Ертегіде қонақта: Астанада «Етік киген мысық» спектаклінің премьерасы өтеді

ТЕАТР
1749

Цезарь Кюидің музыкасына балаларға арналған «Етік киген мысық» музыкалық спектаклінің премьерасы кішкентай көрермендер үшін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай тамаша сый болмақ. Шарль Перроның сюжеті бойынша ертегілік қойылым Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында екі күн қатарынан – 30 мамыр мен 1 маусымда өтеді. 


– «Етік киген мысық» балалар операсының премьерасы – X мерейтойлық маусымның сәнін келтіретін керемет оқиға, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Біздің театрымыз дамып келеді, біз үнемі көпшілікті музыкалық өнердің ғажайып әлемімен қызықтырудың жаңа түрлері мен тәсілдерін іздеумен келеміз. «Астана Операда» театрдың үлкен сахнасында әлемдік және ұлттық опера мен балеттердің қойылымдарымен қатар, К.Байсейітова атындағы Камералық залда «Piccolo» театры жұмыс істейді. Заманауи спектакльдер жасау бойынша жас композиторлармен белсенді жұмыс жүргізіледі. Биылғы жылдың күзінде, жаңа театрлық маусымда біз жас көрермендерге Ж.Дәстеновтің «Қаңбақ шал» тұңғыш ұлттық үлкен екі актілі операсын таныстырмақшымыз. 


Қойылымның режиссері ретінде Digital Opera және «Нано-Опера» халықаралық байқауларының лауреаты Еренбақ Тойкенов тер төкті. 

Ертегі желісі көпшілікке бала кезден таныс: әкесінің өлімінен кейін ағалары мұраны бөліске салады, нәтижесінде кенже бауырларына тек мысық қана бұйырады. Алайда, бұл жануар өзінің жаңа иесінің өмірін түбегейлі өзгерте алатын болып шықты. Мысық диірменшінің кіші ұлының адал досына айналып, оған байып кетуге ғана көмектеспейді, сонымен қатар айдай сұлу ханшайымға үйленуіне себепші болады. 


– Ғасырдан астам уақыт бұрын композитор Цезарь Кюи атақты жазушы Шарль Перро  ертегісінің желісімен жасаған «Етік киген мысық» операсы қазіргі кезге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ, – деп әңгімеледі режиссер. – Менің ойымша, оның басты идеясы өз әкесімен мақтанатын, оны күшті әрі құдіретті деп санайтын бала туралы әңгіменің идеясымен сәйкес келеді. Бозбала болғанда ол «әкемнен кем білмеймін, қолымнан бәрі келеді» деп ойлайды, ал есейгенде өз әкесінен асып түскеніне сенімді болады. Алайда, ер жетіп, біреумен кеңесудің қажеттілігі туғанда, әкесі жанында болмайды. Бұл хикая ата-ана даналығының құнды екенін, оны ақшаға сатып алуға болмайтыны туралы баяндайды. «Етік киген мысық» ертегісі кез келген тығырықтан шығатын жол бар екенін түсіндіреді деп ойлаймын. Ертегі ешқашан еңсені түсіруге болмайтынын, алға қойған мақсаттарға батыл қадам жасау керектігін үйретеді, сондықтан бұл ертегіні ынталандырушы деп атауға болады. 


Спектакль жас буынның күшімен жасалып жатқанын айрықша атап өтуіміз қажет, театр басшылығы оларға белсенді қолдау білдіруде. Еренбақ Тойкеновпен қатар, балалар операсының жұмысына музыкалық редакция авторы Әлихан Ыдырысов, қоюшы дирижер Элмар Бөрібаев, балалар хорының жетекшісі Алтынғаным Ахметова, сценограф Малика Төлегенова, костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова жұмылдырылды.

Солист ретінде жас вокалистер өнер көрсетеді, олардың қатарында ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары бар. Мысықтың партиясын Рамзат Балакишиев пен Артур Габдиев, Кіші ұлды (Маркизді) Талғат Аллабиринов пен Әлихан Зейнолла орындайды. Ханшайымдар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Джаркимбаева, Назым Сағынтай, Елена Ганжа және Ұлпан Әубәкірова. 


– Бүгінде көрермендерді таңғалдыру бұрынғыдан да қиын, әсіресе балаларды, – деп атап өтті Еренбақ Тойкенов. – Мұның барлығы заманауи технологиялардың дамуымен, компьютерлік ойындардың, әсерлі анимациялық фильмдердің көптігімен байланысты. Сондықтан біздер, қоюшылар, әрдайым жаңа идеяларды іздеуге тырысамыз. Техникалық шешімдерден, арнайы жарық эффектілері мен проекторларды қолданудан бөлек, визуалдық бөлік бойынша шеберлерді тартамыз. Ертегінің медиа суретшісі халықаралық мультимедиа суретшілер байқауының дипломанты Азамат Құттығожин болып табылады. 

Айта кету керек, «Етік киген мысық» «Астана Операның» балалар аудиториясына арналған бірінші қойылымы емес. Бірнеше жыл театрдың К.Байсейітова атындағы Камералық залында Тілеуғазы Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі ойдағыдай өтуде. Бұл қойылымда басты партияларды балалар театр студиясының тәрбиеленушілері орындайды. Сонымен қатар, балаларға арналған танымдық әрі көңіл көтеретін концерттік бағдарламалар өскелең ұрпақтың зор қызығушылығын туғызуда.

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...