Садаққа қатысты атауларАлғашқы кезде Фың-чы-дувейі Чаң Сүн-шын бұйрық бойынша Солтүстік Жыу патшалығ...
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ: Астанаға келген алғашқы күн есімнен кетпейді
– Арыстанбек Мұхамедиұлы, ең алдымен сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін әрі уақыт бөле алғаныңыз үшін сізге алғыс айтамыз. Отандық интернет саласы бойынша қазақтілді оқырманға қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған «Әдебиет порталына» сұхбат беруге дайынсыз ба?
– Өздеріңізге де рақмет. Дайынмын.
– Министр мырза, сіз 1997 жылы президенттік оркестрге жетекші болдыңыз. Уақыт зулап, 20 жыл өтіпті. Сол кезеңді есіңізге алсаңыз. Бұл қызмет кейінгі карьераңызға қалай әсер етті?
– Армандай білген адам рухани күшімен ерекшеленіп, мақсатына жету жолында жігер салып күреседі. Есесі қайтпас еңбек жоқ. Мен мемлекеттік жұмысқа ерте араластым. 1991 жылдың қаңтар айында Мәдениет министрлігіне қызметке келдім. Ол кез Кеңес Одағының уақыты. Министрлікте жүргенде қазақтың талантты жастарынан бір ұжым құрып, дарынды ұл-қыздарды бір ортаға жинасақ, сол арқылы өнерімізді, мәдениетімізді танытсақ деген менің арманым болды.
Иә, 1997 жылы жаз айында мен Президент жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік Басқару мектебін бітіріп шықтым. Бұдан кейін Президент оркестріне жұмысқа шақырылдым. Президент гвардиясының сол кездегі басшысы, ардақты азамат, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев: «Президент бізге ерекше тапсырма берді, өнерге жастарды шақырыңдар, оларға не керек, жағдайын жасаңдар» деді. Осыдан кейін жұмысымыз жүйелі түрде жүре бастады. Мысалы үрме аспаптар оркестріне басқа «БигБен» джаз оркестрін, фольклор содан кейін дәстүрлі әншілер, классика және эстрада әншілерін қалыптастырдық. Камералық оркестрді Айман Мұсақожаева басқарды. Сөйтіп, толыққанды үлкен концерттік ұжымға айналдық. Үлкен шығармашылық ұжымның негізін құрушы болғаныма ризамын. Бұл кезде жарқырап келе жатқан Бекболат Тілеухан аспирантураны енді бітірген, Нұрлан Өнербаев сахнаға жаңадан шығып жүрген жас жігіттер. Мектеп бітіріп, «Жас қанат» ән байқауынан талабы таудай екенін танытқан Мәдина Садуақасованы Қызылордаға қоңырау шалып, хабарласып, жұмысқа шақырдым. Досымжан Таңатаровты Шу ауданынан алып келдік. Әншілер Айгүл Қосанова, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Эльмира Жаңабергенова барлығы дәстүрлі ән бойынша конверваторияны бітірген жас түлектер еді. Осындай өнерлі жастармен бірге арманымыз іске аса бастады.
Қазіргі кезде елімізге танымал «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедияров, оның жұбайы Эльмира Ахмедияровалар ұлттық аспаптар ансамблінен шықты. Алексей Ефременко деген азаматтар болды. Ал Шұғыла Сапарғалиқызының жөні бөлек. Шұғыла біздің ұжымға Қытайдан келді. Жаннат Бақтаева, Мұрат Шалабаев, Қайыржан Жолдыбаев секілді опера жұлдыздары да біздің ұжымнан бастап танылды десем, артық айтпаймын. Индира Ахметова керемет пианистка болатын, кейін шет елге жұмысқа кетті. Балерина Лейла Әлпиеваны шетелдік мамандар өздеріне жұмысқа шақыртып алды. Елімізге, алыс-жақын елдерге аты шыққан өнер жұлдыздардың көбі дерлік Президент оркестрінен түлеп шықты. Демек, біздің ұжым – өнерді шыңдайтын, хас жүйрікті сынайтын қазыналы орда болғаны ғой.
– Астанаға 1997 жылы 17 қазанда келген алғашқы күнді ұмыта қоймаспын. Мәдениет министрлігіндегі жауапты қызметтен соң, «Гүлдер» ансамбліне басшылық еттім. Сол кездегі беделді оқу орны – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік Басқару Мектебін бітіргеннен кейін Астанаға, Президент оркестрінің концертін ұйымдастыруға келдім. Үстімде былғары плащ, қолымда дипломат. Шағын қалаға тән кішігірім әуежайға қонған кездегі әсерімді де бөлісе кетейін. Арнайы машина күтіп алады делінген. «Президент оркестрінің бірінші басшысы әрі келешекте атқарылатын қыруар жұмыстың бас ұйымдастырушысы» деп таныстырылған болар. Келсем ақ түтек боран! Ескі аэропорттың іші азынап тұр. Қарсы алатын адамды көрмедім. Амал қанша, күтуге тура келді. Бірге келген қасымдағы адамдардың бәрі кетіп қалған. Қарап тұрмай, буфетке барып кофе ішейін десем, суып қалған. Кофе емес, кофенің ұнтағы дерсің! Жұмыртқа да иістенген. 3-4 күн тұрып қалса керек. Жәй, ысырып қоя салуға тура келді. Ал күтіп алады деген машина әлі жоқ!
Әлден бір уақытта енді бір әскери кісі төбе көрсетті.
– Сіз бе Арыстанбек?
– Иә, Арыстанбек – мен.
Волгаға отырып, жолда келеміз.
– Қазір сізге жеке бөлме дайындап қойдық.
Сонымен сарбаздар тұратын казармаға де жеттік. Маған жеке бөлме дайындап қойыпты. Шинель, шкаф, кілең армия заттары.
Жеке кереует қойған. Сарбаз көрпешесі, жұп-жұқа матрас.
– Тамақ ішкіңіз келе ме?
– Иә, әрине!
– Біз оны да дайындап қойдық.
Басқа бір бөлмеге кірсек, 2 майор, 2 капитан отыр. Өздері сол жерде тұрады. Тамақ дайындап қойған, онысы сарбаздардың кәдімгі ботқасы мен қара наны, аздаған сарымайы бар.
Мен де адаммын ғой, «Мені солдаттардың бір қоймасына қалай жатқызып қойды» деп іштей тынамын. Аналарды қарасам, бір бөлмеде 3-4 үлкен лауазымды адам тұрып жатыр. Жеке бөлме бөліп бергеніне шүкір еттім.
Бірінші түн суық болды. Көрпеше жұп-жұқа болған соң, сол жақта тұрған шинельдерді үстіме жауып алдым. Таңға жуық тоңып ояндым, спорттық киімімді киіп алып, енді ұйықтайын десем, сарбаздар оятып жіберді. Шелек пен суы қайнаған шәйнегін ұстап тұр. Қайда жуынайын десем, осында жуыныңыз деген ишарат білдірді. Жуынатын бөлмесі негізі сыртта еді. Жылы жақтан, Алматыдан келді деп жүгіріп жүргені. Міне, Астананың алғашқы күні мен түні басымыздан осылай өткен.
Астанадағы алғашқы кездер
Бертін келе, Мұталап деген досымыз үй алған-ды. Төрт бөлмелі кең үй. Бірге оқыған бірнеше жігіт осы Мұталаптың үйінде тұрып, жұмысты жалғастырдық. Айрықша атап өткім келетіні, Президент оркестрінің ұжымында бастан өткен небір қиындықтарға қарамастан, алға қарай ұмтылушылық қасиет көп болды. Репетиция жасайтын жеріміз Республикалық Ұлан, гвардияның ішінде клуб. Дайындық кезінде біз шайханаға жиналып, ойларымызды салып, творчествалық жаңа бағыттарды талдайтынбыз. Бекболат Тілеухан «Елім менің», «Жерім менің» басқа да керемет туындыларын сол бір тұста жазған. Жыл сайын 16 наурызда Президенттік оркестрдің концертін ұйымдастыратынбыз. Елбасы міндетті түрде келіп қатысатын.
– Түсінікті. Министр мырза, өмірбаяныңызға қарап отырсақ, 1993 жылы министрдің көмекшісі болған екенсіз. Министріңіз туралы айтсаңыз. Сол уақытта Сіз болашақта министр болам деп ойладыңыз ба?
– Бақытыма орай көптеген азаматтардан үлгі алуға мүмкіндік алдым. Министрлікке жетекші маман болып 1991 жылы келдім. Қатардағы қызметкер едім. Еркеғали Рахмадиев ағамыз министр болып келді. Өзі 60 жаста. Ол кісі Совет Одағының халық артисі, атағы дүркіреп тұрған керемет азамат. Білімділігімен, жүрген жүріс-тұрысымен бізді таңқалдыратын! Кейін ол кісі мені көмекші етіп шақырды. Кейін Серік Ашляев деген жақсы азамат министр болып тағайындалды.
Өмірде ең басты нәрсе – білімге құштарлық па деймін. Жақсы жерде жұмыс істеп жүріп, білімді жетілдіру қажет. Мамандығым бойынша музыкантпын ғой, бірақ ұлттық мемлекеттік басқару бағытында жақсы білім керек. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Жоғары Мемлекеттік Басқару Мектебі біздей жастарды сындарлы сынақтан өткізгені анық. Қайрат Келімбетов, Азат Перуашевтар алғашқы түлектері. Өзім екінші толқында қазіргі Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, Мәскеуде қызмет атқаратын Марат Құсайынов, Астана қаласының прокуроры Болат Дембаев тағы басқа азаматтармен қатар оқыдым. Бізден кейін Әсет Исекешев секілді мемлекетшіл тұлғалар оқып шықты.
Жазған дипломдық еңбектеріміз бойынша кандидаттықты қорғауға рұқсат берді. Бұдан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне сырттай аспирантураға түстім. Тарих саласын жақсы көремін. Докторлықты Әзербайжанның Баку қаласындағы Көркемөнер академиясында 2012 жылы қорғадым.
– Ел арасында басқа министрлерге қарағанда Сізді «өте ашық» деген әңгіме бар. Сонан соң кез келген кісімен тіл табысатыныңызды айтады. Осыған өзіңіздің пікіріңізді естісек.
– Біздің қазақта «Қырықтың бірі – қыдыр» деген жақсы сөз бар. Мен ректор болып жүргенде студенттеріммен амандасатын әдетім бар еді. Жартысының көбінің атын жатқа, қандай мамандықта оқып жүргенін білемін. Сонда маған ұстаздардың біразы «Ареке, былай істеуге болмайды. Сіз ректорсыз, өтіп бара жатқанда бәрі иіліп тұруы керек. Әрбір студентпен, тіпті ұстаздармен де амандасудың керегі жоқ. Басқа ректорларды қарасаң, өздеріне арналған жеке лифт, барлығы шетте тұрады, ешқайсысымен амандаспайды» деп айтады.
Мұны мен ата-анамнан дарыған туа бітті қасиетім деп есептеймін. Әр адамның өзіне тән табиғи қалпы, болмысы бар. Өзім мысалы адамдармен ашық-жарқын араласқанды жақсы көремін. Әсіресе жастармен сөйлескенде оларды қандай ой бар, менің тарапымнан қандай көмегім тиер екен, соны білгім келеді.
Мен ректор болған өнер академиясында екі азамат сыпырушы болып қызмет істейтін: Біреуі қазақ, біреуі орыс. Өз жұмысына берілген, жанын салып істейтін адамдар. Сол азаматтармен араласып, сыйақы беріп қолдайтынмын. Бұрыннан бері бір орында істеп жүрген, мейлі ол вахтер болсын өз басым сондай азаматтарды сыйлаймын. Алты ай анау жерде, бес ай мына жерде жүрген адамдардан тәуір маман шықпайды, әрі олардан алыс жүруге тырысамын.
– Түсінікті, тұрақтылықты, қарапайымдылықты жақсы көремін десеңізші. Аға, енді музыка саласының маманысыз, спортта өткенде Challenge шарасын ұйымдастырдыңыз. Тауға серуен құрасыз, шаңғымен де айналысады екенсіз.
– Иә, ана жолы тауға шықтық. Алматы облысындағы Іле Алатауы сұлу табиғатының аясында Медеуден бастап Табаған – Ақбұлақ жолымен жаяу 8 шақырым жүріп өттік. 70 шақты адамнан тұратын топ, ішінде журналистер, қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар мен әртістер, бизнесмендер мен мемлекеттік қызметкерлер – бәрі де табиғатты аялайды, жаяу жүргенді жақсы көреді, оларға таудағы соқпақ қиын түссін бе?
Әке-шешем мені дарынды балаларға арналған Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық арнайы музыка мектебіне 1 классқа алып барды. Заманында өте жақсы мектеп болды, әлі де бар. Біздің ұстаздарымыз 1940-ншы жылдары Мәскеуден, Ленинградтан, Киевтен жер ауып келгендер еді. Өз кәсібін жетік білетін керемет музыканттар. Алғашқы ұстаздарымның бірі, немістің азаматы Арнольд Винтерголлер сабақ берген. Бұл кісі 1990 жылдары еліне кетті. Қазақша таза сөйлейтін. Павлова Лариса деген кісі музыка пәнінен, музыка тарихынан берді. Кейіннен Мексикаға қоныс аударды. Иосиф Коган, Гринберг және т.б. Кеңестің іргесі сөгілгеннен соң өз елдеріне көшті ғой.
Бақытыма орай бізге әдебиеттен Пануар Әлімқызы сабақ берді. Қазақ әдебиеті пәнінің білгірі. Он сегіз тілді білген ұлы ғалым Құдайберген Жұбановтың немересі бізбен оқыған. Мұғаліміміз әдеби кештерді жиі ұйымдастыратын, қызықты етіп өткізетін. Әлі есімде Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов туралы тағылымды әңгімелер айтатын. Кейін тарих саласын оқи бастағанда топтағы ұл-қыздар «бізде керемет ақын-жазушылар болыпты ғой» деп таңданып жүрсе, мен «Бұл кісілерді бұрын естігенмін, білемін. Шығармалары бағдарламада жоқ болса да, сол кісі біздің ұстазымыз айтып жүретін» деймін. Айта берсем, қызық көп.
Арыстанбек Мұхамедиұлы оқушы кезі
Сол кезде біздің мектепке Пернебек Момынов деген азамат директорлық қызмет атқарды. Қазір жасы 85-тен асты. Ғылым кандидаты, профессор, елімізге белгілі бұл азамат Жұбанов мектебін 13 жыл басқарды. Артынан Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің деканы болған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты амалсыздан Шымкентке кетті. Сол жерде кафедра меңгерушісі, декан болды, өзі мінезі берік, денесі сымбатты азамат.
Пернебек аға жаз айларының әр сенбі, жексенбі күндері бізді міндетті түрде тауға апаратын. Қыста шаңғымен жарысқа салатын. Коньки тепкен кезде өзі де міндетті түрде бізбен бірге ілесетін. Мектептің директоры! Қазір өз оқушылармен бірге саяхатқа шығатын директорды да іздеп табу қиын шығар.
Бұдан өзге бізде Григорий Дмитриевич Серебренников дейтін денешынықтыру мұғалімі болды. Директор, осы мұғалім бәрімізбен бірге тауға шығатын. Қапшағайға алып баратын. Сол кісіге мың алғысымды айтамын. Бірге оқыған достарымның бәрі спортқа өте жақын. Футбол, волейбол, үстел теннисі, шаңғымен сырғанау.
– Өте жас көрінесіз негізі. Бұған спорттың тигізген әсері зор екенін біліп отырмыз. Енді Астана тақырыбына қайтадан оралсақ. Биылғы мерейтойға министрлік қандай жұмыстарды жүзеге асып жатыр?
- Жақында біздің қоғам Астананың 20 жылдық мерейтойына 19 млрд теңге бөлінеді деген ақпаратты таратып, дүрлігіп қалды. Өкінішке қарай халық басқаша қабылдады. Түсіндірейін, 100-ден астам ауқымды шара бір жыл бойы өтеді.
Астана күні қарсаңында өтетін шараларға дайындалған жоспарымызда екі үлкен шара бар. Біріншісі жыл сайын өткізілетін Еуразия кинофестивалі, екіншісі алғаш рет өткізілетін «Voice of Astana» халықаралық конкурсы.
Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі жылда ұйымдастыралады. Біз «А класс» деп аталатын жаңа деңгейге көшейін деп жатырмыз. Фестиваль туындыларына әділ төрелік айту үшін белгілі, беделді азаматтарды әкелу міндетті шара. Киноға қатысатын салалардың кәсіби сарапшылары, сыншылары болуы тиіс. Әлемге белгілі екі-үш жарық жұлдыз қатысқаны маңызды. Бұл біздің имиджға әсер ететін жағымды фактор. Мысалы Канн фестиваліне біздегідей 2-3 адам емес, 30-дан астам адам барып қатысады. Әлем таныған Оскарды айтсақ, ол – әлемдік кинофестивальдің озық дәстүрі.
Бірінші рет жас таланттарға арналған фестиваль ұйымдастырамыз. Бұрында «Алло, ищем таланты!» деген конкурс болатын. Неге сондай өткізбейміз? Бұл өте дұрыс, дүниежүзі елдерінде бар тәжірибе. Алдымен жергілікті ауданда іріктеу өтеді, содан соң облысқа шығады, одан кейін Республикаға шақырылады. Әрі қарай біз оқуға қалдырамыз немесе басқа конкурсқа қатыстырамыз.
Бөлінген қаражаттың 80 проценті біздің ішкі мәдениетімізді дамытуға арналған жобаларға жұмсалмақ. Қазір «Біржан-Сара» операсын қойып жатырмыз. Ол операны Біржанның еліне, Бурабайға ашық аспан астына апарып қоямыз. Оның өзіндік ғажап ерекшеліктерін сөзбен айтып жеткізе алмаспыз.
Шынын айтқанда эстраданың ортанқол жай орындаушыларын әкеліп, топырлатып концерт өткізуге өз басым қарсымын. Мысалы «Voice of Astana» жобасының бірінші күні Батырхан Шүкеновты еске алдық. Ол не үшін керек деп ойлайсыз? Біріншіден, аяулы азаматымыздың рухын асқақтату керек. Екінші жағынан, Батырханмен бірге жұмыс істеген Меладзе, Владимир Пресняков, Агутиндер және басқалар ат арытып келді. Бұл бізге экономикалық жағынан ұтымды. Жобаның екінші күнінде А-Студионың мүшесі, дарынды өнерпаз Байғали Серкебаевтың 60 жылдығын атап өттік. Ресейлік жұлдыздардың қаламақысы қымбат екенін жұрт біледі, бірақ олар Байғалиды сыйлағандықтан, құрметтегендіктен келді. Бұл жағдай біз үшін қуантарлық оқиға.
Өткен жылы ЭКСПО-ның аясында Димаш Құдайбергеннің жеке концертін өткіземін дегенде «оған ешкім келмейді, кімге керек, кім біледі» деп көбісі қарсылық танытты. 2017 жылы маусымда «I am singer» жобасында жеңімпаздардың бірі болғанын дүйім жұрт біледі. Мен Димаштың конкурсқа қатысатынын, кейін әлемдік көрме аясында концертін ұйымдастыру керектігін сол кезде айтқанмын. Димаштың концертін үлкен стадионда өткіздік. 34 мың адам келді! 22 мың билет саттық, енді ішінде балалар үйінен, фан-клуб дегендерден шақырылғаны бар. «Неге, бізде халықаралық конкурстар өтпейді, бізге эстрадалық халықаралық конкурстан өтуі керек» деген мәселені көтергеніміз абзал. «Новая Волна» Сочида, бұрын Юрмалада болған. «I am singer» Қытайда өтеді. Бізде Астанада бірде-бір халықаралық эстрада конкурсы жоқ. Елдің атын шығару керек, ішіміздегі таланттар қатысады, содан соң туристтер келеді. Мысалы, «Voice of Astana» конкурсында міндетті түрде шарты Астана туралы ән айту керек. Мейлі өз тіліңде болсын, қазақша, орысша шет тілдерінде болсын! Неге біз Елордамызды асқақтата түспейміщ? Астананың мәртебесін көтеріп жатсақ, бұл бәрімізге жақсы емес пе?
– Аға, Сіз өзіңіз әлеуметтік желіде отырасыз ба? Николас Кейдждің әзілге айналып кетуінің астарында не жатыр?
– Ең өкініштісі сол, біздің өз азаматтарымыз шетелдік актер киген ұлттық киімге күле бастады. Николас Кейдж әлемге танымал жұлдыз. БІЗ НИКОЛАС КЕЙДЖГЕ ЕМЕС, ӨЗІМІЗГЕ КҮЛДІК.
Ал Пласидо Доминго келгенде, ұлттық киім тарту етіп, суретке түсуін өтіндім. Атақты мэтр қуана келісті. Әйелімен, балаларымен, немересімен келген ол өтінішімді аяқсыз қалдырмады. Оған көп рақмет. Көңілі көтеріңкі, менің үйімде қонақта болды. Артынан ұлттық шапанды киіп алып, өзі Инстаграмға салды. «Уважаю местные традиции. Нахожусь в великолепном городе Астана» деп жазып қойды.
– Аға, кілең атақты жұлдыздарды айтып келе жатырсыз. Оның көбісін жүзбе-жүз білесіз. Олар да сізді таниды. Бірақ осы әлемдік деңгейдегі қайсысы жаныңызға жақын? Қайсысымен доссыз?
– Ондай азаматтар көп. Пласидо Домингоның конкурсына әлемге танымал «Rolex» компаниясы демеушілік танытты.
Сосын Зубин Метаны мен Түркістанға апардым. Бұл шаһарды Зубин ғана емес, әлем тануы тиіс. Ықылым заманғы тарихтан тағылым алуы үшін. Олардың былай жүру Қазақстан үшін жарнама болатын. Шынымды айтайын, Зубин Мета мен Ла Скаланы 261 адамдық шығынының барлығын италиялық мұнай компаниясы төледі.
Дүниежүзілік әр ірі шаһарда міндетті түрде бірнеше халықаралық мәдени шара өтіп жатады.
Осы жылы біз Франциядан атақты суретшілердің полотналарын алып келе жатырмыз. Француздардың «Total» деген мұнай компаниясы сақтандыру қаржысын толық өз жауапкершіліктеріне алды. Біздің төлейтініміз – жол шығыны ғана.
– Дұрыс екен! Алда бұдан басқа қандай жоспарыңыз бар?
– Жалпы, ұлттық салт-дәстүр дегеніміздің өзі – халықтың рухани өзегі, мәдениеттің діңгегі. Халқымыздың ежелден бері қалыптасқан, ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртсақ деген ізгі ниетіміз де бар! Сондықтан да қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі өте маңызды деп бағалаймыз. Қандай халықтың болмасын салты сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Біз жыл бойы салт пен дәстүрге негізделген ұлттық ойындарды ЭТНОАУЫЛДА көрсететін боламыз.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Олжас БЕРКІНБАЕВ