Санкт-Петербургте қазақ халқының мақтанышы, Кеңес Одағының батыры, снайпер қыз Әлия Молдағұлова...
Айбек Бекбосын. Домбыра мәңгілік!
Біз – өнерді қасиет тұтқан елміз. Ұлт өнері мен музыкасы – қазақтың жаны. Мұнда мың жылдық философия мен таным тұнып тұр. Эскиз бойынша көркемделген, бекітілген «Домбыра» жобасын – елеулі туынды деп түсінемін. Құтты қонағыңды «Домбыраның» басында күтіп ал. Уағдаласар ісіңді «Домбыраның» таза алаңында шеш. Нағыз қазақпын десең, «Домбыра» үстінде абыз даланың күйін шерт. Бұл – символ!
Көк аспан мен қара жердің қасиеті бірдей. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі Жарма ауданының әкімі, өнер жанашыры Нұрлан Бәтташұлының бастамасымен елімізде тұңғыш рет домбыраға арнап ескерткіш орнатылды. Оның ашылуына бір топ өнер адамдары барып, ұлт аспабының құдыретін сезініп қайтқанбыз. Осы шамада сол ауылда бала Абайды тізесіне отырғызған Зере анамыздыңда ескерткіші бой түзеді. Мұның бәрі Елбасы негіздеген «Рухани жаңғырудың» және Абай айналасындағы тұлғаларды танудың заңды жалғасы еді. Ұлы ақын туған өңірде ұлттық кешенді өнер композицияларының жандануы – Тәуелсіздіктің талабы. Бұл – қашанда мақтаныш! Рас, Абай атамыздың домбырасына арналған жеке стелла көкке көтеріп тұратын күн де алыс емес деп ойлаймыз. Сондай-ақ Абай атамыздың тұлғалық айналасына қатысты монументалды ескерткіштер бой түзеуі керек-ақ. Абайдың төңірегі, ұрпағы, мұрасы – қайталанбас әлем. Абайдың Оспаны, Ақылбайы мен Әбіші, Кәкітайы мен Тұрашы, Әсеті мен Уәйісі, Сұлтанмахмұты пен Медеуі тас пен темірге бедерленіп шыға келсе, көз қуанбай ма? Ал осы жерде Оразбайдан қалай аттайсыз, ортаның соңғы тұяғы – батасын Елбасыға дейін берген Шәкірді қайтіп ұмытамыз? Семейде Абай мен оның айналасы аялдаған әр орынға белгі қою да – өркениет амалы. Міне, бізді ойландыратын мәселе осы болу керек, ағайын!..
Мен кәсіби домбырашы ретінде ұлт аспаптарының кез келген форматта бейнелініп, насихатталуын қолдаймын!
Құрметпен Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының директоры Айбек Бекбосын.