Белгісіз жағдайда қайтыс болған жігіттің туыстары полиция мен дәрігерлерге наразы болып жатыр, деп х...
Сенаторлар балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесін талқылады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылады. Құжат білім беру және жетім балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Заң мектептерде ұялы телефондарды пайдалану қағидаларын бекітуді, балабақшаға орын берудің бірыңғай кезегін қамтамасыз етуді, тәлімгерлік институтын реттеу жөніндегі нормаларды, сондай-ақ білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын және суицидке итермелейтін ақпараттың таралуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауды көздейді.
Сонымен қатар балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балалардың терезені ашуына кедергі келтіретін арнайы тетіктерді міндетті түрде орнату жөнінде заңнамалық талаптар белгіленеді, сондай-ақ мектеп, балабақша мен ауруханалар құрылысын ескермей көпқабатты тұрғын үй салуға тыйым салынады.
Сенаторлардың айтуынша, заңның қабылдануы білім беруді реттеудің ұлттық жүйесінің тиімділігін одан әрі күшейтуге және білім беру ұйымдарындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау көрсетуге ықпал ететін болады.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.
Суретті түсірген А.Байжұманов