Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы – тұран тұтастығы

Жаңалықтар
991

О баста 2009 жылы Кеңес ретінде құрылып,  2021 жылы Ұйым мәртебесін иеленген Түркі тілдес мемлекеттердің ресми ынтымақтастық орнатқанына биыл 14 жыл толып отыр. Осыған орай жақында Астанада Түркі мемлекеттерінің 10-Саммиті өтті. Айтулы шараға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстан қатысты, Түркіменстан мен Мажарстан бақылаушы міндетін атқарды

Бүгінгідей әлемде геосаяси жағдай ушығып тұрған, жан-жағымызды соғыс өрті шарпып жатқан, сондай-ақ үлкен державалардың әлжуаз елдерге өктемдік көрсетуге бейімділігі байқалған шақта Түркі мемлекеттерінің дербес ұйым болып құрылуы – уақыттың өзі талап етіп отырған құбылыс. Әрине, бұл әлі әскери одақ емес, дегенмен күні кешегі Саммитте бауырлас мемлекеттердің түрлі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрайық, экономикамызды бірге дамытайық, ортақ мүддемізді ортақтасып қорғайық деген ниеті қуантады. Тек ұзағынан сүйіндірсін деп тілейік.

фотосурет ашық дереккөздерден

Түркі мемлекеттері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір жұдырық болып түйілуінің тиімділігін әсіресе 2020 жылғы Таулы Қарабақтағы соғыс айқын көрсетіп берді. Оған дейін ұйымның мәдени байланыстары басым болатын, ал Әзірбайжан-Армян соғысынан кейін ол саяси сипат ала бастады.  Түркияның көмегімен Әзірбайжан 30 жыл бойы Армения бақылауында болған аумақтарын қайтарып алды. Бұл көпшіліктің көкейінде «е, біріксек біз де қуатты қауымға айнала алады екенбіз ғой» деген сенімді ұялатты. Кеңестер Одағының шекпенінен шыққан, әскери-экономикалық қуаты анау айтқандай онша мығым емес, халық саны аз Орта Азиядағы мемлекеттердің ортақ ұйым құруы әлемдік сахнадағы салмағын арттыра түсетіні сөзсіз. Оның үстіне бастары қосылмай, жеке дара бір-бір төбе болып отырған бауырлас елдер кейінгі жылдары түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы аясында өзара байланысты ұлғайта түсті. Тіпті 2017 жылдарға дейін екі жақты, әйтпесе көп жақты қарым-қатынас сылбыр жүрді деуге келеді. Ынтымақтастық артқан сайын бауырлас елдер арасындағы жақындасу жеделдеп, өзара түсіністік, туысқандық сезімдер тереңдей бастаған сияқты. Мұның нәтижесі – өздеріңіз көріп отырғандай, ұйым болып ұйысуға жетеледі. Мәселен, осыдан он шақты жыл бұрын Қазақстанның түркі мемлекеттермен арадағы сауда-саттығы 4-5 млрд доллардың ішінде еді, 2022 жылы ол 12 млрд-тан асты. Биыл бұл көрсеткіш 14 млрд-қа жетуі мүмкін.  Ертең Түркі мемлекеттер ұйымының Түркі мемлекеттер Одағына айналуы да онша қиын шаруа емес.

Осы тұрғыдан алғанда, Астана Саммитінің бұған дейінгі басқосулардан орны бөлекше. Оны Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен де байқауға болады: «Біз түркі әлемі брендін әлемге насихаттауымыз керек. Түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайту үшін біздің басқосуымыз «Түркілер дәуірі» деген атауды иеленіп отыр. Бізді ортақ менталитет, тіл, тарих, мәдениет біріктіреді. Енді, біріншіден, түркі елдері мемлекеттерінің Туы мен Таңбасын бір ретке келтіруіміз керек. Екінші – бірегейлендіру. Мемлекеттердің атауларын бір жүйеге түсіріп, стандарттауымыз қажет. Сол үшін жуық арада заң жобасын әзірлеп, мақұлдауды ұсынамын. Үшінші – реформа. Шұғыл арада Ұйым жұмысын жетілдіру шараларын қабылдауға тиіспіз. Төртіші, білім және ғылым саласында әріптестікті арттыруымыз керек. Бесінші – сенім. Қазір алмағайып заман, бейбітшілікке қатер төніп тұрған уақыт. Алтыншы – инвестиция. Өңіраралық сауданы дамытып, экономикаға инвестиция салу керек.Осы мақсатта Түркі инвестициялық қоры үлкен рөл ойнамақ. Жетінші – медиацияның маңызын арттыру маңызды. Қазір БҰҰ жұмысы тығырыққа тіреліп тұр, Бас Ассамблеяның рөлін күшейту қажет. Сегізінші –энергия. Энергиялық қуатты үнемдеу аса маңызды мәселеге айналды. Осы мақсатта биыл Қазақстанда Халықаралық энергетикалық форум өткізуді жоспарлап отырмыз» деген еді. 

Түркі Мемлекеттерінің Ұйымының байрағы

Түркі мемлекеттері ұйымының 10- Саммитінде көптеген маңызды ұсыныстар жасалды, бірқатар құжаттарға қол қойылды. Енді осы ойға алған бастамалардың бәрі жүзеге асатын болса, онда ұпайымыз толық түгенделмесе де, біраз шаруаның басы қайтар еді. Қалай болғанда да бұл Түркі ұйымы мүшелерінің қай-қайсы үшін де тиімді болатыны анық. Тек, әр мемлекет жан-жаққа тартып, ұлы мақсаттар жолындағы жұмысты, жұмыс емес-ау күресті жандандыра беруге тиіспіз. Түркі тілдестер мемлекеттер нақты біріксе, халық саны, әскери күші, экономикалық қуаты және жер аумағы жағынан әлемдегі озық Елдің санатында.

Салыстыру үшін мынандай бір дерек келтіре кеткім келеді: ортақ жиынтық есебімен алғанда Түркі мемлекеттерінің ұйымы жер аумағы бойынша 7-орынды, халық саны бойынша 8-орынды (170 млн), әскер саны бойынша 6-орынды(721 мың), алтын қоры бойынша 12-орынды, ал соғыс қарулары – ұшақ, тікұшақ, артеллерия, танк, бронды көлік, т.б алғашқы 4-5 орындарды еркін иемеденіп тұр. 

Бүгінде жер-жаһанда Шығыс, Батыс Солтүстік және Оңтүстік Азияның, Еуропа мен Солтүстік Африка құрылықтарын мекендеп жатыр екен.  Бүгінде түркітілдес халықтар тобына 40-45 этнос кіреді. Оның негізі мұсылман болғанымен, түркі тілдестердің арасында христиан, иудеи, буддист, тәңірші жұрттар да бар. 

Әлемді қазіргідей соғыс оты шарпып тұрған шақта, әйтпесе 2019-2020 жылдардағы жаппай індет кезіндегідей қарым-қатынастар үзілгенде қайсы мемлекет үшін де экономикасын әлсіретіп алмау міндеті бірінші орында тұрады. Жаһандық нарық үшін қауіпсіз сауда-саттық жолы, экономикалық байланыс пен даму алаңы керек-ақ. Сондықтан әлем назары Орталық Азияға, географиялық тұрғыдан «Жердің кіндігі» саналатын Қазақстанға ауды. Болашақта Орта Азия саяси ойындардың да назарын аудартады. Осындай алмағайып заманда түбі бір, тілегі бір, тамыры тереңнен қосылған Түркі мемлекеттерінің Ұйымы құрылуы заңды. Ағайынды адамдар иық тіресіп тұрса, бізге сырттан алар қауіп жоқ. Және Түркілер ұйымының құрылғанына наразылық танытып жатқан адам жоқ, қайта қостап отырғандар бар. Нағыз ұтымды сәт осы!

Тұран мемлекеті («Түріктер мемлекеті», «Түріктер мекендейтін жер» дегенді білдіреді – авт.) қуатты болса, әскері күшті болса, Орта Азиядағы ең айбарлы мемлекетке айнала аламыз. Бұл тілекті халық қостап отыр. Әрине, ұлт ретіндегі ерекшелігіміз бәрінен жоғары, ата-бабамыз бұл жерді қазағымның болашағы үшін деп қорғап қалған. Сонымен бірге сонау есте жоқ алыс замандардан бері бабалар дәстүрімен жалғасып келе жатқан қаны бір қандас түркілер ынтымақтастығын күшейтеміз.Міне, шын мәнінде Түркі дәуірі сол кезде орнамақ. 

Айта кетейік, Тұран Одағын құру идеясы біз айтып отырған Тәуелсіздік алғаннан кейін емес, одан көп бұрын болған. Бұл идеяны осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Тұрар Рысқұлов көтерген болатын. Қазақтың арда туған ардақты ұлы түркі тілдес ұлттардың басын біріктіріп, Түркі Республикасын құру туралы ұсынысын 1920 жылы Түркістан коммунистерінің V өлкелік конференциясында ашық айтты. Бұл сол кездергі жанқиярлық өте батыл мәлімдеме болатын. 

Өйткені 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін билікке келген бәлшебектер Орталықтың билігін қолдарына алды. Ленин-Сталин бастаған бәлшебектер билігінің қолдауымен ұлттық аймақтардағы өкімет те соларға өтті. Тәшкентте жұмысшы-шаруалар және солдаттар одағы құрылды. Оның басшылығына орыс импершілері келді, жергілікті халық өкілдерін қызметке жолатпады. Жұмысшы-шаруалар мен әскери пролетариаттан құрылған бәлшебектер билігі Ресейден бөлініп шыққысы келген кез келген ұлттарды аяусыз басып-жанышты, зиялы қауымын қуғын-сүргінге ұшыратты. 

Түркі бауырлар да қарап жатпады. Қазан төңкерісі өткеннен кейін екі аптаның ішінде жеделдетіп, қазақ Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, өзбек Абиджон Махмудов, татар Ислам Шодиахметов 1917 жылы 27 қарашада орталығы Қоқан қаласында орналасқан Түркістан автономиясын жариялады. Сөйтіп Орталық Азия және Оңтүстік Қазақстан аумағында бірі-біріне бағынбайтын екі мемлекет пайда болды. Біреуі –  Тәшкенттегі жұмысшы-шаруалар және солдаттар одағы. Екіншісі – Қоқандағы Түркістан автономиясы. Тәуелсіздікті аңсаған түркі жұрты бірыңғай орыс ұлтының өкілдерінен басқаратын Тәшкент билігін емес, қазақ басқарған Түркістан автономиясын қолдады. Бәлшебектер бұдан үлкен қауіп көрді, оның басшлығындағы ұлт қайраткерлері мен жақтаушыларынан құтылудың жолын іздеді. 

1918 жылы қаңтар айында Қоқанға ішкі Ресейден 11 вагон мұздай қаруланған солдат пен армян дашнактары жеткізілді. Оны К. Осипов деген жендет басқарды. Жазалаушы әскер 1 ай соғысып, Қоқан автономиясын таратып, қарсы тұрғандарды шетінен атып-асты. Тарихшылардың айтуынша, Қоқан автономиясының құлауының басты екі себебі болған: біріншісі, жетекшілерінің арасында ауызбіршілік болмады. Екіншіден, тұрақты әскер жасақтап үлгермеді. Сондай-ақ Т. Рысқұловты өзіміз жеке Қазақ автономиясын құрамыз деген Алаш Орда партиясының мүшелері де қолдамады. Түркістан автономиясы таратылған соң, Орталық Азиядағы билік тұтастай бәлшебектердің қолына көшті. 

Әйтсе де, жаңадан құрылып жатқан коммунистер билігі жергілікті халықты қолдауына аса зәру еді. Сондықтан Сталин автономияны мойындауға мәжбүр болды. Сөйтіп сол жылы сәуір айында Түркістан совет республикасы автономиясы құрылды. Оның құрамына Каспий бойы, Самарқанд, Жетісу, Сырдария және Ферғана облыстары енді, ал автономия басшылығына орыстармен бірге Тұрар Рысқұлов та алынды. Тұрар алғашында Түркістан АССР Денсаулық сақтау халық комиссары, одан кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары, кейін төрағасы болып тағайындалды. Т. Рысқұловтың алғашқы жарлығының бірі –Түркістан совет республикасы автономиясын «Түрік Совет Республикасы» деп атау. Тұрар «Түркістан – жердің атауы, ал түрік – ұлттың атауы. Сондықтан мемлекет жер атауымен емес, тұрғылықты елдің атымен аталуы тиіс» деген дәлел келтірді. Ол аз болғандай, Түрік Республикасы құрамына Ресейдегі барлық түркі тілдес халықтарды шақырды. Одан бөлек, автономияның тек өзіне бағынышты мұсылман әскері болуы тиіс деген талап қойды. Бұл идея бәлшебектердің қатты састырды. Және бұл талаптарды Мәскеуге барып, Лениннің алдында қасқайып тұрып айтты. Түркі тілдестердің бірігіп кетуінен қорыққан Ленин Тұрардың Түрік Республикасын құру идеясына үзілді-кесілді қарсы шықты.

Тұрар Рысқұлов та шарт кетті, советтерден көңілі қалған ол барлық лауазымнан бас тартып, өкіметке ашық қарсылық көрсете бастады. Асқан білікті, табанды, соңынан ерген жақтастары көп қайрат мінезді қазақтың совет жауларының жағынан шығып кетуінен қауіптенген билік ұзын арқан, кең тұсауға салып, Тұрарды Кремльге, жандарына алдыртты. Артында тіреп тұрған күші жоқ, Тұрардың келіспеске амалы қалмады. Әрі қолындағы қызметін пайдаланып, қазаққа еңбек сіңіріп қалуды ойлады. 

1920 жылы тамыз айында Т.Рысқұлов Мәскеуде Ұлт істері жөніндегі Халық комиссиары төрағасының екінші орынбасары, Сталиннің көмекшісі болып тағайындалды. Ал 1926 жылы РСФСР Халық комиссиары төрағасының орынбасарылығы лауазымына жоғарлатылды. Мұны айрықша оқиға деп атауға болады. Өйткені Тұрарға дейін де, одан кейін де қазақ ұлты ғана емес, жалпы түркі халықтарының бірде-бір өкілі Ресейдің мұншалықты жоғарғы билігіне көтерілмепті. Бәлшебек жолдастардың Тұрар Рысқұловтан қаншалықты именетіндігіне осының өзі бір дәлел.

Түркі елдерінің басын біріктіріп, Түркі Республикасын құрады деп қауіптенген советтер ақыры Тұрардың түбіне жетті. 1937 жылы мамыр айында Мәскеуде сегіз ай абақтыға қамап, азаптап, 1938 жылы 10 ақпанда ату жазасына кесті. Сөйтіп Түркі тілдес мемлекеттер одағын құру бастамасы Тұрармен және оның жақтастарымен бірге жөргегінде тұншықтырылды.

Енді жаңа заман туды. Түркі дәуірі қайта басталды. Түркі жұрты бір кездегі Түркі қағанаты, Осман империясы, Ұлық ұлыс (Алтын Орда) кезіндегідей қуатты мемлекетке айналатын заман туды. Түбі түркі бір болатын заман туды.

Дәулет АСАУ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...