Мемлекеттік қуыршақ театры елорда төрінде

ТЕАТР
3166

Сан ғасырдан сүрлеу салып, адам баласымен бірге жасасып, жанының рухани азығы болып келе жатқан өнердің бірі – театр. Адамға сана бітіп, қиялдау мүмкіншілігіне ие болды-ау деген замандардан, өз өміріне көз жіберіп, көкейіндегісін айтар көркем өнерінің орны – сахна. Дәл осы құдіретті сахна өнерінің ерекше түрі, қоғам мен адам өміріндегі орны бөлек саласы – қуыршақ театры. 


Жаңашылдыққа жаны құмар сахнаның бұл саласы, жалпы театр өнеріне жүктелер қоғамдық салмақты тең тұрғыда көтеріп келе жатқандықтан, қуыршақ театрының қоғамдағы маңызының зор екендігі әлдеқашан дәлелденген. Республикамыздағы ең ірі өнер ұжымдарының бірі болып саналатын Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының бүгінде 83 жылдық тарихы бар. Өнер ошағы әлемдік шығармаларды ана тілімізде сахналауымен қатар, талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше толқынын тәрбиелеп шығарды. Сексен үш жылдық шығармашылық өмірдің шығармашылық жолы әрқилы болғанымен, қоғамдық маңызы өте зор болды. Алғашында балалар тәрбиелеу үшін ашылған бұл ұжым, үлкен шығармашылық ізденістер мен көптеген жаңашыл қойылымдарды сахнаға шығарудың нәтижесінде, балалар театры деген шеңберден шығып, қазақ сахна кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастырды.


Бүгінгі таңда талай республикалық, халықаралық фестивальдерді бағындырып жүрген өнер ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында гастрольдік сапарларды да жиі ұйымтастырып, өзге қалалардың өнер сүйер жандарына қызықты әрі қызғылықты қойылымдарды тарту етуді дәстүрге айналдырған. Осы мақсатта а.ж. 23-24 маусым күндері ару қала Алматының Астана қаласындағы мәдени күндері аясында Мемлекеттік қуыршақ театры кезекті гастрольдік сапарын ұйымдастырып, елордалықтар мен қала қонақтарының назарына театр репертуарындағы үздік қойылымдар жол тартады.

Негізгі бағдарлама бойынша өнер ұжымы 23, 24 маусым күндері сағат 10:00-де Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында кішкентай бүлдіршіндер назарына әсем саз бен әуезді әнге құралған «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» (авт. М.Дъячева, реж. К.Андреева), ал ересектерге сағат 14:00, 15:00-де Этноауыл ұлттық-мәдени кешенінің сахнасында поэзияның шыңына жеткен М.Мақатаев жырлары арқылы театр артистері қуыршақтармен бірге өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсететін «Мен деп ойла...» (реж. М.Тәуекелова) қойылымын ұсынады.  


Сондай-ақ, 23 маусым күні сағат 19:00-де Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында заңғар жазушы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісімен сахналанып, қатпарлы парақтардан киелі сахнаға қуыршақтар бейнесінде жол тартқан «Ана – Жер ана» (авт. Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева) трагедиясы, 24  маусым күні сағат 19:00-де қаншама ғасыр ағыны өтсе де, өмірдің кілтін ұстап, құндылығын жоғалтпаған бүгінгі таңдағы ана мен бала байланысын суреттейтін «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев) қойылымы көрермен назарына ұсынылмақ. 


Ару Астана –Тәуелсіздіктің символы, Еуразия жауһары. Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы елорданы мерейлі 20 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, қала тұрғындары мен қонақтарын таңғажайып қуыршақтардың өнерінен рухани ләззат алып, жан сарайларына қуаныш сыйлауға шақырады. 



Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ, 

«Әкімшілік-ақпарат» бөлімінің жетекшісі

Байланыс тел.: +7 (775) 628 28 48


Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астандағы АЭС құрылысы бойынша республикалық референдумға келіп...

Шоу-бизнес

Айтыскер ақын Балғынбек Имаш Мұқағали Мақатаевтан кешірім сұрады, – деп хабарлайды madeniporta...