Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйл...
Айхан Чатаева: Әке рухы алға жетелейді
Белгілі кинорежиссер, сценаршы, аудармашы Айхан Рақымбайқызы Чатаева есімі қалың көрерменге 90-жылдардың басында «Роза ана» фильмімен белгілі болды. Режиссермен, ұмытпасам, 1997-жылы таныстық. Айхан бала кезінде бірер фильмге түскен қызым Әсмәнің суретін киностудия картотекасынан көріп, өзі жоспарлап отырған «Оазия» балалар фильміне басты рольге шақырды. Ол бір экономика тұрақсыз кез. Фильмге берілмек қаржы уақытылы түспей, ақыры, жоба біржолата тоқтап қалды. Шығармашылығынан сырттай хабардар болғаныммен содан кейін жолымыз түйіспепті. Айханмен араға жылдар салып, 2020 жылы режиссер Д.Өмірбаевтың «Ақын» фильмінде кездестік. Ол Халықаралық бірнеше фестивальдің бас жүлдесін иемденген «Ақынның» кастинг директоры екен. Халықаралық фестивальдардан, арасында Балалар киносынан да жүлде алған «Роза анадан» кейін 2006-жылы «Түнгі блюз» көркем фильмі кең экранға шығып, көрермені жоғары бағалаған режиссердің басты бір арманы – ұстазы және продюсері Ролан Быковтың айтып кеткен өсиетімен балаларға арналған фильмдер түсіру. Айханмен бұл әңгімеміз осыдан біраз бұрын, Қазақ киносы күні қарсаңында болған еді.
– Айхан, әңгімені режиссураға келу жолыңнан бастасақ. Өйткені, әсіресе, кеңестік кезеңде бұл салаға қыз балалар сирек келетін еді ғой.
– Біздің ұрпақ кітап оқып өстік. Ауыл кітапханасы өте бай, ондағы барлық кітапты - өз жазушыларымызды, әлем классиктерін бала кезімде-ақ түгел оқыдым. Кітап кейіпкерлеріне қызығатын едім. Шіркін, мен де осындай дүниелер жазсам, деп армандайтынмын. Бір жолы ойымды әкеме айттым, сонда ол: «әрине, сен жазасың, міндетті түрде, қолыңнан келеді» деп қанаттандырды. Мектептен бастап республикалық газеттерде мақалаларым жариялана бастады, әкем мені ардақтап, ауылға той-томалақ жасап беретін. Одан соң мен әкем туралы повесть жаздым. Басты қаһарманым - әкем. Өйткені керемет адам, қайратты, әділ, көпке қамқор, іскер азамат еді. Бүкіл ауыл-аймақ, бүткіл туған-туыс әкемнен ақыл сұрайтын, қиянат көргендері де әкемді іздеп келетін. Өмірі оңай өтпеген. Бай тұқымы болған соң кеңестік кезеңде көп қудалау көрген, балалары шетіней берген, әйелі де қайтыс болған. Сол бір дүрбелең кезде Қытайға өткен. Ол жақта да оңай болмапты. Бірақ, еш мойымапты. Сол жақта анамды жолықтырып, шаңырақ құрған. Мен сонда, Құлжа қаласында дүниеге келдім. 1961 жылы Қазақстанға, Тоғыз бұлақ ауылына көшіп келіппіз. Сол кезде әкемнің кеңпейілдігі, жомарттылыгы сонша – отыз шақты отбасының елге көшіп келуіне қол ұшын берген. Көп қиындықтан кейін әрең көрген перзенті болғандықтан ба, әкем мені өте жақсы көрді, қатты еркелетті. Әкем туралы шығармамды сол кездегі Одаққа танымал «Юность» жастар журналына жолдадым. Көп ұзамай бас редакторы Борис Полевойдан: «біздің журналға үзбей жазып тұрыңыз. Оқуыңызды Мәскеудегі Әдебиет институтында жалғастырамын десеңіз орынды болар» деген хат келді. Әкем «менің қызым жазушы болады» деп, қуаныштан жүрегі жарылардай болып жүрді. Бірақ, сол жылы, мен мектепті бітірер қыста әкем қайтыс болды. Сол жылдары өзімді жарық дүниемнің оты өшіп, қараңғыда қалғандай сезіндім.
Киноға да оқушы кезімен қызығатынмын. Мектепте оқып жүргенде ауылға «Қыз Жібек» фильмін әкелгенде, әкем «қызым, жүр, жүр, «Қыз Жібек» келіпті», деп ертіп барды. Қандай мықты фильм! Аузым ашылып, таң-тамашамын, осындай да кино болады екен деп ойладым. Сонда әкеме айтамын ғой: «әке, мен де фильм түсірсем бола ма?» «Әрине, дейтін әкем, басың бар, ақылың бар, неге түсірмеске?» Жазушы боламын деп жүрген кезім ғой, сонымен кино да бала кезімдегі арманым болды.
1975 жылы ҚазМУдың журналистика факультетіне оқуға түстім. Студенттік шақта сол университеттің жанындагы кинотеатрға көп баратынбыз. Онда мықты фильмдерді қайталап көрсететін. Бір жолы К.Муратованың «Ұзақ шығарып салу» («Долгие проводы») фильмін көріп, шок алдым. Сонсоң, әрине, А.Тарковскийдің «Айнасы», О.Иоселианидің «Жапырақ жауғанда» («Листопад»), С.Соловьевтің «Балалықтан шақтан кейін жүз күн»(«Сто дней после детства»), С.Параджановтың «Анардың түсі»( «Цвет граната»), т.б. Әрине, «Қазақфильмнен» де көп көрдім. Оқудан қолым босады бітті – ол кезде Пушкин атындағы республикалық кітапханаға барып, 1885 жылы ағайынды Льюмерлердің «Поездың келуі» деректі түсірілімінен бастап кино тарихы мен бүгіні туралы - түсірілім, монтаж, Кулешовтың, Д.Ветровтың монтаждары, ассоциативті, параллельді монтаждар, т.б. көп оқыдым. Кинорежиссерлер туралы да. 3-курсқа келгенде кино туралы білімім аз болмады. Есіл-дертім кино еді. Ойым Мәскеуге, Кино институтына оқуға бару, өзімше қаражат та жинай бастадым.
Бір жолы пәтерлес құрбым газетке орап маған бір зат қалдырыпты. Затымды алып, газетті оқыдым да, көктен іздегенім жерден табылғандай қатты қуандым. Газетте Мұрат Әуезов пен Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Қазақфильмде» Режиссерлік курс қабылданатыны туралы хабарландыру бар екен. Конкурс өте үлкен. Оған бірнеше жас, арасында қазір белгілі режиссерлер Дәрежан Өмірбаев, Ардақ Әмірқулов, Абай Қарпықов бар – бірге түстік. Ал, Мәскеуге, 1982-жылы жол түсті. Мемлекеттік Кино комитет екі жылдық курстың үздік студенттерін «Мосфильмге» стажировкаға жіберді. Мен Глеб Панфиловтың атақты «Васса» фильмінің түсірілімінде болдым. Ара-арасында Э.Лотянудың, Э.Рязанов фильмдерінің түсірілімін де көріп жүрдік.
«Вассада» мен ассистент ретінде жұмыс жасадым. Алғашқы картинам, жұмыс өте қызғылықты, берілген тапсырмаларды ыждағатпен орындап жүрдім. Көрнекті актриса, Васса ролін орындаған Инна Чуриковамен таныстым, жақсы араластық. Өзі бір керемет адам, мықты актриса. Сол кісінің арқасында Ленком театрының репертуарын түгел көріп шықтым. Комиссар, Гертруда, Раневскаядан бастап өзінің барлық ролін көрдім. «Вассада» рольге ену сәттеріне куә болдым. Ролінің сырт өрнегін емес, ішкі қалтарыстарын қазбалайтын актриса.
– Үлкен шеберлерден тәжірибе жинадың ғой.
-Әрине. Мықты тәжірибеден өттім, бұл жағынан жолым болды. «Мосфильм» мектебі – үлкен мектеп. Онда режиссер культі бар. Жұмыс жасауға 200 пайыз жағдай жасалған. Бәрі кәсіби, жоғары дәрежеде. Бір жолы актердің роль костюмі жерге түсіп кетіп, топтағы біреу жерден алмақшы болып еді, костюм суретшісі, «тиіспеңіз, мен өзім аламын» деп әлгі костюмді сондай бір аялап жерден көтеріп алды. Кәсіби көзқарас. Тағы бір мысал. Г.Панфилов бір мезетте Саша есімді реквизит қызметкерін сұраған, оның әріптесі «мен бармын» деп еді, режиссер «маған тек Саша керек, шамдал иконаның қай жағында тұратынын сол ғана біледі» деп жұмысты тоқтатып қойды. Ал, Саша болса, осы мәселеге байланысты кеңес алу үшін Новодевичье шіркеуіне кетіпті. Көп ұзамай бір дъяконды ертіп келді. Оның айтуынша, шамдалды иконаның сол жағына қойған соң ғана түсірілім жалғасты. Фильмнің қоюшы-суретші атақты Николай Двигубовский еді. Қандай декорациялар десеңізші! Тарковский, Кончаловский, Михалковтармен әріптес Двигубовский кейін «Мосфильм» мен «Қазақфильм» бірге түсірген «Нан дәмі» фильмінің де суретшісі болды.
Екі жылдық оқуымды дипломдық 10-минуттық «Арлекин» деген фильммен, үздік баға алып, аяқтадым. 1983-жылы киностудияға келдім. Көп ұзамай Асанәлі аға Әшімовтің «Шоқан Уәлиханов» фильмінің тобына қосылдым.
– Бірден маңызды түсірілімге барыпсың. Алғашқы тәжірибеден не алып шықтың?
– А.Әшімов актерді фильмдер мен спектакльдерден көрсем, Әшімов режиссердің шығармашылық болмысы, жұмысына, мамандығына деген кәсіби көзқарасы тәнті етті. Шоқан заманының рухын беру керек - киім киіс, жүріс-тұрыс, әсіресе гримге дейін қатты мән берді. Фильмді қайталап көрсеңіз Асанәлі – Шыңғыс рухы қандай берік тұлға. Сағи-Шоқанның ұшқын атқан көзі, бекзат болмысы жаныңды баурайды. Нағыз Шоқан! Асанәлі ағаның бір харизмасы, қазақы даналығы бар. Түсірілім алдындағы арнайы дастархан есімде қатты қалыпты. Сол дастарханда қазақтың небір мықты актерлерін: К.Қожабеков, С.Майқанова, Б.Римова, Н.Тілендиев, тағы басқалардың тағлымды әңгімелерін естідім. Ал, Асқар аға Сүлейменов сөйлегенде отырғандардың бәрін аузына қаратады екен.
Жұмысымды өте жақсы көрдім - басыммен берілгенім сондай, зорықтым-ау деймін, қатты ауырып қалдым. Ленинградта емделдім. Мен сонда ауруханада жатқанда Сергей Соловьев Алматыға келіп, Мәскеу Кино институтының режиссура бөліміне курс алыпты, өкінішке қарай, қатыса алмай қалдым.
– Сен көрнекті кинорежиссер, актер, кезінде Одақта Балалар мен жасөспірімдер киносы мен телевидениесін дамытудың Халықаралық қорын құрған Р.Быковтың шәкірті болдың. Ол кісіге қалай жолықтың?
– Бұл өзі ұзақтау әңгіме. Қысқаша айтайын. «Шоқан Уәлихановтан» кейін С. Пучинянның «Ханым Вонгтың құпиялары», Р.Нұғмановтың «Ине» фильмдерінде кастинг жүргіздім, С.Шутовтың «Телефонмен – ертегі» фильмінің кастинг директоры, екінші режиссері болдым. Соңғы фильмге көрнекті актер Н.Жантөрин қатысты. Сол кездері киностудияның бас редакторы Мұрат Мұхтарұлы «қашан дебют жасайсың?» деп сұрайтын. Әкем туралы сценарий жазғанымды, сол бойынша фильм түсіргім келетінін айттым. Сценарийім Мұрат ағаға ұнады, түсіруге келісім берілді. Басты рольге мінез-болмысы әкеме ұқсайтын Нұрмұхан ағаны шақырғым келетін, ол туралы ағаға айттым да. «Телефонмен – ертегінің» түсірілімі кезінде көп әңгімелесетінбіз, ағаны ерекше жақсы көрдім. Әкем туралы әңгімелерімді тыңдаған аға келісімін берді. Бірақ, уақыт басқаша шешті. Нұрмұхан аға дүние кешті, қазақ өнеріндегі орны ойсырап қалды... Ал, менде жүрегімді жылытатын өзге материал болмады.
– Алғашқы толықметражды фильмің «Роза ана». Ол тақырыпқа қалай келдің?
– Алматыға оралып, ауруханада емімді жалғастырдым. Онда Әмина Өмірзақова апаға ұқсайтын бір кейуана жатты. Оған жанына мулат бала ерткен бір жас әйел күнара келіп тұрды. Әлгі апа немересінің драмалы, жоқ, трагедиялы деуге болатын өмірі туралы әңгімелеп берді. Немересі балерина екен. Қара нәсілді жігітпен кездесіп, одан бала сүйіпті. Жап-жас қызға бүткіл әлеуметтік ортасы күн көрсетпепті. Жығылғанға жұдырық деген, ата-анасы көлік апатына ұшырапты да, ол нәрестесімен жалғыз қалыпты. Ақыры сол психологиялық соққыдан бас көтере алмай, көп ұзамай өзі де қайтыс боған. Баланы әжесінің қолында қалыпты. Бұл оқиға, әсіресе, адамдардың қатыгездігі маған қатты әсер етті. Жастықпен шоқ басқан қыз баланың тағдыры көз алдымда тұрып алды да, ақыры «Роза ана» атты сценарий жаздым. Әжесімен тұратын бала сценарий бойынша анасын іздеп жүреді. Бұл кезде Мұрат Мұхтарұлы киностудиядан ауысып кетіпті. Әупірімдеп жүріп ақыры түсірілімге рұқсат алдым. Басты рольге Әмина Өмірзақова апаны шақырдым. Ортамызда Әмина апа - жақсы жұмыс жасадық. Бірақ, дебюттен толыққанды фильмді жасауға қаржы жетпеді. Не істемек керек? Әрі ойланып, бері ойланып, аяқталмаған фильмімді балалар киносының мэтрі, Одақта Балалар мен жасөспірімдер киносы мен телевидениесін дамытудың Халықаралық қорын құрған Ролан Быковқа көрсетуге бел байлап, Мәскеуге ұштым. Кездесу көңілімді орнықтырды. Жұмысым оған қатты ұнады. Бір ауыз сөзге келмей, фильмді толық аяқтауға қаржы бөлгізіп, көмек берді, «Казақфильмнен» Роза ананы сатып алды. Онымен қоймай көптеген Халықаралық кинофестивальдарға ұсынды. Мәскеу, Киев, Минск, Ташкент, Ашғабад, Бомбей, Эссен, Штуггард, т.б. қаншама фестивальда жеңімпаз болдық десеңші! Канны фестиваліне де таңдады, шарты - метражын ұзарту керек. Қаржыны өздері бермек. Алайда ол мүмкін емес-ті. Сонда ұстазым Ролан Быков «Балам, фильмің өте жақсы, шамалы метражы жетпей тұр, қимылда, кейін өкініп жүрме» деді. Бірақ, бүткіл түсірілімдегі декорация, костюмдерді қайта жаңғырту үлкен жумыс еді, оның үстіне кейіпкер бала да өсіп кеткен. Сонымен «Роза ана» 1992-жылы Канныда негізгі байқаудан тыс, «Юнио»р бағдарламасында көрсетілді. «Роза анадан» кейін көптеген продюсерлерден ұсыныс болды. Алайда мен өз сценарийлерімді түсіргім келіп, бас тарттым. Ролан Антонович балаларға арналған фильмдер түсіруімді қалады, Қоры арқылы қолдау көрсететінін айтты.
– Неге түсірмедің?
- «Роза анадан» кейін «Елес» («Химера») атты сценарийіміз байқау женімпазы болды - махаббат туралы жақсы бір хикая. «Мосфильмде», «12-А студияда» даярлық кезеңін бастап кеттік, алайда түсірілім алдында жобамыз тоқтап қалды, баяғы қаржының тапшылығынан. Содан кейін Ролан Быков қорына жақсылыққа бастаған бала туралы «Оазия» («Безбожник») атты сценарий ұсындық. Құрбым Р.Бектұрғанова екеуміз жазған бұл әфсанамыз ұстазыма өте ұнады да, Қоры арқылы 650 мың доллар бөлетін болды. «Қазақфильм» киностудиясымен келісімшартқа отырды. Сол кез үшін бұл өте көп қаржы. Келісімшартқа қол қоюға Мәскеуге барған продюсеріміз Ғазиз Шалдыбаевты Ролан Антонович мейрамханаға арнайы шақырып, «Айханға көмектесіңіздер, ол өте талантты қыз, бірақ, күрескерлігі жоқ, жолы қиын бола ма деп алаңдаймын» депті. Маған осы алаңын айтып өзі де хат жазды. Қор уәдесінде тұрып қаржыны аударды, сол кезде жаңадан ашылған «Қадам» бірлестігінде фильмге дайындық жұмыстарын бастап, кастинг жасауға кірістік. Сол кездері бес-алты жастағы Әсмәні (Сүлейменова) басты рольге бекіткеніміз осы фильмде ғой. Ал, тағы бір басты рольді ойнайтын баланы тауып қойғанбыз. Ролан ұстазым қатты ауырып жүрген. Соған қарамастан өзі жағдайды сұрап хабарласып отырды. Бұл астана Ақмолаға көшіп жатқан кез. Экономикалық жағдай мәз емес-ті. Үлкен өкінішке қарай, біздің тарап міндеттемесін орындай алмады, яғни бөлінуі тиіс қаржы түспеді. Мүмкін, тап сол күрделі кезеңде Үкімет үшін кино онша маңызды болмаған шығар. Көп ұзамай Ролан ұстазым қайтыс болды. Ал, сценарийім әлі жатыр. Ролан Антонович айтқандай, терең де маңызды туынды. Алайда «Қазақфильм» басшылары оны оқып шыққан да жоқ.
– Келесі фильмің «Түнгі блюзды» да көрермен ерекше жылы қабылдады. Көрілімі көп екен, кезінде жақсы пікірлер де көп айтылыпты.
Махаббат туралы түсіргім келді - махаббат пен сатқындық қатар жүріп отырғанда нендей кедергі, қиындыққа қарамастан жеңіп шыққан шынайы махаббат туралы. Мен өз табиғатымнан көрермендік фильмдер түсіргенді ұнатамын. 2006-жылы шыққан «Түнгі блюзды» көрермен өте жақсы қабылдады. Көрермендер сұрауы бойынша телеарналардан жиі көрсетеді.
– «Түнгі блюздан» кейінгі ұзақ үзілістің себебі не?
– «Түнгі блюздан» кейін киностудияға бірнеше сценарий ұсынғанмын, неге екенін білмедім, өтпеді, кейбірі тіпті қаралмады да. Мүмкін пысықтығым жетіспеген болар, мүмкін ұстазым айтпақшы, күрескер емес шығармын. 2019-жылдан бері қаржы Киноны мемлекеттік қолдау орталығынан бөлінетіні белгілі. Осы орталыққа да сценарийлерімді ұсынғанмын. Бірақ, үмітіміді үзбеймін. Өкініштісі – уақыттың өтіп бара жатқаны.
Айтарым - соңғы он алты жыл ішінде де кинопроцестен сырт қалған емеспін. Дубляж бірлестігінде режиссер болдым, отыз шақты көркем, деректі және анимациялық фильмдерді аудардым. Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясында режиссерлік шеберханада дәріс беріп, курс оқытып шығардым. деген Британ және Америка елшіліктерінің грантына түсірілген, балаларға тәлім-тәрбиелік мәні бар «Өз құқығыңды қорға» атты, әрқайсысы 10-20 минуттық он екі фильмнен тұратын киноальманахтың Көркемдік жетекшісі болдым. «Қазақфильмнің» көптеген фильмдеріне ат салыстым - екінші режиссер, кастинг директоры, редактор, аудармашы болдым. Аудармашымын дегенге таң қалмаңыз. Орыс мектебін, университет журналистикасының орыс бөлімін бітірдім. Бірақ, ауылда өскен қазақпын, нағыз қазақ – әкемнің қызымын. Анам да сөзге шебер, мақалдап-мәтелдеп сөйлейтін. Жоғарыда да айттым ғой, алғашқы шығармам әкем туралы еді деп.
– «Қазақфильмнің» тарихи фильмдеріне елеулі еңбек сіңіріпсің.
– Ия, тарихи үлкен киножобаларға атсалыстым. 2016-2018 жылдары режиссер Р.Әбдірашевтің 20 сериялық тарихи көркем «Қазақ Елі» сериалының толық постпродакшынын жасадым. Екі маусым бойы «Алмас қылыш» және «Алтын тақ» кинонұсқасының дыбыстау және дубляж режиссерлігін, Мәскеуде «Пифагор» студиясында, сонсоң Санкт-Петербургте «Нева» студияларында жасап шықтық. Тарихи фильмдердегі Ерлан Толеутайдың диалогтарын, және Асан Қайғы мен Қазтуғанның жырларын қазақ тілінен орысшаға түгел аударып шықтым. А. Әмірқұловтың «Абайдың жастық шағы» атты 2 сериялы фильмінде кастинг жүргіздім, екінші режиссері болдым.
– Фильмографияңда деректі фильмдер аз емес. Қазақ киносының корифейлері туралы да бірталай түсіріпсің. Айталық, Абдолла Қарсақбаев туралы.
– 90-жылдарың басында киностудияда қаржы жоқ, жұмыс жоқ, өте қиын жағдай болды ғой. Сонда көптеген режиссерлер, операторлар телеарналарға барды. Сол жылдары мен «Хабарда», «ШаҺар», «Алматы» телеарналарында қызмет еттім. Оларда шығармашылық топтар, кәсіби камералар бар. К.Қожабеков, Ә.Өмірзақова, Аранышевтер, сондай-ақ жинақтамашы Р.Спунер туралы, т.б, бас-аяғы оннан аса фильм түсірдім. Алғашқы деректі фильмім «Аңыз-адам» деп аталады. Ол көрнекті режиссер, қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаев туралы.
– Шынында да аңыз тұлға ғой. Қандай ерекше қасиеттері есіңде қалды, несімен тәнті етті?
– Абдолла ағамен «Қилы кезең» («Тревожное утро») фильмінің қайта жаңғыртылуында қызметтес, ассистенті болдым. Энергетикасы өте мықты еді. Есімде, «Қилы кезеңде» көш сахнасына көп дайындалдық. Абдолла аға болса киіз үйде шай ішіп, шылым шегіп отыр. Шылымын шегіп отыр, шегіп отыр. Және әлдене айтып отыр, айтып отыр. Режиссер бір мезетте осында, киіз үйдің ішінде және сонау бір тарих қойнауындағы қайғылы оқиға арасында жүрген сияқты. Таң қаласың. Өзге режиссер болса, дайындықтың арасында жүрер ме еді. Сол сәттерде маған Абдолла аға әлде бір құдырет иесіндей көрінді.
«Камера, көш, адамдар бәрі түсіруге дайын» дегенде Абдолла аға киіз үйден тез шықты, мен де жүгіріп бірге шыққанмын. Ол сонда құдды бір қолбасшы сияқты тұрды. Көш тырп етпей тұр. Бір мезетте режиссер Абдолла аға қолын сермеп қалып еді, айналаның барлығы қимылдап, қозғалысқа түсті. О-о, оны көру керек! Сан түрлі дыбыстар, аттар тұяғының дүрсілі, музыка, нағыз какафония, камера – керемет бір көрініс! Осының бәрінен керемет бір энергетика еседі, сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Мына кісі тегін емес, деп ойлап тұрдым. Құдды бір Демиург! Бәріне жан беретін Демиург!
Эпизод түсірілді. Оператор «керемет, керемет!» деп қояды. Сол сәтте Абдолла аға жарға жүгіріп шықты. Ол жерде жүгіру былай тұрсын, жүру қиын. «Тоқтаңдар, тоқтаңдар! Жаңа жасағандарыңды айнытпай қайталаңдар - сен анда қаштың, сен мында қаштың, сен мүлде басқа жаққа» деді шымыр дауыспен. Қызығы - базбір режиссерлердей бұйрық беру дегенді білмейді екен. Актерлерден тек табиғилықты қалайды. Сонымен Көш эпизоды екінші рет түсірілгенде керемет мықты, қуатты шықты. Мен бастан-аяқ режиссердің қалай жұмыс жасайтынын ыждығатпен қарап жүрдім, жақсы тәжірибеден өттім. Ағамен көп әңгімелестік те. Режиссер Қарсақбаев туралы алдымен «Аңыз-адам» деп очерк жазғанмын. Деректі фильмімді де осылай атадым.
– Алғашқы жазған шығармаң, алғашқы сценарийің әке туралы екен. Әңгімеңнің ауанына қарағанда, қадірменді әке қасиеттерін ұлттық кино тұлғаларының бойынан тапқанда әлдебір рухани қуанышқа бөленетін және алған тағлымыңды әдемі ұштастыруға ұмтылатын сияқтысың.
– Әкем Рақымбай мықты қазақ еді. Көрмеген қиындығы жоқ, бірақ, еш мойымаған. Жоғарыда шет жағын айттым ғой. Менің жеңістеріме қатты қуанатын, тіпті той жасап жіберетін. Маған деген сенімі мықты болды. Дүние кешкеніне қанша уақыт болса да күні бүгінге дейін рухын, қолдауын сезінемін. Сол рух мені алға жетелейді. «Тәңірім қолдасын! Құтымыз қашпасын!» деуші еді үнемі. Негізінен балалар өміріне арналған «ҚҰТ» атты сценарийімде де қазақ Ақсақалының жиынтық бейнесі бар. Негізге алынған прототип, әрине, әкем.
– Қызғылықты әңгімеңе рахмет. Шығармашылық жеңістерің көбейсін!
Әлия Бөпежанова
Алматы, 01.10.2023