Украина Әзербайжаннан көмек сұрады

inbusiness.kz

Жаңалықтар
814

Кавказ өңірінің көшбасшысына айналған Әзербайжан тағы бір істе өзге елдерге үлгі болуда. Соғыс салдарынан бүгінде Украина территориясының төрттен бірі – 25%-ынан астамы миналармен, снарядтармен және басқа да қауіпті, жарылғыш заттармен ластанған. Бұл туралы inbusiness.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып, madeniportal.kz жазады.

Ресей әскері ілгері жылжыған және алғы шептің өне бойында шабуылдар үдеген сайын бұл аумақ та ұлғая бермек. Ресейлік "Аргументы и Факты" газетінің жазуынша, әскери сарапшылар "РФ қарулы күштері Украинаның тағы ірілі-ұсақты 45 қаласын басып алады" деп отыр.

Майдан даласындағы аса ауыр ахуалға қарамастан, Украина 2022 жылы азат етілген Киев, Житомир, Чернигов, Сумы, Николаев, Харьков, Запорожье (ішінара) облыстарын минасыздандыру шараларын белсенді жүргізуде.

Украина Президенті кеңсесінің мәліметінше, осы аталған облыстардың аумағында 6 мыңнан астам елді мекен – қала, аудан және селолар орналасқан. Соның ішінде шамамен 1,5 мыңнан астамы оккупацияда болған. Тиісінше, дұшпан тарапынан тығыз, қадам сайын дерлік миналанған.

Осы орайда дамыған елдер мен өзге серіктестері Киевке минасыздандыру шаралары үшін мол қаржы бөлуде. Бірақ сол қаражатты игеріп, аумақтарды минамен арылтумен айналысатын компаниялар, сондай-ақ жұмыс күші тапшы.

Сондықтан территорияларды жарылғыш заттардан адалау мәселесінде бұл ел Әзербайжанмен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті. Өйткені Баку 2023 жылғы бір күндік соғыс ішінде азат еткен Таулы Қарабақ аумағын минадан арылтуда зор әрі әлемде теңдесі аз тәжірибе жинады. Оның үстіне осы салада мамандары да жетерлік.

Бұл мәселені Жоғарғы Рада төрағасының орынбасары Елена Кондратюк қозғады. Ол осы мақсатта Бакуге сапарлар қайтқанын әңгімеледі.

Іссапары басырында Әзербайжан республикасының Минасыздандыру агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Бахруз Маммадовпен кездесті. Жүздесу жабық өтті және екі ел қандай уағдаластыққа келгені әзірге жария етілмеді.

"Әзербайжан аталған салада білікті кадрларын даярлап, минасыздандыру бойынша үнемі тренингтер жүргізеді. Бұл процеске әйелдерді тарту тәжірибесі де Украина үшін маңызды. Бұған қоса, осы елде минасыздандыруға арналған заманауи машиналардың отандық өндірісі жолға қойылған. Яғни, бұл істе Әзербайжан өзгелерге көп тәуелді емес. Таяуда жаяу әскерге арналған миналардан арылтатын төл машиналарының бірін Әзербайжан Украинаға табыс етті. Бүгінде бұл техника Харьков өңірінде жұмыс істеп жатыр", – деді Елена Кондратюк.

Украиналық халық депутатының айтуынша, оккупациядан босатылған территорияларды минасыздандыру – "Украинаның және Әзербайжанның пешенесіне жазылған және өзара біріктіретін гуманитарлық сын-тегеурін".

"Бұл – біздің ортақ проблемамыз. Ол өкінішке қарай, екі елде де бейбіт тұрғындардың жаралануына, мүгедек болып қалуына, қаза табуына соқтыруда", – деді вице-спикер.

Халықаралық сарапшылардың байламынша, бүгінде Украина – әлемдегі ең көп миналанған мемлекет. Украина территориясының 174 мың шаршы шақырымы қауіпті саналады. Бұл – 225 Сингапур сыйып кететін ұланғайыр жер. Бұл – Еуропаның кез келген елінің аумағынан көп территория.

Жалпы ауқымы 5,6 миллион гектар жер жау тарапынан миналанған. Яғни, арылтуды қажет етеді.

Өйткені Украина Беларусьпен және Ресеймен арадағы шекарасында өзі миналанған жолақ түзуде, бірақ ол аймақтар минасыздандыруға жатпайды.

Украиналық саясаткер өз елінің Әзербайжанға сүйсіне қарайтынын жасырмады.

"2022 жылдан 2024 жыл аралығында Әзербайжанда 134 мың гектар жер минадан толық тазартылған. 67 мыңнан астам мина мен жарылғыш заттар залалсыздандырылған. Әсіресе, бұл жұмыс Қарабақ өңірі толығымен деоккупацияланғаннан кейін күшейтілді. Мен Әзербайжан тарапына өтінішпен жүгініп, бізге танкке қарсы миналарды залалсыздандыратын машинаны да беруді өтіндім. Әзербайжанмен минасыздандыру бойынша ынтымақтастықты тереңдетуден өте үміттіміз!", – деді Елена Кондратюк.

Өз кезегінде Әзербайжан өлім сепкен жау миналарынан украиналық жерді тазалау бағытындағы көмегін кеңейтуге даярлығын білдірген. Киев оның өндірген минасыздандыру көліктерін сатып ала алады.

Экономика министрлігінің хабарлауынша, халықаралық серіктестері Украинаға гуманитарлық минасыздандыру жобаларын жүзеге асыруға 2022-2027 жылдар кезеңіне 700 миллион доллардан астам (шамамен 313 миллиард теңгедей) қаражат бөлді.

Басты донорлардың арасында АҚШ, Германия және ЕуроОдақтың өзге де елдері, Швейцария, Норвегия, Жапония, Нидерланды және басқасы бар.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл қаражат тек минадан тазалау жұмыстарына ғана емес, сондай-ақ Украинаға үздік технологияларды, тәжірибелерді және сала мамандарын тартуға да бағытталады.

Бұл тұрғыда Әзербайжан бір жағынан ізгілік іс жасай алса, екінші жағынан, минасыздандыру техникасын экспорттауға мүмкіндігі туады.

"Тек бірлескен жұмыс арқасында ғана халықты жарылғыш заттардан қорғап, жерлерді өнімді пайдалануға қайтара аламыз. Осы мақсатта Украинада минаға қарсы қызмет жүйесі күшейтілуде. Минаға қарсы қызмет бойынша ұлттық стратегия қабылданып, бұл бағыттағы басты мақсаттар анықталды. Стратегияны жүзеге асыру да Украина Үкіметінің, осы саладағы отандық және шетелдік жетекші мамандардың, сондай-ақ халықаралық серіктестеріміз бен донорлардың бірлескен жұмысын қарастырады. Үкімет халықаралық және кәсіби қоғамдастықты жұмылдырып, минаға қарсы қызметті өрістетеді", – деп мәлімдеді елдің Экономика министрлігі.

Сондай-ақ Украинада Деминерлар корпусы жұмысын бастады.

2024 жылғы сәуірдің басындағы жағдай бойынша, 2022 жылы кең ауқымды шапқыншылық басталғалы бері Украинада миналардың кесірінен болған жазатайым оқиғалардан 296 бейбіт тұрғын қаза тапты, 665 адам жараланды.

Минасыздандыру бойынша Қазақстанда да тәжірибелі мамандар бар. Бұған дейін, 2003-2008 жылдар аралығында инженерлік-саперлік жасақ құрамында Қазбат жауынгерлері Иракта, Ливанда және басқа елдерде әскери операциялар сыртында, гуманитарлық минасыздандыру шараларын жүзеге асырды.

Бір ғана Иракта қазақстандық саперлар төрт миллионнан аса жарылғыш заттарды жойды.

Биылғы 2024 жылы ел Парламентінің мақұлдауымен Қазақстан Голан биіктігіне және басқа да бағыттарға 430 бітімгерін аттандырды.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, оның барысында офицерлер күрделі жағдайда әскери операцияларды жоспарлап, жүзеге асыру, барлау жүргізу, ауыр климаттық жағдайда әскери қызметті өткеру, айрықша маңызды нысандарды күзету, патрульдеу, сондай-ақ минасыздандыру ісінің қыр-сырын меңгереді.

Бұдан бөлек, елімізде Қазақстан Қарулы күштерінің Минасыздандыру орталығы құрылған, онда қазақстандық саперларға шетелдік әскери мамандар гуманитарлық минасыздандыру мәселелері бойынша базалық курс өткізеді.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...