«Мен қазақша сөйлеймін!» акциясының жеңімпаздары анықталды

РУХАНИЯТ
466

2023 жылғы 25 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарын онлайн марапаттау рәсімін өткізді.

Дәстүрлі байқаудың талабы бойынша әр үміткер Мағжан Жұмабайұлы бір шығармасын жатқа оқып, бейнематериалды әлеуметтік желіде жариялауы тиіс еді.

«Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру. Акцияға еліміздің барлық өңірлерінен 18 өзге этнос өкілдерінен тұратын 200-ге тарта адамның қатысуы соның айғағы іспетті. Биылғы жылғы Ережеге сай 18 жастан асқан азаматтар ғана қатыса алады деген шектеуге қарамастан, қатысушылардың жас ерекшелігі де әрқилы, белсенділігі де жоғары,– дейді байқауды ұйымдастырушылар, – орыс,түрік, әзірбайжан этносы өкілдері көптеп қатысқанын айта кеткен ләзім. Жамбыл облысы айрықша белсенділік танытты».

Әлеуметтік желідегі лүпіл саны жоғары үміткерлердің бейне материалдары қазылар алқасына ұсынылды. Арнайы құрылған әділ қазылар ұсынылған бейне материалдарды тыңдап, саралап, салыстыра отырып, лүпіл саны жоғары, оқу мәнері мен дауыс ырғағы, тіл тазалығы ерекше бағаланған Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беру орта мектебінің биология пәні мұғалімі Мажитов Абдулазиз Ахмаджонұлы акцияның Бас бәйгесіне лайық деп танылып, 50 мың теңге сыйлыққа ие болды.

Бірінші орын мен 40 мың теңге Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылдық округінің Ә.Байсалбаев атындағы орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Нагима Алиеваға табысталды. Екінші орын мен 30 мың теңге Шымкент қаласындағы №41 Макаренко атындағы мектеп ұстазы Диана Крыкпаева мен Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданының зейнеткері Элла Ким Тян-Сен өзара бөлісті. Теміртау қалалық Тілдерді дамыту орталығының тыңдаушысы Дания Калимуллова мен Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкері Илья Масенко үшінші орынды қанжығаға бөктеріп, 20 мың теңгеге ие болды.

Он қатысушы әрқайсысы 15 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына ие болды. Бұдан басқа мәнерлеп оқып, шеберлік көрсеткен үздік қатысушылар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының дипломымен марапатталды.

Жаңалықтар

“Көреміз” бағдарламасының журналисті Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасына виде...

Жаңалықтар

Cиноптиктер ертең, 25 қарашада еліміздің он екі облысында ауа райына байланысты ескерту жасады, деп...