Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін
Фотосурет kaz.zakon.kz сайтынан алынды
Видео конференция режимінде өткен жиын барысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Қазақстандық Күн энергиясы ассоциациясы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов, "Total Energies Kazakhstan" компаниясының бас директоры Алем Фрига-Ной баяндама жасады.
Жиынды ашқан Мемлекет басшысы еліміздің электр энергетика саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор.
"Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде энергияны тиімді жұмсауға және үнемдеуге баса мән берді.
"Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады. Бұл ретте біздің ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және әлемдегі басқа да озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді білдіреді. Өнеркәсібіміздің негізгі қорларын шынайы жаңғыртудың орнына, көбінесе көзбояушылық жасалады", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің әділдігі мен қолжетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды. Пандемияның кері әсерін төмендету мақсатында осы жылдың 1-тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Сонымен қатар тарифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс.
"Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес. Жекелеген аймақтарда оның айырмашылығы 400 пайызға жетеді. Мұның нарықтың дамуына кесірі тиіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайдаланудың не қажеті бар. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты қағидаты сақталмауда. Осындай келеңсіздіктің нәтижесінде, шын мәнінде, көмекке мұқтаж санатына жататын азаматтар қажетті көлемде жеңілдік алмайды", – деді Президент.