Ұлттық музейде «Музейлер түні» акциясы өтеді

МУЗЕЙ
910

2023 жылдың 18 мамыр күні сағат 18:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейлер түні» акциясы өтеді.

ICOM Халықаралық музейлер кеңесінің тұжырымдамасына сәйкес, биылғы жылғы акцияның тақырыбы – «Музейлер, тұрақтылық пен әл-ауқат». Осыған байланысты Ұлттық музей ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Музей-уақыт ағымында» атты ауқымды тарихи-танымдық жобасын ұсынады. 

Күндізгі 10:00-18:00 аралығында Ғылыми кітапханада «Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы» симпозиумы өтсе, музей залдарында «Балдырған гид» жобасы аясындағы шолу экскурсиялар, «Жәдігерлер сөйлейді» квест-сабағы ұйымдастырылады. 

Кешкі 18:00-ден бастап Ұлттық музей басылымдары мен «Алматы-кітап» баспасының кітап көрмесі, «Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде» авторлық қуыршақтар көрмесі, «Көненің көзін ашу» атты ҚР Ұлттық музейі Консервация және қалпына келтіру қызметінің көрмесі мен шеберлік сабақтары, қолөнер жәрмеңкесі, ғылыми дәрістер, театрландырылған экскурсиялар мен ойын-квесттер басталады. «Жұлдызды гид» жобасында елге танымал тарихшылар Радик Темірғалиев, Жақсылық Сәбитов, Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, медиаменеджер Арманжан Байтасов, блогер Диас Камериданов пен «Pygmalion» галереясының негізін қалаушы Данагүл Төлепбай музей залдарында экскурсия жүргізеді. 

Мерекелік кеште Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Үрмелі аспаптар оркестрі мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, би ұжымдары, диджейлер өнерлерін паш етіп, соңында отты шоу көрсетіледі. 

«Музейлер түні» – бұл еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға, көпшілік асыға күтетін дәстүрлі шаралардың бірі. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – еліміздің ең басты әлеуметтік-мәдени мекемесі ретінде музейге деген көпшіліктің қызығушылығын ояту, тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламалар арқылы музейдің беделін арттыру. Ол жастардың шығармашылығын дамытуға, мәдени орта құруға үлкен септігін тигізеді. Елордамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін аталмыш шара музей әлемімен танысуға, музей коллекциялары мен экспозициясын көруге, мәдени бағдарламаларға қатысуға және көңілді демалып қайтуға зор мүмкіндік береді. 

Кешкі 18:00-ден бастап келушілердің барлық санаты үшін музейге кіру тегін. БАҚ өкілдері аккредитацияны nmrk.muzei@mail.ru поштасына 2023 жылдың 17 мамыр күні сағат 18:00-ге дейін жіберу қажет.

Жаңалықтар

Теміртау қаласы маңында екі көлік соқтығысып, екі бала қаза тапты. 10 адам ауруханаға жеткізілді, де...

Жаңалықтар

4 мамырда Димаштың 2024 жылғы алғашқы жеке концерті Будапештте "Stranger" турының аясында өтті.&nbsp...