Көктем маусымы – біздің жаққа көкек балапандап Көксеркенің шалғайына Күн қанаты жайылғанда же...
Хан АСАНОВ. «ЫЗҒАР»
(Психологиялық драма)
Қатысушылар
Бағым 23 жаста
Наурыз 25 жаста
Еркек елес
Әйел елес
Қыз елес
Пәтер иесі 57 жаста
Бірінші көрініс
Сахна пәтердің жатын бөлмесімен жабдықталған. Екі адамдық төсек, шкаф, шифонер, барлық жиһаз заманауи талғамда. Бөлмеге зат (пакет) көтерген Бағым мен Наурыз кіреді. Қолдарындағы пакетті диванның жанына қойып, екеуі аймаласа кетеді. Бағым Наурыздың құшағынан сытылып, заттарды асханаға алып шығып кетеді.
Наурыз: Қайда алып бара жатырсың?
Бағым: Асханаға...
Наурыз: А-а, коланы тастап кетші (диванға шалқалап жатып құлайды да айқайлайды).
Бағым: (қолында кола бар) Айқайламасаңшы, көршілердің мазасын алып, мент шақырып жіберер...
Наурыз: Өй, бұл жердің адамдары атыс болса да естімейді. Білесің бе, неге? (коланы ішіп төсектің үстіне қояды)
Бағым: (Бағым Наурыздың жанына келіп отырады) Жоқ... Бәрі бай болғасын шығар.
Наурыз: Қайдағы, сенде қуа салдың ба дедім ғой, қабырға дауыс өткізбейді. (Наурыз Бағымды аймалайды)
Бағым: А-а-а (орнынан тұрып, терезені ашып қояды). Тамақ істейміз ба, қарының ашпады ма?
Наурыз: Істейік. Мен турап берсем болды емес пе, сен өзің қуыра бересің ғой?!...
Бағым: Иә, кеттік.
Наурыз орнынан тұрып кетіп бара жатқан Бағымды белінен қысып ұстап алады да, көзіне орамал байлайды.
Наурыз: Менің саған тосын сыйым бар.
Бағым: Бастамасы жаман емес.
Наурыз: Кел, мына төсекке жата тұр. (Диванға жатқызады)
Бағым: Ерте емес пе?
Наурыз: Жақсылықтың ерте-кеші жоқ.
Бағым: Ол сөздің бұл жерге түк қатысы жоқ, көңіліңе келсе де айтайын енді.
Наурыз көзі байлаулы Бағымды төсекке жатқызып, қос қолын диванның екі шетіне қарай көтереді. Жастықтың астындағы кісенді Бағымның екі қолына салады. Бағым жұлқынып үстінде жатқан Наурызды құлатып жібереді.
Бағым: Наурыз, есіңді жи! Шеш менің қолымнан мына бәлеңді.
Наурыз: Шешемін...
Бағым: Сен мені ренжітіп жатырсың, Наурыз. Жақсылықпен айтқанымды істемесең, екеумізге де жақсы болмайды.
Наурыз: (қалтасынан темекі алады) Осының бәрі сен үшін...
Бағым: Керек емес маған мынандай құлдардың жыныстық қатынасы. Мен мұнсыз да ләззат ала аламын.! Сенің осындай пасық, оңбаған ойыңды білгенде... Шеш деймін саған!
Наурыз: Болды... Жетер!... Не мен сені өмір бойы байлап қояды деп ойлайсың ба? Көрейік те мұны да бір, не, қай жеріміз кем?
Бағым: Кем емес, артық... Мына тірлігің артық енді.
Наурыз: Ой сенде бір қақылдап қоймай қойдың ғой! Мен қазір...
Орнынан тұрып, арғы бөлмеден камера алып келіп, төсекке бағыттап қояды. Жанындағы тоқ көзіне тығады. Наурыз Бағымның көзін шешеді.
Бағым: Наурыз... Не мынауың? Құрт мынаны... Денің сау емес сенің... Не ойлағының бар?... Ақымақ болма, Наурыз!
Наурыз: (Жанына келіп, байлаулы жатқан Бағымды аймалайды) Қорқа бермеші... Болғаннан соң екеуміз бірге көреміз, сосын өшіріп тастаймын. Уәде беремін. Жаным... Мен қазір келемін.
Наурыз балконға шығып кетеді.
Бағым: Наурыз, қайда кетің? Наурыз деймін саған... Не істемексің тағы да? Қайтшы кері, босатшы мені өтінемін... Наурыз ақымақ болмашы. (шешетін не бар дегендей жан-жағына қарайды)
Оңбаған сен мені... Наурыз ақымақ болма олай! Сен ақылдысың жаным сол, тезірек менің қолымды ағытшы, ауырып бара жатыр. Қарашы қолдарыма қан жүрмей қалды, ұйып бара жатыр...
Бөлмеге Наурыз кіреді. Түрі шаршап қалған, көзі бір нүктені көре алмай аларып кеткен.
Бағым: Наурыз, не мынау, тағы қандай ойының? Не болып кеткен түрің?... Ойын емес ұқтың ба? Маған қарашы, құдай-ау көзің қанталап кетіпті ғой, босатшы мені, саған көмек керек...
Наурыз есіктің жақтауына сүйеніп тұрып сахнаға қарай құлайды.
Бағым: (үрейленген дауыспен) Наурыз... Бұл ешқандай да қызық емес ұқтың ба? Не болды саған жаным-ау, тұршы қане орныңнан... Өтінемін, қылжақты қойшы. Көмектесіңдер! (бар дауысымен айқайлайды) Құтқарыңдар, кім бар?! Наурыз есіңді жи, көтерші басыңды өтінемін... Келістім сенің айтқандарыңның бәріне, жаным кешірші мені... Тұршы енді, мен қиналып кеттім, жаным. Не болып кетті, құдай-ай! Жетер енді осы көрсеткенің де, мен саған сенгеннен келдім ғой осында! (айқайлап) Наурыз, қорқытпашы мені олай... Тұршы енді өтінемін сенен, мен қиналып кеттім... (жылап) Тұрсаңшы... Не деген адамсың, құрып кеткір олай етпеші сен, білесің ғой менің жүрегім әлсіз, мен мұндай қорлыққа шыдай алмаймын. ...Иә, ренжідім саған басында... Мына кісендерсіз де ләззат алатынын сенде білесің ғой. Мұны қайдан тауып алдың, не оймен тақтың маған? Мен сенің осы қылығыңа ашуланғанмын, кешірші мені...
Жоқ, сен одан кейін балконға шығып кеттің. Сен мынаның бәрін әдейі ұйымдастырғансың, камера, кісен алып келіп. Мені мынаған таңып қойып... Мен саған жезөкше болғаным ғой! Мені кім көріп тұрсың, сонда сен?...
Пауза (арада біраз уақыт өтеді. Қараңғы түсіп кеткен)
Бағым: (даусы бәсеңдеп қалған) Наурыз! Ояншы тез... Мына тірлігің маған түк ұнап жатқан жоқ. Мен тоңып қалдым, балконның есігі ашық тұр, терезе де!... Тұршы тез, болшы. (аяқ жағындағы коланы екі аяғымен қысып, Наурызға лақтырады) Наурыз тұршы! (Айқайлайды) Құтқарыңдар! Көмектесіңдер! (тұрғысы келіп жұлқынады) Неге ғана келістім?
Мен ақымақпын, ақымақпын! Шөлдедім, суды да лақтырып жібердім, оған тұрған Наурыз жоқ... Ол неге тұрмай жатыр? Ол өліп қалса қайтемін?... Құдай сақтасын, енді жетпегені сол еді. Ол өліп қалса, мен... Жоқ, Құдай бетін аулақ қылсын, жоқ, ол өлген жоқ. Наурыз тұршы... (шыңғырып, жылайды) Тұршы бол... Жоқ, ол өлген жоқ, сен өлген жоқсың ғой, жаным...
Екінші көрініс
Сол сахна. Үй іші қараңғы, көшенің жарығы терезе арқылы ақырын түсіп, бөлмені жарықтандырып тұр. Наурыз кейіпіндегі елес балконнан кіреді.
Бағым: Наурыз? Жаным сол, шешші мынаны... Өтінемін, жалынамын... Наурыз... (елес бөлмені аралап жүреді.)
Бағым: Болшы жаным, шешші... қолым ауырып қалды менің. Есік терезені жауып келші жаныма, қарыным да ашты менің.
Елес: Шөлдеген шығарсың?
Бағым: Иә, жан, шөлдедім...
Елес: Неге лақтырдың оған?
Бағым диванның жанында жатқан Наурызды көріп, шошынып жылайды.
Бағым: Жоқ, сен ол емессің? Сен кімсің? Сен, сен...
Елес: Көзіңді жұмба... Менімен сөйлес, сен қазір шаршап қалдың. Саған ұйықтауға болмайды.
Бағым: Сен менің жағдайымды ойлайсың ба?
Елес: Мына сәтке дейін не болды?
Бағым: (өзіне жақпайтын оқиға есіне түсіп, түрі бұзылып кетеді.) Ештеңе, ештеңе... Ештеңе болған жоқ...
Елес: Ойыңды жинақта, мына жерден құтыла алмайсың бәрібір.
Бағым: Сен кімсің, сен Наурыз емессің?... Сен кімсің?...
Елес: Сен не ойласаң мен сол бола аламын... Керек емес нәрселерді ойлап, менің сөздерімді жаңылыстырма. Мен саған бұл жерден шығуға көмектесемін.
Бағым: Сен...
Елес Бағымның сөзін бөледі.
Елес: Сен менімен жиі байланысқа түсесің. Мен...
Бағым: Сен елессің...
Елес: Иә елеспін, менен қорықпа, ойыңды жинақта... Өткен-кеткенді есіңе түсір. Менің саған зияным жоқ... (диванның жанындағы орындыққа отырады)
Бағым: Қолым талып кетті.
Елес: Адам қанша күнге дейін сусыз өмір сүреді?
Бағым: Үш күн, жоқ төрт күн.
Елес: Үш күнге жететіндей энергияңды сақта. Өзіңе қажет емес, өзің істей алмайтын нәрсені ойлап күшіңді құртып алма. (пауза) Сен кімсің?
Бағым: Мен студентпін, медициналық оқу орнында психотерапевт мамандығында оқимын...
Елес: Содан?...
Бағым: Төртінші курс.
Елес: Қай курсыңда моргқа кіргізді?
Бағым: Былтыр... Ол жер суық болатын... Ауа температурасы емес, адамның рухымен суықтылық білінетін... Бірінші күні кіргенде ес түссіз талып қалған адамдар болды.
Елес: Сен ше?
Бағым: Жоқ, маған қызық болды.
Елес: Ол жерде жаныңда мұғалім болғасын қорықпадың ба?
Бағым: Жоқ, мен онсызда қорықпаймын.
Елес: Иә, сен айтқандай бала кезіңде, атаң мен әжеңді орналастырған киіз үйге ұрланып кіріп, таң атқанша қасында болғансың.
Бағым: Ол кезде мен кішкентай едім ғой!
Елес: Ол кезде сен он екі жаста едің...
Бағым: Иә, бесінші сынып оқып жүрген кезім еді...
Елес: Ол кезде сен сүйкімді болатынсың. Есіңде ме, сол жылы мектебіңе жаңадан келген баланы бәрінен қатты қызғанатының?
Бағым: Ол кезде мен ақымақ болатынмын, ал ол көрікті болатын...
Елес: Оғанда өліктің жанында болғаныңды айтқансың?...
Бағым: Бірақ оған бәрібір болатын.
Елес: Иә, оған сенен бір-ақ нәрсе керек болды!...
Бағым: Ол керек нәрсесін алды ғой!
Елес: Сен сол кезде бақытты болдың емес пе?
Бағым: Сол сәтте ғана.
Елес:Екі күн...
Бағым: Екі күнде ол ауылға айтып қойған еді...
Елес: Ол кезде сенің көркің керемет болатын, сенің бейкүнә жанарыңа қараудың өзі қарғыс болып саналатындай, көп жігіттер бата алмайтын. Сенің сұлулығыңды көруге көрші ауылдан, алыс ауылдан жігіттер келіп тұратын. Сен болсаң тәкаппарлыққа бой алдырып...
Бағым: Мен өзімнің сұлулығыма өзім ғашық болатынмын, ал ана жігіт ақын болатын. Ол маған өлең шығарғанда...
Елес: Болды, күшіңді құртпа!
Бағым: Жоқ, тыңда!
Елес: Ертең де керек болады, бүгін амалдап жатып ұйықтай ғой.
Бағым: Шөлдедім.
Елес: Мен сенің ойыңмын, ештеңе істей алмаймын... Суды бекер лақтырдың...
Бағым: Мен оны оятқым келген... Оған не болды?
Елес: Ол өліп қалды.
Бағым: (жылайды) Наурыз! Тұршы!
Елес: Жоқ, ол тұрмайды, ол өліп қалды.
Бағым: Неге? Ол неден өліп қалды?
Елес: Сенің күшің ертең керек болады.
Бағым: Есірткіден ғой, иә?
Елес: Иә, ол шамадан тыс қабылдады, болды енді... Ыңғайланып ұйықта.
Бағым: Мен тоңдым, менің қолым ұйып қалды. Мен қиналдым, түсінемісің, мен қиналдым...
Елес: Оны өзіңнен көр. Менің түк кінәм жоқ. Болды, демал енді, бір-ақ көп емес, өзім оятамын...
Бағым: Мен... Мен...
Елес: Бір күннің мәні, келесі күнге аман жету. Ал келесі күнге аман жеткенің жеңіс, жеңіске жеткен сайын жеңілетін күннің таяп келетінін ұмытпа.
Бағым: Мен...
Бағым басын төмен салып ұйықтап кетеді.
Үшінші сахна
Арада біраз уақыт өтеді, Елес пен Бағымның елесі бірінші сахнадағыдай пакет көтеріп келеді. Қолдарындағы затты диванның жанына қойып, екеуі аймаласа кетеді. Елес Бағым елестің құшағынан сытылып шығып кетеді де заттарды асханаға алып шығып кетеді.
Елес: Қайда алып бара жатсың?
Елес Бағым: Асханаға...
Елес: А-а, коланы тастап кетші. (Елес Бағым коланы лақтырып шығып кетеді. Бөлмеге қайтадан кіреді.)
Елес Бағым: Кола қайда?
Елес Наурыз жатқан жердегі коланы көрсетеді, Елес Бағым айқайлап шыңғырып жібереді. Бағым шошып оянады.
Бағым: Сен кімсің?
Елес Бағым: (Бағымға бұрылып қарайды)
Бағым: Сен кімсің, мен... (үстіне, қолына қарайды.)
Елес Бағым: Мен сен болғанмын, сен мен болдың...
Елес: Сенің өмірде жіберген қателіктеріңе мынау кінәлі. (Бағымға елесін көрсетеді)
Бағым екеуіне кезек-кезек қарап қояды.
Елес Бағым: Неге мені олай таныстырдың?
Елес: Өйткені, солай болды.
Елес бағым: Қай жерде, қалай болды?
Елес: Сен оның санасының қозғаушы күшісің, рас па?
Елес бағым: Делік...
Елес: Демелік, анығын айталық.
Бағым: (дауысы қарлығып қалған) Доғарыңдаршы...
Елес: Сен сұраған соң айтқаным ғой...
Елес бағым: Сен сұраған соң мені айтып жатқаны ғой!
Бағым: Доғарыңдар!
Бағым кісендеулі тұрған екі қолына кезек-кезек қарайды да, жылап жібереді. Тек ыңырсып, өкіргені болмаса жас шықпайды. Қолдары қанталап, күлдіреп кеткен, еріндері кезеріп, көзіндегі бояулары ағып, бетін шәйған. Созылып жатқан аяқтары қан жүрмей ұйып қалғаны үшін, кері жинай алмай қиналады. Жан-жағына қарап, мойын етінен де ауырлық сезінеді.
Бағым: Уақыт неше?
Елес: Білмейміз, біз сенің визуальды материялдарыңа бағынамыз.
Елес Бағым: Аяқтарыңды қатты-қатты қозғап жібер, қан жүгірсін...
Бағым ұйыған аяқтарын қозғап айқайлайды.
Бағым: Қанша уақыт ұйықтадым?
Елес: Шексіздік, сен әлі ұйықтап жатуың мүмкін... Сен егер осы сәтте бұғауланған болмасаң, бір бағытта жүруің мүмкін. Ол бағыттың қайда екенін білмесеңде, кейде ойыңдағы бағытыңа жетіп алып, тағы бір жаққа кететіндей сезінуің мүмкін.
Елес Бағым: Бұл шексіздік. Сенің өмірің шектеулі болған соң бәрініңде шегіне жетуге асығасың. Мысалы, құмарлықтың, сыйластықтың, түрлі сезімдердің шегіне жетіп болғасын өз ойыңды жинақтай алмай қаласың, бұл...
Елес: Сен оң жағыңа жиырма айна, сол жағыңа жиырма айна қойып қырық айнаның ішінде кеңістікті қарап көргің келе ме.
Елес Бағым: Ол кеңістікте сен өзіңді жоғалтып аласың...
Бағым: Уақыт қанша?
Елес: Екі айнаны қатар қойып жанынан қарасаң да шексіздікті көресің...
Бағым: Уақыт қанша болды?
Елес: Камераның жады қанша уақытта толады?
Бағым: Бес-он сағат шығар, жадына байланысты.
Елес бағым: Сенің көзіңді шешкенде камера тұрды. Оның қуаты таусылып қалмас үшін тоққа тығып қойған, ал қазір...
Бағым: Түн болды...
Елес: Сен мектеп бітіргенде жоғарғы оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсырдың, жолың болды, бірақ өзің қаламаған оқу орнына түстің.
Елес Бағым: Үйіңдегілер солай бұйырған соң, сенде ешқандай амал қалмады. Сені шығармашылық орта қызықтырды.
Елес: Не үшін, білесің бе?
Бағым: Алғашқы махаббатым ақын болғаны үшін.
Елес Бағым: Сен де өлең шығарып жүрдің... Жариялауға жасырдың...
Бағым: Қорықтым...
Елес: Саған қорыққаның ұнады, сен сол үшін өмір сүрдің.
Бағым: Қорқынышпен өмір сүру кімге ұнайды дейсің.
Елес бағым: Саған.
Бағым: Неге?
Елес Бағым: Сен не үшін қорықтың?
Бағым: Мен туралы айтылған әңгіменің шындығын өзім жариялап қаламын ба деп қорықтым.
Елес бағым: Сен туралы айтылған әңгіме... Ақын жігітпен болғаныңды ма?
Бағым: Оның өлең шығаратынын бәрі білетін, мен де оның маған жазған хатарына өлеңдетіп жауап бергенімнен басталды.
Елес: Ол сенің шығармашылығыңның қозғаушы күші болды.
Бағым: Ол кеткеннен кейін, мен шығардым, өртедім. Шығардым, өртедім. Шығардым, өртедім.
Елес Бағым да трансқа түскендей Бағымның сөзіне қосылады.
Елес Бағым: Шығардым, өртедім. Шығардым, өртедім.
Елес басын ұстап отыра қалады. Еңбектеп мүрденің қасына барып, коланы көрсетеді.
Бағым: Шөлдедім.
Елес: Маған қара(бағымның жанына барып отырып алады). Өзіңе керек емес нәрсені ойлама, бізді де жаңылыстырып жатырсың.
Бағым: Су, су беріңдерші маған.
Елес Бағым: Сен ақыныңмен алғашқы рет сүйіскендеріңде жаңбыр жауып тұрған.
Бағым: Ол...
Елес: Группаласымен болатыныңда да жаңбыр жауып тұрған. Түнгі клубқа барып бір жігітпен танысқан кезің, көлігінің ішінде бір ысып, бір суып жатқан кезіңде де жаңбыр жауып тұрған. Дос қызыңның туған күні, қаланың сыртындағы үйде болған кезде де бейтаныс жігіттің құшағында...
Бағым: Жетер...
Елес Бағым: Ашуланба, сен сұлусың, сүйкімдісің, қылықтысың, бірақ ақылсызсың...
Бағым: (өксіп) Жетер, болды!
Елес: Сен өзің туралы шындықты мойындағың келмейді. Неге? Себебі, сен қорқасың.
Бағым: Осы сәтте олардың керегі қанша?
Елес: Шындық тек бүгін емес, ол өмірі керек. Тек сен оны керек етпейсің...
Елес Бағым: Неге...? Сендегі қорқыныш сезімі ең алғаш басталған күн есіңде ме?
Бағым: Жоқ...
Елес Бағым: Сенің анаң саған қатты болды. Сен ол кісіден қорқатын едің, санаңдағы қорқыныштың салдары өзіңе маңызды нәрселерден алыстауыңа алып келді.
Бағым: Мысалы?...
Елес бағым: Саған ең бірінші етеккір келгенде, өзіңнен-өзің қуыстанып кімге айтарыңды білмедің. Сен оны өзің істеп алғандай қорықтың... Түсінемін тәрбиенің қаталдығынан мінезің ауырлай бастады, денең де ауырсынды. Сенің бірінші жіберген қателігің...
Бағым: Жетер!...
Елес: Жоқ. Есіңе түсір бәрін...
Бағым: Оның не керегі бар?
Елес Бағым: Сен оны кімге айттың?
Бағым: Жігітіме... Ол менің қасымнан табылғаны үшін айттым, ол мәңгілік болатындай көрінді маған.
Елес Бағым: Ол қуана-қуана құптады. Ол сенен үлкен болатын, он алты жастағы бала сені алдап, оңашада ауырған жеріңді көрмек болып сені де ересектер қатарына қосып жіберді... (пауза) Соңы не болды?
Бағым: Ол өсек таратты...
Елес: Өсек емес, шындықты айтты.
Елес бағым: Сен жыладың, не бітті? Ештеңе, бірақ өмір сол қалпы өте берді, сені аяды ма, жоқ?! Ал сен мына жалған өмірден аяушылық күттің.
Бағым: Күнде ұйқымнан оянған сәтімде, өткен өмірім түсім болса екен деп армандадым. Басқа жаққа кетіп қалғым келді, ешкім мені танымас ортаға, мен ешкімді танымайтын жерге... Айдалаға безінгім келді.
Елес: Сен сол кезден бастап өз-өзіңнен қаша бастадың. Сенің ақылың өзіңнің қолыңнан келмейтін істі қиялдай берген соң денеңді тастап кетті. Сен саналық тұрғыда өзіңді шынайы өмірде мекен етуден бас тарттың, болған оқиғаларды ойыңа келтірмес үшін нені армандамадың?... Бәрін! Сен айда мекен етуді, айдың ханшайымы болып, жұлдыздарды қолыңа алғың келді, астрономияға қызықтың, ғалымдардың еңбектерін оқи бастадың. Ол сен үшін керемет жетістік болатын, физика, математика... Әдебиетке келіп тоқтадың.
Елес Бағым: Неге әдебиет, білесің бе?
Бағым: Жоқ.
Елес: Әдебиет жанынан азапталғандардың ортасы. Сен сол жерде жаныңа ләззат сыйладың...
Бағым: Жалған, жалған бәрі, сендер елессіңдер! Мені бұлай азаптағанша өлтіре салыңдаршы.
Елес: Жоқ, сен азаптың қандай болатынын білмейсің, оны ешкім де білмейді. Әркім өз өміріндегі көрген қиындығын азап деп біледі, алайда сол азапталған адамдар бір ұйықтап тұрса бәрін ұмытып кетеді.
Бағым: Қолым ауырып бара жатыр, өлтіріңдерші мені...
Елес: Сәл ұйықтап күш жинап ал, біз сені өзіміз оятамыз, тек қатты дыбыс естігенде есіңді жиюға тырыс.
Бағым: Өлтіріңдерші... (басын төмен салып ұйықтап кетеді)
Төртінші көрініс
Сахна өзгертілмеген, төсектің үстінде Бағым жатыр, еденде Наурыздың мүрдесі. Таң атып кеткен, күннің сәулесі терезеден Бағымның үстіне түсіп тұр. Елес елес Бағымды қолынан ұстап Бағым жатқан төсекке жұлқып отырғызады, елес ашулы түрмен бөлмені кезіп жүреді.
Елес: Ондай өсекті миыңнан шығарып таста...
Елес Бағым: Қалай шығарып тастайсың, қайда барсаң да адамдардың қызың туралы айтқан әңгімесі?!
Елес: Ол өсек, өсек ол түсіндің бе?
Елес Бағым: Өсек болғаны дұрыс, бірақ...
Елес: «Бірақ-мірақты» қой, қателескен күннің өзінде де оның өмірі алда.
Елес Бағым: Баланың өміріне неге бей-жай қарайсың?
Елес: Не істеуім керек енді? Айтшы қане... Ұрайын ба барып, ұрысайын ба әлде?
Елес Бағым: Сенің балаға деген мейірімділігіңнің кесірінен болып отыр осы жәйт. Не ұрмайсың оны, не ұрыспайсың. Бар тәттіні қолына беріп қойған соң, еркінсіп кеткен. Ол қазір ештеңе білмейді, ешнәрсені түсінбейді әлі...
Елес: Жетер болды... Қит етсе мені кінәлап шығатының не?
Елес Бағым: Әкесі емессің бе сен, жөнді жолға салып, ақыл айтатын адамсың ғой!... Іш барып кереңді. Құры сосын жұмысыңа, жұмыстастарыңа қалай қарайсың?...
Елес орнынан тұрып шығып бара жатады, есіктен Бағымның кішкентай кезіндегі елесі кіріп келеді.
Елес Бағым: (кішкентай Бағымды итеріп жібереді) Кетші былай жолымнан, жасыңа жетпей жезөкше атанған сайқал.
Кішкентай бағым есіктің жақтауына барып құлайды, елес барып көтеріп алады.
Елес: Тұра ғой күнім сол.
Кішкентай Бағым орнынан тұрады. Елес маңдайынан сипалап тұрады.
Елес: Бәрі де бітеді күнім сол.
Кішкентай Бағым: Әке, шөлдедім.
Елес Наурыздың қасында жатқан коланы көрсетеді.
Елес: Әне күнім, ішіп ал.
Кішкентай Бағым шошынып, айқайлап отыра қалады. Арғы бөлмеден елес Бағым жүгіріп келеді.
Елес Бағым: Тұр сайқал, тамағыңды іш барып. Шалжиып жатқанын қарашы мынаның...
Кішкентай Бағым орнынан тұрып кемераның қасына барады.
Кішкентай Бағым: Әке, мынау не?
Елес: Камера ғой! Келіңдер барлығымыз отбасылық суретке түсейік.
Елес Бағым, кішкентай Бағым, елес үшеуі Бағымның алдына жайғасып отырып алады. Кішкентай Бағым Бағымның басын көтеріп қояды, Бағымның басы түсіп кетеді.
Елес: Қызым, камераға қара!
Кішкентай Бағым: Әке, Бағым суретке түспей ме?
Елес: Түседі.
Кішкентай Бағым: Басын көтермейді ғой!
Бәрі артына бұрылып Бағымды жұлқылайды. Елес Бағым Кішкентай Бағымды жұлқып жібереді, оған ренжіп қалған кішкентай Бағым камераның қасына барып отырып алады. Елес Бағым орнынан тұрып кетіп бара жатады.
Елес: Қайда бара жатырсың?
Елес Бағым: Су әкелейін...
Бағым шошып оянады. Көзін ашса камераның жанында кішкентай Бағым, елес жанында отыр. Әдепкі сахнадағыдай қол аяғы талып қалған.
Бағым: Әлі тірімін бе?
Елес: Иә, тірісің... Бірақ өлуіңе аз қалды.
Бағым: Денемнің бәрі ұйып қалды. (қозғалып ауырсынғанын сезінеді)
Елес: Неге қатты ұйықтадың?
Бағым: Оянғым келмеді, тағы қиналып мына ауруды сезінгім келмеді.
Елес: Неге ояндың енді?
Бағым: Су алып келемін деген соң ояндым... Уақыт қанша?
Елес: Уақыт ол шексіздіктің шектеулі символы.
Бағым: Мынау кім, теріс қарап отырған.
Елес: Ол...
Кішкентай бағым оған қарай бұрылып отырады.
Кішкетай Бағым: Сағат 8:30. Әкем жұмысқа кетті...
Бағым: Жоқ, жоқ... енді жетпегені осы ма еді?...
Елес: Неге олай айтасың, бұл сенің ең бақытты кезің емес пе?
Бағым: (кемсеңдеп жылағысы келеді, бірақ жас шықпайды) Не керек саған?...
Елес: Неге жылайсың?
Бағым: Сағыныштан...
Кішкентай бағым: Мені сағындыңыз ба тәте?
Бағым: Иә, сені сағындым, тазалығымды сағындым, балғындығымды аңсаймын... Қайда жүрдің осы уақытқа дейін? Келші менің жаныма, қолыңнан келсе құшақташы мені.
Кішкентай бағым: Жоқ. Бармаймын саған.
Бағым: Неге?
Кішкентай Бағым: Сен мені аңсаған жоқсың, сен бақытты аңсадың.
Бағым: Жоқ, олай демеші маған.
Кішкентай Бағым:Сен лассың, сен...
Бағым: Жоқ...
Елес: (кішкентай Бағымға) Оны көп кінәлама, ол қазір сенің ашуыңды көтере алатын жағдайда емес.
Бағым: Мені бұлай азаптайтындай не жаздым?
Кішкентай Бағым: Сен ешкімге кінә арта алмайсың. Сен өсіп кеттің, ал мен қалып қойдым. Сен мені өзің аңсаған балғындық пен тазалықтың арасына қалдырдың да бір түннің ішінде ересек өмірге кетіп қалдың. Ал мен сені аңсаумен болдым, қай күні мені есіне алып, қай күні мені сағынар деп үміттің шырмауында адастым. Мен қанша адасып, сенен айқайлап жол сұраған сәтімде сен маған оралғың келмеді.
Бағым: Олай демеші маған, өтінемін.
Кішкентай Бағым: Мен саған жету үшін сенің сайқал ойларыңның тармақтарында түсіңе әрең кірдім, бірақ мені есіңде де сақтамадың. Сен ерте есейіп көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерге аттанғың келді, ол арманың да орындалып үлкен қалаға келдің. Бұл жерде сені ешкім танымады, сен ешкімді танымадың...
Бағым: Бірақ мен өзгермедім.
Кішкентай Бағым: Сенің өзгергің де келмеді, жаңа орта өзінің бала кездерін жиі сағынып есіне алғанда сен қашып жүрдің. Сол кезде менің қалай қиналғанымды білсең ғой сен. Мен азапталдым, мені де ойына алып, менен теріс айналмаса екен деп тілеген тілектерім тілімді тіліп кете беретін.
Бағым: Ол жақта менің ештеңем қалмады ғой!...
Кішкентай Бағым: Қалған. Сен не қалғанынанда хабарсызсың ғой. Әрине білмейсің, өйткені сен өз балалық шағыңнан түбегейлі бас тартқан адамсың. Саған аңқау балалық шақ арыңа сызат түсірді, сен сол үшін ғана менен теріс айналдың.
Бағым: Олай етпеске болмады ғой, менде ешқандай амал қалмады сенесің бе?
Кішкентай Бағым: Жалған, амал бәріне табылады. Сен балалығыңды...
Бағым: Кешірші мені, мен сені қатты...
Кішкентай Бағым: Сенің басыңды әркім айналдырған сайын, мен ойыңнан бұлыңғыр сағымға айнала бердім. Сен басқа біреудің құшағында жатып неге ата-анаңмен сөйлескенде менің өзегім өртенетінін білесің бе?
Бағым: Мен енді ештеңе істей алмаймын, қызық қуып жүріп ішімдегі екінші менді өлтіріп алдым... Енді бәрі кеш.
Елес: Сен жердің үстіндесің, астына түскенде ғана кеш...
Бағым: Ақ роза гүлінің де көлеңкесі қара болар! Мені кешіріңдер!...
Есік қағылады да кілті бұғаудан босатылып ішке пәтердің иесі кіреді. Кісендеулі жатқан Бағымды көріп шошып кетеді.
Пәтер иесі: Пісмілдә, астапыралда мынауысы несі? Қызым тірісің бе?
Бағым: (басын төмен салған күйі) Су, су. Құтқарыңдар!
Пәтер иесі: Құдай басқа салмасын (артына бұрылып Наурызды көріп шыңғырып жібереді)
Бағым: Су, су, су...
Соңы 01.12.2017. 22:35