- Маған баяғыда бір студент. "Сіз кімнен өнеге аласыз ?" - деп сұрақ қойғанда, "...
Қаныш Сәтбаевтың мәдениетке қосқан 7 елеулі үлесі
1. Әйгілі этнограф, композитор А.Затаевичтің «Қазақтың 500 әндері мен күйлері» жинағына Қ.Сәтбаев халқымыздың музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген. Бұл музыкалық жинақ 1931 жылы Мәскеу қаласында жарыққа шыққан.
2. Қ.Сәтбаев жастайынан қазақтың фольклорлық мұраларын жинақтап, әсіресе «Едіге» жырына қатты қызыққан екен. Кейіннен осы жырды ғылыми тұрғыдан зерттеп, орыс тіліне аударып, 1927 жылы Мәскеу қаласында кітап етіп шығарған. Сәтбаевтың бұл зерттеуі ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған.
3. Геолог-ғалым Ұлытау өңіріндегі көптеген тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеп, еңбектер жазған. 1935 жылы ол Алтыншоқының төбесінен Тұранның әйгілі билеушісі, әрі қолбасшысы Әмір Темірдің 1391 жылы араб, шағатай тілдерінде жазып қалдырған белгітасын тауып алған. Бұл құнды олжа тарих ғылымы үшін айтарлықтай жаңалық болды.
4. Ол ҚазКСР Ғылым Адемиясының ішінен өнертану секторын ашуға тапсырма беріп, оның жұмысына А. Жұбанов, Б.Г.Ерзакович тәрізді мықты өнер қайраткерлерін тартқан. Өнердің барлық түрлерін дамыту, соның ішінде қазақтың музыкалық мұрасын жинақтау мақсатында экспедицияларға шығу жөнінде тапсырмалар берген. Қ.Сәтбаевтың тікелей тапсырмасымен академиялық кітапхана қорына А.Затаевич пен Жаяу Мұса Байжановтың архивтері сатып алынған.
5. Қаныш аға Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалибек Қуанышбаев, Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков және т.б. өнер қайраткерлерімен тығыз араласып, оларға әр түрлі көмектер, соның ішінде қиын кездері материалдық көмек беріп отырған. Ол Ахмет Жұбановтың ғылыми дәреже алуына, Ә.Марғұланның археологиялық қазба жұмыстарына қолдау көрсетіп отырған. Ол тіпті болашақта мықты археолог болған Кемел Ақышевті өлімнен құтқарып, тәрбиелеп өсірген, оқытқан.
6. Қ.Сәтбаев 1942 жылы соғыс жүріп жатқанына қарамастан, Мұрын жырау Сеңгірбайұлынан «Қырымның 40 батыры» жырын жазып алу мақсатында Шевченко қаласынан Алматыға келіп-тұруы үшін оның бүкіл шығындарын төлеуге қолдау көрсеткен. Осылайша, 10 ай бойы Алматыдағы бірнеше маман Мұрын жыраудың аузынан «Қырымның 40 батырын» жазып алып, қағазға түсірген. 1944 жылы Ташкент қаласында өткен үлкен ғылыми-теориялық конференцияда ғалымдар «Қырымның 40 батыры» эпосының дүниежүзілік маңызын айрықша атап өткен.
7. Ол М. Әуезовтың «Абай жолы» романының жарық көруіне және Қызылорда қаласындағы тұңғыш театрдың ашылуына орай «Қазақстанның ұлттық театры туралы» деген іргелі ғылыми мақалалар жазып, онда құнды-құнды ойлар айтқан. Сондай-ақ оның мәдениет тақырыбына арналған өте өзекті, мазмұны терең мақалалары «Литературная газета», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жұлдыз», «Простор» журналдарында және т.б. басылымдарда үнемі жарық көріп отырған.
Осылайша, Қаныш Имантайұлының тек геология, жаратылыстану ғылымдарына емес, мәдениеттің сан түрлі саласына, соның ішінде дәстүрлі ән-күй, жыр, тарихи-мәдени мұра, әдебиет пен театр салаларына да барынша қолдау жасап отырғанын көрдік. Әрине, бұл тізімді одан әрі де жалғастыра беруге болады. Біз тек басты-басты еңбектерін ғана көрсетуге тырыстық.
Жазбадағы мәліметтер Қаныш ағаның көзін көрген, қызметтес болған және өмірбаянын жақсы білетін қайраткерлердің естеліктерінен алынды.
Алибек Али