Шара Жиенқұлова. Өзім туралы және қазақ биі хақында

МУЗЫКА
3842

Шара Жиенқұлова, Мәдениет порталы

Би өнері әрбір адамның өміріне енетін уақытты армандаймын. Ол бір тамаша уақыт болар еді. Сол бір кезеңді жақындатқым келеді.

Шара Жиенқұлова

Бүкіл өмірім өзімнің ең жемісті шығармашылық жылдарымды арнаған би өнерімен байланысты. Қазақ халық биінің республиканың кәсіби сахнасында өмірге келуі  көз алдымда өтті. Менің алғаш рет көпшілік алдында өнер көрсетуім 13 жасымда жайлауда болды. Дәстүр бойынша таудағы жазғы қоныстан көшер алдында көршілес ауылдарда (қазақтар  мен қырғыздар қатар қоныстанған жерлерде) ат бәйгесі, көкпар тарту және ақындар айтысы өтіп, әнші-күйшілер өнер көрсететін. Сөйтіп, үлкен той болатын.

Шара Жиенқұлова, Мәдениет порталыШара әпке-сіңлілерімен бірге (сол жақ шетте тұрған – Хадиша Айманова),1925 ж.


Домбыра шанағынан күй төгілген осындай бір айтыстың үстінде, менің  өнерге бейімділігімді білетін құрбыларым күтпеген жерден қаумалаған көпшіліктің ортасына итеріп шығарып, «Шара билесін!» – деп айғай салды. Адамдардың арасына жасырынып қалғым келгенімен, көптің ішінен сытылып шыға алмадым. Домбырашылар да айғайға басып, онымен қоса домбыраларын сабалап жатыр. Биге шығуыма тура келді. Есім шыққаны сонша – алғашқы өнер көрсетуімнің қалай өткені өзіме де бұлдыр. Мен біресе атпен құйғыта шауып келе жатқандай, енді бірде домбыра шертіп немесе кілемге ою-өрнек салып жатқан адамдай түр көрсетіп, билей бердім. Жан-жақтан мақтаған дауыстар естілді, ал мен болсам, биді аяқтай салып, қолыммен бетімді басып, алыс қырға қарай жүгіре жөнелдім...


Шара Жиенқұлова, Мәдениет порталыШара Жиенқұлова
Бойыма батылдық жинап, көпшілік алдында жиірек өнер көрсететін болдым. Көпшілікке тез танылдым, сөйтіп қаладағы әртүрлі концерттер менсіз өтпейтін болды. Он алты жасар қыз  –  мен  туралы  алғашқы жарқағазда «белгілі  биші» деп айтылды. Бұл концерттің жадымда қалған себебі, ол жұмысшы баспаханасының мұқтаждығын өтеу үшін берілген еді, яғни ең алғашқы қамқорлық концерттерінің бірі болды. Халық билерін театр сахнасында жаңғырту жұмыстары «кәсіби биші болсам» деген арманыма қанат бітірді. Ал, бұл тәулігіне 12–16 сағаттан еңбектеніп, көп жағдайда көнені жаңартып, жаңғыртушы жасампаз болу үшін қажет еді. Дегенмен кез келген жанрдың артисі қалай болған күнде де драмалық актердің мектебінен өтуі керек деп есептеймін.

Бұл тұжырымның ақиқаттығын, опера сахнасына, оның шарттылығы жағдайында, жасалған образдардың терең шыншылдығын алып келген Қазақстандағы опера өнерінің негізін қалаушылар – Күләш Байсейітованың, Құрманбек Жандарбековтің және көптеген басқа адамдардың шығармашылық тағдырларынан көруге болады. Бұл мектеп маған биші ретінде екі немесе үш минуттық миниатюрада қайғыру, қамығу, шаттану, бақытқа бөлену секілді мейлінше әралуан сезім күйлерін беру керек болған сәттерде үлкен көмек көрсетті. Би өнері әрбір адамның өміріне енетін уақытты армандаймын. Ол бір тамаша уақыт болар еді. Сол бір кезеңді жақындатқым келеді.

Республика үкіметінің шешімі бойынша 1933 жылы Қазақстанда  музыкалық театр, одан кейін опера және балет театры ұйымдастырылды. Жаңа ұжымның негізін театрдың музыкалық дарыны бар артистерінің тобы құрады. Мұнда көркемөнерпаздар үйірмелерінен қабілетті жастар да келді. Жаңа театрға, ұзақ жылдар бойы онымен өз тағдырымды байланыстыру үшін, мен де келдім. Қазақ хореографиясы өзінің алғашқы қадамдарында  тәжірибелі  тәлімгерге, тамаша ұйымдастырушылық және педагогикалық қабілеті бар адамға мұқтаж болды. Мәскеу Үлкен театрының бұрынғы солисі, балетмейстер А.Александров осындай адам болды. Кәсіби биші болып шығуыма сол адам көмектесті. А.Александров – Алматыда бірінші балет  студиясын  және  музыкалық-хореографиялық  мектепті  негіздеуші  болды. Біздің өнеріміз – қазақ биінің туып-қалыптасуы үшін де осы бір тамаша адамға қарыздар. Орыс хореографиясының көрнекті өкілінің қазақ би өнерінің негізін қалауының өзінде үлкен мәні бар.
 
Шара Жиенқұлова, Мәдениет порталы

Жеті бірдей шет ел тілін тамаша білетін бұл адам сегізінші қазақ тілін де таңғаларлықтай тез меңгеріп  алды. Ол  қазақ  халқын қастерледі және зерттеді, үлкен суреткерге тән зеректікпен қазақтардың өзіндік ерекшеліктері мен ұлттық сипаттарын хореографияда айқындады, бейнелеп көрсетті. 

Тамаша қазақ билерінің бірі – «Тәттімбетті» жасау – біздің біріккен жұмысымыздың нәтижесі болып  табылады.  Жалпы  көрінісі  мен  ырғағын А.Александров  ұсынды,  ал дененің қозғалысы мен қолдың иілгіштігін көрсету маған тиісті болды, киім нобайын Қ.Жандарбеков жасады. 1934 жылдан бастап, 1940 жылға дейін республикалық опера және балет театрында солистка болдым. Осы кездері  «Қыз  Жібек», «Жалбыр» операларындағы, орыс және шетелдік композиторлар балеттеріндегі алғашқы би партияларын орындадым.Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің І онкүндігі (1936 ж.) кезінде, Мәскеу мен Ленинградта табыспен өткен концерттерден кейін театр ұжымының алдында өз алдына жеке отау тіккен балет тобын құру мәселесі тұрды. Театрға басқа қалалардан композиторлар мен балетмейстерлер шақырылды. Жас ұжымның тағдыры жазушы Мұхтар Әуезовті де толғандырды. Ол қысқа мерзім ішінде композитор В.Великановтың «Қалқаман – Мамыр» балетіне либретто жазды. Оның негізіне феодалдық-рулық әдет-ғұрыптарға қарсылық білдірген жас жігіт Қалқаман мен оның сүйген ғашығы – Мамыр туралы халық аңызы алынды. 

Жазушының мұражайында либреттоның түпнұсқасы сақталған. Қағаз парақтарының бетіне автордың қолымен түсірілген таңбалар ерекше қызығушылық тудырады. Мұхтар Омарханұлы балетмейстерге маңызды көмек көрсетумен бірге, әрбір би жөнінде бағалы түсініктемелер берді. Өткен  жылдарға  ойша  көз  жүгірте  отырып, өзімнің жақсы адамдарға көбірек тап болғанымды еске түсіремін. Мысалы, шығармашылық достық – қазақ билерін қою үшін мені өз ансамбліне шақырған Игорь Александрович Моисеевпен байланыстырды. И.Моисеевпен танысуым шығармашылық жолымды анықтауыма көмектесті: мен ән-би ансамблін ұйымдастыруға шешім қабылдадым. Әрине, театрды тастау өте ауыр болды, бірақ жаңа шығармашылық ұжымды құрудың болашағы  мені  қанаттандырды. Республика  үкіметі ұсынысымды  қолдады. Сөйтіп, 1940  жылдың  наурызында  қабілетті шығармашыл  жастарды  іріктеуге  және  репертуар дайындауға кірісіп кеттім. Біздің ансамбль туралы хабар бүкіл Қазақстанға таралды. Қайда барсақ та барынша ыстық ықыласпен қарсы алды. Алайда, менің көптеген ойларымды іске асырудың сәті түспеді. Соғыс басталды. Біздің ұжым әскери бөлімдерге концерттер беру үшін алғашқылардың қатарында майданға аттанды. Артистер қандай энтузиазммен жұмыс істеді десеңізші! Біз өзіміздің өнерімізбен жауға деген ортақ жеңісімізге, аз да болса, үлес қосатынымызды түсіндік. Өз ансамбліммен аты аңызға айналған генерал Доватордың атты әскерлерінің, 2-Украин майданы  жауынгерлерінің  алдында өнер  көрсеттік.  Жаудан  жаңа  азат  етілген  туған жердің күлге оранған көрінісі жан дүниеме қатты әсер етті. Фашизмге қарсы жеңіске өз тарапымнан көмектескім келді. Жинаған ақшаларымды қорғаныс қорына өткіздім. Біраз уақыт өткеннен кейін пошта жәшігінің ішінен басқа да хаттармен бірге солдаттың үшкіл хаты шықты. Онда осы уақытқа дейін ұмытылмай, жадымда қалған бірнеше сөз ғана жазылған еді: «Сіздің танкіңіз бүгін ұрысқа шықты. Танк командирі Байболатов» деген сөздер бар болатын. Одан кейін «Шара Жиенқұлова» атты қаһарлы танк жауынгерлері фашистерге аяусыз соққы беріпті. Бұл танк соғысты Чехословакияның азат етілген жерінде аяқтады.

«Ленфильм» киностудиясында түсірілген «Амангелді» фильміндегі басты рөл – Амангелдінің әйелі – Балымның бейнесін сомдау Шараның өміріндегі айтулы оқиға болды. Ленинград,1937–1938 жж


1940 жылдан 1966 жылға дейін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жұмыс  істеп, Қазақстан мен бауырлас республикалар еңбекшілеріне қызмет ету үшін концерттік бағдарламалармен жиі шығып отырдым. Талай рет шет елдерде: Польшада,Чехословакияда, Моңғолияда, Францияда, Италияда және басқа елдерде гастрольда болдым. Барлық осы жылдары кәсіби биші ретінде қазақтың халық билерін сахнада орындадым және насихаттадым. Қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен кейін жиырма екі жыл өткенде мен Мәскеуде ІІІ онкүндікке (1958 ж.) қатыстым. Бұл жолы шәкірт қыздарымның ортасында «Қырық қыз» биін және өзімнің жеке биімді көрсеттім. Отан еңбегімді жоғары марапатпен – Ленин орденімен бағалады. Сол бір ұмытылмас шақтан бері ондаған жылдар өтті. Менің  өнерім тек қазақ халқының ғана игілігі болып қалған жоқ. Кеңес Одағын  бір қиырынан екінші қиырына талай рет шарлап өттім. Әйтсе де, жерлестерімнің алдында жаңа билерімді ерекше толқу үстінде әрі жауапкершілікпен көрсететін едім. Билерді қою кезінде халық шығармашылығын кеңінен пайдалануға тырыстым, барлық жақсы нәрсені бейнелі етіп көрсетуге, оларды қаймағы бұзылмаған хореографиялық шығармаларға сіңіруге ұмтылып, халық тұрмысы және әдет-ғұрыптарын барынша дәлдікпен зерттедім. Шара Жиенқұлова, Мәдениет порталы

Өз өмірімде мен әлемнің көптеген халықтарының билерімен танысып, зерттедім.Оларды сахнада орындадым. Биді қою – аса күрделі үрдіс. Мысалы, кейде мен қойған және орындаған «Айжан қыз» секілді билерде композицияның негізіне миф, аңыз, ертегілер алынады. Өнерде жарты ғасыр жасау – үлкен бақыт. Қазіргі күн үшін ғана емес, болашақ үшін де өмір сүру – екі есе бақыт. Бишінің сахналық өмірі қысқа. Прожекторлардан жарық төгілген сахнаға шыққанда толқыныс пен тебіреніске толы сәттер артта қалады. Көрермендер залын жаңғырықтырған қол шапалақтаулар құлағыңа алыстан естілетін болады. Бірақ бойыңда жинақталған барлық тәжірибең мен біліміңді жастарға беруді тілейтін кезең де келеді. Ұзақ жылдық қызметімнің жемісі ретінде «Би құпиясы» кітабы туды, оған әр кездерде өзім дайындап, қойған қазақтың қырық халық биі кірді. Олардың ішінде «Балбырауын», «Айжан қыз», «Жігіттер биі» тәрізді кейбіреулері «Қыз Жібек», «Бекет» операларына, «Қалқаман–Мамыр» балетіне енді. Басқалары өзге кәсіби театрлар мен эстрадалық ұжымдардың, көркемөнерпаздардың сахналарында дербес өмір сүрді.Жас орындаушылардан жиі хат аламын, олар менен барынша әр алуан кеңестер сұрайды, әлде бір биді қалай орындау керек екенін, қандай киім таңдауға болатынын айтуымды тағы сондайларды өтінеді.Әрине, бұл сұрақтарға осы кітабымда жауап беруге тырысамын. Мұнда тек би қимылдары туралы ғана айтылып қоймайды, сонымен қатар киімдердің иллюстрациялары мен суреттері, би музыкалары да берілді. Анық айтқанда, кімде-кім, бір кездегі маған ұқсап, көрермендерді қазақтың  би  өнерімен  қуандыру  үшін  прожекторлар  жарық  төккен  сахнаға  шығуды армандайтын болса, бұл кітаптан өзіне қажеттінің бәрін де табады. Қазақтың халық билері әлемдік сахнаға шықты. Оған Еуропаның, Азияның, Американың, Африканың театр сахналарында қол соқты. Бұл кітап «қазақ халқының би өнерінің жарқын болашағы әлі алдағы күндерде» деген бекем үмітпен жазылды. Егер би өнерінің алғашқы буын өкілдері жинақтаған тәжірибе осы кәдеге жарайтын болса, онда автор үшін бұл үлкен мәртебе болмақ!

«Би құпиясы», Алматы, 1980 ж


author

​Шара (Гүлшара) Жиенқұлова

АКТЕР

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...