таныстыруға рұқсат ет!
Айналысам жыр тегімен өр екпін.
Бұдан гөрі
құрметті іс көп, төзімді
Әлдекімге пеш жағу да керек-ті...
Ақындардың бастан асқан көп ісі,
біреу – бақта, қосымша
баяндама жазып біреу қоймайды.
Түйе-құстай
Мойнын ішке ап көбісі
бөксесімен ойлайды.
Ортасында есерлік пен күйкі істің
ақын бардай.
Кейде тіпті күлкі шын –
ақын да әзір қасиетті құрбанға
стадион талап етпей тұрғанда!
Біз шыққанда Томск стадионына,
Риганың стадионына немесе.
Сізді ұғынған ұрпақтар
саңылауынан өлеңнің
ертеңгіге ұмтылады он есе.
Неткен ғаламат зор дәуір!
Поэзияға шұбырады ел,
Шұбырғандай моншаға.
«Жаман!» атты дастан кейіпкері де
«Жақсы!» ұйқасты талап етед соншама.
Сіз кеттіңіз.
түсінікті боп он процент қана елге.
Пастернак пен қалды Асеев әлемде.
Біз кетпейміз бірақ та,
дәмеленген жұрт не ғылса – о ғылсын!–
біз көреміз соғысып
поэзияның төлі үшін.
Көп толғатам ақындық бір ұл жайлы
707 – «Боинг», «Ан» класты, маркалы...
Біз үйреттік
Ысқыруға
Қақ жарты – Россияны.
Бер тағы да
бұзық-бұлбұл бер тағы!..
Бақытты сәт келсе ұтыры сондай бір,
тырнағымның етін тіспен қырқып ап,
Телеграмма соғам – әрбір әріпі
Монументтен мәңгі кей:
ВЛАДИМИР ВЛАДИМИРОВИЧ,
атымды атауға рұқсат ет –
Вознесенский Андрей.
ДАСТАРҚАН БАСЫНДА ОТЫРУ ТӘРТІБІ
Пирогке де саусағыңды малғылап,
Тұзға батыр тауық етін – жұмсақ, ә,
Өтінерім жалғыз-ақ –
Музыкаға қолыңды сен жұмсама!
Қияр ізде құтылардың түбінен,
Келіншектің мықынын қыс қысқалау.
Сені ұрса да өткізгіштер тогімен –
Музыканы саусағыңмен ұстама.
Музыка жан-дүниеңмен бара-бар.
Ұста ақшаны үштік, бірлік аралас,
Тіпті қанша жуылса да жаңадан
Музыканы қолмен ұстау жарамас.
Прогрессист те, супостат та бастығар,
Сіз екеуіміз – материалистер боламыз.
Ал, музыка – өзге табиғат шығар,
ерін емес, ұстайды тек оны ауыз...
Көжені де болар қолмен ішуге,
ал, музыка – қырсық, рахат аралас!
Қар-топшыңды жұлып кетпеуі үшін де,
Музыкаға қолды жұмсау жарамас.
* * *
Жойып келед бостандығын бұл басым,
Іс-қылығым, сырт көрінісім, дәл айтсам,
Іс-әрекет, ой-пікірім, расы,
Сезінеді мықты ауыздық керемет,–
Софизмді жіпке тізіп не керек!
Бұрын еркін жүрген жерім көлемді
Тарлық етті,
Тұсау болып оралады жол енді,
Магниттің кені құсап ол әрі
Тұтып-тартып жібермейді тағаны!
Әлденендей аяушылық, ынжықтық...
Қайда шақырса да мейлі – көңіл көк,
Жаға-жайда әйелдердей жеңілтек,
Әлденендей бейберекет дауыстар,
Оркестрдей дирижерден айрылған,
Көңлім мұңды,
Сұрауға да олақтай,
Тіл – айта алмас жүнжіп түк,
Шақырылмаған қонақтай.
Галстук те бармақ-басы тәрізді
екі саусақ арасынан көрінген,
Ол – өнердің жүре алмайды орнына.
Атақ, даңқ – кітаптарға берілген,
сендер атақты емессіңдер, сорлылар,
Мина – шағын, болса елеусіз не ғұрлым,
Жарылысы күшті болмақ со ғұрлым.
Жан – ажалсыз болу керек керемет,
ал, өздерің өлесіңдер дене боп,
ербиіскен құлақтары болмаса
телевизор қызық емес енді аса.
Қолжазбалар болу керек пәк те асыл,–
Кімдер сатып алар бірақ тап басып,
оны ойлаудан Құдай бізді сақтасын!
Түсіргім бар тақтарынан және мен
Көп қасиетті маған таққан тәмәм ел.
Монархия өзін өзі түсіріп,
Республикаға орнын отыр ұсынып.
Сені аңсадым, қатып қалған түсінік.
Софылықтан бас тартамын, жаным кір,
Болмыс үшін демократиялық –
Қақпашының күрегімен қаңылтыр
аула қарын тазартамын ұялып.
Мақсаты бар өлеңшінің ең ұлы –
баспалдақтан түсіру ол мұзды ұрып,
Жұрт жүгіріп кіруі үшін ызғырық
суық даладан жылына,
Тәубе-мүният ішу үшін үздігіп.
КӨНЕ ФРАНЦУЗ БАЛЛАДАСЫ
Дос боп алдық біз осы. Қызғанбаймын, жат емен.
Сен шатырда тұрасың.
Түнгі скрипач қызды мен
саған ертіп әкелем.
Бізге төсек диванға салып беріп:
«ертеңге
шейін – дейсің жай ғана,– жайғасыңдар жақсылап!»
Әлденені айтасың. Шылым сорып өртене.
Әлденелер айтасың. Көзіңе түн тұнады.
Сезеді де қонақ қыз үн-тіл қатпай қалады.
Есігіңнің шамы әлі ұзақ сөнбей тұрады.
Қандай әйел едің сен –
достыққа адал өр өзі!
Бұл шатырдан тек қана аспанға есік шығады.
Бөлменің қақ төбесі – көкке ашылған терезе.
«Қош бол,– деймін,– аспаным,
Қош бол, деймін, шыдамай,
Қонақ қызбен сені қалай алмастырдым, ұға алман.
Құдай жар боп, қарындас, бұ қасіреттен шық аман!»
Ал, ертеңмен столда тойлаймыз біз үн-тілсіз
Сыр бермейді бет-жүзің,
терің – тегіс, кең әрі…
Ойлаймын мен ішімнен: «Жаза не үшін болады?!»
Достық мәңгі жасасын! Аспан мәңгі бүркелсін.
ҮЙ ИЕСІ ӘЙЕЛДЕР
Мынау үйде жөндеу ісі басталған.
Кірген жанға көз тігеді диваннан
екі соғыс
екі бірдей махаббат,
екі роман, есер соған иланған.
Қысылғаннан бірі саған берілер.
Екіншісі кірпік қақпай қарайды –
Қабырғадан шалқалай бір көрінер
Оның алтын көлеңкесі арайлы.
Біреуінде – мойыл сын-ды шаш қара.
Тізесіне шейін алтын – бірінің.
Бақайына шейін бірі – діріл құр,
Жек көру мен жан сыздауы бұлыңғыр.
Табанға да, желкеге де батады-ақ –
Тұлабойы толып тұрған махаббат,
Махаббаттан тұра алмайды ол, масқара.
Бола ма екен әлдене?
Жоры, мейлің, жорыма...
Тағы сүйдің, болдың тағы кінәлі.
Алдында бір сұм тұр тағы – сорына.
Сол қалпында қалдырайық біз оны.
Жөндеу ісі жүріп жатыр себебі,
Жөндейді әлі пәркеттің де не мінін.
Майлаушылар әлі-ақ жойып береді
төрт бұрышты екі сурет орынын.
ДҮКЕНДЕ
Д. Н. Журавлевке
Мылқауларды жеп қойды.
Мылқау біткен аһ ұрды.
Мыс ақшасын медальдің
ағаш-жаңқа ұнтағына батырды.
Қарсылық айтып ызалы,
Өтірік, деп, мәссаған,
шикі қамырдай ашыған
кассир тұрды кассадан.
Залды аралап жөнелді:
толы халық – мәз бәрі,
Көз жасының шықты исі,
Таң шығымен жылағандай жаздағы.
Көз жасының исі не,
Құтырынған топқа әлгі.
Екі мылқау жалаң бас,
Қолдары айқайлап қалды.
Үшіншісі – жая ұстап,
бейне «анадан» сыбады.
Бетховенше бұрқырап
будақ-шашы, тұр әне.
Тырсылдатып әйнекті,
Саусақтарын сындырып,
Менің тілсіз, құлақсыз
тағдырым тұр шыңғырып!
Кассир қайнап, ақшаны
Күнге тосты,
Әлі үмітін үзбеді –
Лениннің бейнесін
елуліктен
іздеді.
Ленин бірақ жоқ еді.
Жалған ақша –
өңі алдар...
Сауаптар мен обалдар.
Тағамдар мен адамдар.
ГИТАР
Б. Окуджаваға
Біздің үйге Болат кірді,
біздің лашық аспаны астын басады,
бурлак сын-ды сүйекті, ірі,
бас салардай батыл әрі, жас әрі.
Көп жылдық шөп гүлі сын-ды
Ұялшақ, арсыз өңменен,
Натуршица құсап тырдай жалаңаш,
Гитар жатты тізесінде көлденең.
Жуастау-ды гитары оның
дала аңынан
тісін ішке жасырған,
түнгі қала тұрды үнінде
у-гу етіп,
жаңа ғана басылған.
Ал, әйтпесе, шулап цирктегідей,
бәрі есінен жаңылған –
Мотоциклдердей жанып,
Қабырғамен ағылған.
Сол гитарлар ұлдары – біз,
Жеген ерлік, қайғы жанын,
Қыз-келіншек ортасында
Янтарь сын-ды айнымалы.
Түнгі тұлғалар ішінде,
шүйірілген ерініңе.
(Жиырып бет-ұсқыныңды)
Жай тұтанар пілте болып,
бір сигарет қыстырылды.
СІБІР МОНШАЛАРЫ
Монша! Монша!
Есіктерді тартып жап!
Қарға қарғып, қарық болып жүр қатындар.
От боп жанып,
Тер боп ағып –
Қарға аунайды соншама,
Ренуарға қайда, қайда
түсу мұндай моншаға!
Мадонналар!
Иық қандай,
Мықындарға не таң бар,
Домна пеші ұйытқандай
Ұйып шыққан металдар.
Жүгірістен алқына кеп,
«Сен», «мен!» деген
Сөздің өзі жалаңаш.
Қар мен оттың тазалығы
Жалаңаштық тазалықпен аралас.
Ауа таза, суық әрі.
Біз – тон киген төрт жігіт,–
Ойнаймыз кеп, қуып әрі,
Сөзді әзілге бөрттіріп.
Ой, қорқытты-ау!
Қашты үйге,
Зеңбіректей атылған
Шығарады үн: ух-бух деп
Қатындар…
Ал біреуі есікте қап,
баспалдақтан жаңа, тік,
Көршісіне күле қарап,
Ойнайды ептеп,
Қар атып!
САЛ ҮСТІНДЕ
Бізді Енесей келеді алып.
Осы салдай судағы ұлы
Қара арнаға кең, ескі,
Мен де ешкімге тәуелді жан емеспін!
Жоқ, мен – сендік болған емен,
Шекарадан өтпегем!
Опырылған
ерініңді,
Шашыңды да, көйлегіңді,
үйіңді де жек көрем.
Түкірдім кеп,
еңселі
періште де, сайтан да емес есіміңе мен сенің!
Телеграмма,
ашық-хаттың көптеген
Өтірігі үшін өле жек көрем,
Жібегіңе жүрегім қас,
нейлон-перде төгілген,
Сурет салар маталардан гөрі әлгі
Қап-қоржынды қалаңқырар едім мен!
Атаманша-бұйығы,
Москваның телефоны автомат,
Мен икондай сұмдық қорқыныштымын,
Шіркей-шыбын шаққан
бетім ісік, қап-қара.
Сазан сын-ды бұлтылдайды
Балықшының шықшыттары көгілдір,
Көз жасына – рұқсат жоқ, төгіл, жыр.
Бар болсын қол ерге біткен,
Көң мен құстар осы асыл;
МАЗ-ды тайдай шомылдырған
тентек қыздар жасасын,
Өртшілердің су айдайтын не түрлі
Насосындай
Сен де бар бол, жұлып айдап кететін
Менің қасіретімді.
* * *
Сендерді иықтан ұстады,
Эполеттер саусағы.
Гусарлар мен ақындарға
Ынтықтың да, аңсадың!
Өттіңдер ағып,
Сендерді
тасбақа-төмпектер басты,
полктің медиктері көп
шұқыды қазып сол басты.
Ал, тағы түйін боп мықты
таң алдына жақындап.
Саудасы біткен шофер мен
Жүреді жөңкіп ақындар!
Солардың жарық-шамдары
бұрала,
Көкке тарады.
Сіздерде ұят қалмады.
Осы біз қайда барамыз?
КҮЗ
С. Шипачевке
Үйрек қаққан қанаттардың сымпылы,
Жалғыз аяқ қара жолда белсенді,
ең соңғы бір мизамдардың жылтылы,
велосипед доңғалағы ең соңғы.
Ізін қуып бақ солардың сен-дағы,
ең соңғы үйдің есігін қақ қоштаса,
Тұрады онда жалғыз әйел болғаны,
Күтпейді енді ол азаматын кешкі асқа.
Әйел маған есікті аша қармақты,
Иығыма бетін басып салмақты,
тартар күліп бір езуін қиғаштап,
Кенет сөніп, түсінеді бәр-бәрін,–
Күзгі тілегін түсінеді даланың.
Дән қылауын,
От басының ойран болып қалғанын...
Жаураса да жас келіншек бұл әлі,
Ойлайды енді мынаны:
алма-ағаштың желісі бар,
Оның-дағы дәні бар,
Бұзауы бар сиырдың да жануар.
Еменнің де бүлкиді өмір діңінде,
далада, үйде, орман, ағаш түбінде,
Олар үшін өмір – көктеу,
Махаббат пен қасиет
ал, бұл үшін – жас төгу мен қасірет.
Неткен ыстық мына еріндер сыбырлы:
«Керегі не маған қолдың, кеуденің?
Неге керек өмір сүру, пеш жағып,
Жұмысқа шығу пенде боп?»
Иығына ауып сонда көз-бейлім,
Ештеңенің парқын мен де сезбеймін...
Ал, әйнектің сырты қырау,
Жап-жас қырау, жас арман,
дала жатыр қалайыдан жасалған.
Сол қыраулы мұздың бетін – мұз бетті
басып, барған сайын әнтек тарыла,
Теміржолдың линиясына қарай
Қара табан із кетті.
СОҢҒЫ ЭЛЕКТРИЧКА
Жігіттерде финка-пышақ,
ал, қыздарда сан қилы…
Жол бастаушы екі әйел тас мүсін боп қалғиды…
Мен қараңғы тамбурда едім,
Қашып кіргем ыстықтан,
Цыган таборындағыдай ызы-қызы айнала
гитар мен ұры қыстыққан.
Неге екені белгісіз,
Өлең оқи қалыппын.
Көлеңкелер арасында иықты,
арасында тұқылдар мен қабықтың.
Олардың өз кәсібі бар – ұры ауылы.
Мен оларға өлең оқып отырым.
Титтей қыздың терезеге қыраулы
Жабысқаны турасында бетінің.
Оларға сол қыздың халі не керек,
Ұйқасымның сонылығын қайтеді?
мына сын-ды кекілдіге, бетінің
пудрасы жарты метр-ау тегі?!
Маскүнем бет өңкей бір,
Қыздың кеудешесінде ең қызығы
Малаховтың күллі жігіттерінің
Саусағының тұр ізі…
Неменеге жылайсың сен құбылып,
Көз жасынан беті-жүзің өзгерген,
Сыбырлайсың,
баспа бетін ғұмыры
Көрмейтұғын сөздермен?
Электричкадан кенет әлгі қыз,
таң қалдырып көп елді,
Шекспирдің Беатричасынан да пәк болып,
Қарғып шыға жөнелді.
ҰЗЫН СИРАҚ
Көк теңіздің жағасында әдемі,–
Териока ма? Ориноко ма?–
Болғанымыз бар еді –
Аты-жөні әсем болса – несі мін,
Ұзын сирақ еді әйелдің есімі!
Басатын ол башайының ұшынан –
ауа райы қолайлы еді ұшуға!
жер-тамырдан,
дің бойына шырын тараған сияқты
Қойыла,
сирақтары арқылы оның
ток тарайтын бойына.
Кербез біткен аяқтары жер тебіне береді –
билегісі,
билегісі келеді!
О, балтырлар! Әсем едің сен неткен,
Қағынумен өзіңді әбден меңдеткен!
Мызғып кеткен шағында да – билеп жатар аяғың,
Сыпырылған мойыныңнан
Мойынтұрық секілденіп баяғы.
Аяқтарың түсінде де билейді,
Аяғыңнан қағынғансың сен осы.
Түсің қашып, есеңгіреген сәтте
Арақ орнына айран құйып бересің –
Прилавканың ар жағында
перінің жүз баласы
билегісі келеді ылғи таласып!
«Би-ми?!– дейді тыржың етіп дүкенші.–
Әйел ақылы – аяғына бітеді?
Фәлсафалық монологты бірақ та,
Ұзынсирақ қыстырмайды құлаққа.
Келеді оның мықтап көзге түскісі
есеп-қисап кружкасы арқылы!
Ал, аяғы өзі-өзінен тұрады
Неше түрлі мода-биге талпынып!
О, балтырлар! Ақылы көп соншама!
Ал, түндер ше, түн айлы!
Ұзынсирақ қағынған,
тым құрыса бір есіңе ал Құдайды!
Содан соң ол «болды» дейді дір етіп.
Құшақтайды қос тізесін әдемі,
Тізе құшып теңселеді, жай ғана
Ысқырады әлдене би әуенін...
Не боп қалды саған ұзынсирағым?..
Сен – мұншама алыс кетіп қинадың.
ТБИЛИСИ БАЗАРЛАРЫ
...Күн қарыған мұрындар
Қабырғадағы суреттей
Қабыршақтанып сиырылған.
Рубенс жасасын!
Рафаэльдің құны түсті.
Форелдердің фонтаны,
дөрекілік мың түсті.
Тұрмыстың өзі мереке,
Қарбыздар мен арбалардан тараған.
Білезікті, моншақты
Әйелдер, бейне барабан.
Қара көк күркетауықтар.
Құрма, шарап төгіл-ақ.
Қалтаңда ақшаң жоқ па еді?
Тегін-ақ іш, тегін-ақ!
Қатындардың даңқы артсын
салаттармен сауда еткен,
төрт кісінің құшағы әзер жететін
баобаб па ең?
Жуан едің-ау, неткен!
Базар –
Өрттей қаулаған.
Бәрі жас мұнда,
бәрі отты.
Күн көзінде жанады
Қол емес, алтын әдетте.
Жылтырап қолда тұр ұлы
Май мен шарап жұғыны.
Шебердің шықсын дара аты
Осылардың бейнелерін салатын!
ҚЫРҒИ ҚАБАҚ
Міне, үшінші ай өтірік күлкі қысқалы,
Үш ай бойы айғайы тұр естіліп.
Ал, үстінде шұғыладай дауыстап,
жанады көз.
Жас төгеді кешқұрым!
Қайран қалған әйнек-көз
бетінің қақ жартысы
вертикаль-көл секілді
Жатады ылғи өзі-өзімен шарпысып.
…Жүдеп кеттің. Заводқа да бармайсың,
Жұрттың сөзін тыңдайсың,
Айдың бағбаны құсап,
бар тірлігің, дымқыл сын-ды көтерілген бұлтқа,
жиналады көз-шараңа тұныққа.
«Жан төзгісіз жасыл көрініс!– деп кейде.
Көзді қарып, миды шағып жеп қойды!
Не бір жауыз қастандықпен сән құрып,
шамын жағып,
Мекен тепті мәңгілік…»
Күрсінсең де – күлді көзің,
Ақыл-есті матап пәк,
Әрбір сөзің – шақырады апатқа.
Көз жасының орнына – өзге жас:
Оттай жанған көзқарас.
«Жалған»,– дейді көршілер.
тарс жабылған қабақты үйдей жүреді ел.
Біреуінің үстінде көз-жанары
Рекламадай жанады отпен өршіл, ер.
Мұндай көздер болған саған дейін де
Әйелдерде жүздеген
ал, сен үшін – қанша үмітті үзбеді ол!
Жүз жылда бір
адамдарға
келеді
Жанарлардың қарсы тұруы дегенің!..
...Теңіз жақта дүниеден баз кешіп,
Жанарымен буаз болып жүр әйел.
Мен ешкімнің жүрген емен көзінде,
Көздер үшін бірақ та
Өміріммен төлегенмін кезінде.
ФЛОРЕНЦИЯ ШЫРАҒДАНДАРЫ
З. Богуславскаяға
Флоренция көз алдыма келеді:
Үйлерінен фосфор-сәуле шашады,
қақпашыдай бейне бір
палаццо мен тұмандарын ашады.
Білем оны. Көшіргем көп Кировск
моншалары, стадиондары үшін,
Баптистерий шырт ұйқыда,
менің ісім
жоспарымның жалғасындай бәрі шын.
Соцреализм сәбилері күнәкар, .
алаңға өтем шырағдандар самсаған,
Флоренция!
Сен – бейнесі жастықтың,
сенсіз өткен күндерімді аңсаман!
Фасадтар мен амбразура әр түрі,
Көрінгендей балауыздар арқылы –
тұрады алда тағдырлары, бейнесі
москвалық жолдастардың кейде осы.
Шырағдандар, ал, қара, Арно үстінде
Жұмбақ сын-ды не түрлі –
Машиналар жағып титтей шамдарын
Өткен күнге өтіп жатқан секілді!
Ау!– деп шақырады менің уәде-антым,
Ау!– дейді ұмыт қалған мольберт қаралтым,
Сіріңкелер,
Сигареттер, қарашы,
Жанды түнгі саусақтардың арасы.
Ау!– палаццо жиналады жан-жақтан,–
Жастық шақтың күні бұрын алғаны,–
бұл – қауіпті іс мүлде!–
бәлем, қолға түстің бе?!
Жұмбақ бала арасында солардың,
(Эстрада әсеріне әзірге
Шалдықпаған болар бұл).
Қан-сөлі жоқ беті –
бейне ақ парақ,
ұлтандары аузын ашқан, жарлы шын –
армысың!
Ол айтады: «Сізді ұстау жоқ, білдім мен!
Бала қатарынан озып үлгірген.
Шетелдерде басты Сізді, талай бір
Сатушылар жүзіңізге қарайды.
Бірақ қалай шақ қалдыңыз жылауға?
Флоренция сарайлары үстінде
әлдекіммен қоштасқандай шарқ ұра,
Шырағдандар кім үшін
Жанып жатыр жарқырап?..»
Сөзін бөлдім. Уақыт... түк жоқ қой бізде.
Интервью деген әбден тойғызды.
Машинаға отырдым мен,
дымқыл екен есігі.
Флоренция сырғиды артқа ұрланып.
Қызыл табан жетілігі сияқты,
палаццолар шырағданда тұр жанып.
ПАРАБОЛАЛЫҚ БАЛЛАДА
Тағдыр ракетадай, параболамен ұшар,
тас түнекте көбіне,
аракідік кемпірқосақ бойымен де жарысар.
Гоген деген от-жирен суретші болыпты,
Богеманың сауда агенті бұрынғы,
даңқ-бейнетке кейінірек жолықты.
Монмартрдан Луврға жету үшін корольдік,
Ява аралы арқылы Суматрамен жөнелген,
Сөйтіп оның сапары
параболаға теңелген!
Еріп кеткен, ақшаның желігі әбден жынды ғып,
әйел сөзін,
академиялардың қапырығын қылды ұмыт.
Жердің тарту күшін ол
жеңіп шықты дегенмен.
Шулап кетті абыздар; Сыра жұтып қайнап іш:
«Түзу сызық қысқа да,
парабола – айналыс,
Жұмақ бағын одан да көшірген жөн емес пе?»
Ал, ол кетті ракета боп, елес боп
Жарып ұшып дауылды құлағыңды тұндырған.
Луврға да ол кірген жоқ бас қақпамен
Себебі –
парабола бойымен
тесіп түсті төбені!
Әркім жетер шындыққа, өз бетінше ер болып:
Құрт – қуыспен,
ал, адам параболамен тербеліп.
Қыз тұрды бір кішкене бізге көрші көшеде.
Оқып едік біз бірге,
зачет бердік еселеп.
Қайда ғана кеттім мен!
Сайтан үйір маған-ақ,
Мені бастап жөнелді ол
Тбилисиді аралап!
Кешір мені, сол есер парабола-жол үшін.
Қара киген ақ иық, тоңып едің – сол үшін...
О, сен сонда ыз еттің түнгі әлемде қараңғы
антеннаның серпінді шыбығындай боп әлгі!
Ал, мен болсам әлі де ұшып келем,
кейде, кейде оралам –
Сенің белгің бойынша кез-келген жерге қонам,
Қанша бейнет берді екен парабола бізге осы!..
Болжаулар мен тоқтамды,
Талқан ғып қағидаларды,
тарих пен махаббат,
Искусство да барлық –
парабола сызығын, келеді ұшып ұстап ап!
Көктемінде Сібірдің талай калош та қалды.
Бәлкім, қалай дегенмен түзу сызық – қысқарақ?
СУРЕТШІ МЕН СҮЛБІ
Айқай салдың, албастың деп мен сенің,
ыза-ашудан ажарланып,
теңселіп,
аң секілді ауызыңнан сөгілдің,
Жиырыласың,
Омыртқаңмен көгілдір.
Құнсыз шыққан сөздеріңе құр жыннан
шыдай алман,
Жүдеп қалам мылжыңнан.
Өзге болуыңа көнбен, тағы да
Сенің осы өз қалпыңа табынам.
Ей, тыңдаңдар!
Тұрған шақта мен тірі,
Отырғанда тірі мен,
Сенің храмыңа тәуап етеді,
Жындылығыңа жымып ел.
АВТОПОРТРЕТ
Қу бұтақтай ап-арық. Қырынбаған, беті ірі.
Міне, үшінші тәулік бүгін,
Жамбасында сықырлайды төсегім.
Қабырғада қағулы тұр қола-көлеңкесі оның
Бет жартысы – түгел ауыз сықылды,
шылымының түтіні де бір түрлі.
«Сәлем,– дейді тарғыл үні,– өлеңіне орыстың.
Ұстара ма жәй тегі?
Тапанша берсем қайтеді?
Данышпан ба ең?
Батыл қара «шылыққа...»
Бәлкім райдан қайтармыз, әзір аманшылықта?..
Жалайық та газетті, қара темекі орайық,
Сол темекі шоғындай
бірімізге біріміз
сынның көзі болайық!..»
Менің көзімше ол сені неге құшақтайды екен?
Мойындығымды өлшегені – жай ма екен?
Көзін сығырайтады түтінінен папирос...
Көш, бәлекет, менен аулақ, көш!
СОС! СОС!
НЬЮ-ЙОРКТЕГІ ТҮНГІ АЭРОПОРТ
Менің автопортретім, апостолы аспан қақпаларының
Аэропорт!
Жылтылдайды ақ қалайы түтіктен от елесі
Рентгендік суретіндей жаныңның.
Неткен сұмдық, аспан тұрса өзіңде
Трассасында тұтап қана жанар бір
Ғажайып астаналардың!
Әрбір тәулік
шлюз ғып сені толтырар
іс-әрекет, әлекпен,
Жұлдызды тағдырлары бар,
Жүкшілер мен жәлептер.
Барда сенің ішкіштерің
періштедей жуасыр,
Сен сөйлейсің оларға!
Келгендерді көтересің сен қолдап!
«Келгендігін» паш етесің жалғанға!
* * *
Күйеулерді күтеді жұрт,
тағдырларды, сандық, ғаламаттарды...
Бес «Каравелла» жарқырап кеп
түсті көктен ақтарылып!
Түнгі бесеу доңғалағын шаршай
созып айналды.
Алтыншысы қайда әлгі?
Жеткен жері сол болған ғой –
Жасық неме қанаттанған жаңадан!..
Электро-плитка боп билейді аста қалалар.
Қайда жүр ез,
адаса ма бұраңдап?
Сигарет боп тұтап жүр ме тұманда?
Ауа райын түсінбейді ол сорлы әлі .
Оны қабылдамайды енді жер-дағы.
* * *
Ауа райы өте жаман. Дауыл күтіп көп меңдей,
ауыз үйіңе кетесің сен,
партизанға кеткендей.
Өткір жанар қадалады
дүниеге басқа бір
Жуушылар әйнекті
Жасауратар көзді шыбын-шіркей болып қас қағым,
барлаушысы жұлдыздың, хрустальді құбыжық,
Келер күннің ұлы болу өкінішті, тәтті әрі,
Онда есер жоқ,
жоқ вокзалда
ақындар мен аэропорттар тек қана!
Аквариум әйнегінде ең мөлдір
ыңырсиды көк аспан
қайнап піскен жермен бір.
* * *
Аэропорты – озон мен күн көзінің
Қаражаты төленген бір елшілік.
Батыл ете алмаған
Жүз ұрпақ кемінде –
ең негізгі конструкцияларды жеңуге.
Мелшиіскен тас тұлғалар орнында
бір стакан ауа ұйып тұр –
Стакансыз, көр мұнда.
Касса-күркелермен қатар
Қойған шақта көптеген
Газ тәрізді ол,
Қолға ұстауға жоқ дене!
Бруклин – есер,
тас боп қатқан сайтан-черт.
Ескерткіші дәуірдің –
Аэропорт.
МЕРЛИН МОНРО МОНОЛОГЫ
Мен Мерлин, Мерлинмін.
Героинясымын барлық
өзін-өзі өлтіру мен улардың.
Менің гүлім ашылады кім үшін?
Телефондар жалғанады кімдермен,
Бұлан терісін қаудырлатқан кім анда?
Мүмкін емес шыдауға,
Сүйіп қалмай біреуді мүмкін емес шыдау түк,
Мүмкін емес тоғайсыз өсу деген шұбартып,
Өзіңді-өзің өлтіру қиын мына заманда,
Өмір сүру, ал, бірақ
Қиынырақ одан да!
Сатқындықтар. Бетсіздіктер. Аз ба ондай!
Бастық оқыранады
Байтал көрген азбандай.
(Мерлин менің есімде.
Машиналар тоқтап оған қарайтын.
Жүз метрлік киноэкрандарда,
библия аспанында,
мол жұлдыздың ортасында талай түн,
айдалада, жарнамасы жарытусыз,
Мерлин ауыр тыныс ап,–
Сүйетін жұрт мұны ұсақ...
бұған төзер жан бар ма)
Мүмкін емес шыдауға
ит сасыған машинада былай да!
Мүмкін емес,
қиын біреу зорласа,
ал, еркіңмен берілсең – оңай емес ол да аса!
Мүмкін емес өмір сүру ойламай,
Ойламауға үйренеді бой қалай.
Осы біздің дін қайда?
Ұшырғандай әлдекімдер бізді үріп,
Өмір сүру – өзіңді өзің өлтіру,
Бәлкім, бұ да ізгілік?!
Өзіңді өзің құрту – күрес жаманмен,
Өзіңді өзің құрту – соған төзу де,
Қиын, қиын болмаса егер дарының
дарын болса – одан қиын бәрібір,
Өзімізді мансаппенен өлтірдік,
ақша қуып, қызды қуып он түрлі,
біз – актерлар
келер ұрпаққа өтіп ем
Таба алмаймыз, ал енді
Режиссерлар дәрменсіздер шетінен,
Сүйген жандарымызды
Тұншықтырдық құшаққа ап,
табы бірақ көпшіктердің бұ шақта
балғын жүзде қалады
доңғалақтың ізі құсап көмескі,–
төзу мүмкін емес түк.
Аһ, аналар неге ғана туады?
Олар баста білді ғой –
Мені – жаншып, таптарын,
Киножұлдызының жаны мұздай қап-қалың,
Оңаша өмір – бізге мүмкін емес түк.
Метрода,
тролейбуста,
дүкенде –
ашық ауыздар емексіп:
«Сәлем сізге, сәлем!»– десіп жатқаны;
төзу қиын, бейнең тұрса жалаңаш
Газеттерде, афишада «ала-қаш»,
Со газетке, сенде де
Жүрек барын ұмыт қып,
Майшабағын ораса жұрт – о да оғаш.
бетің быт-шыт,
көзің ойылып қалған
«Франс-Обзерверді» еске алу, ұққанға
Сұмдық жағдай,
Өлі Мерлин – есер бет-жүз,
тұрқыңнан
өз суретіңді елестетсең – бір түрлі, ә!.
Продюсер қышқырады, нан талмап:
«Тамашасыз сіз бүгін,
Шыпырлаған моншаққа ұқсас маңдайың».
Моншақ иісін білесіз ғой, сірә, сіз?
Өлім иісі шығады одан, расы!
Мотоциклистер – солар
Өзін-өзі өлтірушілер жан сала,
Өзін өзі өлтірушілер – ішетіндер тамсана,
Фотоаппарат жарқылынан министрлер
Сұрланған –
Өзін өзі өлтіруші болса да,
Өзін өзі өлтірулер, ал енді
Жүріп жатыр Хиросима әлемдік,
Төзу мүмкін емес түк,
Мүмкін емес күту бәрін емексіп,
Әлдененің сарт етуін маңдайға,
ал, бастысы —
түсініксіз қиындықтар, немесе
бензин сасыған қолмен
құр отыру қиын, қиын он есе!
Төзу қиын:
көк аспанда суынды
апельсині сенің қоштасуыңның…
ұрғашымын мен әлсіз.
Шамам бар ма көргеніммен тырысып?
Бірден мүрдем кету екен – дұрысы!
ЛАТЫШ ЭСКИЗІ
Қалыңдықтан қашып жатыр күйеулер.
Неге ғана қиып ата-мекенін
Үш ақымақ Батысқа қашып кетеді.
Әлдекімдер сатты – оларды алды ұстап.
41-жыл. Сәлем!
Ойнап аңдыспақ,
Масқара, ұят, сескендір.
«Сот келеді». Кесті. Он жыл.
«Сүйіктім-ау, қашан ораласың сен?!
Төрт мың күннің қасіретіне бас исең,
төрт мың түннің салмағы –
Мен ешкімнің тәуелдісі болмадым,
көршілердің балалары келді онға,
Соғыс өтті, сен жоқсың тек жалғанда,
батты төрт мың күн аунап,
не қорлыққа төзіп жүрсің, жан-аңсау,
бармысың сен аман-сау?
Сүйген жанда шек бар ма –
Сүйгендіктен бар шындықты ақтарғам,
Сені сатқан мен, Рута, ақталман –
Түрмеден де жатады жұрт оралып,
ал, шетелден оралмайды, ол анық...»
...Таңмен тойып ішіп алып ол-дағы
Ұрады кеп әйелін,
Ысқырады балдағы.
Ақ шашты әйел зары әлі биік тым:
«Сүйіктім менің, сүйіктім!»
БҰТАҚТАР МЕН ТАМЫРЛАР
Жерлеуге емес,
Әне, оны
Тәж кигізу үшін алып барады.
Граниттен гөрі ақ бас,
Қола іреңді, албырап,
Түтіні – бет қаратпас
Суретші жүр
Шашы кеткен жалбырап,
Күрек – қасиет болады, ал,
Шырағданнан гөрі оған!
Сирені оның үздігіп бір өледі...
жұлдыз-терге
малшынды,
түтіндейді белі оның
пештен шыққан нан сын-ды!..
Үйі – қуыс елес бір
Этаждардың бос бәрі.
Дачасында жоқ ешкім.
Россияны Құдай оған қоспады.
Суретшілер кетер тағы, тағы да
бөркін алып,
Храмдарға кіретіндей о да енді,
Келер күннің бағына,
Қайыңдар мен еменге.
Жеңіс болды шын олардың – қашқаны.
Күн боп қайта туу болды – батқаны.
Көтерілді олар шын
биіктер мен планетаға басқа бар,
Жалған жылтырлықтан шындап қашты олар.
Бұтағынан айрылады ағаштар.
Ал, жер асты –
тереңдікке келгенде
Тамырлар жатыр тістесіп,
Топырақты қисық саусақтарымен
Қатып қалған шеңгелдеп.
* * *
(Э. Межелайтиске)
Көшпелі өмір менің бұл
Маңдайыма тағдыр жазған үлесім...
Қиқулайды құстар Нида үстінде.
Құсты сақиналайтын жер, міне, осы
Мамық шашып капрон торда
бостандық үшін бір ғана,
Үш метрлік қанатымен
бұлқынады тырна-ана.
Патша-ханым сын-ды ызалы
тұтқындалған жазықсыз,
Темір сауыт – қалағына
Өмір-баянын жазыпсыз.
Биологтар жеткен жаңа
Сирақтардан алады.
Аяй ұстап,
еппен ғана
сақинаны салады.
Аспанда, әне, көлбеп ұшты ол
«Союдан» соң жаңағы,
еркін, әрі тұтқын болып,
бұғауланып барады,
Өзен, көлдер үстінде,
Ұйқыкезбе ақ дамбал –
еркін әрі тұтқын ол,
адал – сақиналанған,
Шағынады түпсіз көкте,
екі түрлі тағдыр енді басталды:
аспанда ол – жердікі,
Жерде бірақ – аспандық,
Елді мекен үстімен ұш,
Цюрих сағатының тілі –
далбаса,
әрине, егер одан бұрын
сақинаңды оқ алмаса,
Қанша бұлқынғаныңмен сен,
Жылан-білезік жейді сенің жаныңды,
Сол металдың дәмімен де
өзгертесің әніңді.
Қолда енді сенің-дағы тізгінің,
балалардың батпырауығы іспетті,
балықшылық Нида үстінде
Мәңгілік
Қиқулайтын боласың сен,
іс бітті.
* * *
Жайлы төсек – жалқаулық
Тұтқындық ол тым ұзақ,
Ұйықтауға көңіл жоқ,
Оянғың жоқ күн ұзақ –
Телефонға тұрғың жоқ, менен аттап сен бірақ,
ұмтыласың есікке шаршап-талып, болдыра.
Сенде оянып бір дыбыс бейне қоңырау секілді,
Иығымды қытықтап, шіміркентті бетімді.
«Билет?– дейсің сен маған – құрысыншы, қой әрі».
Көлеңке боп күн ұзақ бүйірімізді ояды.
Қозғаушы күш – жалқаулық,
Диогеннің кілті сол.
Сен – ғажапсың!
Қалғаны – күл боп ұшар сілкісең.
Дүние күйіп жатыр ма? Шыдар ертеңге дейін!
Телеграмды алмайық,
ертең бір-ақ көрейін.
Ерінесің кешкі асқа, тиюға «ызың-ғызыңды»
Ерінесің.
Ойды оятар жалқаулық. Мынау содан үзінді…
Колхозшы да ақыр кеп
жолға ұйықтады
аямай-ақ –
ешкі сирақ сатир боп,
галифе киген,
жалаң аяқ.
БАЛЛАДА-ДИССЕРТАЦИЯ
Мұрын-ғұмыр бойы өседі.
Ғылыми деректерден.
Былай деді кеше маған докторым:
«Талант болу мүмкін Сізде ең ірі,
Пісіргішің мұздап қалған көп бұрын,
аязды күн үйден шықпа өмірі».
О, мұрын!..
Соқпай қоймас сағат сын-ды
Сізде, бізде,
бетте-жүзде қырынбаған, қырынған
барлық заңы
медицина
бойынша
емін-еркін өсіп жатыр мұрындар!
Түні бойы шығады өсіп мұрыны
барлық даңқты азаматтың,
ер мүлде
күзетшінің,
замминистрлердің де,
байғыз құстай пысылдайды көз ілмей
мұрын біткен, салқын, қисық, сан қилы
мұрындарды боксер ұрып,
есік қысып жатады,
есіктердің саңлауынан аңдиды,
бұрғы құсап бір ұры –
көрші әйелдер мұрыны!
(Мұрындардың мистикалық ролін
Құйқасымен сезінген-ді Гоголь.)
Букашкин дос мас еді,
бәлкім, соның әсері,
түс көрді ол:
істік құсап, жат ырым,
люстраны, табақтарды жапырып,
тесіп өтіп төбені,
мұрын өсіп келеді.
Чекті тізер шеге құсап,
қызық бұл:
Этаждарды көктей өтіп,
істік-мұрын тізіп тұр!
«Бұ несі екен»– ертесіне толғатты ол
дедім мен:
«Сұмдық Сот қой көрінген
Қарыз ісін тексерер күн қолғаппен!»
30-на Букашкин дос отырды.
О, мұрындар қозғаушы күш мәңгілік!
Мұрын – ұзын,
Ғұмыр – қысқа жаңғырық.
Түн ішінде сұрқай беттен қырынған,
Құзғын құсап,
Насос болып немесе
бізді сорып тауысады мұрындар.
Эскимостар, болмаса ел өсегі,
Мұрынымен сүйіседі деседі...
Бізге жетпей жүргені енді осы еді.
АКТЕР МОНОЛОГЫ
Құлауды тілеймін бір мықтап,
шамды өшір!
құтырған көпшілік,
деп едім
Кассирден алса өшін.
Дамбалшаң күйімде, анадан
бастап бір сыпыртса,
көк өрім
Әртіс қыз ойнаған жаңадан
Жағымнан жаныса деп едім!
Мені ұқпағандарды мен ұнатам,
Етпеймін қарсылық.
Овощторг бетіме лақтырсын
помидор, қиярын бар шірік!
Сәтсіздік жасасын!
Маған түн қараңғы түбінен
Не ашылса,
елес боп жүрмесін деп Сізге,
дәл соны өлтірдім бүгін мен.
Түсіктен кейінгі қыз құсап,
Көкірек қаңырап, жасып тым,
тумаған дүниемді, тамырмен
шын аңсап,
қайғыруға асықпын.
Кеш мені, тіршілік
Біз – қонақ,
Нан да жоқ, азынап,
Жеріңде қасірет тұрса ұлып,
табысқа жетудің өзі ұят.
Сен бақыттымысың келіншек,
төртінші қатарда,
Мұң тұнған көзіңе?
Артиллерия боп мен барлық қырсықты
шақырам өзіме.
Сәтсіздік, тілеймін апатты кеңінен
Қайырым етіңдер,
адамдар кіл асыл.
Бар қырсық қосыла менімен
Құрдымға құласын.
* * *
Біз – көшпенді,
біз – қаңғыбас,
біздің мақсат ендігі,
қайыптан тайып бүгін мұнда түнейік,
ал, аржағы – бола жатар белгілі!
Біздің пәтер жұрт көзінен жасырын
Әруақ, рұх туралы ілімдегідей,
Жат қабырға – жат храмдай жарты іші,
бөтен тұрмыс тартысы,
Суреттерді қабырғадан жайлап өрттей, жегідей…
Қане, іздейік –
тоңазытқышта не бар?
Күтіп тұрған жоқ ас үйде газ бізді,
телефонға бізді ешкім
шақырмауы және бар,
ең жақыны бөтендердің ішінде
Күйік құсап күлт-күлт етіп әрине,
Кімнің сүйісі өшпей тұрған түнекте,
Желмен тарап үлгірмеген әлі де?..
Саған не боп қалды менің сүйіктім?
Жер ауғанбыз, бөтен өлке бұл әрі,
Шошқа сын-ды меңіреу қала,
бұлардың
сезімдері қайда жасырылады?
Әкімдерше қарын өсіру әрі асып
Ұят нәрсе;
есіл ар,
бірақ біздер бірге жүрсек жарасып –
Мұнда ұяттың несі бар?
Қауіп – кафедралардан мылжыңдау –
бізде не бар қауіпті?
Жоқ, біз емес, қызған астық секілді
бықсық жандар, махаббаттың өзінен
Солар қауып
тауып тұр!
Құпия тұрмыс тойғызды ойды тоқыратып!..
Тұс қағазын өртесек пе?
Суреттерді қақыратып?
Кетер кезде
Сервиздерді қиратсақ па түсіріп?..
«Табақшаға тиме – мүлкі кісінің».
РИМ МЕЙРАМДАРЫ
Римде әрбір Жаңа жыл сайын
барлық ескі нәрселерді далаға
шығарып тастайтын дәстүр бар.
Дүрілдейді Рим, апатта
бөлініп қалған вагон құсап жанып бір.
Ал, Римге, Римге
Жаңа жыл кеп қалыпты!
Бөтелкелер атылады бомбы боп
Әйнектерден,
Әйнектер тұр мөлдіреп,
бір маскүнем моншасының астауын
балконға атып тастады.
Испан алаңында ал
Ұшқыш тарелке секілді әрі тайған,
Күйеуі ұшты біреудің –
Қартайған ғой, қартайған!
Ресторанда жалаңаштар ұсталды,
Ол: «Надандық жайламасын
ортаны!
Кие алмаспын өткен жылдың киімін,
Жаңа киім керек»– деді ол тағы.
Өмір түгін жаңартады, әлі де өстеді,
Жапырақ боп ұшты орманда қауырсын
телеграмма,
Хабарландырулар бар,
Сұлулардың адрестері –
бұған төзу ауыр сын.
Әсем қала, баттық сенің біз ұсақ
өзгерісіңе,
қызығыңа еселеп,
түлеп түскен жылан терісі құсап
жылтырайды ескі бетон-көшелер.
Өз теріңді өзгерттің сен неше рет?
Спидометр тарлық етті, ерсі өте
сенің тұрғындарыңа осы мазасыз,
Тағы қандай өнерің бар көрсетер?!
Мәз болады адамзат
ескісімен қоштасқанда бір түрлі.
Бізде әлдене өзгерісі келе ме?
Шабуылға шығамыз,
Уақыт сықылды,
Тұрамыз біз күйбең-тірлікті ұмытып,
болашаққа тәнті боп.
Құтылдым деп жас төгеміз неге біз?
Бұзаулаған бұғылар
Мейрімді боп, әрі содан
Қысылатын түрі бар.
Бәлкім, ауыр жыл болар
Самолетпен ұшуға!
Қайғырма көп оны ойлап,
Кетер бәрі оңайлап.
Біз ұшамыз, бұтақтан
Ұшып түскен алмадай.
Шайнасулар – жексұрындық боп қалды
Өмір сүрем бірақ Өзім, құрығанда
Желді суық күні қыстың ұлығанда,
детективті жұтып салып әндетіп,
Қисық үйде – қыстауда
айтуы үшін әлдекім,
Жасты көзбен мөлдіреп
Сенсіз, сенсіз тоңдым деп…
Әлдеқайда барады ұшып
тас түнекте тарыдай, ал,
біздің әппақ планета
балапандай жұмыртқаны жармаған.
Қабығын түртіп жарар ол,
Кім боп сайрар ол әлі?
Қара таған болып па,
атом-оққа жолыққан?
Болды маған сол байғұстың
Оңнан туса заманы…
Ал, Римде, Римде –
дүрілдейді Жаңа Жыл...
..Мандариндер, сауық пен би,
етектерден әдемі,
шам секілді,
абажурлар арқылы,
Жарқылдайды денелері әйелдің.
* * *
Б. Ахмадулинаға
Біз көппіз ғой. Төрт адамбыз біз бәлкім,
Жылдамдық бар көкірегің мұздайтын.
Қызғылт сары шашты шофер заулайды
рулімен алысып,
Қысқа жеңді күрте киген – сән үшін.
Аһ, Белка, желікпе жан апат бір.
түрің сырттай періштеге тақап тұр,
беті-жүзің фарфор сын-ды ақ, әрі
ақ шам құсап ауық-ауық жанады!
Тозақ бейне жатқан сын-ды таба ұрып,
Қақпасында күзетші тұр бір епті,
Спидометр – жолы бітіп дір етті,
ал, сен шылым тұтатасың қағынып.
Педаль басқанда ұнатамын мен бірақ,
Хорал сөзі секілді ол – сыңғырат,
«Қиын болды,– дейсің сонда ойланып,–
Менің правомды алып қойғаны...
Түсінесің бе,
Жылдамдығым шамадан тыс боп менің,
Көңілім бір құтырынған сәтте еді.
Ал, әйтпесе жай-ақ жүрген сияқты едім…»
Белочка, сен бауырыңды бүлдірме,
Сержант бізден ақылдырақ, білдің бе,
бірақ сенің жылдамдығың жыршылық,
Қорабында жоқ қой оның, тіршілік!
Ақындардың міндеті
Шақырым-минуттарды білмеу індетіп,
дыбысты алу тездігімен жарықтың,
періштелер ән салғандай
Көк аспанды қарық қып,
Осынау жарық жылдарының ішінде
Сәуле болып құрып кетсек еш мүлде,
Мейлі, бәйге алатұғын қалмай қойсын
ешкім де.
Бәрібір біз бірінші боп
аштық тездік күшін де.
Аңырат, Белка, хақ-пішінді асылым!
Сүйегіміз қалсын, мейлі, шашылып.
Бар жылдамдық атаулыдан асатын
Жыр-жылдамдық жасасын!
Алдымызда жатыр екен не күтіп?
Азбыз өте. Төрт адамбыз айтсақ, бәлкім, кеңітіп.
Біз заулаймыз –
Сен Құдайсың, жарығым!
Біз көппіз-ау бәрібір.
МАЯКОВСКИЙ ПАРИЖДЕ
Көше суретшісіне
Лили Брик көпір үс
тінде жатыр,
Машиналар таптап жаншып барады.
Табандар мен рәзендер астында
Тиын құсап жылтырайды жанары!
Қайыр-садақасын тастап өтеді ел,
Маяковский шор боп біткен
Жара құсап, жүрегімен ауырған,
ойын қартасындай бейне рамадан алынған
Сол көпірге суреті салынған.
Қалай, ақын, сүйгеніңмен бір болу?!
Тағдырыңмен ойнадың тым күштірек,
бет керек қой,
Хиросима сықылды,
Жату үшін көпірлердің үстіне!
Асыққан жұрт көкірегіңді жүр басып,
ал, арқаңда – Сена өзені кілкіді.
Теңбіл-қоңыз автобустар жорғалап,
Қытығыңды келтіреді бір түрлі.
Сізді қандай толқыныстар билеген!..
Көпір – көкке ілініп қалған тәрізді,
түнде өзінің саңлаулары арқылы
Сирень болып сіңіреді ол Парижды.
Шашпа. Дана. Футурист.
Көпірге шақ Жер елшісі...
Не керек,
Маяковский, Сіздің көрмеңізге ешкім
келмепті ғой,
ал, біз болсақ – келер ек.
Әлдене оқыр едіңіз-ау Сіз көсіп,
тәлкегімен тағдырдың
Жетпей тұрсыз бізге Сіз!
қайран ауыз қорғасын-мөр басылған
түн еді ғой о-дағы.
Сырнай емес, Сіздің омыртқаңыз да –
Көпірлердің ақ қалайы қорабы!
Маяковский, көпірдейсіз Сіз ескі!
Гимнастай,
уақыт үстінде, аңдадым,
табандарың тіреп жатыр РОС-ты,
бізді –
алақандарың.
Сіздің кеңдік көпірлерге бара-бар,
Көпір асты – машиналар қатары
шұбырғандай,
Маяковский табанының астынан
Маяковский – Москва өтіп жатады!
Шикілерді Маяковскиймен ұрып,
Маяковский – адалдық тұр кеміріп!
Мың-сан стадион Сізге қол ұрар.
Сіз не ойлайсыз,
өкінген бас?
Маяковский, Көпір жолдас?..
Көпір. Париж. Жұлдыз күтіп отырмыз.
Қызыл шапақ жасырынды төменге,
Жолақ етіп аспан көкті,
Жалғанды.
Қызыл із ед самолеттен қалған бір,
беттен бір-ақ тартылған
Ұстара ізіне ұсап кетті ол енді!
ӘЙЕЛ БҮЛІГІ
Ресторан, қай елдікі – жоқ есте,
әйтеуір бір түн іші;
алты еркек бар, столдар бар, Жаңа жыл,
Ызалы әйел бүлік-ойран салады,
Бәлкім, оған ұнамады топ мына,
Көзқарастар
Моншадағы жапырақтардай жабысқан?
Не үшін болсын – бәрібір. Демек, керек оларға –
Жақтарынан жаниды,
кір сіліккен секілді
Жатыр ұсақ шаң ұшып.
Соқ, соқ әйел! Кекпен кіріс! Ұр, қалқам!
Майонез жақ қасқа басқа әнебір,
Соқ, соқ әйел!
Шықшыттарға массаж жаса және бір!
Алда салар барлық төсегің үшін,
Ұр, қалқам!
Барлық кезде алда болғаның үшін,
Матриархат әлемде
баяғыда-ақ бастаған өз жұмысын –
Жігітті әуелі тартып алу,
Киіндіру,
есті болу,
Ұнау үшін күлу тағы жымиып –
азапты ондай суреттеу де – қиын, ұқ!
Жібер оған, салаттарды бұрып ұр.
Рыцарьлар, еркектер,
Сендер осы қайда ғана құрыдың?!
Тұрса бірі әйел үшін сүйенуге жарап тең –
тек әттең...
Ұр, кекшілім! Өмір деген – би әппақ
Ол емес, сен сүйреп шықтың ұяттан,
Жартылығын қоясың
Неткен жасық бұ тегі!
Оны қозғап алғанша – әлің құрып бітеді.
Балмұздақпен атқылауға бола ма?!
Ал, аязда капрон киіп еркек күту де обал, ә?
Сегізінші мартта өзіңе өзің гүл ап және оған
Қуануға болады, ә?!
Тізерлеңдер айыбы бар адамдар,
Колонналар, айлы тыныш алаңдар,
Сиын күні-түнімен,
Сен де әйелсіз баяғыда құрыр ең!
Қараңдаршы,
Әлгі столдың астынан ол жай ғана
Көтеріліп, теңселе аттап,–
барады, әне, айнаға.
«Қайран айна, салқын әйнек,
Сен емессің өзгерген,
Сыбырлаймын саған мен
бұтыс-шатыс сөздермен,
Өз ернімді
Өз ерніме тигізем,
Сен арқылы сырғып төмен құлаймын,
тағы ойлаймын: жүрексіздер, жоқ күшің –
тым құрыса мені ұрып алатын
бір еркек, сен жоқпысың!..»
ӘЙЕЛ САБАУ
Ұрады оны. Жылтырайды көз ағы
Машина іші ыстық, қапас,
Жан шыдап
болар емес,
Әппақ әйел аяғы
прожектордай төбені ұрад қайшылап!
Ұрады оны. Ұрады тек күңді өстіп,
Көз жасынан ажар тапты десе де,
Әлсін-әлсін жұлқынып кеп, сорлы әйел
Ұмтылады
Көшеге!
Тормоз-табан шыңғырып кеп тоқтайды.
Әйелге елдің жүгіргені бір қызық.
Ұрды, соқты, сүйреп алып шықты оны
бетін қарға,
Қалақайға жырғызып...
Аспай-саспай соқты-ау оны бір күшік,
О сымпыс бұт, Чайльд-Гарольд сұп-суық.
Қадалды кеп солықтаған бүйірге
Өтекке ұқсас бәтіңкесі сүп-сүйір.
О, басқыншы желігі,
тағылық, ескі әуенді...
Купавна қақпасының аузында
ұрып жатыр әйелді.
Ұрады әйелді талай ғасыр бойына,
Ұрды жастық,
Салтанатпен ерен бір,
Неке-тойда қоңырау ұрған секілді
Ұрып жатыр әйелді.
Жақтың оты жанып бітті, о, сөнсін
Жанып тұрған жарықтар-ау, әй, енді?
Мещандық қой, және қандай десеңші!..
Ұрып жатыр әйелді.
Бірақ оның көркі ғажап пәк, адал,
Құдай сын-ды қаһарымен қақаған.
Қалай осы?
Дін – жоқ,
Ту – жоқ,
Бар
Әйел!..
...Жатыр әйел көл құсап,
Жанары әттең судан мөлдір он есе,
Меншігі емес ол – оның
Орман жолы
Жұлдыз сын-ды немесе.
Жұлдыз қағып тырсылдатты аспанды,
Қара әйнекке жауған жаңбыр секілді.
Сырғанай кеп,
о, тәңірім, қаталым,
Оның оттай жүзін салқындатады.
МАМА АЙТАДЫ
Сен титтей нүкте едің құрсақта,
Әкең көз жіберген дәп халге,
Қызым, сен туралы
таластық бір сәтке –
қалдыру керек пе, жоқ па әлде?
Бұрымың судырай төгілген,
ап-айқын ақылыңды ақтар не?
Және де бүгінгі
Сұрағың тегін бе:
«Қалдыру керек пе, жоқ па әлде».