Нотр-Дам де Пари Астанада

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Жаңалықтар
704

XX ғасырдың әйгілі хореографы Ролан Петидің Морис Жаррдың музыкасына шығарған «Париж Құдай анасының соборы» аңызға айналған балеті елорда тұрғындары мен қонақтарына 18-19 мамырда «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында ұсынылады. Бұл туралы  «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, madeniportal.kz хабарлайды. 

Осынау балет хореографиясының авторлық нұсқасының мінсіз тазалығын сақтау үшін Қазақстанға қоюшы балетмейстер Луиджи Бонино келді. Ол әлемдік музыкалық қауымдастық биыл жүз жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Ролан Петидің досы, ассистенті әрі дәстүрлерін сақтаушы.

- Мен Қазақстанға, Астанаға осынау керемет спектакльмен қайта келгеніме және «Астана Опера» балет труппасымен және оның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратовамен тағы да жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Ол менің жақын досым, онымен бірге қызмет жасағанда өзімді жайлы сезінемін. «Астана Операда» жүретін «Париж Құдай анасының соборы» балетінің қойылымына көңілім толады. Расымен де, Ролан Петидің стилін орындау өте қиын, себебі ол классикалық бидің техникасынан айтарлықтай ерекшеленеді, дегенмен оның стилін әлдеқашан керемет меңгеріп алған труппа әртістері тапсырманы тамаша орындап жатыр. Әлбетте, театрдың керемет жетекші солистерін атап өтпеске болмайды. Ғажап биші Бақтияр Адамжан Ролан Петидің көптеген спектакльдерінде өнер көрсеткен және осы балеттегі басты партияны жиі орындаған, оның ішінде Италияда да таныстырған. «Париж Құдай анасының соборы» балеті қазақстандық көрерменге ұнағанына қуаныштымын, Ролан Пети де бұған қуанушы еді деп ойлаймын, - деді Луиджи Бонино.

Ролан Петидің ең танымал еңбектерінің бірі «Астана Операға» әлемдік балет жұлдызы, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен әкелінген болатын. Өз уақытында Алтынай Абдуахимқызы маэстро Ролан Петидің шақыруымен 5 жыл бойы оның труппасында еңбек етіп, француз майталманының көптеген хореографиялық жауһарларындағы басты партияларда жарқын өнер көрсеткен.

«Астана Опера» балет труппасының орындауындағы спектакльді 2016 жылы зор табыспен өткен премьерасынан бастап елордалық көрермендер ғана ұнатып қойған жоқ, сонымен қатар оған Абай атындағы театр сахнасында Алматының және Мариинский театрының сахнасында Санкт-Петербордың көзі қарақты көрермендері де қол соқты.

Таңданудың қажеті жоқ, өйткені Ролан Пети қойылымды алғаш рет Париж операсында қойған сәттен бастап 60 жыл бойы ғажайып балет үздік балет труппаларының интерпретацияларында жетекші әлемдік театрлардың сахналарында жүреді. Бұл қойылымды орындау кез келген ұжымға сеніп тапсырыла бермейтінін айта кетуіміз керек. Оны репертуарға қосу үшін әртістер жоғары кәсібилік пен керемет актерлік шеберлікті паш етуі тиіс. Виктор Гюгоның көпшілік жақсы көретін классикалық романының желісі бойынша жасалған ғаламат спектакль өзінің бірегейлігі мен өзектілігін сақтап келеді. Ол көрермендердің өшпес махаббатына ие болып, театр сыншыларынан оң пікірлер алып келеді.

Thoughts on Papyrus. Exploration of Literature, Cultures & Knowledge сайтындағы сын мақалада Р.Петидің айтулы балетіне: «Осынау авангардтық спектакль өзіне балеттің дәстүрлі элементтерін заманауи би техникасымен біріктіре отырып, үш түрлі жігіттің: қатал дін қызметшісі Клод Фролло, ұсқынсыз, бірақ ақкөңіл қоңыраушы Квазимодо мен келбетті капитан Фебтің ғашықтық ынтызарлығының нысанына айналған кедей сыған қызы Эсмеральданың хикаясын баяндайды. Әлдебіреу емес, Ив Сен-Лоран жасап шығарған жарқын, сәнді костюмдер, сондай-ақ композитор Морис Жаррдың музыкасы осынау қойылымды нағыз көз қуантарлық мерекеге айналдыруға көмектеседі. Оның үстіне, балет дінге берілушілік, парыз, романтикалық махаббат пен құштарлық сынды тақырыптарды қозғайды», - деп баға берілген.

«Париж Құдай анасының соборында» Ролан Пети хореографияның дамуындағы өзінің ең үлкен дарынын – тарихи реализм мен фантастикалық хикаямен біріктіре алатын қабілетін паш етеді. Топтық билердің де, қуатты солоның да хореографиясы шыңына жеткізілген, ал музыка өріс алып жатқан драманың маңыздылығы жайлы жиі ескертіп отырады, мәселен ол сыған қызы туындатқан құштарлық, Эсмеральда немесе Квазимодо кез келген сәтте тап болатын қауіп болуы мүмкін», - деп жазылған мақалада.

Бұл күндері «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі, балеті, хоры және мимансы «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Ал спектакльдің басты кейіпкерлерінің бейнелерін елордалық театрдың танымал әртістері таныстырады. Сонымен, нәзік Эсмеральданың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева орындайды, ал Квазимодоның рөлінде сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан, Серік Нақыспеков шығады. Фролло – Арман Уразов, Айбар Тоқтар, Феб – Диас Құрманғазы (дебют), Еркін Рахматуллаев.

Еске сала кетейік, «Астана Операдағы» қойылым франциялық «Ролан Пети балеттері» қорымен бірге жүзеге асырылған, қойылым үйлестірушісі әрі жарық бойынша суретші – Жан-Мишель Дезире.

Басталуы 18:00-де.

Жаңалықтар

Бүгін елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...