Айгүл Үлкенбаева: Домбыраның үнінде адам жүрегінің бір қылына дөп тиетін ерекше қасиет бар

МУЗЫКА
2459


Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі қазақ халқын ерекше қуантып отыр. Домбыра күнінің мерекеге айналуы - көнеден жеткен асыл қазынамызға, ұлттық мұрамызға берілген лайықты баға деп білеміз. Мереке қарсаңында қара домбыраның қасиетін күй өнерімен ХХІ ғасырға алып кірген күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаеваны әңгімеге тарттық. Айгүл Нариманқызы жақында ғана Әмірелердің ізімен Париж төрінде өнер көрсетіп келген екен.


- Айгүл Нариманқызы, сұхбатымызды бастамас бұрын Өзіңізді Ұлттық домбыра күнінің белгіленуімен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. 

- Рахмет. 

- Алғашқы сұрақты Алматы қаласындағы «Айгүл Үлкенбаеваның мектеп-студиясынан» бастасақ. Студиядан осыған дейін қанша шәкірт түлеп ұшты? Жалпы, шәкірттеріңіздің көбі өнер жолында жүрген болар? 

- 2006 жылы жалпы мектеп-студия дегенді ең алғашқылардың бірі болып ашқан едім. Қазір мектеп-студия көп. Студенттерге дейін ашады. Көбісі бұрынғы үйірмелердің есебінде. Бұрын үйірмелер көп еді, қазір студиялар қаптап кетті. Менің студиямда оқитын балалардың бағыты - ары қарай музыкаға барады дейтіндей емес, көбінесе өзі үшін үйренетін балалар. Мектеп-студиямның мақсаты - әрбір домбыра үйренгісі келетін қазақты баулу. Одан басқа әлбетте, шеберлік сыныптарын өткіземін. Оқу орындарына түскісі келетін немесе демалыста жүрген балалар келіп сабақ алады. Болмаса байқауларға қатысқысы келетін балалар да келіп тәлім алып жатады. Ол -студияның бөлек тармағы. Өзімнің тәрбиелеген шәкірттердің ішінде тек қазақтың емес, басқа да ұлттың да балалары бар. Мәселен, жаңа ғана «Астана» телеарнасынан келіп менен «Домбыра күніне» байланысты сұхбат алып кетті. Шәкірттерімнің бірі Андрей де сұхбат берді. Болашақта біздің домбырамыз тек ұлттың аспабы емес, халықтық мәртебеге ие болатын шығар. Халықтық аспап ретінде біз қазір скрипка, виолончельді, пианиноны айтып жүрміз. Біздің де ұлтттық аспабымыз сондай биік деңгейге жететін шығар деп ойлаймын. Себебі, қазіргі кезде домбыраға деген қызығушылық жалғыз біздің қазақтың балаларында ғана емес, басқа ұлттарда да бар. Шынымды айтсам, осы жылдың ішінде мектеп-студиямдағы бір бала ғана музыкалық колледжге барып, күйші болмаққа қадам жасады. Ал қалғандары әртүрлі университеттерде жүргенімен, домбыраларын қолынан тастамайды. Қазір екінші шәкіртімнің дискісін шығарғалы жатырмыз. Бір шәкіртім өзінің дискісін шығарды. Олар оқуын тастап кетпей, студент болғанша менің студияма келіп тұрады. 2-3 жыл оқытып, жібере салатындай студия емес дегенім ғой. Менде оқитын мектеп оқушыларының барлығы үшін жеке бағдарлама жасап, мектептеріне барып, жеке концерттерін ұйымдастырып тұрамын. Оның өзі маңызды. Себебі, ол да бала үшін зор жетістік. Екіншіден, бұл баланы жауапкершілікке, тиянақтылыққа баулып, сахна мәдениетіне үйретеді. 

- Осы ретте бір сұрақ туындайды. Бұған дейінгі сіздің бірнеше сұхбатыңызда тілшілердің «эстарадамен араласқан домбыра өзінің қоңыр үнін жоғалтып алмай ма?» деген сұрақты жиі қойғанын байқап қалдым. Одан домбыраның ұтылмайтыны туралы жауабыңызды тыңдадым. Орынды жауап деп айтар едім. Ендігі кезекте бәлкім, қазақтың домбырасын шетелдегі насихатын күшейту үшін әлі де болса бір тың эксперименттерді жасап көруге болар деп ойлайсыз ба? 

- Өнер жолында жүргелі бері күй өнерін қалайша жаңашалап, көрерменді өзіме көптеп тарта алам деген сұрақ мені үнемі толғандырады. Мен қарабайыр күйді орындап концерт берген емеспін. Үнемі жаңа қадам жасап, тың идея табуға тырысамын. 2013 жылы «Айгүл-күйге бар әлем тамсанады» атты тақырыпта өткен ауқымды концерттік бағдарламам Астанада да, Алматыда да өтті. Ол жерде үлкен ритм-топтың сүйемелдеуімен, жанды дауыста акустикалық аспаптармен концерт бердім. Оның ішінде біз тек қазақтың күйін орындаған жоқпыз. Қазақтың күйі сан алуан. Оның құрылымы мен ритмдік бағыты, өлшемі әртүрлі болып келеді. Сонысымен қазақтың күйі - өте бай мұрамыз, қазынамыз. Менде оқыған түрік, армян, орыс бар - төртеуіміз төрт ұлттық киіммен ерекше нөмір жасадық. Әр ұлт өзінің аспабында өз ұлтының музыкасын орындайды. Мен әрқайсысын екінші дыбыспен қостап отырамын. Соңында қазақтың әні бойынша олар мені қостап, соңында біз нөмірді күймен бірге аяқтаймыз. Сондай қызықты идеяларды жүзеге асыруға тырысамыз. Сонымен қатар, мен «Синк-синк», «Тико-тико» сияқты бұрын соңды қазақтың домбырасында орындалмаған шығармаларды ойнадым. Оның бәрі топтың қостауымен орындалды. Жанды дауыспен ондай концертті командамен халыққа ұсынған аспапшылар саусақпен санарлық. Өткенде Атырау облысының әкімдігі «концерт берсеңіз» деп ұсыныс жасағаннан кейін тағы да жаңа бағдарлама жасадық. Мен үнемі шәкірттерімді концерттеріме қатыстырамын. Үлкен буын студенттер мен кіші балалар бар, шәкірттерімнің барлығы концерттерімде шығып жүр. Атыраудағы концертте рояль, перкуссия, ұрмалы аспап және менен басқа тағы екі домбырамен жаңа бағдарлама әзірледік. Ол да өте тартымды өтті. Себебі, бағдарламаңды үнемін жақсартып отырсаң, ол тыңдаған халыққа да жайлы. Пайда көздеп гастрольдік сапарға барған емеспін. Ондайлар көп кездесетіні жасырын емес. Үлкен концерттердің өзінде орындаушылар ақшаны үнемдеу үшін сахнаның декорациясына баса маңыз бермеуі мүмкін. Таза дауыстың өзі үлкен қаражатқа тіреледі. Ондай үнемнен аулақпын. Ең алдымен мен үшін халықтың ойы мен көзқарасы, құрметі қымбат. Бір жағынан ол сенің кәсіби деңгейіңді көрсетеді. Дәлелдеуің керек кім екеніңді. Сондықтан, ол өте үлкен жауапкершілік, үлкен сын. 

- Өткен жылы «Мен қазақпын» жобасында негізгі төрешілердің бірі өзіңіз болдыңыз. Алдыңыздан қазақтың күй өнері мектебінің түгел дерлік өкілі өнер көрсетті. Күй өнерін ұстанып жүрген қазіргі жас буынның өнеріне қалай баға берер едіңіз? Бәлкім, қандай да бір кемшіліктерін немесе артықшылықтарын байқаған боларсыз? 

- Қазіргі жастардың кемшілігі жөнінде... Ол енді тап қазір пайда болған дүние емес. Осыдан 15-20 жыл бұрынғы тенденция қалмай келе жатыр - қазіргі балалар күйді тез ойнайды. Ол біздің кезімізде де болған. Дегенмен, әрбір буын ауысқан сайын ол да үдеп бара жатыр. Түсінесіз бе? Қазіргі балалардың көбісі дәстүрге көп бойламай, қазіргі заманның күйлері секілді жеңіл-желпі орындайды. Неге қазіргі кезде дәстүрден аулақ кетіп қалдық? Дәстүрлі күйшілер неге шықпайды деп менен де сұрап, «Сіздер соңғы шығарсыздар» дейтіндер де бар. Себебі, консерваторияда, колледждер де дәстүрге, мәнерге, мектептің ерекшелігіне көңіл бөліп, сабақ беретін мүмкіндік біздің қазіргі оқу бағдарламасында қарастырылмаған. Біздің өнерді дәстүр деп есептемейтін кейбір оқымыстылар да бар бізде. Менің өзім 8 сыныпты бітіріп келгенге дейін нота дегенді білген емеспін. Тек құймақұлақтық - күйді көзбен көріп, құлағыммен тыңдау арқылы ғана үйренген адаммын. Мен неге дәстүрлі күйшіге жатпаймын!? Ол халықтың пікірі емес, әрине. Біз оқу арқылы дәстүрді басқа деңгейге жеткізген орындаушылармыз деп айтсам болады. Біздің ерекшелігіміз - біздің білімімізде. Біз тек күймен ғана шектелмей, шетел шығармаларын міндетті түрде концерттерде қосуға тырысамыз. Әлі күнге дейін тек дәстүрлі күймен шектеліп қалмай, жан-жақты болуды ойлайтын адаммын. Музыкант болғаннан кейін көкжиегің кең болуы керек деп ойлаймын. Менің өзіме қоятын талабым осындай. 

- Күйші болғаннан кейін көптеген ортада өнер көрсетесіз. Күйді қазақ болып жан-жүрегіңмен тыңдай білу де қабілет. Белгілі бір жиында делік, тыңдарманның кейбіріне ренжіген кезіңіз болды ма? 

- Білесіз бе, мен біріншіден, залға қуып тығып, зорлықпен концерт өткізбеймін. Концерт өткізсем - шынайы болғанын қалаймын. Мәселен, ақша тауып кету мақсатында мектеп оқушыларының барлығын жинап алып, концерт беріп жататын жағдайлар кездеседі. Қалауым - ол емес. Жүрегім қашан қалайды - сол кезде концертке шығамын. Зорлықпен билет сатқызатын өнер иесі емеспін. Концертіме келген үлкен кісілер: «Даңғыр-дұңғырдан шаршап, мынадай концертті көрмегенімізге көп болды» деп айтып отырады. Кейбірі «қашан концерт бересіз» деп сұрайды. Ал мен үсті-үстіне концерт өткізіп, халықты жалықтырып алғым келмейді. Өзімнің сондай бір ұстанымдарым бар. 

- Қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп жүрген түркиялық Седат Солакоғлы деген туысымыздың барын білесіз. Ол кісімен сұхбаттасқан кезімде «Айгүл Үлкенбаева мені өзінің шәкірті деп қабылдады. Маған одан артық қуаныш бар ма?» деп қалды. Жалпы, қазақтың домбырасына, ұлттық өнерімізге деген өнерді түсінетін шетелдіктердің пікірі қандай? 

- Әрине. Домбыраның үні адамдардың тамырына ма, жүрегінің бір қылына ма тиетін бір қасиеті бар. Шетелдегі қазақтармен көп араласамын. Кеше ғана біз Атыраудың оркестрімен Парижге барып келдік. Концертті сондай керемет қабылдайтын көрермен келді. Жоғарыда атап өткенімдей, менің концертіме кездейсоқ адамдар келмейді. Күйді түсінетін үлкен адамдар келеді. Концерт бітсе де, сен осы күйді орындап берші деп қолқа салатындар бар. «Керулен» деген өзіміздің құрған этномәдени тобымыз бар. Музыканттардың жан-жаққа көшіп кетуіне байланысты қазір концерт беріп, жарнама жасап жүрген жоқпыз. Концерт аяқталғасын залдан көрермендер кетпей: «Айгүл, айналайын енді сен өзің мына, мына күйлерді орындап бер» деп күтіп отыратындар баршылық. Оркестрден тыс орындап бермесең, сен күй шертпедің деп қабылдамайтын адамдар кездеседі. Құдайға шүкір, ондай кісілер аман-есен жүре тұрса екен деп ойлаймын. Сол тыңдармандарымыз кетсе, кейінгі біздің жағдайымыз не болар екен деген менің уайымым да жоқ емес. Шетелге барсақ, сол елдегі қазақтарды міндетті түрде шақырамыз. Вахаб деген Парижде тұратын ағамыз: «Сенің күйіңді тыңдағанда менің мына қолдарымның түгі көтеріліп кетеді» дейді. Денем тітіркенеді дегені ғой (күлді). 

- Күйлеріңізді тыңдап отырып нәзік лирикадан гөрі көз алдыңа бір Махамбеттің өрлігі мен ерлігін елестетер, Құрманғазы мәнерінде десе бола ма - ерекше арынды сезінгендей боламын. Жалпы, лирикалық күйлерден гөрі осындай адуынды күйлерді көбірек ден қоятын секілдісіз бе? 

- Жоқ. Көрерменді мен әртүрлі музыканы талап ететінін білемін. Біреу адуынды күйді ұнатса, біреу жай күйді қолай көреді. Сондықтан, мен үнемі оны араластырамын. Бір бағытта бермеймін. Ермұрат Үсеновтің маған жазған «Кербез сұлу» композициясы бар. Соны мен скрипкашылардың қостауымен ойнағанмын. Үнемі әртүрлі күйлерді концерттерімде араластырамын. Бір кезде мен мәселен дастарханның басында отырып, лирикалық әуен орындауым мүмкін. Ол менің көңіл-күйіме байланысты. Түсінесіз бе? Үнемі сен жұлып тұрған күйді орындай бермейсің ғой. Жайбарақат адамның көңілін тыныштандыратын бір күй орындауың мүмкін. Күй дегеннің өзі - адамның көңіл-күйі. Үлкен концертімде рояльмен бірге «Салтанат» атты шертпе күйді орындадым. Сол «Салтанатқа» пікірлер өте жақсы болды. Бұған дейін шертпе күйді эстарадаға қосып ойнап жүрміз. Рояльмен орындалғаны - тың бағыт. 

- 1 шілде күні «Ұлттық домбыра күні» келе жатыр. Астаналық өнерсүйер қауымға Айгүл Нариманқызы қандай сый дайындап отыр? 

- Домбыра күні және мерекесі бойынша бастаманы көтерген Мәдениет және спорт министрлігі деп түсіндім. Себебі, «домбырамен флешмоб дайындап жатырмыз - соған сізді роликке түсірейік деп едік» деп бірінші маған хабарласты. Оның арты мерекеге айналғаны - сол кісілердің бір қадамы, түрткісінің арқасы деп мен айтар едім. Сол кісілер дер кезінде мәселе көтеріп, Президенттің алдына дейін апарып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында керемет істің жүзеге асқаны, халықтық мерекенің пайда болғаны - қазақпын деп өзін есептейтін адам үшін үлкен қуаныш. Домбыра күні - дәстүрге айналатын мереке. Бұл жолы үлкен бұқаралық түрде өтеді деп күтіліп отыр. Жан-жақтан барлық оркестрлер жиналып жатқан секілді. Дайындығына 30-ы күні жиналамыз. Әзірге менің білуімше, көпшілік болып бәріміз күй орындауымыз керек. Ол жерде Елбасы қатысады деп күтіліп отыр. Оның артынша этноауыл құрылып, ұлттық өнер паш етіледі. Сол жерде біз концерттерге қатысамыз. Тағы бір айта кетер жаңалығым - қолыма алдымыздағы аптаның ішінде тиер деген үміттемін: үлкен бес дискіден тұратын топтамам жарық көргелі жатыр. Оның ішінде менің жаңадан жазған екі дискім болады. Оның ішінде бұрын-соңды орындалмаған күйлер қамтылады. Дискіде қамтылғалы отырған концерттік нұсқаны телеарналардан беріп, баяғыда-ақ таныстырып тастауыма болар еді. Біздікілер өздерін ұмыттырмау мақсатында сондай амалдарды қолданады ғой. Айтып кеткенімдей, жарнамамен халықты жалықтырғым келмейді. Сондықтан, күйлерімді телеарналарға бермей, интернетке жүктеген жоқпын. Дискіні сұрап, жеке қолымнан алған адамдар бар. Барлық қазақ концертімді көрді деуден аулақпын. DVD-форматта екі дискі, аудиоформатта 3 дискім дайын. Соның біріне концертімді де жүктедім. 

- Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. 1 шілдедегі Ұлттық Домбыра күнін асыға күтеміз. 

- Сізге де рахмет.


www.inform.kz

author

​Айгүл Үлкенбаева

КҮЙШІ

Жаңалықтар

7 қарашада Тараз орталығындағы пәтерлердің бірінен екі әйелдің денесі табылған, деп хабарлайды maden...

Жаңалықтар

Ресейде жас қыз пойыз астына түсіп, аман қалды, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz ақпарат по...