1937 жылдың 24 қыркүйегінде С.Сейфулин Сталиндік қуғын-сүргінге байланысты жалған жаламен ұл...
Сәкен Сейфуллин музейінің сайты іске қосылды
1988 жылы 20 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Астанада Сәкен Сейфуллин музейі ашылған болатын. Биыл ордалы отыз жыл. Айтулы дата, берекелі мереке. Осыған орай, музей ұжымы көптеген істерді қолға алып жатыр-деп хабарлайды С.Сейфуллин музейінің баспасөз қызметі.
Игі шаралардың бірі ретінде бүгін музейдің ресми сайты жұмысын бастады. Блогерлер мен журналистер қауымына сайт таныстырылып, атқарылып жатқан шарулар талқыланды.
Сайтта қазірге 6 айдар бекітіліп, музей тарихы, көрме залдары, музей ұжымы, фото-видео мұрағаттары жинақталған. Сонымен қатар, атқарылып жатқан іс-шара туралы мәліметтер мен құлақтандырулар жарияланады.
«Бұлар музейдің қазіргі мүмкіндігіне орай жинақталған материалдар. Алдағы уақытта барынша күш салып, толықтырылып отырады. Сайт қазірге мемлекеттік тілде жұмыс бастады. Болашақта ағылшын, орыс тілдерін қосу жоспарланып отыр» - деді музей директорының орынбасары Гүлназия Ибраева.
Таныстырылымға журналистер мен блогерлерден басқа жас ақын-жазушылар және IT мамандар келіп ұсыныс пікірлерін айтты. Сайттың болашақта толықтырылуға тиісті, әлі де жетілдіре түсетін тұстарына тоқталған қатысушылар «Сәкентану» , «Сәкен мұрасы», «Ән қанатында» сияқты айдарларды қосу туралы ұсыныс айтты. Сонымен қатар сайт доменінің күрделігі де сөз болды. «Бұл қазіргі уақытта контент жинау үшін қолайсыздық тудыруы мүмкін» -деді блогерлер. Талқы барысында қолданыстағы http://seifullinmuseum.kz доменін www.saken88.kz мекен-жайына ауыстырылатын болды.
«Бұл Сәкентанушыларға таптырмас көмекші бола алады.Сәкен Сейфуллин туралы, музей тарихы жайлы БАҚ беттерінде шыққан ақпараттар түгелдей осы сайтқа жинақталады. Алдағы уақытта кем-кетігін ескереміз деген ойдамын. Сәкеннің кітаптарын, Cәкентанушылардың еңбектерін және Сәкен әндерінің аудио-видео нұсқаларын осы сайттан таба аласыздар. Сайтта музейдің жұмыс істейтін уақыты, музейге қатысты жаңалықтар қамтылған. Болашақта 3D экскурсия жасауды да жоспарлап отырмыз»-дейді сайт админі Қабиден Қуанышбай.
Әрине, бұл әуелі Астанадан басқа елді-мекендердегі, өзге облыстардағы Сәкен жанашырлары мен Сәкентанушылар үшін таптырмас ақпарат көзі болмақ.
madeniportal.kz