Бейонсе тағы да өз есімін тарихқа жазып, «Грэмми» номинацияларының саны бойынша жаңа р...
Бюджеттік қаржыны жеке банк шотына аударып отырған
Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Облыс орталығына қарасты Атамекен кентіндегі мектепке дейінгі білім беру мекемесінің директоры мен оның қол астындағы қызметкері аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын қалтасына басқаны үшін сот алдында жауап берді, деп хабарлайды madeniportal.kz тілшісі inbusiness.kz сілтеме жасап.
Сотта қаралған материалдарға сүйенсек, балабақша басшысы мен қызметкері 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың сәуір айына дейін есептік-төлем құжаттарын заңсыз жасап, бюджеттік қаржыны өздерінің жеке банк шотына аударып отырған. Сөйтіп, 32 млн теңгеден астам соманы қолды қылған.
Айыпталушылардың кінәсі толығымен дәлелденді. Өздері де теріс әрекетке барғандарын мойындады. Сондықтан прокурор екеуін де алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот та жазаны осы көлемде белгіледі. Олар алты жыл уақытын темір тордың арғы жағында өткізуі тиіс. Сондай-ақ, өмір бойы мемлекеттік, сот қызметтерінде еңбек ету құқығынан айырылды.
"Сотталғандардың бірі жүкті, жесір қалған. Оған қоса, 2011 жылы туған, кәмелеттік жасқа толмаған баласы, егде тартқан, екінші топ мүгедектігі бар анасы бар. Бұған дейін сотты болмаған. Осыны ескере отырып, жазасын бір жылдан соң ғана өтейтін болды. Екінші сотталған азаматшаның кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар. Оның жазасы бес жылға кейінге шегерілді", - деп хабарлады Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.