«Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармони...
"АСЫЛ АРНА" ҺӘМ САЯТ ЫБЫРАЙ ЖЫРЫ
Бүгін Abai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің атына жазылған ашық хат келіп түсті. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Дінтану» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбектің ашық хатында айтылған кейбір мәселелер редакцияның көзқарасына сәйкес келмесе де, сөз еркіндігі салтанат құру үшін материалды толық жариялап отырмыз. Қарсы тараптың айтары болса, оған да мінбер беретінімізді ескертеміз.
Қазақстан Респуликасының Президенті
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Елбасы!
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Менің Сізге ашық хат жазуыма себеп болған соңғы екі апта көлеміндегі еліміздің баспасөз беттерінен орын алған екі оқиға себеп болды. Біріншісі, атышулы австралиялық ғаламтор журналисі Джулиан Ассанжға тиесілі Уикиликс (WikiLeaks.org) сайтында Сауд Арабиясы билік орындарының құпия хаттары жарияланған Saudi Cables («Сауд жеделхаттары») атты ақпараттар тізімі жарық көрді. Ол тізімде Сауд Арабиясының Қазақстандағы «Асыл арна» телеарнасын қаржыландыруға қатысы барлығы анық көрсетілген хат та бар және ол хаттың мазмұнынан біз еліміздегі діни бағытының толығымен саудтықтар тарапынан бақыланатыны және солардың сызып берген жобасымен жүретініміз белгілі болып отыр.
Екіншісі, академик Асқар Жұмаділдаевтың техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ибраевтың сотталуына қатысты «Баспасөз клубында» жасаған мәлімдемесі. Бұл жерде екі хабардың бір-біріне қаншалықты қатысы бар бар деген заңды сұрақ туындары анық. Алайда, жарияланған саудтықтар хатында, біздің елдегі қандай мәселелерге көңіл аудару қажеттігі анық айтылған. Ол хатта былай делінеді: «Онымен қоса, мұнда (Қазақстанда – ауд.) қазақ халқының арасында сопылық насихатын таратып, жаңсақ істермен шұғылданатын сопы уағызшылар тобы бар. Сондай-ақ, шииттердің әсері, әрі олардың Қазақстанда біршама белсенділік қаупі де бар. Діни (сәләфилік – ауд.) үгіт-насихаттың болмауы Исламға қызығушылардың аса белсенді ислами тобының осындай белсенді шииттік жағына ауып кетуіне соқтыруы мүмкін». Біздің еліміздегі қазақ халқының діни танымының негізі болып табылатын сопылыққа соншалықты шүйлігуі, жай шүйлігіп қоймай қазақстандық сопылар Исматулла қари мен оның шәкірттерінің сотталуына, қуғындалуына, себеп болған Саудия мемлекетінің осы белсенді әрекеті ықпал етуші негізгі фактор болғандығына күмәнім жоқ. Қазақ халқының дәстүрлі діні мен діни танымы негіздерін уағыздап жүрген Исматулла қари мен оның шәкірттерін еліміздің кеңістігінен кетіргеннен кейін уаххабилік-салафилік бағыттағы уағызшылардың еш кедергісіз өз уағыздарын еркін жүргізуіне мүмкіндік туды. Бұрынғыдай әр басқан қадамына жауап беріп, қазақ халқының дәстүрлі діни танымына қайшы келетін тұстарын әшкерелеп отыратын «зікіршілердің» кетуі, уаххабилер ықпалының еселеп күшеюіне әкелді. Міне, содан бері әлі күнге саудтықтардың идеологиялық ықпалының бәсеңсімегенінің куәсі болып отырмыз. Уаххабилік бағыт «Асыл арна» телеарнасы арқылы өз уағыздарын жалғастырып келеді. Бұл рухани экспансияның нәтижесі белгілі. Жүздеген қазақстандық жастар Ирак пен Сириядағы қантөгістерге қатысып, өздерінің қандай бағытта тәрбие алғандығын дәлелдеуде. Бұларға қарсы күресуге тиіс ҚМДБ-ның ұстанып отырған бағыты – араб дәстүршілдігі (арабский традиционализм). Уаххабиліктің өзі осы араб дәстүршілдігінен өсіп шыққандығын, уаххабилер мен араб дәстүршілдігінің сенім негіздерінде аздаған ерекшеліктері болмаса, тамыры бір екендігін ескерер болсақ, онда еліміздің діни-рухани бағыты саудиялықтар ықпалында екендігіне көз жеткізу қиын емес. Қазіргі күні ҚМДБ имамдары бұл бағытты-араб дәстүршілдігін қазақтың дәстүрлі діни танымына қарсы күрестің құралына айналдырып отыр. Мен оны ҚМДБ атынан шығып, дінді уағыздап жүрген имамдардың уағыздарын талдай отырып-ақ дәлелдеп бере аламын. Мысалы оған, А.Сманов, А.Қуанышбаев сияқты т.б. имамдардың уағыздарында қазақ халқының киелі, қасиетті саналған дәстүрлері мен құндылықтарына қарсы жүргізіліп жатқан уағыздары дәлел бола алады. А.Сманов әруақтарға, әулиелерге зиярат жасауға қарсы уағыз айтса, А.Қуанышбаев қазақ ақын-жырауларын жынның жетегінде жүрген, халықты адастырушылар ретінде көрсетіп жүр. Демек, имамдардың бұл мақсаты қазақ халқының халық болып қалыптасуына ықпал еткен әулиелер мен 18-19 ғасырларда қазақ халқының рухани тұтастығы үшін барын салған қазақ ақын-жырауларының еңбектері мен рухани мұраларын жоққа шығару – қазақ халқының рухани-мәдени болмысының тамырына балта шабу болып отыр. Егерде мешіт имамдары тарапынан мұндай бағыттағы уағыздар жалғаса беретін болса, онда қазақ халқының рухани-мәдени болмысын толығымен жоюға апаратын аса қауіпті факторға айналады. Егерде дін кез-келген халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен сай келмейтін болса, онда ол дін ол халықтың дәстүрлі діні болып табылмайды. Қазіргі ҚМДБ мешіттерінің ұстанған бағыты да қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына сай келмейді. Демек, бұл дін қазақ халқының дәстүрлі діні емес, араб дәстүршілдігі ғана. Өкінішке орай, мұны мойындап, қателігін түсініп, қазаққа мойын бұрайық деген ҚМДБ да, оның басшылары да көрінбейді. Осыдан бірнеше ай бұрын Дін істері комитеті басшылығына ҚМДБ имамдарын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде арнайы курстан өткізіп, ислам діні мен қазақ халқының салт-дәстүрі арасындағы сабақтастықты ашып көрсетейік, қазақ халқының діни танымы мен Ислам діні арасында қайшылық жоқтығын дәлелдейік деген ниетпен ұсыныс жасадық. Егерде бұл жоба іске асқанда, имамдардың қазақ халқының рухани болмысын тереңірек тануына ықпал еткен болар еді. Бізді Дін істері комитеті қолдағанымен, ҚМДБ басшылығы ұсынысты қабыл етпеді. Егерде ҚМДБ-ның бұл ұсынысты қабылдамауы еліміздің болашағына кері ықпалы болмайтын болса, онда бұл мәселені арнайы сөз етудің қажеті болмаған болар еді. Мәселе, ҚМДБ үшін қазақ халқының қалыптасқан сан ғасырлық діни-рухани болмысы емес, саудтықтардың сызып берген бағыты қымбат болып отырғандығында болып отыр. Ал, бұл бағыт-араб дәстүршілдігі мұсылмандық дүниетанымды 8-ғасыр шеңберімен шектеп, Исламдағы барлық ғылыми-рухани ілгерілеушілдікке тыйым салған, одан кейінгі кезеңдегі барлық рухани, мәдени, ғылыми бағыттардағы ашылған жаңалықтардың барлығын «бидғат» деп жоққа шығарған болатын. Бұл бағыт Ислам әлемінде үстемдікке ие болған кезеңдерде, Ислам ғылымы мен мәдениеті құлдырап, азғындыққа түсетінін тарих өзі дәлелдеп отыр. Оның алғашқы құлдырауын, тоқтатқан, Ислам әлеміне иманды қайтып берген Қожа Ахмет Йасауи бабамыз болатын. Бұл Ислам әлемінің қайта түлеп, гүлденуіне, ғылымы мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне мүмкіндік берді. Йасауи жолы Жошы ұлысында мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілген кезеңде, ғылымы мен мәдениеті дамып, Алтын Орда деген атқа ие болды. Өзбек ханның ұлы Жәнібек ханның Йасауи жолынан бас тартып, араб дәстүршілдігін қайта әкелуі Алтын Орда сияқты алып державаны жиырма жылда тас-талқан етті. Ал, 15 ғасырдан бастап, «ахл ал-сунна уа-л жамаға» тариқаты, басқаша айтқанда, араб дәстүршілдігі негізінде құрылған нақшбандийа тариқаты ықпалымен бүкіл Ислам әлемі қайтадан тоқырауға ұшырап, азғындыққа түсті. Қазақ хандығының да тарихтан кетіп, өзгелерге бодан болуы осы тариқаттың қазақ даласында жетекші идеологияға айналумен тікелей байланысты еді. Бұл жолды толығымен қабылдаған Түркістан, Шымкент, Тараз сияқты қалалардың халықтары өзбек ұлтына айналды. Бұл соңында Қазақ хандығының ыдырауына әкелген үдеріс болғандығы тарихтан белгілі. Ал, бүгінгі сол араб дәстүршілдігінің радикалды бағыты – уаххабилік болса, адамзат баласының осы күнге дейін жинақтаған бар рухани-мәдени мұрасын жоюды өздеріне мақсат етіп отыр. Ізгіліктің орнына – зұлымдықты, жақсылықтың орнына – жамандықты, ғылым мен білім орнына – қараңғылық, топастықты ту еткен бұл бағыт тек біздің еліміз үшін емес, жалпы адамзат баласы үшін қауіпті факторға айналды. Біздің елімізде де бұл ағымның соңынан ергендер саны аз емес екендігін бір мен емес, жалпы халық біледі. Уаххабилік идеология ықпалына түсіп, уланған жастарымыз қазақтың рухани, мәдени құндылықтарын сыйламақ түгіл, оларды құрту керек, жою керек дейтін деңгейге жетті. Егерде, ертеңгі уаххабилердің күнідері туар болса, не істейтіндіктерін ешкімнен жасырып жүрген жоқ. Менің бір жазған мақалама пікір жазған бір уаххабилік ағым өкілі «Әр қалада санымыз бес мыңға жететін болса, біз сендердің ешбіріңді аман қалдырмаймыз, намаз оқымағандарды түгел қырамыз» деген коммент жазды. Ал, бұл комменттің жазылғанына төрт-бес жылдай уақыт өтті. Сол кезден бері еліміздегі уаххабилердің саны көбеймесе, азайған жоқ. Сол себепті, біздің де бұл қауіптің алдын алмастан басқа шарамыз жоқ.
Құрметті Елбасы!
Бұл мәселені шешу қазіргі күні тек Сіздің қолыңызда. Сізден басқа бір адам бұл мәселені шеше алады дегенге мен өз басым сене алмаймын. Сондықтан тез арада халқымыздың діни-рухани ахуалын сауықтыру мақсатында шұғыл шаралар жасауыңызды өтінемін. Ол үшін мынадай мәселелерді қолға алуыңызды өтініп, сұраймын:
- Кезінде қазақ халқының дәстүрлі діні-Йасауи жолын уағыздағаны үшін сотталған Исматулла қари мен Саят Ибраев бастаған сопыларға қатысты істі қайта қаратып, әділ шешімін шығаруға үкім етуіңізді;
- Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының діни-идеологиялық бағытын қазақты халқының дәстүрлі дініне қарай бет бұруына ықпал етуіңізді;
- Елімізде дайындалып жатқан діни кадрларды қазақ халқының діни-рухани бесігінде оқыту мәселесін шешуіңізді;
- Шет елдерде діни кадрларды дайындатуды толық тоқтатуға ықпал етуіңізді сұраймын.
Сонда ғана мына Өзіңіз іргесін қалап, әлем таныған мемлекетке айналған еліміздің болашағы баянды болмақ. Олай болмаған жағдайда, мемлекетіміз де, қазақ халқының сан ғасырлық рухани, мәдени болмысы да, қазақ деген халықтың өзі де тарих сахнасынан кетпек.
Ал біздің Қазақстан мұсылмандар Діни Басқармасын да сынайтынымыз рас. Оның себебі – мемлекеттің мүддесі мен мемлекеттің діни-идолгогиялық қауіпсіздігі. Өйткені, әлі күнге ҚМДБ құрамына кіретін мешіттер өз жұмыстарын уақыт талабына сай жүргізе алмай отыр. Әлі күнге мешіттер уаххабилік-салафилік бағыттағы уағыздарға қарсы пәрменді жұмыс жүргізе алмай келеді. Себебі, мешіт имамдарында қазақ халқының дәстүрлі діні мен діни танымы туралы түсінік жоқ. «Ханафи мазхабы» дейді, бірақ ханафи мазхабының ерекшеліктерінен хабарсыз. Мықты деген мамандарының өзі қазақ халқының дәстүлі діни танымына қарсы уағыз айтады. Мысалы, А.Сманов деген Ақтауға барып, уағыз айтты. Уағызы қазақ халқының дәстүрлі діни танымына қайшы. Ал, олардың қазақтың діни танымына қарсы айтқан уағызын көріп тұрып, сын айтпау мүмкін емес. (Алайда, жақсы мамандар барлығын да жоққа шығармаймыз.) Сондықтан ҚМДБ-ның жұмысы мен діни-идеологиялық бағытын толығымен қайта құру керек деп есептеймін. Атап айтқанда, мынадай өзгерістер жасалуы тиіс:
- Маман дайындау бағытын өзгерту керек. «Нұр-Мүбәрәк» университетінің оқу бағдарламасы толығымен қайта қаралып, қазақ халқының рухани болмысына бет бұруы тиіс. Өйткені, университет бағдарламасында қазақ халқының рухани қажетін қамтамасыз ететін пәндер мүлде жоқ. Мысалы, 2011 жылға дейін «Ислам құқығы» пәні 1-4 курстары арасында жүретін. Ол құқықтық жүйе араб қоғамының қажеті үшін жасалған құқықтық жүйе болатын. 17-18 ғғ. дейін қазақ қоғамындағы қоғамдық қатынастарды реттеу - «әдет жолымен» реттеліп келді. Және бұл Ханафи мазхабының негізгі талаптарына сай келетін. Өйткені, Абу Ханифа дін мен шариғатты екі бөліп қарастырды. Кез-келген Исламды қабылдаған халық Исламға қайшы келмейтін өзінің дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалуға мүмкіндігі болды. Сондықтан, қазақ қоғамының қажетін өтемейтін пәндер орнына Ислам дінінің рухани болмысына мән берілетін сабақтар қойылуы тиіс. Абу Ханифаның «Фихқ-ул Акбар», Имам Матуридидің «Китаб ат-Таухид», Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани Хикмет» шығармалары талданып, оқытылуы тиіс. Сонымен қатар, «Ислам тарихы» пәнімен қоса «Түркі ислам» тарихы пәні, «Түркі ислам философиясы» сияқты пәндер енгізіліп, қазақ мұсылмандығының ерекшелігі толығымен қамтылуы тиіс. Сонда ғана қазақтың дәстүрлі дінінің мәні мен мазмұнынын түсінетін, халыққа түсіндіріп айта алатын мамандар дайындалатын болады.
- Қазіргі мешіт имамдарын қайта дайындықтан өткізіп, олардың білімін қазақ халқының дәстүрлі діни танымын білетіндей, халыққа жол көрсететіндей дәрежеге көтеру керек.
Өкінішке орай, ҚМДБ мұндай өзгерістер жасауға дайын емес. Мешіт имамдарымен кездесіп, оларға қазақ халқының дәстүрлі діни танымына қатысты мәселелерді түсіндірейін десең, ат-тонын ала қашады. Өйткені, оларға дін ғылымымен айналысушы мамандармен кездесуге, пікір алысуға ҚМДБ тарапынан тыйым салынған. Оны осыдан үш жыл бұрын Тараз қаласында жергілікті имамдардың, солар үшін арнайы ұйымдастырылған, лекцияға келмегеніне өзім куә болдым. Егерде ҚМДБ-да осы бағыт өзгермей, шетелдердегі діни ағым соңынан жүре беретін болса, ертеңгі күні қазақ халқының рухани-мәдени болмысын толығымен күйретіп, аты қазақ, заты басқа халықты қалыптастыратынына күмән жоқ. Және олардың мұндай мақсатты алдарына қойғанына күмән да қалмай отыр. Өйткені, қазақ халқының дәстүрлі діні мен рухани-мәдени болмысы негізінде маман дайындап жатқан жалғыз оқу орнындағы «теология» мамандығын жабуды талап етуі бұлардың алдына сондай мақсат қойғандығына толық дәлел бола алады. Сол себепті, ҚМДБ басшысы, мүфти Е. Маямеров мырзаның өтінішін орындауға болмайды, бұл қазақ халқының болашағына тікелей қауіп төндіреді деп есептеймін.
Құрметті Нұрсұлтан Аға!
Осы мәселені өзіңіз ақыл таразысына салып, әділ шешімін қабылдайды деген үміттемін.
Өзім туралы айтар болсам, мен, Зікірия Жандарбек, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Дінтану» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, қазіргі күні Түркияның Анкара қаласындағы Йылдырым Баязид университетінде «Болашақ» бағдарламасы аясында «Имам Матуриди ақидасы мен қазақ халқының рухани-мәдени болмысы арасындағы сабақтастық» атты тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп жатымын.
Құрметпен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Дінтану» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек
СӨЗІМІЗ ДӘЛЕЛДІ БОЛУ ҮШІН WikiLeaks.org CАЙТЫНДА ЖАРИЯЛАНҒАН ХАТТЫҢ ҚАЗАҚША НҰСҚАСЫН ҰСЫНЫП ОТЫРМЫЗ...
Құрметті Мәдениет және ақпарат министрлігінің сыртқы ақпарат өкілі! (Сауд Арабиясы корольдігінің Мәдениет және ақпарат министрлігінің сыртқы ақпарат өкілі Абдулазиз бен Салих бен Салама – ауд.)
«Асыл арна» телеарнасының бас жетекшісі Исам бен Салих әл-Уейдтің (саудиялық сәләфилік бағыттың көрнекті өкілі – ауд.) Аса Мәртебеліге (Корольге – ауд.) жолдаған хаты және осыған қатысты пікірімізді сұраған 1431/6/18 (2010/6/1 – ауд.) күнгі жіберген жеделхатыңызға байланысты былай дейміз.
Аса Мәртебелінің (Корольдің – ауд.) Астана (Алматы) қаласындағы елшілігінің (Қазақстандағы Сауд Арабиясы елшілігінің – ауд.) мәліметіне қарағанда «Асыл арна» – үкіметтік емес телеарна, 2008 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Әділет министрлігіндегі Дін істері комитеті және басқа да билік орындарының тікелей қолдауымен негізі қаланған. Ақидасы – Әһл сүннә уал-жамағат, мұсылмандардың арасында ортақ мүдделердің қамын жейді. Бұл телеарна Қазақстандағы ресми, қоғамдық және діни тараптардың барлығымен де тығыз байланыс орнатқан. Сондықтан да бұл арна діни насихат жүргізетін телеарнасы жоққа тән, болса да, үкімет тарапынан құрылатын осынау аймақта ерекше маңызға ие. Онымен қоса, мұнда (Қазақстанда – ауд.) қазақ халқының арасында сопылық насихатын таратып, жаңсақ істермен шұғылданатын сопы уағызшылар тобы бар. Сондай-ақ, шииттердің әсері әрі олардың Қазақстанда біршама белсенділік қаупі де бар. Діни (сәләфилік – ауд.) үгіт-насихаттың болмауы Исламға қызығушылардың аса белсенді ислами тобының осындай белсенді шииттік жағына ауып кетуіне соқтыруы мүмкін.
Сондай-ақ (Қазақстандағы – ауд.) елшілік аталмыш арнаның көп әрі алуан түрлі мұқтаждықтары туралы хабарлады. Олар түсірілім мен монтаждауға, дубляж жасауға керекті жалпы сомасы шамамен бір миллион АҚШ долларын құрайтын бүгінгі ең жетілген құрал-жабдықтарды сатып алуды қалайды. Сондай-ақ, жұмыс орны болатын ғимарат сатып алуды және қызметкерлердің санын арттыруды көздейді.
Елшілік (Қазақстандағы Сауд Арабиясы елшілігі – ауд.) аймақтағы жаңа сынақ ретіндегі маңызына қарай бұл арнаны қолдау дұрыс деп санайды.
Бұл мәліметтер Сіздің танысуыңыз үшін әрі Өзіңіз дұрыс деп тапқан шешім шығаруыңыз үшін жіберілді.
Ең ізгі сәлеммен,
(Сауд Арабиясы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты – ауд.) Ақпарат істері басқармасының бастығы, құрметті елші/
Усама Ахмад Нақлий
Зафир Усейри 1431/08/01 (2010/07/13– ауд.)
(Дереккөз: https://wikileaks.org/saudi-cables/doc121022.html)
99/3/ 228 بدون
سعادة وكيل وزارة الثقافة والإعلام للإعلام الخارجي