Ресейдегі су тасқынына кімдер кінәлі?

Фото: 78.ru

Әлем
486

РФ ТЖМ-інің хабарлауынша, топан судың үлкен көлемі енді келе жатыр, деп хабарлайды madeniportal.kz.

inbusiness.kz-тің мәліметінше шырқау шегіне жететін күні алда. Соған қарамастан, мұны "жергілікті деңгейлердегі апат" санаған Мәскеу о бастан баса мән бермеді. Қатты зардап шеккен өңірлерге Ресей Президенті түгіл, Үкіметінің төрағасы да арнайы сапарламады.

Тек губернаторлар және РФ төтенше жағдайлар министрі Александр Куренков қана шапқылап жүр. ТЖМ басшысы кеше Түмен облысына барды. Онда ғаламат қарғын су келмей жатып, 10-нан астам шағын қала су астында қалған. Сондықтан 8 сәуірден бастап, өңірде тасқынға байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.

Түмен облысында Тобыл және Есіл өзендеріндегі су деңгейі көтеріледі деп болжануда. Былтырдан бірнеше метр тереңдікке дейін қатқан тоң әлі жібіген жоқ, қар ғана қарқынды еріп жатыр.

РФ ТЖМ басшысы соның алдында Орынбор және Қорған облыстарында болып қайтты.

Жалпы алғанда, қазіргі кезде Ресей федерациясының қырықтан астам өңірін қызыл су жаулап алды. Әсіресе, биыл буырқанған Жайық (Ресейде Орал аталады), Еділ (Волга), Сібір өзендері мен сағалары жағаларынан тасып төгіліп, өз жолындағы елді мекендерді жаңқаша шайып кетіп жатыр.

Түрлі деректер бойынша РФ-ның бір ғана Орынбор облысында 20 мыңға дейін баспананы, 35 мыңдай саяжай-бақшаны су басқан.

Бұл тек басы ғана көрінеді. Тасқын су тағы екі өңірді жапқаны анықталды. Томь өзенінің асаулануы нәтижесінде Томск және Кемеров облыстарында елді мекендерді – қалашықтарды, деревняларды су шая бастады.

Топан суға қарық болған ресейлік өңірлер ішінде Орынбор облысы және Ор (Орск) қаласы бәрінен көп зардап шекті. Оларда федералдық ауқымдағы ТЖ енгізілді. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, бұл – соңғы 100 жылда болмаған ең алапат тасқын.

Ресейліктердің түсіріп, таратып жатқан видеоларында су бетінде тек шатыры ғана көрініп, тасқынмен бірге "жүзіп" бара жатқан үйлер бейнеленген. Яғни, қуаттылығы сонша, іргетасынан жұлып әкеткен.

Көршіде бөгет-дамбалар бірінен соң бірі жарылуда. Мысалы, Ор қаласындағы бөгеттің жарылуы салдарынан қаланың мыңдаған үйі су астында қалды. РФ ТЖМ-і және губернаторлар көмекке келуге құтқарушылар жетіспейтінін мойындауға мәжбүр болды.

Ресейлік ақпарат құралдары адамдардың құрбан болу оқиғаларын жазуда.

Проблеманы тағы бір жайт ушықтырды: су басқан қалалардағы, аудандардағы, деревнялардағы үйлерді ұрлықшылар "үптеп" кетуде. Ресейлік пабликтерде мародер бандалардың тұтас топтары жұмыс істейтіні хабарланды. Салдарынан, жиған дүние-мүліктерінен айрылып қалудан қорыққан тұрғындар эвакуацияланудан бас тартады.

РФ телеарналарынан көрсетілген сюжетте тасқын су көшесіне дейін кірген қалашықты арнайы үрмелі қайықтармен аралаған ТЖ қызметкерлері көрсетілді: олар көшелерді қайта-қайта кезіп, дауыс үдеткішпен эвакуациялану қажеттігін қанша ескертсе де, сыртқа бірде бір адам шықпаған. Соңынан елді мекендер терең судың астында қалады.

"Облыс аумағында қарғын суға қатысты жағдай өршіп барады. Үлкен су келмейді деп үміттеніп, көптеген тұрғын эвакуацияланудан бас тартады. Сөйтіп, санасыз тірлігімен өмірлерін қауіпке тікті. Құрметті тұрғындар, шұғыл оперативті қызметтердің нұсқауына салғырт қарамаңыздар! Су басатын аймақтарды ертерек тастап шығыңыздар", – деп ақпарат құралдары арқылы жалына үндеу тастады РФ ТЖМ-інің Орынбор облысындағы Дағдарыстық жағдайларды басқару орталығының бастығы Андрей Мельников.

"Қазақстандық із"

Эвакуациялаудан басқа халыққа көмегі тимеген жергілікті билік жаман әдетіне басып, апатқа кінәлілерді іздей бастады. РФ президентінің Орал федералдық округіндегі уәкілетті өкілі Владимир Якушев бұған Қазақстанды кінәлады. Оның дәйектеуінше, Қазақстан су қоймаларынан суды жіберу жайында Ресеймен алдын ала келісімге келмеген-мыс.  

"Қорған және Түмен облыстары туралы сөз қозғағанда, су қоймаларының жүйесі сияқты факторды ескеруіміз керек. Ол су қоймалары көрші Қазақстанда орналасқан. Биылғыдай қыста қар көп жауғанда су қоймаларында да судың мол қоры жиналады. Сондықтан су қоймаларынан сол суды жіберу бойынша қазақстандық әріптестер бізбен алдын ала келісіп, пысықтап алғаны жөн. Жіберілетін судың көлемі келісімді, дұрыс, біркелкі болғаны жөн", – деп, РБК телеарнасынан мәлімдеген Путиннің өңірдегі өкілі Владимир Якушев "көршіге қатысты іс түзелсе", болашақта мұндай су тасқыны болмайтынын нықтады. "Түзету-корректировка" деген сөздің астарында не жатқанын Кремльдің өкілі түсіндіріп жатпады.

Бұл мәлімдеме Қазақстанның наразылығын туғызды. Өйткені Қазақстан төменде орналасқан, судың бастауында Ресейдің өзі отыр. Оның су қоймаларынан апатты түрде төккен суының бәрі Қазақстанға тасқындап жатыр. Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі Якушевтің мәлімдемесіне жедел үн қатып, оның фейк екенін мәлімдеді.

"Тобыл өзенінің бойындағы су Ресейден келеді. Тиісінше, су жіберу туралы шешім Ресей тарапынан келетін ағынға сай қабылданады. Сондықтан Қазақстан Ресейдегі су тасқынына әсер етеді деп айту дұрыс емес. Бұл шындыққа жанаспайды!", – деп нақтылады министрлік.

Ведомствоның түсіндіруінше, 2 сәуірден бастап Қазақстан жағы Ресей тарапына Тобыл өзені бойынша су өткізу жөніндегі шешімдер туралы ақпарат беріп отыр. Тараптар тәулік бойы су ағынының ұлғаюына немесе азаюына қарай мәлімет алмасады. Сол себепті "кез-келген келісілмеген әрекет туралы сөз болмауға тиіс".

"Істегі кеміргіштердің ізі"

Ор қаласындағы күйреген дамбаны салған "Спецстрой" құрылыс компаниясының директоры құны 1 миллиард рубль тұратын қымбат бөгеннің жарылуына кеміргіштерді айыптады.

Соның алдында федералдық телеарналар су астында қалған елді мекендерді құндыз (бобер) сияқты су жануарлары еркін кезіп жүргенін паш еткен еді. Жайық өзеніндегі үйілген құмнан соғылған бөген 5 сәуір күні бұзылып, өңірді топан су жапты.

"Спецстрой" компаниясының директоры Сергей Комаров "Бірінші арнаға" берген сұхбатында мұның кінәсін өз компаниясына емес, жабайы жануарларға жапты.

"Біз бөгеннің бұзылуының ықтимал екі себебін қарастырдық: бұлар – адами фактор және кеміргіштер. Бірақ су бұзып өткен тұста түсірілген видеоларды қарай келе, адами фактордан мен бірден бас тарттым. Сонда бір фактор ғана қалды: кеміргіштер бұл дамбаны кеміріп, ін жасап, тесуі мүмкін. Сол екі-үш сантиметрлік тесік бөгенде жарықтың пайда болуына, судың жарып өтуіне жеткілікті болған", – деп салды Комаров.

Бұл мәлімдеме тележүргізушінің күлкісін емес, ашуын туғызды: ол кез келген кеміргіш бұза салатын бөгенді салуға және қабылдап алуға кімнің жол бергенін анықтау керектігін нұсқады. Бұл фактор шынымен бөгеннің қирауына әсер етсе, Ресейдегі көптеген дамбаға жарылу қаупі төніп тұр.

Тағы кімді айыптады?

Өз кезегінде РФ Тергеу комитеті Ордағы бөгенді салу барысында қауіпсіздік ережелерін бұзу және салғырттық баптары бойынша қылмыстық іс қозғады. РФ прокуратурасының хабарлауынша, 2010 жылы ғана іске қосылған жаңа бөгенді пайдалану кезінде оны күтіп ұстау талаптары бірнеше рет бұзылған. Техникалық лайықты жағдайға келтіру шаралары дер кезінде жүзеге асырылмаған.

Орал өзенінің бір сағасын бұғаттаған Ордағы бөген 5 сәуірден бері бұзылуын жалғастыруда. Әбден ашынған қала тұрғындары "Комсомольский алаңына" жиналып, биліктің өзін айыптап, саяси талаптар қоя бастады. Олар қала басшылығының отставкасын талап етті, В.Путинге бейнеүндеулер жазуда.

Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер наразы халықтың бастамашыл топтарымен кездесті. Сонда оған "Кім кінәлі?" деген сұрақ төтесінен қойылды. Облыс басшысының пікірінше, халық кінәлі.

"Бәріңіз де кінәлісіздер! Тек зардап шеккендерді айыптамауға болады. Қылмыстық істер аяғына дейін жеткізілетініне күмәнданбаймын!", – деп шорт кескен губернатор бұған табиғи факторлар да ықпал еткенін қосты. Мысалы, қар еріп жатыр, жер 1,5 метрге дейін тоң болып қатқандықтан, еріген суды сіңіре алмады.

Енді белгілі болғандай, мыңдаған үйдің су астында қалуына соқтырған Жайықтағы бөгеннен "Ростехнадзор" мін тауып, сонау 2020 жылдан бері тексеріс барысында әшкереленген кемшілікті түзету керектігі жөнінде ұйғарымдар жіберіпті. Ор қаласының әкімшілігіне тиісті хаттар жолданған.

"Конструкцияның өзіне де сұрақтар көп. Ұзындығы 12 шақырымдық дамбаны салу жобасының конкурсына бір ғана компания қатысқан. Бір миллиард рубльге жуық қаражат солай игерілген. Құрылыс барысында да, жұмыстардың көлеміне қатысты да бұзушылықтарға жол берілген. Қарапайым тілмен айтқанда, бәрі тек қағаз жүзінде дұрыс орындалған. Орындалған жұмыстар актісі жөнсіздікке толы екенін анықтадым", – деді бөгенде бұрынғы жылдары аудит жүргізген сот эксперті Олег Дюкарев.

Яғни, коррупционерлер де айыпты. Жемқорлық сұғанақ қолын сұқпағанда, сонша көп адам зардап шекпес еді.

Ресейдің өзге өңірлерінде шағын бөгендер құлап жатыр, жергілікті биліктер бұған "солардағы қиыршық тастарды ұрлап, тасыды" деген сылтаумен жергілікті тұрғындарды айыптады.

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...