Найманқан Нұғыманұлы. Сөзі бар да, өзі жоқ қайран аға

ӘДЕБИЕТ
6272

Тот баспас шебер соққан алтын таға,

 Оқырманы «мәрт еді» деп берген баға.

 Қолда бар да алтынның қадірі жоқ,

 Сөзі бар да өзі жоқ, қайран аға!

Балғын бала, албырттау кезімізде кімнің жақын, кімнің алыс туыс екеніне аса мән бермей, әйтеуір, әке-шешеміздің барды-жоғын дастарханға қойып, арқа-жарқа боп, төріне шығарып , құрмет көрсетіп күтетін үлкен-кішіні бала көңілмен жақсы көріп, жақын тартатын едік қой. 

Ата-әжелердің (біреулері шын, біреулері немқұрайды көңілмен беретін) сұрақтарына білгенімізше жауап беріп, олардың риза кейіппен кекілімізден сипап, бетімізден сүйетін қылықтарына танауымыз делеңдей мәз болатынбыз.

Реті келгенде біз де ата-анамызбен ілесе барып, ол кісілердің үйінің төрінен орын табатын кездер жиі болушы еді. Үлкендер қоян-қолтық араласып, шаруа жайын күйттеп, әңгіме-дүкен құрып жатқанда, біздер мына жақта үлкені бар, кішісі бар ұл-қыздар да басында жатырқай, артынан улап-шулап ойынның көрігін қыздыратынбыз. Болмашы нәрсеге дауласып, ара-арасында ерегіс те туындап қалатын. Үлкендер қайтуға қамданып, жинала бастағанда біздер де біреуімен  дүлдараз, біреулерімен достық сезіммен қимай қоштасып кете баратынбыз.

Менің әкем жастайынан жетімдік көріп, балалар үйінде тәрбиеленіп өскендіктен бе екен, әйтеуір аралас-құраластықты жақсы көрді. Біреулермен қолдағы азын-аулақ қой- ешкісін жаз жайлауға қосу үшін араласса, біреулермен туған ағайындай қоян-қолтық болып жататын.

Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары біздің отбасымызбен жақсы қарым-қатынаста болған Самалбек ақсақалдың шаңырағы еді. Ол кісілермен күнде болмаса да, жиын-тойда, жаз жайлау, қыс қыстауға көшерде абыр-сабыр тоқайласып жатушы едік. 

Самалбек ақсақалдың бет-бейнесі әлі көз алдымда, көп сөйлемейтін, мұрны сәл пұшықтау келген төртпақ денелі мығым адам еді. Мен ол кезде 7-8 жасар бала едім. Самалбек ақсақалдың өзімнен 16-17 жас үлкен ағаларыммен қатарлас Заман деген баласы болды. Атжақты, сұңғақ бойлы, қимылы мен сөзі үйлескен, тез сөйлейтін, өте ширақ жігіт еді. Есімде қалғаны осы.

Арада қырық жылдан астам уақыт өткенде сол Заман ағаммен кездесудің сәті түсті. Ол кезде мен ауылда мұғаліммін. Заман ағам іргеміздегі көршілес Қойлық ауылында қызметте, тарихы тереңде жатқан үлкен ауылдың мәдениет ошағын басқарады екен.

Кезінде Заман ағаның артынан ерген, жігіттік шақтарды бірге өткізген, інісіндей болып кеткен Бағдат ағамыз Алдаңғор досым екеумізді бастап барған еді.

Ол кез нағыз тоқыраудың тұсы болатын. Дүниенің бәрі қат. Әдейілеп іздеп барған бізге риза болған ағамыз өзінің өтімділігінің арқасы ма , кім көрінгеннің қолына түсе бермейтін ішіп-жемді барынша молырақ алған екен, бізді тау бөктеріне апарып, бар мәзірін алдымызға қойып, емен-жарқын әңгімеге кірісті. Сөйлеуші Заман ағамыз, қостаушы Бәкең, тыңдаушы Алдаңғор екеуіміз. Өткен-кеткендерін еске алып, Талғардағы студенттік шақтарынан қызықты оқиғаларды, қыздарға қырындағандарын, орысы, қазағы, ұйғыры бар жергілікті жігіттермен болған төбелес-жанжалдарын айтып әңгімені жіберді десеңші... Сондағы сөздерінен Заман ағамыздың жөпшеңді жігіт-желеңге бой бермейтіндігі, спортқа да өте бейім болғандығы байқалып еді.

Ауылдан 10-шы класты тәмамдап, ары қарай оқуға бару деген ойында жоқ, тауда Тастұмада (Заман ағамның туған жері) әкесімен ілесіп, трактордың сүйретпесіне отырып, аптап ыстықта күнге күйіп жүрген өрімдей жас жігіт Бәкеңді сонау Талғардан ат арытып арнайы іздеп келіп, қояр да қоймай ата-анасының рұқсатымен өзі оқитын медициналық училищеге оқуға түсіреді. Бір ауыз орысша білмейтін, тіпті өзі тамақ пісіруді білмеген бозбаланы туған інісіндей көріп, болашағына бағдар бергенінің өзі ағамыздың бауырмалдығы емес пе? 

Әзірбайжаны бар, түріктері бар, күндіз-түні қасқырдай жортқан Талғардың бұзақыларының ішінде тайсалмай, жалы күдірейген арыстандай соңынан ерген бауырларын қорғап тәрбиелегенін Бәкең жырдан қызық қылып айтқан еді. Осыны айтып отырғанда Заман ағам риза кейіппен орнынан қозғалақтап ,өткен күндер есіне түскендей жымия қүліп еді. Сол оқу орнында үздік оқыған өткір де өтімді мінезді Заман ағамның оқытушылардың алдында да беделі жоғары болғанын тілге тиек еткен-ді. 

Әңгіме арасында жанарын тауға, онан әрі көгілдір көк аспанға тігіп, бізге түсініксіздеу әдеби тілмен өзі жалғыз отырғандай толқи сөйлегені кімге де болса құпия сыр болып көрінер еді. Өмір жайлы, кешегі мен бүгінгінің, өнер мен көрерменнің, ақын-жазушы мен  оқырман арасындағы байланыс туралы (бірін түсінсем, бірін түсінбеген) айтқандарынан жаратылысы ерекшелеу, ойы мен түйсігі мен ойлағаннан арыда жатқанын байқаған едім. Ол кісінің жазу-сызумен айналысып жүргенінен бейхабар болатынмын.

Кейіннен тағы да бір-екі рет кездейсоқ кездесіп қалдым. Соңғы кездескенімде көз жанарында кірбің бар, жүзі солғындау көрінді. Неге екенін мен сұрамадым, ол кісі айтпады. Құрдасы емес, құрбысы емес тергей жөнелгенді жөн көрмедім. Осындай жұмбақ жағдайда жүргенінің сырын жақында ғана білдім.

Үстіміздегі жылдың ақпан айында ауылымыздың білім ордасы орта мектебімізде облыс көлемінде есте қалардай  бір игі іс-шара өтті. Арысы Алматы, Талдықорған қалаларынан, берісі Сарқан және Алакөл аудандарынан атағынан ат үркетін ақын-жазушылар, қоғам  қайраткерлері келді. Ауқымды жиын кезінде қонақтарға мектеп ұстаздары мен оқушылар және ауыл тұрғындары қолдан келгенше құрмет көрсетті. (Бұл шара жайлы өзі де қатысқан ақтаңкер айтыскер ақын ,елге танымал Айтақын Мұқамади қоғамдық-саяси газет «Алатауға» көлемді мақала жариялаған еді).

«Заман ағам толғайды, Жангелді ақын жырлайды» тақырыбы аясында өткен іс-шараның негізгі себепкерлері аталған екі азамат еді.

Бірі – бүгінгі күні қаламын ұштап, жігерін жанып шығармашылық жолда жүрген ақын Жангелді Немеребай болса, бірі жаратқанның берген дарын – қасиетінің арқасында жас ұрпаққа үлгергенше мол мұра қалдырып, үлгермегенін өзімен бірге бақилық өмірге ала кеткен, әлем және қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қосқан,өлкетанушы,жазушы, өмірден ертеректеу баз кешкен қимас Заман ағам қара жердің қойнында бұйығы ұйқыда...

Баяғыда бір жігіттің өнеріне, болмыс-бітіміне, сөзіне риза болған ақсақалды абыз қария: – Бір кесіп жер жалы бар жігіт еді, – деп естуші едім. Жарадың. Ризамын! – деп батасын берген екен.

Сол айтқандай, жаны жәннатта болғыр Заман ағам кезінде ортасына сыйлы, ортаңқол қызметтер атқарған, әркімнің қолынан келе бермейтін тарихи- танымдық кітап, көптеген ауыз толтырып  айтарлықтай көркем туындылар, толғаулар жазған, бір басына жетерлік өнері бар, көзқарақты қариялардан бата алған, өтірік мақтан қолпаштауды, мүсіркеуді жек көрген жаны жомарт жан еді.

Қолыма қалам алып, мақала жазсам деген ой ағамның «Қазақтың үздік романы» аталып, бас бәйгені қаңжығасына байлаған «Қарақуыс» романын оқығаннан кейін туды. Ағаммен соңғы кездескендегі жабырқау жүзі, салыңқы қабағы, көңілсіз күйінің себебіне сонда ғана көзім жеткендей болды. Адам баласынын жан-дүниесіне, күйзелісіне басқаның бірден үңіліп, түсінуі мүмкін емес. Ол жатқан бір тылсым дүние. Десек тағы небір дарынды данышпандардың жан күйзелісін тап басып таба білген, құнарсыз көңіліне тыңайтқыш болған сүйіктісі, жанашыр жақтастары, мұңын шағар аспанда айы, жерде тау-тасы, шалқыған көлі, жан жары, астында тұлпары болғаны бәрімізге аян, тарихтан белгілі.

Кешегі ел еркесі Ақан сері өмірінің сүреңсіз соңғы  кездерінде ауру меңдеп, әлсіреген мылқау ұлы Ыбанды құшақтап, Қоскөлдің қамысы мен мөлдір суына мұңын шақса, жынды атанып, жазықсыз керегеге керілген Біржан сал Теміртасымен зарын айтып, бақұлдаспап па еді?

Өз отбасынан жылулық сезбей, тағдыры басына берген көлеңкелі күндерді бастан кешіп ,байыз таппай безілдеп жүрген ағамның өміріне нәр берген, пәс көңілін сергіткен, интернет арқылы танысып, сырын ашып сырласқан, мұңын айтып мұңдасқан, бара-бара сүйіктісіне айналған бір нәзік жанды аруды тағдыры сыйға тартты. Сөнуге айналған қоламтаны үрлеген желдей болған осы бір бойжеткен бойына жігер берді. Ерекше күйге түсті. Аң-таң... 

Шын ба?

Өтірік пе? 

Көрген түстей болған жағдай расқа айналды .

Әсем қала Алматы. Ақпан айынын соңғы күндері. Тұңғыш Президент паркі. Алпыстың қырқасынан әлдеқашан асқан, ауылша қарапайым ғана жұпыны киінген, алдағы кездесу қалай болар екен деп ойға батып, мазасыз күй кешкен біреу жүр.

Бұл – жүзі өзіне беймәлім, бірақ телефон арқылы сөйлескендегі құлаққа жағымды үні жанына жылу берген, салиқалы сөздері әлі құлағында күңгірлеп тұрған аяулы Қырмызысын, алдағы өмірінде аялап ұстар гүлін күткен Заман ағам еді.

Бас-аяғы ат шаптырым парктің қарсы жақ қақпасынан бойшаңдау, қөз тоқтатар көркі бар, өзгеше бір сәнмен киінген, нұрға толы жүзіне сырға толы көзі жарасқан ,әлдебіреуді іздегендей жан- жағына байыппен қарап қойып , бір бойжеткен келіп кірді.

Бұл – тағдырдың тәлкегін бір кісідей басынан кешірген, пешенесіне жазылған ауыр күндерді мойымай көтерген, бүгінгі күні табандылығымен, бойға біткен қайсарлығымен бәрін жеңе білген, ісі мен сөзі бірлескен, діттеген жеріне жеткен, қазіргі таңда алыс-жақын шет елдерді тұлпары алқынбай аралап жүрген, жомарт жанды Қырмызы қыз болатын. 

Кездесу...

Осы бір сәтті де тәтті болған кездесу екі тағдырдың бір арнаға түсіп, алғаш рет бетпе-бет келіп, тіл қатысып жүздесудің аяғы сезімге толы махаббатқа ұласуы құдіреттін күші екеніне дау жоқ.

Кешірек кездескен шыныдай мөлдір махаббат, жылы жүрек, пәк сезім тоқайласқанда асу бермес асқар шыңдар да ,өткел бермес асау өзен де, қол жеткізбес асқақ арман да пенденің бойына құдірет берген асыл қасиет алдында кедергі бола алмайды екен.

«Махаббат бар жерде өмір бар», – демекші бас-аяғы үш-төрт жылдай-ақ бірге ғұмыр кешсе дағы екі кейіпкерлерімнің арасында туындаған адал махаббат мәңгі өшпестей мөлдір сезімге айналды.

Жазушы ағамның көзі тірісінде жарық көргені бар, көрмегені бар еңбектерін жинақтап, баспадан шығарған Қырмызы жеңгемнің ерен еңбегін қалай мақтап, дәріптесек те артық емес.

Заман ағам мен Жангелді ақынның туған жері Көлбай ауылының орта мектебінде қос қайраткердің атындағы қазақ әдебиеті кабинетінің орын тебуі, заманға сай жабдықталуы махаббаттың құдіретінен, Қырмызы қыздың ағама деген адал да құштар сезімінен туған игі іс деп білемін.

Бірде: – Заман  ағаңның өмірі енді басталды, – деп еді Гүлмира жеңгем. Неге олай деді  екен? Бір кездескенде сұрармын...

Бізге беймәлім басқа планетадағы тіршілік иелері айтады екен: «Төбесінен қарасаң жер хрусталь шар, ал адамдар шар ішіндегі сүзеген бұқалар сияқты» – деп. 

Шынында да маңайға зер сала қарасақ, алдында не күтіп тұрғанына көзі жетпесе де, мақсатыма қалай жетсем деп ,тыным таппай, алқын-жұлқын жүгірген, жанталасқан пенделер...

Көлбай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...