Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеуде – Тоқаев

t.me/aqorda_resmi

Жаңалықтар
423

Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет. Ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономиканың сипаты мен адамдардың тұрмыс салтының жылдам өзгеруіне ықпал етіп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz. 

«Күні кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген технологиялар бүгін шындыққа айналуда. Мұндай жағдайда еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық дербестігін нығайту үшін бізге барлық мүмкіндікті пайдалану маңызды. Жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор. Кейбір бағалаулар бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады. Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Тіпті, нейрожелілер сурет салып, музыка, өлең жазады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент сондай-ақ елімізде жасанды интеллектіні дамытатын институттардың қажет екенін, бүгінгі таңда Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатқанын тілге тиек етті. 

«Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек. Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет. Сонымен қатар бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр. Бұл құжаттар аталған саладағы зерттеу жұмыстарына және әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға жағдай жасауы керек. Сондай-ақ бизнес пен жоғары оқу орындары үшін технологиялық инфрақұрылымдар мен мәліметтер базасын қолжетімді етуге тиіс. Жасанды интеллектіні адамзат игілігіне қызмет ету үшін дамыту маңызды. Сондықтан этикалық стандарттарды белгілеу, мәліметтерді қорғау және осы саладағы киберқауіптің алдын алу ісіне ерекше мән берген жөн», - деді Президент. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар мен оларға бағынышты ұйымдардың деректер қорын интеграциялаумен белсенді айналысуы тиіс екенін айтты. 

«Жасанды интеллектіні реттеу мәселесі бүгінде ұлттық және жаһандық деңгейде жиі талқыланады. Мысалы, жақында ЕуроОдақта (Artificial Intelligence Act) тиісті заң қабылданды. Цифрлық дәуір жаңа активтің, яғни, деректердің пайда болуына ықпал етті. Олар жасанды интеллект пен машиналық үйренудің негізгі шикізаты саналады. Сондықтан мемлекеттік органдар мен оларға бағынышты ұйымдардың деректер қорын интеграциялаумен белсенді айналысу керек. Күрделі ғылыми міндеттерді шешу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыру үшін жақын арада елімізде жасалып, іске қосылатын суперкомпьютерлердің мүмкіндігін барынша жұмылдыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...