Алматыда «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің жанында Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиыл...
GAZNET-ке 25 жыл!
19 қыркүйекте Алаш интернетінің атасы – веб-шебер Тимур Инсепов негізін салған жоғары деңгейлі .kz домені ресми түрде тіркелгеніне 25 жыл толып отыр (1994 жылдың 19 қыркүйегі). Әрі бұл күн ҚАЗНЕТТІҢ туған күні болып саналады. Мәдениет порталы атынан барша қазақ ғаламторшылары мен интернет журналистерін құттықтаймыз!
Интернет тілі ерекше ол сені қазақ-өзбек, қытай-жапон деп бөлмейді. Бір ғана ағылшын тілінен үдемелене енген терминдердің мұхитына батырып, сөздік қолданыстың қара құрдымына түсіреді. Қазір қазақ бағдарламашылары арасында екі бірдей сөз саптам орнығып отыр. «File > Document Setup > Sections ([faɪl >dɔkjʊmənt setʌp >sekʃn])» демей, қазақша Пәиіл > Дәкімөнүт Сетәп > Селекшін) мəзіріне өтуіміз керек десеңіз әлемнің барлық ұлты не туралы сөз болып жатқанын шала шарпы түсінеді. Ал, файлдан Установка доукментке одан кейін раздел мəзіріне өтуіміз керек десеңіз, кез келген қазақ жақсы түсінеді, керісінше өздері белгілі бір кәсіп саласында білмесе де, өзім білемдікпен сол салаға қатысты жаңа сөз жасауды оны қотарма тілдік қолданыс ретінде қазақы ортаға міндеттейтін филогтардың сөз саптамын ұстанып: «Файлдан құжат қондырмасына одан кейін бөлім» менюына өтуіміз керек десеңіз жұрт аң-таң болып бетіңізге бір қарайды. Мынау тантып не деп кетті деп. Ағылшыннан тікелей екі бірдей сөз («File», «Sections») бір сөз тіркесін («Document Setup») қабылдап, құжат қондырылымы, бұрынғы ескірген орыстық мәнердегі сөз файл және айдар немесе бөлім сөздерінің кәсіби синониміне ие болып, тіліміз байығады. Бұдан былай таза қазақша Пәиілден > Дәкімөнүт Сетәпке > одан кейін Селекшін мəзіріне өтуіміз керек десеңіз келіндеріміз бен жеңгелеріміз бір-бірін бүйірге түртіп, «баламыз бен немеремізге ағылшыншаны оңай үйренуге көмектеседі, әйтпесе, пернетақта, түнтуір деп бас қатырып келіп еді»,- деп бір біріне сыбырлайды. Қазекең, өзекең, қырекең байғұстар орыс әлемінің жанторсығы болғалы қашан үш ұлтта бірде орыстың, бірде ағылшының кәсіби босағасында түнеп жүрген милети интернет жетімектің гәпіруін бабалар тілімен өз ыңғайына бейімдеген жоқ, біз қазақтар да «пілінтір» демейміз – орысша «плинтр» деп қалай айтылса солай қырғыз бен өзбекше дыбыстай саламыз. Өйткені, ағылшыннан тікелей сөз қабылдауға болмайды, ол отаршылар әлемге тараған іліми-білімдік әм ғылыми-кәсіптік «Еуропизмнен» ОА түркілері тікелей сөз қабылдамауы үшін мәңгілік табу салған, сол себепті әлі күнге сүт бетіндегі қаймақтарымыздың ғылыми жадысында тас қамалданған «халықаралық термин» болғандықтан «Мәңгілік старший брат» орыс тілі арқылы ғана тілімізге енгізу керек деген интеллектуалды құлдық сана мен орекеңдерден тікелей «ләппай тақсыр» сөз қабылдаушылық гуманитарлық-филологиялық заңдылық берік орныққан. Хош.
ТМД бойынша гүржі, әрмен бірыңғай ағылшыншаны, әзербайжандар – тіл жақын түркіні жарыстыра, Балтық бойы – ағылшын мен өз тілін қолданса, тек орыс пен украин ғана ең қажетті бағдарламалардың бәрін өз тілдерінде сөйлетіп отыр. ОА ғана орыс тілді интернет мәдениеттің құлдығына әлі күнге харакет қылмай қала беруде. Латынға өтті деген өзбектің өзі кирилдің қамытынан құтыла алмауда. Бұл құлдыққа түскендердің арасына парсы тілді тәжікті қоспағанда қалған төрт түркі тектестер ішінде қазақтар алда келеміз. Бірақ бір жалтақтық бар. Ол ағылшын мен орыстан тікелей сөз бен сөз тіркестерін ұлттық әуеземізбен қабылдауға тас қамал болған тілшілердің жеке меншігіндегі орфография. Интернетке қатысты бір тілдік мәселе туындай қалса, тек камптың бір бұрауын білмейтін филологтар шақырылады да, осы тілде сөйлеп жүргендер осы салада нан тауып жүргендер назардан мүлдем тыс қалып жатады.
Бірінші латынға негізделген әліпби шыққанда интернетжурналистикада жүргендер (сайтта істейтіндер емес, интернет бағдарламаларға қатысты жазатындар), оның ішінде өзім, бөркімізді аспанға атып, қолымыз бұрынғыдай «әіңғүұқөһ» іздеп үстіге жорғаламай, кіләбәдан кетпейтін болды ғой деп қатты қуандық. Одан кейін ұлттық әріптің төбесін ісірген екі өзгермелі нұсқа бірін-бірі ауыстырды. Бәрібір бар мәселе әріпте емес, ол таңбалайтын сөздің ұлттық әуезесінде.
Бағдарламашылардың бәрі әлем тіліндегі «мауұстың», камыптың, кіләбәнің қазақшаға аударылғанына көңілдері толмайды. Себебі – тіл жұртты ұлттық интернет тіліне жақындатудың орнына одан үркітіп отыр. Қазақтың ұлттық интернет тілі бар. Оны өмірге әкелетін, әкеліп жатқан филологтар емес. Бағадарламашы бауырлар. Олар әзірше өз қазақшасына не ағылшыншаны, не орысшаны бірде бұзып сөйлеп, бірде дұрыс сөйлеп араластырып, жоғымызды білдіртпей келеді.
Қазақ Интернетін ВК, истаграмда дамытуға барша қазақ үлес қосып жатыр. Бұл өз қолданушылары, іздеушілері бар кезде қазақ тілі жоғалмайды деген сөз. Бірақ бір нәрсені ескеруге тиіспіз. Интернет тұтынушы қазақ қай кезде интернет қолданушы, қай кезде интернет пайдаланушы болады. Қай кезде бір мезетте екеуіне де айналады. Міне, әрі интернет қолданушы, әрі интернет пайдаланушы қылатын Fotoshop сынды ақылы, және Scribus – Open Source Desktop Publishing, GIMP (GNU Image Manipulation Program), Joxi, Paint.NET, LibreOffice, FastStone Image Viewer, Picasa сынды тегін шығармашылық бағдарламаларға, интернет ойын бизнесінің серкелері Riot Games, Blizzard, Pearl Abyss, Square Enix т.б. компания шығарған әлемге танымалдығы кең жайылған League of Legends, World Of Warcraft, Black Desert, Lost Ark, Smilegate Tripod, Guild Wars 2, GTA 5, Counter Strike, Halo 4, Team Fortress 2 сынды заманауи, спорттық, тарихи, экшендік, фантастикалық, фэнтезилік т.б. тақырыптағы 100 әлемдік топ-хит ойындарына Үкімет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, Адоб, Корол т.б. интернет бағдарламаларды және танымал ойындар мен бағдарламалардың меншік иелерінен рұқсат алынып, оны жасайтын ғылыми-бағдармаларшылардың арнайы тобы құрылып, шығу тегінің ерін үндестігі сақталып, сөйлеу тілінен алшақтамаған қазаққа жаңадан милети болмысымызға бейімделе енген кірме сөздер терминдері арқылы ана тілімізде паш етілуі қажет. Оны өзіміз дауыс берген депутаттар мен таяуда өзіміз сайлаған Президенттен жер тепкілеп, өңеш жырта талап етуге тиіспіз.
Осы ойындар ішінде ұлтық дініміз бен ділімізге сай келетін 100 ойын таңдалынып алынып, ОА тарату құқығын иеленіп, қазақтандырсақ, көп нәрсе ұтар едік.
Журналисткада жүргеннен кейін ұстаз, бала және ата-ана компьютерлік сауаттылығы жайлы мақала жазайын десең жариялайтын бұқаралық-ақпараттық сайт жоқ. Үкімет тапсырысы танымдық-кәсіби бейнебаян қоюға, интернет бағдарламалар туралы сабақтар циклін жариялауға «Абай кз», «Ұлт», «Қасым» т.б. сайттарға жеке де, тұрақты қаржы бөлмейді. Әрі осы тақырыпта жазатын журналистерді ешкім адам санатына қосып, гранттық шығармашылық қолдау көрсетіп жатқан жоқ.
Интернеттегі қазақ тілінің дамуы мен проблемаларына түрлі компьютерлік бағдарламалар жасайтындар, ютубта өз арналарын жүргізетіндер, ВК-да телехикаяттар аударып жұрт көңілінен шыққандар және т.б. интернет тірлікпен айналыстындар арастырылмай, мауұс пен камптың не екенін білмейтін жандардың ермегі мен қалтасын қампитуға айналдырғандары қашан. Тіпті интернет саласы бойынша қара аспанды төндіріп грант жеңіп алып, ақыр-соңында алғанын оңды-солды шашып жүргендерде жоқ емес.
Алысқа бармайық, орыстар басым орналасқан жерлерде һәм қалаларда тіл орталықтары көптеп ашылды. Осындағы тіл үйрететін мамандар көбіне бос отырады. Осыларды субтир жасауға, мультфильдері аударуға пайдаланатын ешбір ұйымда, ұжымда жоқ. Ал, осы орталықтағылар тілдік курсқа адам жинау үшін нар орыс пен қара орыстардың артынан жүгіріп оларды тізімге алады. Сабақ өтілетін уақытта ұжым басшылары мамандарын курсқа босатса да ешкім бармайды. Орталық басшысы біз бәленбай адамды қазақ тілінде оқытып жатырмыз. Түгенбайды ағылшыншаға судай қылдық деп жоғарыға ақпарды қардай боратады.
Ағылшыншадан қазақшаға тікелей аударма жасай алатын маман тек тізімдегі мұғалімдердің санын көбейтеді. Өйткені, орыстілділер басым жерде қазақ тіліндегі ағылшынша тіл үйренуге санаулы адам ғана жазылады. Ондағы орыс тілін, ағылшын тілін білетін мұғалімдерді сабақ беруімен қатар, әрі тікелей аударма жасайтын автор ретінде тіркеп, тәржімалағаны үшін қосымша қаржы төлеу осы бір тіл орталығын құру кезінде қарастырылмаған. Ақырында мықты маман білгенінен айырылып отыр. Сонымен Тіл орталықтары филогогтардың жұмысы жоқтықтан әрі-бері шәйнек көтеріп жүгіретін кәсіби шайханасына айналып та кетті.
Бүкіл ОА бойынша ең басты мұң бүкіл интернет желісінің билігі мен бизнесі орыстілді өзге ұлттардың қолында қалуда. Оған қол жеткізу үшін бір ғана амал бар. Ол – әлемдік деңгейдегі ұлттық интернет тілінің «англизмдерінің» милеттенуі. Сол кезде өзге ұлт өкілдері тіліңді ұқпаса да, терминіңді ұғынады. Ә, қазақ та, өзбек те кекілділер сияқты орыс интернет әлемінен қол үзіпті деп, бұрынғы жайғасқан төрінен ығысады.
Камыптық бағдарламалармен жұмыс істеп мауысты оңды солды шертетін біздер үшін интернет тілін ұлтымызға жақындатып, орысшасы арқылы ұғынатын емес, қазаққа бейімделген кірме ағылшыншасы арқылы жұғысатын тілге қол жеткізу үшін тек филологтардың ақ батасы керек. Әйтпесе, ешбір текхникалық термин қазақша сөйлемейді. Еурпа тілдерінің қазаққа бейімделген кірме сөздері оқулық жазуда бұрынғыдай орыс тілденген калкалық қол байлау болмай, ана тілімізде білім алған шәкірттердің кейін шет елге барғанда оқу процесін жатсынбай бірден игеріп кетуіне септеседі. Басқа өнер-білім мен кәсіп саласы сияқты интернеттің бағдарламалық кірме сөздері арқылы ана тіліміздің еңсесі тіктеліп, орыс әлеміне терминдік басыбайлылықтан құтылады. Құдайым сол күнге жеткісін.
Сайттарда қазақыланған танымал бағдарламалар жастардың жеке патриоттық құлшынысымен пайда болып, жеке тұлғалардың там-тұмдаған ақшадай қолдауы негізінде жұртқа өз көмегін тигізуде. Тек сөз саптамдық ала-құлалық интернет бағдарламаларының тіліне байланысты жойылмай отыр. Орысқа жалтақтамай Украинадағы кекілділер сияқты интернетке қатысты кәсіптік, ойындық және ілім-білімдік «Ангилизмдер» сөздігін жасауды қолға алатын кез туғанын өмір өзі көрсетіп отыр. Біз өз тарапымыздан «Фотошоптағы» англизмдерді қазақы мәнер сөйлетуге кірістік.
Қазақ интернеті бұқаралық және танымдық-ғылыми болып екіге бөлінеді. Бұқаралық жағын екі қазақтың бірі ат салыса дамытып жатыр. Ал, енді біз осының екіншісі танымдық-ғылыми жағын дамытып, Ұлттық Интернет Ағартушылыққа зор үлес қосып жүрген кейбір бауырларымызды ауызға алай кетейік.
Ютубтегі қазақы сабақтардың ең азы мың ең көбі 13 мың аралығында қаралымы бар бұл жұрт ана тілінде камптық бағдарламаларды үйренуге құлшынуда деген сөз. Скрибус бойынша А.Айтбенова (https://www.kspi.kz/files/articles/emf-04.16-449-453.pdf), фотошоп-бағдарламасында Ержігіт Дайрабек https://cnvid.net/video/фотошоп-қазақша-сабақтар-1-сабақ-wF8YzmiZ6ZE.html, Бердібек Оразғалиев ағылшын тілді терминдерді қазақтандырғанымен қуантты.
Ертай Қуанышовтың ақылы «ФОТОШОПТЫ 3 КҮНДЕ ҮЙРЕНГІҢІЗ КЕЛЕ МЕ?» атты базалық 21 видео сабағы талайлардың ұлттық тіліміздегі осы бір танымал бағдарламаға сұранысын өтеуде.
ОА Билігінің құлағына алтын сырға
Өз еліңдегі орыс интернеті сендердің қолпаштап қаржы бөлулеріңе, грант берулеріңе зәру емес. Қайта кейін ұрпағыңның жүзі жарқын болуы үшін қазақы интернеттің керегесін кеңге жаюға қолдау жаса. Жастарға, маманданған журналистерге ұлттық интернет қауымдастығын құрып бер, молдап қаржы бөл. Әлемдік танымал бағдарламаларды ана тіліңде қолданысқа енгіз. Міне, сонда ғана жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөлінесің.
Түйін
Интернет тілін қазақтандыруда бұрынғы жіберілген қателіктер орын алмаса деп тілейік. Атап айтсақ, жазба тіл сөйлеу тілінен алшақтап, септік, көптік жалғауларының -нө, -дө, -нөн, -дөн, -лөр, -дөр, -төр т.б. қосышаларының еріндік нұсқасының қаңқасын ғана қалдырды. Орыс тілді қазақтар түйөлөр сөзі бірыңғай түйелерге, өрнөккө сөзі өрнекке айналып сөйлейді. Өйткені, әліппемізде солай жазылған. Кезінде ірі тілші ғалымдарымыз Ж.Аралбаев, Ә.Жүнісбеков, С.Мырзабеков және сол кездегі Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкері болған З.Базарбаевалар өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында қазақ тіліне транскрипция керек деп проблема да көтерді. Сөйлеу тіліміздің көзінен бұлбұл ұшқан «Еріндік үшін» марқұм ұстазымыз Сапархан Мырзабеков өмір бойы күресіп өтті.
Ал, қазақ тіліндегі трифтонгіліктің мәнісін ұғынбау, ұлтымыздың баба түркілік сөз саптамдық сингормонизмін бүлдірді. Тіліміз жазба және сөйлеу тілі болып қаққа жарылды. Қазір дауұл дәурөн, дұуман деп айтуды, көпшілік дауыл, дәурен, думан деп қалай жазылса солай айтатын болды. Трифтонг (гр. τρίφθογγος — «үшдауысты») — буынға бөлінетін немесе бөлінбейтін үш дауысты дыбыстың қосындысынан тұратын күрделі дыбыстар тіркесі. Қазақта кезінде ескерілмеген: әлсіренген: іие, күшеттенген: үуө, ұуұ, үуү трифтонгі бар. Осы трифтонгілер дифтонг (гр. δίφθογγος, (diphthongos) – екі дыбыс) деп танылды. Қазақта тек ұу, үу дифтонгі ғана бар. Иу деген дифтонг жоқ, керісінше іиүу, ыиұу деген қосарланған дыбыстық тікесім бар. Бір Аллаға сыйынып, кел балалар оқылық деген шақтағы қазақ шәкірттеріне әліппені оқытқан кезде балаларға дауыссыз «Р,Л,У» дыбыстарынан сөз басталмайтынын олардың алдында ы-і немесе ұ-ү тұратыны және дауысты Е-ден сөз басталмайтынын оның алдында «іи» өте әлсіз естілетіні ұғындырылмады. Орыстар сияқты молоко деп жазамыз, малака деп айтамыз деу ұстаз тарапынан сөз етілмеді. Осы қателіктер интернет тілін өмірге әкелуде қол байлау болмай, орфографиялық емес, еріндікке бейімделген бірыңғайлық не араластық принциптегі орфэпиялық сөз қабылдауды осы салада жолға қою қажет.
Балабақша бүлдіршіндері мен тәрбиелеушілеріне түрлі тақырыптағы баямақтар, басқатырғыштарды, санамақ-данеткаларды, вайндарды, танымдық кітапшаларды электронды түрде қазақ тілінде қандай компьютерлік бағдарламалар бойынша, қалайша дайындауға болатындығы газет-журнал журналистері тарапынан қолға алынбаса, интернет журналистер осы бағытта алғашқы қадамдамдарын жасап отыр.
Интернетке әлдебір қолдан жазылған жұлдыздардың әйткен-бүйткенін емес, болашақ ұлттық жұлдыздардың әлемге танылуы үшін ағартушылық бағыттағы ғылыми-танымдық мақалалар беруде өзі шыққан тілден тікелей сөз қабылдау арқылы жаңарған, жаңғырған еуропизмдерді ана тілімізге бейімдей жазуды қолға алайық. Бұрынғы орысшасын (Прогресс) жақша ішіне алып, елдің көзі үйреніп, құлағына сіңініп, бір нұсқасының етегінен ұстап ғылыми орта тоқтағанға дейін қазір мен әзір сынды «Пірәгірөс» деп жазамыз ба, «Пырағырұс» деп жазамыз ба оның еш сөкеттігі жоқ. Орыстар еуропалық «х»-мен жазып әм айтылатын сөздерді «г»-мен айтып жазады. Ең әуелі осы «Гитлердің» көзін «Хитлермен» құртайық.
Жазу мен сөйлеудегі тәуелсіздігіміз – келер ұрпаққа аманаттап қалдыратын ең асыл мұрамыз. Бізге дейінгілер бабалар тілін орыстың ыңғайына жығып коммунистік алаңғасарлықпен, ғылыми қожайнасырлықпен ақсатса, біз «еуропизмдерге» қазақы шекпен кигізіп, алаши арғымаққа мінгізіп асқақтатайық.
Әбілсерік Әліакбар