Жуырда Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театр сахнасында «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» к...
Қазақстандық композиторлардың музыкасы Польшада әуелейді
«Астана Операның» әйгілі хоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен 26-27 мамырда Белостокта өнер көрсетеді, сондай-ақ Варшавада қазақстандық композиторлардың музыкасы шырқалатын үлкен жеке концерт береді.
«Астана Опера» хорының өнер көрсетулерін хор өнерін бағалайтын жандар әрдайым тағатсыздана күтеді. Ал әлемдік қоюшылар ұжымның кәсібилігі мен вокалдық шеберлігіне жоғары баға береді. Елордалық театрдың хор ұжымының атына «ерекше хор», «қуатты хор», «тамаша хормейстер» деген теңеулер үнемі айтылады. Қазақстандық хорды Қытайда да жақсы көреді. Мұнда ұжым XI Қытай халықаралық хор фестивалінде алтын медаль иеленген болатын.
Польшалық көрермендер де қалыс қалмады, Белосток қаласында «Хайнувка» халықаралық фестивалі аясында өткізілген беделді музыкалық байқауда «Кәсіби хор» номинациясында екі мәрте жеңімпаз атанған елордалық ұжымның шығармашылығымен олар да жақсы таныс. Бірінші рет «Астана Опера» хорының әртістері бұл фестивальде 2006 жылы өнер көрсетіп, Бас жүлдеге ие болған еді. Ал 2011 жылы хор Польшаға ұйымдастырушылардың шақыруымен барды, ол кезде ұжым бірінші орын алып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Биыл елордалық ұжымды «Хайнувка» беделді халықаралық байқауына қатысуға тағы да шақырды.
– Мына бір жайтты мақтанышпен айтқым келеді, фестиваль ұйымдастырушылары мен оның көрермендері еуропалық композиторлар жазған а капелла музыкасының жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті, – деді «Астана Операның» бас хормейстері Ержан Дәуітов. – Біз А.Николаев-Струмский, П.Чайковский, С.Рахманиновтың едәуір күрделі туындыларын шырқадық.
«Хайнувка» халықаралық фестивалі Польшаның Белосток қаласында 1982 жылдан бері жыл сайын өткізіледі. Осы уақыт ішінде онда Еуропа, Азия, Солтүстік Америка, Аустралия мен Африканың 44 елінен 944 хор өнер көрсетті. Фестивальдің басты ұстанымы мәдени әртүрлілікті, сондай-ақ Шығыс пен Батыс өкілдерінің құрметі мен қамқорлығын насихаттау болды. Польша президенті мен Поляк композиторлары одағының қолдауымен өтетін «Хайнувка» фестивалі Шопен атындағы пианистер байқауы және «Варшава күзі» халықаралық заманауи музыка фестивалі секілді айтулы мәдени шаралардың қатарында.
– Фестивальдің өзінің айнымас дәстүрлері бар. Онда танымал ұжымдар өнер көрсеткен, қазылар алқасының құрамында белгілі музыканттар мен композиторлар болған, мысалы атақты поляк композиторы Кшыштоф Пендерецкий, Игорь Раевский, Борис Тевлин, – деп атап өтті Ержан Дәуітов. – Биыл фестивальге қатысу үшін салмақты бағдарлама дайындап жатырмыз. «Астана Опера» хорының орындауында М.Мусоргский, К.Пендерецкий, А.Николаев-Струмский, А.Молодовтың туындылары шырқалады. Біз орындаушылық деңгейді таныстыруды ғана мақсат етпейміз, сонымен қатар опера музыкасымен бірге, мүлде әртүрлі стильдерді орындау қолымыздан келетінін, ұжымымыздың жан-жақты екенін және шығармашылықта шегі жоғын көрсеткіміз келеді. Бұдан бөлек, біз еуропалық тыңдармандарға өзіміздің жеке концертімізді ұсынамыз. Оған қазақтың көпшілік ұнататын және ең танымал туындылары, атап айтсақ Ғ.Жұбанованың «Жалғыз емен», Е.Рахмадиевтің «Хорал», С.Әбдінұровтың «Күй», Ә.Әбдінұровтың «Қуырмаш» әндері, қазақ әндерінен попурри және тағы басқалары енді.
Айта кету керек, қазақ ұлттық музыкасының концертін өткізу жайлы бастама көтерген Польша тарапы болатын.
– Фестивальге алғаш рет барғанымызда жергілікті жерде шағын концерт өткізіп, онда қазақстандық композиторлардың бірнеше туындысын ғана орындаған едік. Польшалық көрермендер оларды өте жылы әрі зор қызығушылықпен қабылдады, – деді хормейстер. – Сондықтан «Астана Опера» хорының алда Варшавада болатын концертін еуропалықтарды қазақ ұлттық музыка мәдениетін таныстыру жолы, еліміз қол жеткізген вокалдық шеберлік деңгейін паш ету мүмкіндігі ретінде қарастырып отырмыз.