Бектенов: Су тасқынынан зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет
99

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов 2025-2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды madeniportal.kz, Қазақпарат ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

«Төтенше жағдайлар министрлігі Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын. Қазіргі жағдайда ең маңыздысы – азаматтарымыздың өмірі. Қажет болған жерде эвакуациялау жұмыстарын алдын ала жүргізу керек», - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен және басқа да күштік құрылымдармен бірлесіп, су басқан елді-мекендерде авариялық-құтқару және кезек күттірмес шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін күштер мен құралдардың жеткілікті көлемін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында болған су тасқынына назар аудара отырып, еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде су басып кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдасын. Қателіктерден сабақ алып, жұмысты жаңадан тиімді етіп ұйымдастыру қажет. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отыру маңызды. Ауқымды су тасқынына алып келген себептерді анықтап, оларды жою жөнінде ұсыныстармен бірге қалыптасқан жағдайға толық талдау жүргізу қажет. Әрбір өңір географиялық және ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын қайта қарауы керек. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмысқа тәжірибелі салалық сарапшыларды тарту керек», - деді ол.

Премьер-Министр Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктері тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кірісуі тиістігін баса айтты.

«Әкімдіктер жергілікті жерлерде зардап шеккен тұрғындарды шығынды өтеу алгоритмі және үй салу үшін көрсетілетін көмек туралы атаулы түрде хабардар етуге тиіс. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады», - деді Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысы

Бұл туралы Ақордада Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кезд...

Жаңалықтар

Орта таулы аумақта және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруіне байланысты облыста...